28.01.15
Алғашында патша әкімшілігінің алдында Бұхара, Хиуа хандықтарымен тұрақты сауда қатынастарын орнату мәселесі тұратын. Осыған байланысты 1717 жылы Ресей патшасы Хиуа мен Бұхараға Александр Бекович-Черкасский бастаған дипломатиялық елшілікті жібереді. Бірақ нәтижесінде А.Бекович-Черкасский мен экспедиция мүшелері хиуалықтардың қолынан қаза тауып, бұл сапар сәтсіздікке ұшырады.
Петр І-нің орнына билікке келген Ресей патшалары бірнеше жылға дейін Орта Азиядағы саясатына қатысты нақты әрекеттерге бармай, тұрақтап қалады. ХІХ ғасырдың ортасына таман Орта Азияда, ағылшын ықпалының күшеюінің алдын-алу мақсатында стратегиялық жағынан өте маңызды болып келетін Сыр өлкесін өзіне қарату және бұл өңірде әскери шептер жүйесін құру көзделді. ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресейдің әскери шенеунігі М. А. Терентьев өз еңбегінде «Орта Азия аймағы бізге тек тынығып, күш жинап, ары қарай жылжуға арналған станция болуы қажет» деп Орта Азия аймағының маңыздылығына тоқталып және Ресей экспансиясы мұнымен шектеліп қалмайтынын анық аңғартады [1, c.272].
ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясының еуропадағы саясаты қиындай түсуіне байланысты алға қойған саяси-экономикалық стратегиясын өзгертуге мәжбүр болды. Осы кезеңнен бастап патшалық Ресей негізгі саяси-әскери күшін шығысқа қарай бағыттауға көшті. Орта Азия аймағындағықпалдық үшін Англиямен бәсекелестікке түсіп, батыл қадамдар жасауда барлық айла-тәсілдер мен әскери күшті жұмсауға дайын болды. Екі алып империя Ұлыбритания мен Ресей арасындағы Орта Азия аймағы үшін бәсекелестік уақыт өткен сайын өрши түскені соншалықты, тіпті екі елдің тыңшылары саяхатшы, саудагер немесе кезбелер кейпінде Хиуа, Бұхара және Қоқан хандықтары туралы әскери, географиялық және басқа қажетті мәліметтер жинауға барынша тырысып бақты. Сонымен қатар екі империяның елшіліктері осы хандықтармен саяси достық қарым-қатынас құруға талпынды. Өз ажалын Бұхарада тапқан, ағылшындық әйгілі әскери шенеунік Артур Коннолли 1838 жылы жарық көрген «Солтүстік Үндістанға саяхат» атты еңбегінде Ресей империясының Үндістанға сәтті жорық жасауының тек екі жолы бар екенін жазып кеткен болатын [2]. Соның бірі Хиуаға жорығын Каспий теңізінің шығыс жағалауымен емес, Орынбор жақтан тікелей бағыттаған әлдеқайда тиімдірек деп табатынын алдын-ала болжап қойған еді. Ағылшын шенеунігінің ойынша орыс әскерінің бұл бағытты таңдауына Арал теңізі мен оған құятын өзендерді тиімді пайдалана алатынына кәміл сенген. Яғни Арал теңізіне жеткен бойда, орыс әскерлері Оксус (Амудария) өзені арқылы кемелер мен салдар арқылы Хиуаға оңай жететінін түсінді [3, с.67]
Патша әкімшілігі сауданы дамытудың және әскери күштерін Орта Азия хандықтарына жақындату мақсатында жергілікті жердің географиялық-климаттық ерекшеліктерін зерттеуді қолға алды. Патша үкіметі кабинеттерінде Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарымен құрлық арқылы немесе су жолдарымен байланыс жасаудың тиімді амалдары қарастырылып, жоспарлар құрылып отырды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін Сыр өңірі мен Орта Азия аймағын саяси ахуалы мен географиялық жағынан зерттеу үшін патша үкіметі шенеуніктері мен Бас штаб офицерлері басқарған әскери, дипломатиялық және ғылыми миссиялар жасақталып, толассыз жөнелтіліп, олар өз кезегінде әскери жорықтармен жалғасып отырды.
