Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қажымұқанның хаттары

3857
1945 жылдың 26 маусым күні атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевқа хат жазады

Сол кездегі Шымкент облысының Ақтөбе ауылында Қажы Мұқан ата 1946 жылдың маусым айына дейін тұрады. Осы Ақтөбеде Балуан атаның бір нәрседен таршылық көргені туралы ешкім айтқан да, жазған да емес. Керісінше, ол кісінің қонақжайлылығы, басқаға қамқор болғаны туралы деректер көптеп айтылады.

Ақтөбеде 35 жастағы бірінші  әйелдің  үстіне екінші 22 жастағы  әйелге (Бибіжан апа 1924 жылы туған) үйленген 63 жастағы Балуан атаның жағдайы болмауы мүмкін бе? Қажы Мұқан ата осы Бибіжан анадан 1948 жылы өзінің ең кенже Жанабіл атты ұлын сүйеді. Керісінше Ақтөбеде тұрған кезінде Қажымұқан екі жылға жуық  цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сом ақша табады. Осы ақшасын 1944 жылы ССРО  Қорғаныс  қорына құйып, бұл ақшаға өз атынан Совет Армиясына ұшақ сыйласа деп және оны Амангелді Иманов құрметіне атауды сұрайды.  Қажы Мұқан хатына жауап ретінде И. Сталиннен телеграмма келіп, оның сұрауы қанағаттандырылады.

Қажы Мұқанның Отан алдындағы осындай еңбектері ескеріліп, 1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы советінің жарлығымен Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Құрмет» ордені тапсырылады. Мына «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 24 шілдедегі нөмірінде жарияланған мақалаға қараңыз: «1947 жылы ақша реформасы жүрді. ...Арыстың банкісіне атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов бір қап ақша әкеледі. Оларды санап, әр теңгені бөліп, орын-орнына қою үшін көп уақыт керек. Сонда жетім балалар үйінен ақшаны жақсы санайды деген бір ұл, бір қызды алдырды. Сол ұл Владислав Скитневский еді». Бұл мақаладан көрініп тұрғандай, орыс тілді басылымдар аш, жалаңаш деп жүрген кезде Балуан қаппен ақша ұстап жүрген екен. 

Ал бұл хатта Қажымұқан ата өзінен 20 жас кіші, 43 жасар Н. Оңдасыновты «ақсақал» деп атапты. Бұл – хатты көшіріп жазған адамның (хатты жас жігіт жазған сияқты) қателігі. Хатты өзі емес, қарт Балуанның атынан жазып отырғанын ұмытқан сияқты. Қажымұқанды жас кезінен танитын, бірге болған адамдар: бірінші әйелі Бәтима апаның, танымал журналист Жиһанша Сейдалиннің, жазушы Сәбит Мұқановтардың деректерін ескермей, тарихи деректерге («Дядя Ваня» мектебінде оқығаны) сараптама жасамай, тегі белгісіз, күмәнді хатты негізге алып, палуанның жасын бұрмалау қасақана әдейі жасалған авантюра сияқты. Ең жаманы, бұл хатта Н. Оңдасыновтан көмек сұраймын деп тіптен қара бұлтты төндіріп жіберген. «Уәде қылған 500 сом пенсияңды алған жоқпын, үйді де әлі салған жоқ. Екі бұзаулы сиыр мен бір құлынды бие болса» деген өтініш, хат жазған жігіттің өз «көркемдеуімен» «Қазіргі жағдайым өте ауыр, қайыршылық күй кешіп, ішер асқа, киер киімге жарымай келемін. ...Басымда үйім жоқ, құлағалы тұрған тоқал тамда отырмын» деген сияқты өте аянышты шығыпты. Орыс басылымдары қазақтың «тоқал там» дегенді әдейі құтыртып «мал ұстауға арналған қорада тұрамын» деп аударады. Осы мемлекеттік мұрағатта сақталып қалған хат нақты дерек есебіне алынып, бәрі жаңылысқан немесе әдейі бұрмалаған. Неге десеңіз, «Ресейде жүріп керемет жетістікке жеткен Қажы Мұқан өз жері, өз елінде қандай аянышты өмір сүргенін» көрсету қазақты тағы бір мұқатып қойғысы келгендерге әдемі дәлел. Қарсы уәж айтқандарға «палуанның өз хаты солай деп тұр» боп тұр.

