
OzgeEpic креативті орталығында "Түркістан: тарих, таным, тағылым" атты ғылыми кеш өтті. Іс-шараға тарихшылар, ғалымдар, мәдениеттанушылар, студенттер және қоғам қайраткерлері қатысты. Дәрісті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Дархан Қыдырәлі өткізді. Ол өз баяндамасында Түркістанның тарихи және өркениеттік маңызын жан-жақты талдап, оның қазақ және түркі әлеміндегі рөліне тоқталды. Назарларыңызға дәрістен үзінді ұсынамыз.
Түркістанның түркі-ислам өркениетінің бесігі саналуының негізгі себептері және оның ғылым мен білім дамуына қосқан үлесі қандай?
Мұстафа Шоқай мен Мұхамеджан Тынышбаев Түркістан автономиясын құрғанда Түркістан ұғымын қайта тірілтуді көздеді. Ал жиырмасыншы жылдары Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасын құрып, 1923-1924 жылдары оның Конституциясын жазды. Мұстафа Шоқай шетелде жүріп: "Біз келіп, мейлі большевиктер билігінде болсын, сол кісінің жасап жатқан жұмысына қызмет етуге дайынбыз" деп айтқан. Бұл – үлкен идея еді.
Түркістан идеясы – мыңдаған жылдық өркениет. Ол тек бір қала немесе бір мемлекет қана емес, тұтас бір мәдениеттің атауы. Батыс өркениеті туралы жиі айтамыз. Қазір "өркениет" немесе "цивилизация" дегенде көбіне Батыс өркениеті ойға келеді. Ал Шығыс өркениеті дегенде Қытай мен Үндістан аталады. Алайда, шын мәнінде, тарихта ислам өркениеті де бар. Ғалымдар тарихта жиырмадан астам өркениет болғанын айтады. Соның ішінде түркі-ислам өркениеті ерекше орын алады. Ал Түркістан – осы түркі-ислам өркениетінің бесігі.
Ғылым мен білімнің дамуы Түркістан тарихымен тікелей байланысты. Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бируни, әл-Жауһари сияқты ғалымдар осы аймақта өмір сүрді. Бұл өңір дінді ақылмен қабылдағандықтан ақида ілімінің көрнекті өкілдерінің бірі Имам Матуриди Самарқанда жатыр. Ол бүкіл мұсылман әлеміндегі ақида ілімінің екі ұстазының бірі болып саналады. Оның пікірінше: "Пайғамбар келмесе де, адамдар ақылмен Алланы тануға міндетті".
Сонымен қатар, Құраннан кейінгі маңызды сала – хадис ілімі. Хадис ілімінің алты негізгі ұстазының бесеуі Орталық Азиядан шыққан. Олардың барлығы "өзбек ғалымдары" емес, керісінше, "Түркістан ғалымдары" деп аталған.
Түркістан тек ғылым мен білімнің ғана емес, сәулет өнерінің де ошағы болды. Оның сәулеттік ықпалы тек Шығыс пен Орта Азияда ғана емес, Пәкістан, Үндістан, Мысыр, тіпті Палестинаға дейін жетті. Селжүктер арқылы көк күмбезді архитектура кең тарады.
Сегіз бұрыш – түркілік өркениеттен келе жатқан символ. Археологиялық қазбалар кезінде Монғолиядағы Шива-Тұман, Архангай аймақтарында сегіз бұрышты ғибадатханалар табылған. "Сегіз қырлы, бір сырлы" деген сөз де осыдан шыққан. Сегіз қыр – ғибадатхана, ал "бір сырлы" – оның рухани мәні.
Сонымен қатар, "он сегіз мың ғалам" деген тіркес те ежелгі космологиялық түсініктермен байланысты. Бұл жұлдыздарға қатысты ұғымдармен астасып жатыр. Түркістанның бойымен ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы өтті. Сол Жібек жолы арқылы ғалымдар бір-бірімен пікір алмастырып, білім тарады.