Сыр өңірін жаулап алу үшін су жолдарын пайдалану орыс әскерлеріне үлкен мүмкіндік беретінін түсінген патша әкімшілігі Сырдария өзені мен Арал теңізін гидрографиялық жағынан зерттеуді кезек күттірмейтін мәселелердің бірі деп тапты. Осылайша саяси стратегиялық маңызы жоғары Сыр өңірін Ресей құрамына қосу патша өкіметінің кезекті шарасына айналды.
Арал теңізі мен Сыр өлкесін географиялық, тарихи және этнографиялық жағынан зерттеу мақсатында А. И. Бутаков бастаған ғылыми экспедиция жұмыс жүргізді. Арал теңізін, Сырдария, Амудария өзендерін кемелермен жүзіп өтіп, толық зерттеуге алады. Сондай-ақ патша әкімшілігі Бутаков ғылыми экспедициясының алдына кеме қатынастарын жолға қою тапсырмасын қойды.
1848 жылдың 5 наурызында капитан-лейтенантА. И. Бутаков Әскери министрліктің тапсырмасымен Арал теңізін гидрографиялық зерттеу мен астрономиялық бақылау мақсатында Орынборға келеді. 1848 жылдың сәуірінде ұзындығы 14 метрді құрайтын және 2 зеңбірекпен қамтамасыз етілген «Константин» шхунасы құрастырылып, Райым бекінісіне жеткізіледі. Сондай-ақ тек жүк тасымалдаумен ғана қызмет етіп келген «Николай» кемесі экспедициялық ғылыми зерттеулер жүргізуде тиімді пайдаланылды. 1848–1849 жылдары А. И. Бутаков ғылыми экспедициясында пайдаланылған «Николай» және «Константин» шхуналары 1853 жылға дейін қызмет көрсетті. Арал теңізінде зертеу жүргізген «Константин» шхунасында № 5 Орынбор батальонының қатардағы жауынгері, украин, ақыны және суретшісі Т.Шевченко да өзінің этнографиялық бақылауларын жүргізіп, Арал флотилиясы туралы майлы бояумен салынған көркем туындыларын жарыққа шығарды [4, c. 204]. Кейін Арал әскери флотилиясы бу қозғалтқышымен жабдықталған «Перовский» кемесі және «Обручев» баркасымен толықаннан кейін, 1853 жылы әлгі шхуналар теңізден шығарылып, қызметтерін тоқтатты.
1850 жылы Теңіз министрлігінің Гидрографиялық департаменті А. И. Бутаковтың екі жылдық зерттеуінің жемісі ретінде Арал теңізінің меркаторлық картасын жарыққа шығарып, қалың жұртшылыққа ұсынды. А. И. Бутаковтың Орынбор генерал-губернаторыВ. А. Обручевке берген зерттеу нәтижесі туралы мәлімдемесінде зерттеу жүргізген уақытында бірнеше рет теңіздегі қатты жел мен толқындарға шхуналардың қарсы төтеп бере алмағанын жеткізеді. Сонымен қатар Арал теңізінде желкенді кемемен солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытта жүзу мүмкін болса, ал керісінше оңтүстіктен солтүстікке қарай қарсы желдің әсерінен жүзу қиынға соғатынын алға тартып, бу қозғалтқышымен жабдықталған кеменің қажеттілігін түсіндіреді. Ақырында 1850 жылы Швецияның кеме жасайтын әйгілі
«Motala Verkstad» атты зауытында арнайы тапсырыспен жасалып шығарылған екі бу кемесі 1851 жылы империя астанасы Петербурге жеткізіледі. 