Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА БАТЫР – БІРТҰТАС ҚАЗАҚ ӘСКЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ

5209
ШАНЫШҚЫЛЫ БЕРДІҚОЖА БАТЫР – БІРТҰТАС ҚАЗАҚ ӘСКЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ - e-history.kz

Шанышқылы Бердіқожа батыр – қазақ халқының жері мен елін қорғаушы сардары. Шанышқылы Бердіқожа батыр – Қазақ хандығының көрнекті қайраткері, ұлттың ардақты тұлғасы, есімі Ресей және Қытай еліне танымал болған, әйгілі сардар, қолбасшы. Батыр туған елін жаудан қорғау жолында бүкіл ғұмырын сарп еткен. Батыр ұрпақтары Шығыс Қазақстан және Ақмола облысының Ерейментау ауданында және Қытайда да өмір сүреді.

XVIII ғасырда қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп жоңғар басқыншылығына қарсы қолбасшылық еткен батырларымыз аз болмаған: орта жүзде – Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзде – Табын Бөкенбай, Тама Есет, Ұлы жүзде – Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай және т.б. Қазақтың жазылмаған заңы бойынша батырлар мен сардарларды өз руының шыққан тегімен атау дәстүрі қалыптасқан. Бұл батырға халықтың ерекше құрметі әрі жасаған ерлігін бағалаған сый-сияпаты деп білуіміз керек. Екінші жағынан, бұл айбынды естіледі.

Сын сағатта елге қорған болған батырлар жігері жасып, қанды қырғыннан қаймығып, есеңгіреп қалған елдің еңсесін көтерген. Қалғып бара жатқан рухтың қайта оянуына себепкер болған. Алдында тұрған жалпақ жұртты рухтандырып, қарсыласын жұмылдыра білген. Жеке басынан гөрі ел намысын, ұлт намысын байтақ жер мүддесін жоғары қоя білген. Сол жолда басын бәйгеге тіккен мұндай батырлардың соңына халық бұқара да зор сеніммен ерген. Олар жүзге де, руға да бөлінбестен бір тудың астына сын сағаттарда біріге білген.

Бердіқожа батыр Ұлы жүздің үйсін тайпасынан, шанышқылы руынан шыққан. Ол дүниеге келген Қаратау етегіндегі Талас пен Арыс өзендерінің бойы ежелден бері мал өсіруге қолайлы шұрайлы мекен болатын. Батыр шыққан рудың өкілдері негізінен Ташкент қаласының маңында өмір сүрген. Бердіқожа батыр шамамен 1708 жылы Ташкент облысы Шыршық өзенінің бойында Жұдырық елді мекенінде аңшы Арық мергеннің отбасында дүниеге келген. Әкесі Арық өз заманның ауызы дуалы шешен әрі сұрмерген тұлға ретінде болып, дүйім жұртты жаудан да, жұттан да қорғап отырған деседі. Бердіқожа дұшпанына шабар кезде Шанышқылының ұраны «Айырылмас», атасының ұраны «Бақтияр», ал қол бастар кезде «Алаш» деп атойлап аттанатын болған.

Батыр сүйегін егжей-тегжейлі зерттеп, ғылыми қорытынды жасаған, әлемге әйгілі антрополог М. Герасимовтың шәкірті, ресейлік ғалым Т.Балуеваның пікірінше, «оның бойы шамамен 177 сантиметрді құрайды, өзімен құралыптас замандастарынан денелі болған», кең иықты, жауырынды, денесінде артық еті жоқ, бұлшық еттері шиыршық атқан. Оң қолы өте мықты болған, яғни үнемі жорық үстінде қылыш пен найза ұстаған. Жамбасы мен бел сүйектерінің ірілігі атқа мығым отырып, күшті шабатынын, анау-мынау соққыға шыдас беретіндігін айғақтайды. Мойны жуан, әрі ұзын, маңдайы кең, бас сүйегі тастай қатты болыпты. Көзі өткір, шашы қалың болса керек.