Түркістанның өркениеттік, тарихи және геосаяси маңызы қандай, және оның әлемдік өркениетке ықпалы неде?
Түркістан тек Жібек жолы арқылы тауар алмасқан сауда орталығы ғана емес, өркениеттер тоғысқан ірі мәдени және экономикалық аймақ болды. Жібек жолы Қытайдың Ши-ань қаласынан басталып, түрлі тармақтарға бөлінді. Солардың негізгі бағыты Түркістан арқылы өтіп, оңтүстікке – Үндістан мен Иранға, батысқа – Парсы шығанағы мен Анадолыға, әрі қарай Еуропаға дейін созылды. Бұл тоғыз жолдың торабы болған Түркістан қалаларының гүлденуіне үлкен ықпал етті.
Алайда, Жібек жолының рөлінің төмендеуі Түркістан өркениетінің әлсіреуіне себеп болды. Біріншіден, теңіз жолдарының ашылуы мұхиттарды айналып өтетін жаңа сауда бағыттарының қалыптастырды. Екіншіден, аймақтағы саяси қақтығыстар – Каспий теңізі мен Иран арқылы өтетін сауда жолдарының үзілуі, сыртқы ықпалдардың артуы үлкен қиындықтар тудырды. Керуен жолдарының тоқырауы қалалардың қаңырап бос қалуына әкелді.
Мәселен, Отырар қаласының тарихын алайық. Көпшілік оны Шыңғыс хан әскерлері толықтай қиратып жіберді деп ойлайды. Бірақ бұл шындыққа толықтай сай емес. Шыңғыс хан тек Отырардың бір бөлігін ғана қиратты. Ал Әмір Темір 1405 жылы дәл осы қалада қайтыс болғанда, Отырар әлі де тіршілікке толы қала еді. Алайда, Жібек жолының әлсіреуі сауда қатынастарын тоқтатып, қаланың бос қалуына алып келді. Оған қоса, табиғи апаттар, өзен арналарының өзгеруі және індеттердің таралуы да өркениеттің құлдырауына әсер етті.
Індеттердің экономикаға әсері қандай және олар экономикалық құлдырауға қалай әкеледі?
Орта ғасырларда пандемиялар Түркістан аймағына да зор ықпал етті. Әсіресе, XI-XIII ғасырларда кең таралған жұқпалы аурулар Алтын Орданың әлсіреуіне себепкер болды. Бұл құбылыс қазіргі пандемиялар сияқты экономикалық дағдарыс тудырып, халықтың көші-қонына, сауда мен өндірістің құлдырауына әкелді.
Түркістан тек мәдени орталық емес, сонымен қатар ірі экономикалық аймақ болды. Мұстафа Шоқай "Яш Түркістан" және "Ені Түркістан" журналдарында Түркістанның экономикалық әлеуеті туралы былай деп жазған:
“Түркістан – бұл тек аймақ емес, геосаяси және геоэкономикалық кеңістік. Оның әр бөлігі бір-бірін толықтырады. Өзендер арқылы бір аймақ екінші аймаққа тіршілік нәрін береді. Бір өңірде бидай, тары өсірілсе, екіншісінде мақта өндірілді. Өнеркәсіптік өндіріс, мал шаруашылығы және егіншілік үйлесім тауып, үлкен экономикалық тепе-теңдік орнатылды.”
Бұл өзара тәуелділік Түркістанды Қытай, Үндістан, Иран, Мысыр және Батыспен қатар тұрған қуатты экономикалық орталыққа айналдырды. Оның сауда желілері тек тауар тасымалдаумен шектелмей, білім, мәдениет және өркениеттік идеялар алмасуының негізгі платформасы болды.

Түркістан және оның тарихи атауы?