Хатты Қазақбаевтың көмекшілері алдымен қазақша шрифтіге түсіріп, артынан орысшаға аударған. Хат қарт палуанның басшыларға өкпе-назы мен өтінішін жеткізген. Хаттың мазмұнын дарынды ғалым Мұратхан Тәнекеев дұрыс түсінген.

1) Тұрақты зейнетақы тағайындаса;

2) Үй салып берсе;

3) Республиканың 25 жылдығында еңбегі ескерілсе деген өтініш болатын. Ел қиналған кездерде қолында барын аямаған қарт палуанның бұлай  өтініш айтуға толық қақы бар еді.

Қазақбаев бұл мәселені шешу үшін Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасыновқа хат жазады. «Бұл хатқа Н. Оңдасынов мынадай белгі соғады: «Бейсембинов жолдасқа. Материалдар дайындап, ұсыныстар енгізіңіз». Үкімет аппараты қызу іске кірісіп кетті.

1945 жылдың 21 тамызында Оңдасынов жолдастың атына Дене тәрбиесі және спорт істері жөніндегі комитеті председателінің орынбасары Гуннердің қолы қойылған бір топ ұсыныс түсті.

Ал 1945 жылдың қыркүйек айында жауапты қызметкер Қосубаев республика Халық Комиссарлары Советі Председателінің орынбасары А.П.Заговельевтің атына Қажымұқан ісіне байланысты нақты шаралар қабылдау үшін арнайы қағаздар дайындайды.

«Палуанның соңғы өтініші» атты мақаласында М. Хасанаев былай дейді:

«Бұдан соң Қажымұқан Мұңайтпасов жөнінде мынандай документтер жедел түрде даярланды:

1) Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының көрнекті қазақ палуаны, әлемнің абсолюттік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа Қазақ ССР халық артисі атағын беру туралы Жарлығы

2) Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің көрнекті қазақ палуаны, әлемнің абсолюттік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа дербес пенсия тағайындау туралы Қаулысы

3) Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовқа материалдық көмек көрсету туралы Қаулысы

Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советі қаулы етеді:

   1. Қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовқа Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің қорынан 10 мың сом көлемінде көмек ақша берілсін.

   2. Қазақ ССР Сауда істері жөніндегі Халық комиссариатын (Сапарғалиев жолдас) осы жылдың октябрь айында палуан Қажымұқан Мұңайтпасовқа 10 метр қой жүнінен тоқылған мата, 20 метр сукно мен 125 метр мақтадан тоқылған түрлі маталарды сату міндеттелсін.

   3. Қазақ ССР Халық ағарту Комиссариаты мен Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұлы Айдарханды оқу жасына жетісімен орта мектептің біріне интернатқа мемлекет есебінен оқуға алу міндеттелсін.

   4. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті мен Шәуілдір аудандық атқару комитетіне палуан Қажымұқан Мұңайтпасовқа арнап кішілеу үй (домик) салу ұсынылсын.

Бұған қоса Н. Оңдасынов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің сол кездегі хатшыларының бірі Г.Б. Борковқа мынадай хат жібереді:

 «Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданында тұратын көрнекті қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы.

Қазір оның жасы 75-те.

...Біздер күні бүгінге дейін Қажымұқанның тұрмыс жағдайына қажатті көңіл аудармай келгенімізді мойындауымыз қажет. Сондықтан мынандай шаралар қабылдауды қажет деп есептеймін:

1) Туғанына 75 жыл толуына орай Қажымұқанды Қазақ ССР халық артисі атағына ұсыну. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1940 жылдың 2 июньдегі «Қазақ ССР-нің құрметті атақтары туралы» указында үздік шеберлігі үшін цирк қызметкерлеріне ондай атақ беру мәселесі қамтылған болатын.

2) Республиканың 25 жылдық мерекесіне орай Қажымұқанды одақтық наградаға ұсыну керек.

3) Қажымұқанға бір мезгіл ақшалай көмек көрсету және тұрмыс жағдайын жақсарту үшін өндіріс заттарын босату қажет.

