Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қола дәуіріндегі қыш ыдыс жасау өнері

6711
Қоныстарды мекендеушілерде қыш ыдыстарын жасау ісі едәуір орын алды. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды.

Отандық археология тарихында қола дәуіріндегі заттай ескерткіштерді зерттеуде белгілі бір дәрежеде жетістіктерге қол жеткізілді. Сондықтан құнды тарихи деректеме болып табылатын қыш археологиялық ескерткіштерден алынған жәдігерлердің негізгі категориясын түзеді. Қыш ыдыстарды зерттей отырып, ертедегі тұрғындардың түрлі топтарының өзара қатынасын, ауысуын, шаруашылық әрекеттерінің ерекшеліктерін, дүние танымдарының кейбір қырларын, археологиялық мәдениеттерінің туыстастығы мен олардың шығу тегін баяндайды.

Қоныстарды мекендеушілерде қыш ыдыстарын жасау ісі едәуір орын алды. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Қола дәуірінде құмырашылар көбінесе әйелдер болды. Құмыраларға салынған өрнектер негізінен алғанда штрихталған үшбұрыштар, зигзагтар, шырша, дөңгелек батырып салған оюлар, сызықшалардан тұрды.

Ыдыс-аяққа қарап, олардың жасалу техникасы туралы сөз етуге болады. Балшық өте мұқият таңдап алынды, кейде ол бірнеше шақырым жерден әкелінетін болған. Кейін барып ұқсатылатын, атап айтқанда: мұздатылатын (қыстатылатын) немесе жаз бойы әр түрлі арнайы қоспалар қосылып иі қандырылып, одан кейін иленетін болды [1, 125-127 бб.].

Ыдыстардың пішінін, жасалу техникасын және өрнегін салыстыра зерттеу қола дәуіріндегі мәдениеттің әрбір кезеңіне ыдыстардың белгілі бір пішіні тән екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Ерте қола дәуірінде бүйірі тікше немесе біраз шығыңқы, мойыны ішке қайрылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тісті немесе тегіс қалыппен түсірілген шырша өрнектері, шаршы, үш бұрышты, сопақша ойықтар, қисайта бытырылған түтікшемен түсірілген «орақ тәрізді» ойықтар, тырнақпен түсірілген өрнектер көп таралды. Ыдыстардың бүйірі мен түбі түгел өрнектеледі. Кейде өрнек тіке, көлденең, ирек сызықтардың, тік ирекшелердің, сызықшалармен толтырылған үш бұрыштардың қиюласуынан құрылады.

Орта қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелетіліп немесе мойыны мен бүйірінің арасы ойықталып жасалады. Өрнек тегіс немесе ұсақ тісті қалыппен түсіріледі. Бұл дәуірдегі ең көп кездесетіні геометртиялық өрнек – үш бұрыш, меандр, сынық, ирек сызық және осылардың әртүрлі қиюласуы. Тұрқы дөңгелетіле жасалған құмыралардың көбінесе ернеуі, мойны, үстіңгі жағы өрнектеледі, ал иіні ойық көзелерде сурет үш жерге – мойнына, ортасынан жоғарырақ бөлігіне, түбіне жақындау жерге салынады. Кейде ыдыстың түбі өрнектеледі.

Соңғы қола дәуіріндегі құмыралардың дені иіні дөңгелек, бүйірі шығыңқы болып жасалады. Олардың ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Кейде иініне өрнектің басқа түрлерімен қатар ирек сызық, қисық ойық, шырша, «меруерттер» түрінде сурет салынады. Оқта текте үстіңгі жағы сопақша ойықтармен өрнектелген немесе ешбір өрнексіз құмыралар да кездесіп қалады [2, 128 б.].

Андронов шеберлері қыш ыдыс өндірісінде қалыптарды қолданған. Көп жағдайда жұмсақ иі қанған балшық қалыптың ішіне салынуы мүмкін ( ыдыс жасалынатын масса жабысып қалмас үшін). Қыш дайындауда қалыптың қолданғанын мынадан байқалады. Көптеген ыдыстардың астыңғы жақтары іштен қатты сығымдалып жасалған, бұл тек сыртта тіреп тұрған қатты қалып болғанда ғана мүмкін нәрсе. Жұмсақ үлгілердің көлемінен тәуелсіз балшықтың қалыңдығы – 4 – 6 мм. аралығында.