1852 жылы капитан-лейтенантА. И. Бутаковтың емеурінімен Империя астанасынан Самараға өзен арқылы жеткізіліп, осы жерден түйелерге жегіліп құрастырылмаған күйінде Райым бекінісіне су ығыстырымы 140 тоннаға жететін, 40 ат күшіне тең «Перовский» кемесі мен «Обручев» (16 т., 12 ат күші) баркасы жеткізіледі. Кемелердің жалпы құны 49,347 рубльді құрады [5, c. 79]. Кемелер сексеуіл отынын жағу арқылы қозғалтылатын қылып ыңғайластырылып қойылған да болатын. Көп күттірмей келесі жылдың көктемінде жаңа кемелер суға түсіріледі. Ресей империясының Арал әскери флотилиясының басшысы болып тағайындалған А. И. Бутаков Сырдария өзеніні бойымен алғаш рет «Перовский» кемесі арқылы жүзіп өтеді. Осы жылы патша әскерінің Ақмешіт бекінісін жаулап алуда флотилия кемелерінің маңызды қызмет атқарғанын тарихи деректерден, аңғаруға болады. Ақмешіт жорығына қатысқан орыс офицері А.Макшеев флотилия кемелерінің бекіністі алуда «Перовский» мен «Обручев» кемелері әскери жүктер мен зеңбіректерді тасымалдап, әскерлердің жылдам әрекет етуіне едәуір жәрдемдескенін өзінің еңбегінде жариялайды [6, с.182].
1954 жылы А. И. Бутаков Орынбордан Арал теңізіне темірден құрастырылған ескекті екі кемені жеткізеді және № 1 фортта керекті жабдықтармен жабдықталған флотилия кемелерін жөндеу портының негізі қаланды. 1866–1867 жылдары Түркістан облысының әскери губернаторы қызмет атқарған Д. И. Романовский өзінің Орта Азияға байланысты жазбаларында Арал флотилиясының маңызына ерекше көңіл бөледі. Ол «Арал флотилиясының құрылуымен Хиуаның бізге қарсы әрекеттеріне төтеп беруге мүмкіндік алдық" деп өз ойын білдіреді [7, с.21].
Әскери флотилия кемелері 1858–1859 жылдары Хиуаға жөнелтілген полковник А. И. Игнатьев бастаған ғылыми-дипломатиялық миссияға қатысады. Әскери конвоймен қамтамасыз етілген миссия құрамында Залесов, Кильвейн, Лерх, Можайский, Назаров, Салацкий Струве сияқты Ресей Бас штабының офицерлері мен зерттеушілері болды. А. И. Бутаков дипломатиялық елшілікке «Перовский» және «Обручев» кемелері арқылы жәрдемдесіп, Амудария өзені бойымен Нүкүске дейін жетіп, аймақтың гидрографиялық ерекшеліктерін зерттеуін жүргізіп, Хиуа мен Бұхара хандықтары туралы мол тарихи-этнографиялық мәліметтер жинастырады [8, c.164].
Еуропа елдеріне кеме жасаудың соңғы жетістіктерімен танысып келгеннен кейін контр-адмиралА. И. Бутаков 1861 жылы Англияның Ливерпуль қаласындағы «Windsor Works» зауытында жасалған, құны 16000 рубльді құраған «Сырдария» және 30080 рубльге бағаланған «Арал» кемелерін Қазалыға жеткізіп, 1862 жылдың 29 шілдесінде суға жібереді. Бұл кемелер 1864–1868 жылдары Қоқан және Бұхар хандықтартарымен болған ұрыстарда әскери жүктерді және жауынгерлерді тасымалдаумен айналысты. 1873 жылы патшалық Ресейдің Хиуаға жорығында әскери қимылдарға қатысты. Кейін жергілікті сыр қазақтардың тұрмысын зерттеуші-этнограф, әскери шенеунік А. К. Гейнс өзінің еңбегінде «Арал» кемесін «өте ыңғайсыз, көне және өзеннің ағысына қарсы жүзуге дәрменсіз» деп сипаттап береді [9, с.226]. Осы кемемен қоса сол жылы қолдануға берілген «Самарқанд» кемесі Арал флотилиясының әскери күш қуатын одан әрі арттыра түседі. Зеңбіректермен жабдықталған бұл кеме бірнеше әскери жорықтарда сәтті пайдаланылды. Құны 78700 рубльді құрайтын «Самарқанд» кемесі Бельгиядағы «Soc. Anon. J. Cockerill» кеме зауытында Ресей үкіметінің тапсырысы бойынша жасалған еді.