Ол жастайынан садақ пен суық қаруларды мейлінше меңгерген. Қазақ-жоңғар шайқасына ерте кезден қатысқандықтан болуы керек, бала кезінде оны «бала батыр» атаған.

Біршама уақыттар бойы батыр ауылы Алакөл мен Тарбағатай бойындағы Қабанбай батыр мен Қазыбек бидің ауылымен қоңсылас жатқандықтан олардың арасында ағалық әрі достық қарым-қатынас орнаған. Ауызша тараған бір деректерде, кезекті шайқастардың бірінде астындағы атынан айырылып қалған Қаракерей Қабанбайға үзеңгілес досы Бердіқожа батыр ақ боз атын сыйға береген. Бердіқожа Қанжығалы қарт Бөгенбайдың жақын серіктесі болған.

Батырдың жорыққа белсенді түрде қатысуы. Шанышқылы Бердіқожа бірнеше рет жоңғарлармен шыққан «жекпе-жекте» жеңіске жеткен. Абылай кезіндегі Қазақ мемлекеті оған қазақ жасағының әскери туын енгізіліп, алып жүруге сенім білдірген. Хан кеңесіне Отан алдындағы көрнекті қызметі халық алдында танылған. Бердіқожа батыр жоңғарлар мен Еділ қалмақтарына қарсы болған ірі шайқастарға қатысқан кейбір деректерге қарағанда ол 100-ден аса шайқастарға қатысыпты. Қазақтың ауызша тарихына сүйенсек, ол Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға т.б. шайқастарында Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен».

Қазақтың шежіре-дариясы Мәшһүр Жүсіптің:

Тауының Арқар деген аты Құлжа,

Жігіттер, атқа түйе тегін олжа

«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп,

Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа! – деген қас батыры осы!

Бердіқожа батыр жоңғарларға қарсы Бұланты және Аңырақай шайқасына, ал 1756 жылы Абылай хан әскерінің құрамында Қазақ жеріне басып кірген қытай әскерлеріне қарсы жорыққа аттанады. «Бердіқожа батыр» атты дастанда белгісіз автор: «Қандасқан дұшпаны – қытайлықтар мен қара қалмақтар» (жоңғарлар – авт.) деп жазады.

1771 жылы көктемде Сарыарқа даласы арқылы өтіп, жоңғарлардың босап қалған кең байтақ жерін иеленбек болған Еділ қалмақтарына қарсы «Шаңды жорық» шайқаста қол бастаған Бердіқожа батырдың қолы қалмақтардың 40 мың әскерін ойсырата жеңеді.

Мәмілегер және біртұтас қазақ жерін қорғаушы – Шанышқылы Бердіқожа батыр. Қазақ хандығының мүддесін қорғау жолында батыр Қытай, Ресей және Қырғыз елдерімен мәмілегерлік келіссөздер жасаған. 1783 жылы 13 шілдеде алғашқы рет Ертіс шекаралық шебіне келіп, Семей бекінісінің коменданты, Ресей әскерінің капитаны, ғалым И. Андреевке келеді. Атақты қазақ батырының Ертіс өңіріндегі патша өкіметі жандайшаптарының ниетін білмекші болып келген сапары, Андреевті қатты таңғалдырды. Бұған дейін И. Андреев, 18 жыл бойы Бердіқожа  батырдың Алатау қырғыздарын Оңтүстік-шығыс және Оңтүстік Қазақстанның аумағына шекарадан бері өткізбей ұстап тұрғанын жазған. Орыс әскерінің офицері, тарихшы әрі этнограф Иван Григорьевич Андреев «Орта жүздегі Қырғыз-қайсақ сипаттамасы» деген еңбегінде батыр туралы: «Бердіқожа бастаған Шанышқылы руы малға бай, жылқысы көп, ұзын саны үш жүз шаңырақ», – деп жазады.