Археологиялық мәдениетті бөлген кезде ғалымдар тек пошымына ғана емес кыштың өрнектелуіне де назар аударады. Бұл ежелгі адамдардың ыдыстағы өрнектері мен киімдегі оюлары, әшекейлері мен денеге салған белгілері арқылы өз халқын басқалардан ажырататын болғандығына байланысты туындаған. Сондықтан, қыштағы өрнекті де этностын айырмашылығын білдіретін көрсеткіш ретінде тануға болады. Зерттеген кезде оның құрылысы мен оның элементтерін ғана емес, өрнектегі этникалық көрсеткіш болатын әрбір өрнек жүйесінің салыну ережесі де анықтау маңызды.

Ұзақ уақыттар бойында алакөл мен федоровтық өрнектерде ұқсастық бар деп есептелді. Оған негіз - геометриялық тікбұрышты фигуралардан құралған өрнектер белдеуінің салынуы еді. Бір қарағанда, осынау абстрактілі фигуралар андрондықтар үшін белгілі мағына бергені мәлім. Олардың кейбіреулерінің мәнін көптеген тарихи және этнографиялық мәліметтермен жобалауға болады. Үшбұрыштар көптеген мәдениеттерде аналық бастаудың, жер-ана өсімталдығының, өсіп-өнудің символы болып саналды. Ромбылар тізбегі өмір ағашы бәйтеректі, ирек сызық суды бейнеледі. Андрон көзелерінің иықшалары негізінен кас таңба (свастика, қолөнерде "шыраш" деп те аталады) элементтерінен құралған әртүрлі композициялармен әшекейленді. Қас таңбасы (свастика) еркек жынысына қатысы бар өте көне белгілердің бірі. Ол күн мен өмір күшін білдіреді. Оның бейнесі ыдыс ішіндегіні зұлым күштерден сақтайды. Қас таңба бейнеленген ыдыстар еркектердің тектік символын білдіреді деп есептеліп, ерлер жерленген зираттардан басқа күйеуі бар әйелдердің зиратына да қоятын болған [3, 54б.].

Белгілі жағдайларда өрнек күнтізбелік мәліметтерді де берді. Өйткені, балшық ыдыс бағзы дәуір адамдарының мифологиялық санасында әлем және оның ерекше бір жазу түріндегі бедерін бейнеледі, коршаған орта туралы, аспан, ғарыш әлемі мен табиғат құбылыстары жөніндегі түсінігінің айнасы іспеттес болды.

Сонымен қатар, жаңа кезеңнің қыш жасау тәсілінде бөгде бір ағымның келіп қосылғанын да көрсететін маңызды деректер бар. Қазақстанда беғазы кезеңінің жаңа мәдениеттінің (сарғара-алексеев қыштары) пайда болуын кезінде М.П.Грязнов андроновтықгарға туыс болып келетін Еділ бойының қима мәдениеті тайпалары өкілдерінің келіп араласуымен түсіндірді.  Белдеулі керамиканың дайындалу технологиясын сараптаған мәліметтер бойынша, Орталық Қазақстан аумағында расында да андрондық (алакөлдік) түрғындардын әйтеур бір сырттан келген тұрғындармен (қима мәдениетіне ие тайпалардың ұрпақтарымен) араласқаны байқалады. [4, 42 б.]. Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болды, сондықтан адам табиғат күшін киелі рух деп білгендіктен бұл күштер ең алдымен күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі болды. Күн мен от жылылық береді – мұның бәрі қайырымды, құдіретті рухтармен байланыстырылады. Күн тәңірісінің белгілерін сәндік заттардан – бір ортадан жан-жаққа тарайтын сәулелер түріндегі өрнегі бар қаптырмалардан, балшық ыдыстағы меандрлардан көруге болады. Мысалы Солтүстік Қазақстанның алакөлдік кезеңіндегі қыш бұйымдар сыртындағы өрнектердің өзіндік ерекшелігі әртүрлі сызықтар, белдеулер, күрделі меандр, ұшбұрыштар мен ромбылар тізбегі екені белгілі. Демек ою-өрнектің шығу тарихы, олардың сюжеті мазмұны жағынан мал өсіру мен аңшылықты, жалпы әлемдегі тіршілікті бейнелейді [5, 42 б.]. Қола дәуірі тайпаларының қыш өндірісі мен шаруашылыққа байланысты өнерін зерттеуде  Ә.Х.Марғұланның ою-өрнектерді төртке бөліп қарастырудағы  космогониялық, зооморфтық, геометриялық және өсімдік бейнелі өрнек атаулары дәлел бола алады [6, 83 б.].Қыш өндірісіндегі шаруашылықбен байланысты өнерін зерттеу кезде ыдыстар балшықтан емес, негізгі шаруашылығы мал шаруашылығына айналған жылқы, қой, соның ішінде ірі қараның терісінен көшіп қонғанда ыңғайлы, сынбайтын теріден жасалынатын мес, торсық, қауғаның пайда болуына байланысты Ә.М. Оразбаевтың Шағалалы қонысындағы зерттеулерінде көрініс тапқан [7, 50-88 бб.].