4) Мектеп жасына толысымен Қажымұқанның ұлын интернатқа оқуға қабылдап, оған қажетті дене тәрбиесін беруді ұйымдастырған жөн.

5) Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетіне Қажымұқан үшін кішілеу үй (домик) салуды тапсыру керек.

Осы мәселелерді іске асыру үшін Сіздің келісіміңізді сұраймын».

Осылайша  бүкіл әлемге аты жайылған палуанның кішкентай өтініші есепке алынып, іске асатындай болып еді. Тіпті, күш атасы Қажымұқанның күрес өнеріндегі ерен еңбегін ескермеген күннің өзінде оның жетпістен асып жар таянған жасына, бұғанасы бекімеген жас баласына адамдық көзқараспен қарау әбден керек-ақ еді. Бірақ өкінішке қарай, бұлай болмады.

Әділін айту керек, сол кездегі республика үкімет басшылары Қазақбаев пен Оңдасынов секілді азаматтардың Қажымұқан жайына алаңдап, шын қамқорлық танытуға талпынған іс-әрекеті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қолдау таппады.

Жоғарыда келтірілген документтердің бәрі Қазақстан Коммунистік (большевиктік) партиясы Орталық Комитетіне тек 1946 жылдың март айында республиканың құрылғанына 25 жыл толған мерекенің думаны бәсеңдеген сәтте келіп түсті.

1946 жылдың 3 мартында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Борков Оңдасыновтан түскен ресми хатқа графитті қаламмен ойқастата жазып, мынандай белгі соғады: «Әубәкіров жолдасқа! Министрлер Советі қаулысының соңғы жобасын дайындаңыз. Уақыты 12.III.»  Сосын «соңғы» деген сөз қара сиямен қайтадан белінен бір-ақ сызылған» («Палуанның соңғы өтініші» Марат Хасанаев. «Күш атасы. Естеліктер» кітабынан. Құрастырған Ғ. Тәшімбетов  321-330-бб.).

М. Хасанаевтың осы мақаласына қарағанда Қажымұқанның  арызы осымен бітті, шешілмей қалды, Қажымұқан өмірінің соңғы кезінде ауыр жағдайда қалып, жоқшылықтың азабын тартқан болып көрінеді. 

Қыстаубай Байтуовтың «Ақталмаған үміт» атты мақаласы да тура осы сарындас. Бірақ сөйлемдерінде, тіпті даталарында, цифрларында өзгешелік бар.

Бір таңқаларлығы, Қажымұқанның республика  басшыларына жазған  екі хаты түрлі деректерде түрліше көрсетіледі. Мемлекеттік мұрағаттан алдық деп көрсеткенмен, сөз тіркестері мен сөйлемдерінде айырмашылық көп. Тіпті кей хатта бүтін сөйлем артық, басқа деректе ондай сөйлем жоқ. Тіпті кейбір цифрларда да айырма бар. Мысылы: М. Тәнекеев пен М. Хасанаев бірінші хатты 1945 жылдың 26 маусымында жазылған десе, Қыстаубай Байтуов 1945 жылдың 25 мамырында жазылған дейді. Бірінші хаттағы «Мен өз өмірімнің 55 жылын күреске арнадым» деген дерек кей дерек көздерінде «45 жыл» болып көрсетіледі. «10-15 әскер семьяларына көмектесудемін» деген сөйлем өзге деректе «он шақты» деп көрсетіледі.

Мұның себебін Ермек Жұмахметұлының «Алматы ақшамы» газетінде 2013 жылы жарияланған «Қажымұқанның белгісі екі хаты» атты  мақаласынан тапқандай болдық.

«...Жақында Орталық мемлекеттiк мұрағатта болға­нымызда атақты балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпа­сов­тың бұрын-соңды өмiр дерегiнде көрсетiлмеген екi хатына көзiмiз түстi. Жоқшылық қысқан заманда 1945 жылы 26 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасы Ә. Қазақбаевқа жазған хатында атақты балуан өзiнiң ауыр мұқтажын айтып өз өтiнiшiн бiлдiрiптi.

  ...Хат әу баста қазақша жазылса да, ол сол тұстағы билiк тарапынан орысшаға аударылыпты. Ендi сол хатты қайтадан қазақшаға аударып отырмыз. Себебi хаттың түпнұсқасын көре алмадық».