1783 жылы мамырда батыр Жетісудан Шыңғыстау жеріне қоныс аударады. Бұл жерде шағын ғана керей, қаракесек, тарақтылар, тобықты рулары және төлеңгіттер көшіп қонып жүреді. Біздің ойымызша, бұл көшіп қонудың астарында түрлі себептер бар болатын. Біріншіден, халықтың жоңғарлармен болған қиян-кескі ұрыстар мен қантөгіс шайқастардан кейін, ел мен жерді қорғау жолында қисапсыз адамның қырылуы және бас сауғалап Қазақстан мен басқа да көрші мемлекеттерге көшуі – бұл өңірдің босап қалуына себепші болды. Бұл жерлерді жаудан қорғау қажет еді. Жаңа қауіп патша үкіметінің әскери-саяси отарлауынан сақтану керек болды. Олардың кейінірек Ертістің оң жағалауына әскери плацдарм орнатуы нақты мысал бола алады.

Екіншіден, Бердіқожа батыр Абылайдың бас батыры ретінде Шығыс Қазақстан аумағына Уәли ханның жеке шақыртуымен көшіп келген. Ол болса Уәли ханның әкесі Абылай хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының жағдайын қалыпқа келтіру мақсатында хан билігін нығайту үшін шақырылған болатын. Ал, қазақ елінің шығысындағы наймандарды билеп, Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатып отырған Әбілпейіз дүниеден озып, оның орнына келген Ханқожа Қытайға арқа сүйеп, Уәлиге бағынғысы келмеді. Бұл туралы «Қазақ тарихының Геродоты» А. Левшиннің жазбаларында: «1783 жылы Әбілпейіз өлгеннен кейін артында ұлы Бопы мен Барақ сұлтаннан туған асыранды бала Ханқожа қалды. Сұлтандардың бірі билікті қолына алуы тиіс болатын. Әркімнің өз жақтастары болып, кейбіреулері келіспеушілік танытып наймандардың ашуын келтірді. Соңында көбірек дауысты Ханқожа иеленіп, бұрынғы Әбілпейіздің құзырындағыларға билеуші болып тағайындалды». Қытай империясы да Ханқожаның сайлануына мүдделі болған.

Бердіқожа батыр Шыңғыстауға келісімен наймандардың сұлтанын тұрғылықты өңірінен Тарбағатайға қарай ығыстырады. Оған себеп Ханқожа сұлтанның өз кезінде алатау қырғыздары мен «бұруттарға» қарсы әскери жорықта көмек қолын сөзбауы болатын. Ең дұрысы қазақ халқының мүддесі үшін және Абылай ханның заңды мұрагерлік жолмен бекітілген билігін қалыпқа келтіру жолындағы батыр әрекетін халық қолдайтын еді.

Батырдың қырғыздармен текетіресі. Шанышқылы руының ержүрек ұлдары қазақтың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аумақтарын қырғыздардан қорғап келді. Қазақ халқы олармен бауырлас туысқандық қарым-қатынас орнатып келсе де, әр түрлі шабуылдар жасалып, малдар айдалып, жер үшін тартыстар болып отыратын. XVIII ғасырдың 50 жылдарының соңында жоңғарлардан азат болған Талас өзені алабынан Шымкентке дейінгі жерге қырғыздар да үміттенді. Жетісулық қазақтардың малдарын қырғыз жасақтарының айдап әкетуі жиілеп кетті, қазақтардың сауда керуеніне шабуылдаған кездері де болған екен. Осы кезде Абылай қырғыздың жеріне дейін барып, бұл жағдайдың алдын алуға байланысты әскери жорықтарын жасауды бастады. Дегенмен, ағайынды халықпен жауласуға Абылай хан қарсы болатын.