Беғазы-дәндібай мәдениетінің ерекшеліктерінің бірі керамика болып табылады. «ол белдеулі керамика» деген атау алған. Белдеу(валик) қыш ыдысқа балшықтан жапсырылған сәл дөңестеу жолақ түрінде болады, ол ыдыстың мойын тұсын сәндейді. Белдеулі қыш беғазы-дәндібай мәдениетінің барлық жерлеу орындарынан және қоныстарынан табылған ыдыстар тырнақ бедерлі, шырша, ирек, саусақ ізі, тор үшбұрыштармен әшекейленген. Ою ыдыстың жоғарғы жағында салынған.[8, 69 б.]. Қола дәуірінің көрем туындылары, сол кездегі қолөнердің жоғары деңгейінде дамығандығын көресетеді. Қыш бұйымдарындағы геометриалық ою-өрнектер әмбебап таңбалар кешені ретінде түсіндіріледі.

Мыржық қонысынантабылған еңбек құралдары үш бағытта: тау - кенөндірісінде, металл өңдеуде және үй шаруашылығында пайдаланылған деп тұжырым айта аламыз. Сонымен қатар, үй шаруашылығында кеңінен қолданылған тері өңдеуге арналған құралдар жиынтығын қарастырамыз. Тері өңдеуде негізінен тегістегіштер, қырғыштар және теріні ширатуға арналған құралдар пайдаланылады. Қыш өндірісінде керамикамен қатар сазды, сырды және қоспаны ұсақтауға арналған тас құралдары: үккіштер және келілер қолданылған. Тас құралдарының көмегімен сүйектерді кесуге, бұйымдарды кемеліне жеткізуге болады. Қазба барысында көптеп тас құралдары мен бұйымдары жинақталғанымен оның ішінен тек қана көрнекті құралдар жиналып алынған, себебі Мемлекеттік Орталық мұражай қорында 70 дана тас құралдары сақталған. [9, 281 б.].

Қола дәуірінде өмір сүрген тайпалар адам қайтыс болғанда жерлеу барысында тұрмыста тұтынған заттарын жерлеумен бірге адамның астына киіз төсеген, сондай ақ бірнеше қола дәуірі жерлеу орындарынан тері, мата қалдықтары табылғаны соның айқын дәлелі.Солтүстік Қазақстанның Буровое қорымының жерлеу орнынан кездескен мата қалдығы дәлел болып отыр. Яғни, мата қалдығы (киімдері) немесе жоғарыда айтып кеткен мес, торсық, қауғаның және де көптеген тұрмыстық қажеттілік жағдайда қолданған теріден жасалған әртүрлі заттардың осындай жерлеу ғұрпы дәстүрінен кейін сақталмауы дәлел болып отыр [7, 200 б.].

Қола дәуірінің соңғы кезеңінде шаруашылықтың жаңа формасының – көшпелі мал шаруашылығының дамуына байланысты қыш ыдыстарды «мүйіз», «қошқар мүйіз», «қос мүйіз», «сынық мүйіз», «тік мүйіз», «ит құйрық», «табан» секілді өрнектермен әсемдеп отырған. «Қошқар мүйіз» өрнегі мыңдаған жылдар бөліп тұрған халықтардың мәдениеттерін байланыстыра ортақ белгілерін айқын көрсетеді.