Ресей әскери шенеунігі Л. Мейер 1862 жылы «Морской сборник» журналында жарыққа шыққан «Аральская флотилия в отношении к среднеазиатской торговле» атты мақаласында Арал флотилиясының кемелер құрамын көрсетіп береді. Олар: «Перовский» (40 ат күші), «Обручев» баркасы (12 ат күші), «Арал» (40 ат күші), «Сыр-Дария» (20 ат күші) бу қозғалтқышты кемелер қатарын толықтырса, 3 темір баржасы, 2, ағаш шхунасы желкенді кемелер қатарына жатқызылды. Сондай-ақ 2 темір және 4, ағаштан құрастырылған паромдар, 22 ескекті қайықтар флотилияның игілігіне қызмет етті [10, с.112–113].
1864 жылы Арал флотилиясының іргетасының қалануына зор еңбек сіңірген Бутаковты патша өкіметі біржола Петербургке қайта шақыртып, Балтық теңізіндегі эскадраның штаб басшысы етіп жаңа қызметке тағайындайды. Бірақ Арал флотилиясы әрі қарай орыс жауынгерлерінің Орта Азияға тереңірек енуіне септігін тигізіп отырады. Уақыт өте келе флотилияның қуатын арттыруға көп күш жұмсалып, бірнеше кемелермен толықтырылады.
Осындай су көліктерінің бірі Ресейдің Воткин зауытында жасалған «Ташкент» әскери кемесі 1872 жылы Арал әскери флотилиясының құрамына қосылады. Бұл кеме патша үкіметінің 1884 жылы Амудария бойымен Ауғаныстанға жорықта пайдалануды жоспарлаған болатын. Бірақ нәтижесінде жорық белгілі себептермен жүзеге асырылмай қалады. Жалпы алғанда 1865–1879 жылдар аралығында Арал теңізі мен Сырдария өзенінде әскери бекіністер арасында 29146 жолаушы және 1724414 пұт жүк тасымалдап үлгерген болатын.
1866 жылы Патшалық Ресей әскерінің Бұхар әмірлігіне қарсы әскери жорығында «Перовский» кемесі жүк тасымалдаумен жәрдемдесті. 1873 жылы Хиуаға қарсы жорығында флотилия кемелері әскери іс-қимылдарымен көзге түскен еді.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде флотилия құрамындағы «Перовский» мен «Самарқанд» кемелері ғана теңізде жүзуге қабілетті болды. Ал «Ташкент» кемесі теңізде жүзе алса да кез келген уақытта аударылып кету қаупі төніп тұрды. «Сыр-Дария» және «Арал» кемелері өзенде жүзуге ғана арналса, «Самарқанд» кемесі өзенде жүзуге арналса да 1873 жылғы Хиуаға жорығынан кейін Сыр өңірі бекіністерінен Амударияға жүзіп, қажетті жүктерді тасымалдап отырды. Арал флотилиясының соңғы күніне дейін «Перовский» шыдамды және қаңқасы мықты кеме болып қала берді. Орыстың атақты саяхатшысы П. П. Семенов «Бутаков осы кеме арқылы Хиуа хандығындағы Қоңырат қаласына жетіп, хиуалықтардың зәресін ұшырды» деп өз еңбегінде мақтана суреттейді. Уақыт өте келе «Самарқанд» кемесі № 2 форт маңында суға батып кетсе, «Перовский» кемесі 80-жылдары пайдалануға жарамсыз күйге жеткен еді. Патша әкімшілігі бұл кемелерді қайта жөндеп, іске қосудың орнына флотилияны мүлдем таратып жіберуді тиімді санады [11, с.75]. 1883 жылы Арал флотилиясы Ресейдің стратегиялық мақсаттарының өзгеруіне байланысты қажет болмай, таратылды. Флотилия құрамындағы кемелерді бұзуға ұйғарды немесе тым арзанға сатты. Кейбір кемелер жаңадан құрылған Амудария флотилиясының құрамына қосылды.