  Бірақ, Қажымұқанның қасында болған, көзімен көрген адамдар Қажымұқанның бір нәрседен таршылық көргені туралы айтқан емес. Керісінше:

оның қаншама адамға көмектескені (мысалға, осында айтылатын 10-15 отбасы);

 үйіне келген қонақты қонақасын жегізбей жібермейтіні;

 1945 жылдың күзінде ұлан-асыр той жасағаны;

 сол аш деп жүрген кезеңде (1946) 40-ақ жастағы Мінәй апаның үстінен 22 жасар Бибіжанға үйленгені, одан 1948 жылы Жанәділ атты кенже ұлын сүйгені;

ал 1947 жылы ССРО-да ақша реформасы болғанда банкке бір қап ақша әкеліп ауыстырғаны айтылатын.

 10-15 жанұяға көмектесіп жүрген адам қалайша аш болады?

Украиналық досы Иван Поддубныйдың қиын жағдайын естіп, өз ұшағының ұшқышы Қажытайға «Маған Поддубныйды әкеліп бер» деп өтініш жасағанына қарап ойланасың, «өзі аш болса, оған тағы бір аш алыпты әкеліп не қылмақшы? Бірге ашықпақ болған ба?» деп ойланасың. Бірақ, терең тексере келе бұның бәрі қате пікір, шала зерттеу екенін анықтадық.

Себебі, осы Қажымұқанның хаттары туралы жазған зерттеушілердің барлығы аяғына дейін толық зерттемеген. Шолақ қорытынды жасаған.

Серік Байхонов «Алты құрлықты аузына қаратқан» атты мақаласында «Өткеннің бәріне тас атуды әдетке айналдырған соңғы жылдары баспасөз бетінде: «Балуан өмірінің соңғы жылдары қиындықпен өтті. Осыдан келіп жетпіс жасқа келгенде ел жағалап көмек сұрауға мәжбүр болды» деген пікір қылаң беріп қалып жүр.

Тіптен де олай емес. Балуан өмірінің соңы Қараспан тауының етегінде, бұраңдап аққан сұлу Арыстың жағасында, ағайын-туғанның ортасында өтті.  Қиын-қыстау соғыс жылдарына қарамастан, ел-жұрты жылы-жұмсағын ардагерінің аузына тосты. «Қазақ даласының Батыры» деген құрметті атақ берді. Ежелгі қазақ дәстүрімен бір емес, екі бірдей келіншек әперді» деп жазыпты.  

  Тек дарынды ғалым Мұратхан Тәнекеев өзінің «Палуанның алғашқы және ақырғы өтініші» атты мақаласында 1945 жылғы 26 маусым күні Ә. Қазақбаевқа жазған хатында «...палуан «көшіп кетемін» деп қорқытуды көздемеген, ...өзіне шақтылық күнкөріс қаражаты, яғни зейнетақы тағайындау үшін үкімет көмегін сұраған» деп  тура көрсетеді.

Бірақ, Қажымұқанның еңбек кітапшасының болмауы бұл мәселені шешуге кедергі болады. Сондықтан басшылар ақылдаса келе, Қажымұқанға «Қазақ ССР халық артісі» атағын беру арқылы тұрақты зейнетақы тағайындамақ болған. Өкінішке қарай, бұл жоспар сол кездегі Қаз КП ОК хатшысы Г.Б. Борковтың кесірінен іске аспай қарған.

Барлық зерттеушілер осыменен бітті деп тоқтап қалады. Аяғына дейін тексермеген. Олардың көпшілігі, менің білуімше, хаттардың түрнұсқасын көрмеген.

Біз осының қаншалықты шындыққа жақын екенін тексердік. Себебі Қажымұқан еш уақытта аш болмаған және өзі хат жазуы мүмкін емес. Ә. Бүркітбаевтың «Қажымұқан қағанаты» атты кітабының 185-бетінде «Мен хат танымаймын, бұл қағазды Вейландқа жаздырып едім, – Қажымұқан жайбарақат түрде жайын айтты» деген дерек бар. Осыған сенсек, атамыз жазу жағына жоқ болған.