«Қошқар мүйіз» өрнегі ежелгі қола дәуірі тайпалары бұл өрнекпен ыдыс-аяқ бетін әшекейлесе, қазақтар әр түрлі бұйымдарды безендірген. «Қошқармүйіз» өрнегі кілем, түскиіз, текеметтер, сандықтар, ағаш төсектерді өрнектегенде пайдаланылған. Әшекей өрнек өнерінің осындай бір мәнерінің өзі де араларын мыңдаған жылдар бөліп тұрған халықтардың мәдениеттерін байланыстыратын ортақ белгілерін айқын көрсетеді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Қанай қонысынан тұрғын жайдың оңтүстік шығыс бөлігінен ыдысқа ою-өрнек салу үшін сүйектен істелген жылтыр және тарақ тәрізді қалыптар, қыштың сынығы, үккіш, малдың өңделген жауырыны, малдың жақ сүйегінен жасалған сабау шықты [9, 120 б.].

Н.К. Рерих өзінің «Керамика тарихи дереккөзі ретінде» деген еңбегінде негізінен қыш ыдыстардың ою өрнектеріне тоқталып өтеді. Ою өрнектің екі негізі- шұңқыр және оның қыры. Осы екуінің қосылуы негізінде әр түрлі  фигуралар келіп шығады; өрнектің сипаты олардың сапасына өте тәуелді болып келеді. Керамика жасау өнері әр дәуірде өзгеріске ұшырап оырғанын атап өтеді [10, 3 б.].

Қорыта айтсақ, қола дәуірін зерттеудің өзекті мәселелерінің ішінде – қыш (керамика) өңдеу ісі ерекше орын алады. Негізгі ою-өрнек мәнерлері – тең бүйірлі шимақталған үш бұрыштар, неғұрлым ұсақ суреттерді көмкере салынатын үш бұрышты ірі фестондар және т.б. Ою-өрнек мәнерлерінің формасы мен сан алуан болып келуі жағынан олар қайсыбір ретте Беғазы-дәндібай және Қарасұқ мәдениеттерімен (Бұғылы ІІ, Дәндібай қорымдары, Беғазы ІІ, ІІІ тақта тас қоршаулары және басқалары) тура ұқсас келеді. Аталмыш кезеңнің мерзімін белгілеу, ежелгі дүние тұрғындары арасындағы мәдени байланыстарды анықтау, қола дәуірінің кейінгі кезеңдермен этномәдени сабақтастығын зерделеу қыш өнеріне тікелей байланысты. Қола дәуірінің жерлеу орындары мен қоныстарында жиі кездесетін қыш ыдыстар және оларға салынған өрнектер ежелгі дүние тұрғындарының өнері мен шаруашылық түрінен хабар берсе керек.


Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанындағы Археология және этнография ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Б.К. Шораев 


__________________________________

1.  Қазақ ССР тарихы Т.1-А.,1980.

2.  Бобринский А.А. Гончарство Восточной Европы. Источники и методы изучения. – М., 1978.

3.  Генинг В.Ф. Древняя керамика: методы и программы исследования в археологии. - Киев,1992.

4.  Хлобыстина М.Д. Этногенетические, аспекты в проблеме классификации андроновских памятников Южной Сибири, Казахстана и Средней Азии //Проблемы этногенеза народов Сибири и Дальнего Востока. Новосибирск, 1973, с. 54,

5.  Грязнов М.П. Пастушеские племена Средней Азии в эпоху развитой и поздней бронзы //КСИА , 1970, №122.

6.  Маргулан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. Алматы. Өнер. Т 1. 1986 г.

7.  Оразбаев А.М. Северный Казахстан в эпоху бронзы. //Труды Института Истории археологии и Этнографии. Том 5. Алматы, 1958.

8.  Бейсенов А.З., Варфомлоеев В.В. Беғазықорымы. Орталық Қазақстан беғазы-дәндібай дәуірінде. Алматы: 2008.- 126 б.

9.  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 20 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми конференция материалдары Алматы, 2011.- 428 б.

10.  Керамика как исторический источник Тобольск: 1996.- С.97.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?