Қорыта келгенде Арал әскери флотилиясының құрылуына патшалық Ресейдің империялық мүдделері себеп болғаны белгілі. Яғни әскери-саяси факторлар 1852–1853 жылдары Арал әскери флотилиясының құрылуына әсер етті. 1852 жылы жұмысын бастаған флотилия Ресей әскерінің ертеден Орта Азия аймағын өзіне қаратуды мақсат тұтқан жоспарын жүзеге асыруға жәрдемдескен басты стратегиялық нысан болып табылды. Флотилияның көмегімен орыс жауынгерлері Хиуа, Қоқан және Бұхара хандықтарына өз ықпалын жүргізді. Орта Азия аймағына тереңдей енуіне және, ағылшындармен өлке үшін бәсекелестікте жеңіп шығуына себепкер болды.
Арал әскери флотилиясының негізін қалаушы А. И. Бутаковтың басшылығымен Арал теңізі мен Сырдария, Амудария өзендерінің гидрографиялық, астрономиялық ерекшеліктері зерттелінді. Арал теңізінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесі флотилияның құрылуы және балық шаруашылығының кәсіби түрде дамуына негіз салды. ХХ ғасырдың басында Арал теңізінің флорасы мен фаунасын зерттеуші академик Л. С. Берг көп жылдық жемісі үшін Барсакелмес аралының оңтүстік мүйісіне А. И. Бутаковтың есімін беруді ұсынады және осы ұсынысты Ресей патшасы жүзеге асыруды ұйғарады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. М. А. Терентьев. Россия и Англия в Средней Азии. — Спб. 1875. — 361 с.
2. Arthur Conolly. Journey to the North of India: Overland from England, Through Russia, Persia, and Affghaunistaun, v. 1. — R. Bentley, — 1838. — 350 p.
3. Большая Игра против России: Азиатский синдром/ Пер. с анг. И. И. Кубатько.- М.: РИПОЛ КЛАССИК, 2004.- 640 с: ил.
4. М. А. Терентьев. История завоевания Средней Азии. Том 1. — Спб. — 1906. — 510 с.
5. Л. С. Берг. Аральское море. Опыт физико-географической монографии СПб.: Типография М. М. Стасюлевича, 1908. — 580 с.
6. А.Макшеев. Путешествия по киргизским степям и Туркестанскому краю. 1896. 257 с.
7. Д. И. Романовский. Заметки по Средне-Азиатскому вопросу. — Спб, 1868.
8. Мушкетов И. В. Туркестан Т.І. С-Петербург. — 1886.
9. Собрание литературных трудов А. К. Гейнса. Том ІІ. С-Петербург. — 1898. — 597 с.
10. Мейер Л. Аральская флотилия в отношении к среднеазиатской торговле // Морской сборник. — 1862. — Т.X. — No7. — С. 109–134.
11. П. П. Семенов. Живописьная Россия. Отечество наше в его земельном, историческом, племенном, экономическом и бытовом значении. Т.Х. С-Петербург, — 1885. — 272 с.
С. Т. Тоқболат т.ғ.к., «Болашақ" университетінің аға оқытушысы