Республикалық мұрағатты ақтарып отырып, Қажымұқанның атынан жазылған  4 хатты таптық. Олардың біреуі латын әрпімен қазақ тілінде, енді біреулері кириллицамен қазақ тілінде, ал бір жерлерде кириллицамен орыс тілінде жазылыпты. Қолтаңбалары әр түрлі.

 

    

Бұл палуанның хаттарын бір адам емес, бірнеше адам жазғанын білдіреді. Кейде тіпті хаттың мазмұнын Қажымұқанның өзі білмеген де секілді. Себебі хаттарда Қажымұқан айтуы мүмкін емес сөздер де кездеседі.

1945 жылдың 26 маусымындағы хаттың оригиналында былай жазылған:

  «Қазақстан өкіметінің Ақсақалы жолдас Қазақбаев Абсәметке  қазақтың атақты палуаны Мұңайтбасов Хажмұханнан

Өтініш

Мен 55 (?) палуандық істеп, талай өлімдерден қалып, тек Америкадан басқа елдердің бәрін араладым. 75 жасқа келдім. Тұрмыс нашарлау... 10-15-дей қызыл әскерлер семьяларына да айналамдағы көмектесемін.

Маған Шәуілдір ауданының беріп отырған көмегі қанағаттандырмайды, белгілі продукты жоқ. Анда-санда 1-2 пұттап райторг арқылы берген болады. Қаракөл совхозы, Овцевод совхозы, қатар жатқан Шаян ауданы (секретары Шураев) да көмектеседі.

Мен өткен жылда Отан қорғауға 100 мың сом ақша жібердім. Осы марттан бастап Отан қорғау пайдасына 3-4 гектардай жүгері егіп, соны  5 жасар Айдар атты баламмен бірге кетпендеп жатырмын.

Қазақстан өкіметінің 25 жылдық мерекесі құтты болсын. 

Менің төбе құрлы атым шықпады.

Мен сайып келгенде бау-бақшалы, жемісі мол, қалалы жер, тым болмаса көшесінің атын менің атыма қойып тәрбиелер деген оймен Өзбекстанға барғым келеді. Сондықтан маған Қазақстаннан Өзбекстанға өтуге рұқсат етіңіз деп өтініш хат жазған Хажмұхан.

26/VI-45 г».

Осы қолжазба хатты А. Қазақбаевтың көмекшілері  кириллицамен шрифтіге түсіріп, артынан орысшаға аударыпты.

Осындағы 55-тен кейін ештеңе жазылмапты. Оны «55 жыл» деп алыпты. Бірақ Қажымұқанның Петербургтегі Иван Лебедевтің мектебіне түсетін 1902 жыл мен НКВД-ден қашып Ақтөбеге ауылындағы ағайындарына келетін 1937 жылдың арасында 35 жыл ғана бар. Оның ішінен атбағар болатын, түрмеге қамалатын жылдарды алып тастасақ, 30-ақ жыл қалады. 30 жыл ауыр спортпен айналысу да өте ұзақ мерзім.

  Ал «55 жыл» емес, «55 елде» деп алсақ, «Америкадан басқа 55-елде палуандық істеп...» болып шығады. Бұл шындыққа келеді. Сәбит Мұқанов Қажымұқанның «56 елде күреске түсіп, 56 медаль алғанын» айтып мақтанғанын жазған.

Бірақ, Қажымұқан Америка құрлығында бір емес екі рет (1910, 1914) болған. Оны қалай ұмытқан?

1910 жылы аяғы ауыр әйелі Бәтиманы Еуропада қалдырып Американың бар палуанын жеңіп оралса, 1914 жылы Нью-Йорктегі жеңісі туралы Әлімқұл Бүркітбаев «Қажымұқан» атты зерттеу еңбегінде «Қажымұқан Нью-Йоркте бір айдан астам болды. Құрлықтың ең күшті атлеттерімен айқасып, шетінен жықты.

...Бұл жеңісті сол кездегі жергілікті газеттер қаз-қалпында жазды. Баспасөздің жалпы пікірі мынандай болды: егер де қазір американ жерінде еркін күрестен әлемдік чемпионат өткізілсе, чемпиондық тұғырға тек Қажымұқан көтерілетініне зәредей де күмән жоқ» (Қазақтың Қажымұқаны. 206-б.) дейді.