Абылай хан Жетісудың шұрайлы жерін сақтап қалғысы келген Бердіқожа батырға көрші қырғыздарға шабуыл жасамау туралы ұсыныс тастаған еді. Бұл халық туралы кең таралған «Алымбек шежіресінде»: «Абылай хан Бердіқожаға «тоқта» деді, үйсіндердің бас биі Төле би де «тоқта» деді. Бірақ үйсіндерге қолбасшылық етіп отырған Шанышқылы Бердіқожа батыр қырғыздарға шабуыл жасауын тоқтатпады».

Капитан И. Андреевтың мәліметіне қарағанда 1785 жылы қазан айында Абылай хан дүние салғаннан кейін дегбірі қашқан жауынгер қырғыздарға қарсы ірі рулар мен жергілікті халықтан құралған 700 жауынгерге бас болып, Бердіқожа жорыққа аттанады. Бұл жорыққа түрткі болған жағдай қазақтардың 2500 мініс атын қырғыздардың айдап әкетуі және қазақ батырларын өлтіруі түрткі болған еді. Қоныстарына жақындай бергенде қырғыздар 1500 қытай әскерін кездестіреді. Бірлесе әрекеттерін үйлестіріп алған екі отрядтың бірі – қазақ отряды Аягөз өзені арқылы, қытайлар – Іле өзені арқылы шабуылдап, Алатау қырғыздарына айтарлықтай соққы жасады.

«Таулықтар» шабуылдарын тоқтатпады, малдарын айдап әкетіп, қазақ билеушілері мен батырларының көзін жойған. Олардың қолынан әйгілі Көкжал Барақ хан, шапырашты Жәпек батыр, сонымен қатар белгілі Айтақ, Арзы, Құржы батырлар қаза болған.

Халықтың сүйікті ұлының өлімі. 1786 жылы қаңтар айындағы қырғыздарға қарсы кезекті жорығы кезінде, сол уақытта 80 жасқа толған Бердіқожа батыр айуандықпен өлтіріледі. Батырдың өлімі туралы Ертіс шекаралық шебінде тұрып жатқан капитан И. Андреев сол жылдың 13 ақпанында Ханқожа сұлтанда қызмет ететін татар аудармашы Килинея Мамлинге жазған жазбасында былай дейді: «Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға қарсы шайқасқа аттанады. Іле өзеніне келіп, қырғыздарға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жасақты күтіп, аттарын отқа жібереді. Осы кезде шамамен аттанысқа шыққан қырғыздың жасағы 80 адам екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен түседі. Олар Бердіқожаны ұстап, басын шауып, аяқ-қолын кесіп, қарнын жарып, осы бөлшектенген мүшелерін ішіне тығып, кең далаға тастап кетіпті».

Батырдың өлімі жайында зерттеуші ғалым А. Левшин өзінің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде былай деп жазады: «Қырғыздар 1786 жылы Бердіқожаның ұйқыдағы ауылына тиісіп, өзінің қол-аяғын байлап елдеріне алып кеткен. Жол-жөнекей Бердіқожа өзін өңгеріп бара жатқан адамды мерт еткен. Бұл қылығы үшін оның басын, аяқ-қолын кесіп, қарынын жарып, әлгінің бәрін сонда тыққан». Батырдың сүйегін зертханада зерттеп, оған антропологиялық реконструкциялау жүргізген мәскеулік ғалымдардың пікірінше, Бердіқожа ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған. Зиратта жатқан сүйектің басы, екі қолы, аяғы денесінен бөлінгені анық байқалады. Сүйек өткір қылышпен шабылған. Иығы мен басында ауыр соққының ізі сақталған. Сондықтан, антрополог ғалым «батырды азаптап, қинап барып өлтірген», – деген тұжырым жасайды.

Қазақтардың кек алуы. Қазақтарға бұл өлім орны толмас қайғы-қасірет әкеліп, жаудан кек алуға аттанды. Батырдың кегін алу үшін інісі Секлоян (И. Андреев, А. Левшинде – Аққаяқ) және – үлкені Лепес, енді бірі Шоқ атты төрт ұлымен жорыққа аттанады. Қарымтасына олар қырғыз батыры Есенгелдінің ұлын тұтқынға алыпты. Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түскен Есенгелдінің ұлын пышақтап өлтіреді.