Қазіргі таңда Түркістан атауының маңызы қайта жаңғыруда. Жақында Түркияда Орталық Азияны қайтадан "Түркістан" деп атау туралы бастама көтерілді. Бұл идея Түркі академиясының қолдауымен көптеген зерттеулер мен оқулықтарда көрініс тапты. Мысалы, "Түркі әлемінің ортақ әдебиеті", "Түркі әлемінің ортақ тарихы", "Түркі әлемінің географиясы" секілді еңбектерде "Түркістан тарихы", "Түркістан географиясы" деген атаулар енгізілген. Қазір бұл оқулықтар Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан секілді түркі елдерінде оқытыла бастады.
"Орталық Азия" ұғымы негізінен XIX ғасырда ағылшындар енгізген "Central Asia" терминінен шыққан. Ал Ресей патшалығы кезінде бұл аймақ "Орта Азия және Қазақстан" деп аталды. Бұл атау саяси мақсатта, "бөліп ал да, билей бер" қағидатына сай жасалған еді. Алайда, тарихи тұрғыдан қарасақ бұл аймақтың түпкі атауы – Түркістан.
"Түркістан" сөзі екі бөліктен тұрады: "түркі" және "стан". "Түркі" сөзі – түркі халықтары деген мағынаны білдіреді, ал "стан" парсы тілінен енген "ел", "жер" деген мағынадағы жұрнақ. Сондықтан "Түркістан" сөзі – "түркі халықтарының жері", "түркі мемлекеті" деген мағынаны білдіреді.
Қазақ тілінде "ұлт" деген ұғым ХХ ғасырда ғана қолданысқа енді. Оған дейін "ел" сөзі кең мағынада қолданылды. Қазақ тілінде "ел" деген сөз бір мезетте халықты да, мемлекетті де, ұлтты да білдіретін. Мысалы, "түрік елі" деген тіркес – әрі халық, әрі мемлекет, әрі ұлт деген мағынаны білдіреді. Ал Батыс елдерінде бұл ұғымдар бір-бірінен ажыратылған. Государство – мемлекет, народ – халық, нация – ұлт ретінде бөлек қарастырылады.
Түркістан атауы тек тарихи мұра ғана емес, бүгінгі таңда да өзекті ұғымға айналуда. Ол – түркі халықтарының ортақ мәдени, экономикалық, геосаяси кеңістігі. Сондықтан бұл атаудың мәні мен мазмұнын терең түсініп, ғылыми айналымға қайта енгізу – түркі өркениетін жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Қазақ қоғамында "қара халық" және "ел" деген екі ұғым болғанымен, олар бір-бірінен ажырамады. Себебі мемлекеттің нағыз иесі халықтың өзі болды. Қазақ дәстүрінде мемлекет пен халық біртұтас ұғым ретінде қарастырылып, бөлінбейтін құрылым ретінде сипатталды. Мемлекет халықтың игілігі үшін құрылып, оның басқару жүйесіне халық та белсенді араласты. Сондықтан қазақ тілінде "ел" сөзі бір мезетте мемлекет, ұлт және халық деген мағыналарды қамтиды. Ахмет Байтұрсынов "миллет" деген араб сөзін қолданса да, ол қазақ үшін "ел" ұғымымен астасып жатты.
Түркі халықтары үшін "ел" сөзі тек жер емес, мемлекеттің өзін, оның басқару құрылымын, мәдениетін және экономикалық негізін білдіреді. Бұл тұрғыда "Түркістан" ұғымы – түркі халықтарының ортақ мәдени, саяси және экономикалық кеңістігі.
Қазіргі таңда Түркістан ұғымы тек тарихи маңызын ғана емес, геосаяси тартымдылығын да қайтадан дәлелдеп отыр. Бұл аймақ тек Орталық Азия елдерінің ғана емес, әлемдік державалардың да назарын аударуда.
Бес плюс бір форматы – Орталық Азияның бес мемлекеті жыл сайын бірлесіп кездесетін саяси платформа. Бұл кездесулерге АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Франция, Үндістан, Пәкістан секілді алпауыт елдердің басшылары қызығушылық танытуда. Себебі бұл аймақ экономикалық және саяси тұрғыдан маңызды стратегиялық орталыққа айналуда.
Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кеңесі – 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл кездесулер аймақтың интеграциясын нығайтуда. Түркістанда бұл кездесулердің жиі өтуі оның болашақта Еуропалық Одақ сияқты ірі стратегиялық одақтастыққа айналуының негізін қалыптастыруы мүмкін.
Бұрын түркі халықтарының бірігуін "пантюркизм" немесе "панисламизм" деп қабылдап, оған қауіп ретінде қарау үрдісі болған. Бірақ бүгінгі таңда бұл тұжырымдама прагматикалық саясаттың бір бөлігіне айналды. Мысалы, Қытай Орталық Азиямен тығыз байланыс орнатпаса, Батыс нарығына шығу мүмкіндігінен айырылады. Сол сияқты Ресей үшін де Орталық Азия стратегиялық серіктес болып отыр. Ал Ауғанстан мәселесін реттеу де осы аймақтың елдерінің қатысуынсыз мүмкін емес.

Осылайша, Түркістан геосаяси және экономикалық тұрғыда әлемдік ойыншылардың назарында тұрған маңызды аймаққа айналуда.
Түркістанның мәдени және рухани интеграциясының басты символдарының бірі – Қожа Ахмет Яссауи мұрасы. Ол тек сопылық ілімнің өкілі ғана емес, тұтас түркі өркениетінің рухани ұйытқысы болды.
Қожа Ахмет Яссауидің ілімі тек дін аясында шектеліп қалған жоқ, ол түркі халықтарының бірлігін нығайтуға, олардың ортақ мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Сондықтан оның мұрасын терең зерттеу қажет. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жеткіліксіз жүргізілуде. Түркістандағы Яссауи орталығы толыққанды жұмыс істемей тұрғаны да осының бір дәлелі.
Орталық Азия елдері көптеген тарихи жарақаттарды бастан өткерді: ашаршылық, репрессиялар, соғыстар, империялық ықпалдар. Бұл өткеннің ауыр мұрасы халықтардың жақындасуына кедергі келтіреді. Бірақ мұндай түйткілдерді шешу арқылы елдер одан әрі біріге алады.
Мысалы, Еуропа елдері жүздеген жылдар бойы соғысқанымен, ақыр соңында ортақ мүдде үшін бірлесіп, Еуропалық Одақ құрды. Бүгінде Еуропада "менің атам сенің атаңды өлтірді" деген талас жоқ. Ал Орталық Азия халықтары өз тарихына келгенде әлі күнге дейін ескі дауларды қозғап, өзара алшақтауға себеп іздеп жатады.
Біздің ортақ құндылықтарымыз бен тарихымыз көп. Бізді біріктіретін мызғымас байланыстар:
- Ортақ тарих
- Ортақ мәдениет пен дәстүр
- Ортақ тұлғалар (Қорқыт, Яссауи, Науаи, Абай, Мағжан, Мақтымқұлы және т.б.)
- Ортақ экономикалық кеңістік
- Ортақ географиялық аймақ
Түркістан – осы ортақтықтың символы. Сондықтан Түркістан қаласының облыс орталығы болуы – жай ғана әкімшілік өзгеріс емес, бүкіл Орталық Азия халықтарының жақындасуына жасалған маңызды қадам. Болашақта Түркістан бүкіл аймақ үшін стратегиялық маңызды орталыққа айналып, жаңа интеграциялық процестердің ұйытқысы болуы әбден мүмкін.
Осылайша, Түркістан – өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың да кілті. Оның маңыздылығын тек тарихи өлшеммен емес, бүгінгі және ертеңгі геосаяси тұрғыдан қарастыру қажет. Түркістан – түркі әлемінің жүрегі, оның мәңгілік символы.
Басы. Жалғасы бар..