Бұлардан шығатын қорытынды, Қажымұқан бұл хаттарды өзі жазбаған, тіпті кейбір хаттардың мазмұнын білмеген де сияқты.

Сондықтан бұл хаттардағы деректерді нақты сенімді дерек көзі ретінде қабылдай беруге болмайды, тексеруге, зерттеуге тура келеді.

Жоғарыда республика басшылары Ә. Қазақбаев пен Н. Оңдасыновтың  ҚазКП ОК секретары Г.Б. Борковтың қиқарлығынан кейін де тоқтап қалмағанын айтқан едік. Енді соны баяндайық.

1945 жылы қыркүйек айында жауапты қызметкер Қосубаев республика Халық Комиссарлары Советі Председателінің орынбасары А.П. Заговельевтің атына Қажымұқан ісіне байланысты нақты шаралар қабылдау үшін арнайы қағаздар дайындайды.

«Қазақ халқының палуаны Қажымұқан туралы»

...мынандай шаралар қабылдауды қажет деп есептеймін:

1) ...Қажымұқанды Қазақ ССР Халық артисі атағына ұсыну;

2) Қажымұқанға 500 сом көлемінде өмір бойғы дербес пенсия тағайындау;

3) Қажымұқанға бір мезгіл ақшалай көмек беру;

4) Үй-ішілік тұрмысын жақсарту үшін Қажымұқанға бір мезгіл өндіріс заттарын беру;

5) Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетіне дәл қазір Қажымұқан тұрып жатқан колхозда ол үшін кішілеу үй (домик) салып беруді ұсыну;

6) Халық ағарту комиссариаты мен Шәуілдір аудандық атқару комитетіне Қажымұқанның ұлын, жасы оқу жылына жетісімен интернатқа орналастыруды ұсыну; 

7) Қазақстан советтік Жазушылар одағы мен Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтына Қажымұқанның өмірі мен қызметі туралы кітап жазуды тапсыру;

8) Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің жанындағы дене тәрбиесі және спорт істері жөніндегі комитетіне Қажымұқанды халықтық-ұлттық спорт түрлерінен өтетін республикалық барлық жарыстарға құрметті қазы ретінде шақырып отыру міндеттелсін;

9) Қазақ ССР-інің құрылғанына 25 жыл толуына орай Қажымұқанды үкімет наградасына ұсыну».

Осылардың қалай орындалғаны туралы төмендегіні айта аламын:

 1) «Қажымұқанға Қазақ ССР халық артисі атағын беру» ісі Борковтың кесірінен орындалмай қалды. Ол Қажымұқанға пенсия тағайындау үшін ғана  керек еді. Шындығында Қажымұқанның 1927 жылы Қазақ ССР Орталық Атқару комитетінің Президиумының шешімімен берілген «Қазақ даласының батыры» деген атағы бар болатын.

2) СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 16 қарашадағы Жарлығымен Қажымұқанға «Құрмет Белгісі» ордені берілді.

3), 4) «Бір мезгілдік көмек беру мәселесі» қалай шешілгені белгісіз, ешқандай құжат кездеспеді. Мүмкін, миллиондаған қағаз арасынан байқамаған болармыз.

5) Совминнің тапсырмасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы С. Дәуленов Қажымұқанға «Шымкентке көшіп келіңіз, үй салып береміз» деген ұсыныс айтады. Бұған Қажымұқанның Ә. Қазақбаевқа жазған хатында «...бау-бақшалы, жемісі мол, қалалы жер, тым болмаса көшесінің атын менің атыма қойып тәрбиелер» дегені себеп болса керек. Оның үстіне соғыстан кейін жиілеп кеткен той, жарыстарға Қажымұқанды алыста жатқан Ақтөбе ауылынан жеткізу де көп қиыншылық келтіріп жүрген. Осыған орай С. Дәуленов Қажымұқанға үйді облыс орталығынан салып бермек болыпты. Бірақ палуан «Қалада тұра алмаймын, ауасы жақпайды» деп бас тартыпты. Басшылар Қажымұқанмен ақылдаса келе Қажымұқанды облыс орталығына жақын Темірланға көшіріп, осында үй салып беруге келіседі.