Байланған қазақ батырды өлтірген екі қырғыз батырын Бердіқожаның үшінші ұлы өлтіреді: бірінші қаныпезерді Қаратал – Қоянды жерінде, екіншісін Бұқара қаласының аумағында өлтіреді. Ауызша тараған мәліметтерге қарағанда, өлер алдында батыр осы аймақтар батырдың үшінші ұлы өздерін өлтіретінін болжап, қанішерлерге өз сөзін жеткізген екен. Қырғыздар кейінірек Бердіқожаны өлтіргендері үшін бірнеше ондаған бас жылқы құн төлеген. Осыдан бастап Кенесары ханның қырғыздарға жасаған жорығына дейін шабуылдар тоқтатылады.

Қазақтың әйгілі батырының кегін алмаққа Ханқожа сұлтан, Орта жүздің болашақ ханы Бөкей Тоқмақ-найман болысының қазақ отрядтарын жинап жорыққа аттанады. Сол уақытта наймандар өздерінің сұлтандарынан бұл жорықтың ұйымдастырылуын талап етіп, керісінше болған жағдайда «Ташкент түбіне» көшеміз деген. Бірақ, мыңдаған қазақ жауынгерлері қырғыздарға тап берудің ретін таба алмай, қайтадан кері қайтады. Бұл жағдайлардан кейін, шанышқылы руы Шыңғыстау аймағын тастап, өздерінің ежелгі қонысы Оңтүстік Қазақстанға көшеді, біраз бөлігі Есіл өңіріне, үшінші тобы Қазақ хандығының басқа аймақтарына орналасты.

Атақты батырға құрмет. Басқа аймаққа көшпес бұрын шанышқылы руы және жергілікті қазақтар батырға арнап ас беріп, бұл аймақтағы басқа қорымдарға ұқсамайтын ерекше етіп мазар тұрғызады.

2015 жылы батырдың ұрпағы саналатын профессор Бақтыбай Қасымбековтың жетекшілігімен мазар қайта қалпына келтіріледі.

Батыр Дағандалы өзенінің бастауында, қазіргі Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының шегіндегі жерде жерленді. Дәлірек айтқанда, оның мазары Қарқаралыдан 250 шақырым қашықтықтағы Темірші ауылынан 45 шақырым жерде, Көкшетау мен Дуана таулары аралығындағы Дағандалы өзенінің бойындағы биік жерде орналасқан. Батыр жерленген жердің ерекшелігі – бұл жай ғана жер емес. Тарихи мекен! «Тауарих хамсада» жазылғанындай, Абылай хан жоңғарлар мен шүршіттерге қарсы қол жинап, соғысқа аттанарда дәл осы өзеннің бойына ордасын тігеді. Көз ұшында мұнартып тұрған Көкшетаудың етегінде Құнанбай қажы әкесі Өскенбайға үш жүзге сауын айтып, ұлан-асыр ас берген Батыр мазары. «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Жорға тауының аралығындағы Ащы мен Көкше суларының құйылысы Дағандалы өзенінің бастауы, оң жағасында тұр.

Ежелгі дала дәстүрі бойынша, батыр мазары Жетісу алқабы мен Сырдария маңын қазақ даласының солтүстігі мен солтүстік-шығысына жалғап жатқан, Батыс Сібірге апаратын ежелгі керуен жолының бойына салынған. Әрбір жолаушы Құран аяттарынан сүре оқуға мүмкіндігі болған. Белгілі қазақ фольклоршысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы деректерінде «Жетісуға өтіп бара жатқан халық «Жолда Қозы-Көрпеш – Баян сұлу мен Шанышқылы Бердіқожа батыр мазарын көрдік» деп айтатын болған», – деп естелік қалдырады.

Батыр рухына тағзым. ХІХ ғасырдың екінші жартысында батыр жатқан жер Ресей империясы бас штабының офицерлерінің құрастыруымен, Семей облысының картасында «М. Бердгажа» деп белгіленген. Жүз жыл өткеннен кейін, батыр мазары кеңес картасында орын алған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мазар ХХ ғасырдың 60-жылдарына дейін бүтін күйінде сақталған. Кесене өңделмеген кірпіштен формасы шаршы тәріздес келетін, әрбір қабырғасы 7 метр биік, қабырғасының қалыңдығы жарты метрді құраған. Қазақ жерінің бір қарыстай жерін жауға бермей сақтап қалуға орасан зор үлес қосқан батыр мазары дулығаға ұқсайтын. Батыр өмірі туралы Ресей, Қытай мұрағат деректерінен және жергілікті халық пен өлкетанушылардан көптеген мәліметтер алынған. Қырғызстан аумағында батыр туралы деректер фольклорлық шығармаларда шежірелерде кездеседі.

Белгілі антрополог ғалым М.М. Герасимовтың зертханасында батырдың бас сүйегін қайта қалпына келтіргеннен кейін, Отанымызға қайтарылып, екінші рет жер қойнауына тапсырылды.

Батырдың өмірі мен қызметі туралы жаңа және қазіргі заман тарихының зерттеушілері И. Андреев, А. Левшин, М. Красовский, Ш. Уәлиханов, М. Дулатов, Г. Потанин, М. Тынышпаев, М. Ж. Көпеев, С. Торайғыров, М. Мұқанов, А. Сейдімбек, К. Хафизова, Б. Қасымбеков, К. Боранбаева, А. Махаева, А.У. Тоқтабай және тағы басқалар зерттеу еңбектерін жазған. Батырдың құрметіне халық «Бердіқожа батыр» атты тарихи дастанын құрастырған. Ол М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұр. Әрбір қазақ батыры мен сардарына мұншалықты халықтың ыстық ықыласы болып көрмеген. Дарынды ақын Н. Айтұлы батырдың ерлік істерін паш ететін поэма жазды.

Қазақ жазушылары М. Мағауин мен Қ. Жұмаділов тарихи-көркем туындыларында қазақ батырының өшпес ерліктеріне қалам тербеді.

Шанышқылы Бердіқожа батырдың қазақ тарихында алатын орны. Қазақ жерінің кең байтақ аумағын жаудан қорғап, халықтың ішкі бірлігін қамтамасыз етіп отырған қазақ батырларының орнын ерекше деп атауға болады. XVIII ғасырда ата-бабаларымыз солтүстігінде – Ресейдің Тары қаласына дейінгі аумақты, оңтүстігінде – Ташкентке дейінгі, батыста –Еділді, шығыста – Обь-Ертіс алабының жерін иеленіп жатқан.

Бұл кең байтақ аумақтың тәуелсіздігі үшін, жер мен елді қорғау жолында қаншама қазақтың батырлары күрес жолында жанын пида еткен. Соның бірі, қазақ жерінің бір сүйемін жаудың иемденуіне жол бермеген Шанышқылы Бердіқожа батырдың орны ерекше. Батырдың өсиеті бойынша Бердіқожа батыр ұрпақтары қазақтың әр түрлі аймақтарында қоныстанып, жау қай тұстан келіп тисе де қазақтың тұтастығын сақтауға қашан да дайын болу қажеттігін ескерткен. Сондықтан да, еліміздің әрбір аумағында батыр ұрпақтары кездеседі. Қытай Халық Республикасында – Тарбағатай өңірінде, Шәуешек, Шиху, Үрімжіде сонымен қатар Шағантоғай, Толы, Шың, Дүрбілжін, Мұңғыл күре Боратола ауданында, сонымен қатар Іле Қазақ автономиялық облысында кездеседі.

 

       Зиябек Кабульдинов

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?