Осы уәде бойынша Қажымұқан отбасымен 1946 жылдың жазында Темірланға жақын Нұралы бұлағының басына көшіп келіп отырады. Басшылар Темірланнан үйді осы 1946 жылы бастағанмен бұл жылы үй бітпей қалып, Қажымұқанды бір қыс  ескілеу бір үйге қыстатады. Ал келесі, 1947 жылы үй бітіп, Қажымұқан отбасымен осы жаңа үйге кіріп, өмірінің соңғы қысын қыстап шығады. Қажымұқан қайтыс болғаннан кейін де осы үйде ұрпақтары 58 жыл тұрған. Тек 2006 жылғы су тасқыны кезінде үйге зиян келгендіктен үй бұзылып, орнынан қазір одан сәл үлкенірек үй салынған.    

6) Қажымұқанның ұлы Айдарханға арнайы пенсия тағайындап, оқытқан.

7) Н. Оңдасынов Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтына Қажымұқанның өмірі мен қызметі туралы кітап жазуды тапсырады. Бұл тапсырманың қалай орындалғаны туралы филология ғылымдарының кандидаты Әуелбек Қоңыратбаев өзінің «Баһадүр» атты естелігінде былай баяндайды «1946 жыл болатын. Менің Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл-әдебиет институтында қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезім. Көркем әдебиет секторынан мені Ғабит Мүсірепов іздепті.

  ...Менің Қажымұқанмен жақсы таныстығымды білген соң:

  – Онда дұрыс болды. Бүгінде ол кісі егде тартып отыр. Біз болсақ күнделікті күйбеңмен батырдың өмірбаянын жазып алуды да ескермеппіз. Осы бір іс біздің бөлімге жүктелген еді, соның сәті түспей жүргені. ...Осы сапарға барып қайтсаң қайтеді? – деп өтініш білдірді.

  Мен келісімімді бердім де, ұзамай жолға шықтым.

...Осы сапарымда мен палуанның үйінде май айының 15-25 аралығында он күндей болып, оның аузынан көптеген қызықты деректер жазып алған едім».  

Осы жолы жинаған деректері негізінде Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқан туралы «Баһадүр» атты кітабын шығарды.

1948 жылы Қалмақан Әбдіқадыровтың да «Қажымұқан» атты кітабы шығарылды. Бұл деректерді Қажымұқанның өзі 1941 жылдың көктемінде Алматыға іздеп барып, Қ. Әбдіқадыровтың үйінде 23 күн жатып, айтып берген еді. 

2) Ең негізгісі Қажымұқанға тұрақты пенсия тағайындау ісін шешу үшін Н. Оңдасынов пен Ә. Қазақбаевтар ақылдаса келе халықтың ұсынысымен, қолдауымен шешуді  дұрыс деп табады. Сол үшін Олар Қажымұқан сол кезде тұрып жатқан Ақтөбе колхозы мен Шілік ауылдық кеңесінен бастап төменнен жоғары қарай ұсыныс түсіртеді.     

Бұл ұсыныстардың арнайы ұйымдастырылғанын дәлелдейтіін фактілер: 1) осы ұсыныс хаттардың барлығы бірдей Қазақбаевтың көмекшілері жіберген қателікті айнытпай қайталайды (Қажымұқан 75 жаста, 55 жыл күреспен айналысқан).

2) Ақтөбе колхозы мен Шілік ауылдық кеңесінің ұсынысы 1945 жылы 19 мамырда жазылса, Шәуілдір аудандық партия және Атқару комитеттерінің бірлескен шешімі олардан бұрын 1945 жылы 16 мамырда жазылыпты.

3) Бұл ұсыныстар өте жылдам іске асырылып, 1946 жылы 3 маусымда Н. Оңдасыновқа жетсе, 1945 жылдың 1 шілдесінен Қажымұқанға ай сайын 500 сом дербес зейнетақы тағайындалған.

  Қажымұқанның 1945 жылы жазған хаты Қазақстан КП ОК хатшысы Борковқа бір жылдан кейін жетсе, бұл шешім қаншама инстанциялардан бір-ақ айда өтіп, пенсия тағайындалған.

Осы фактілердің бәрі бұл жоғарыдан арнайы ұйымдастырылғанын дәлелдейді.

Шәуілдір аудандық атқару комитетінің төрағасы Шегебай Жұмабаевқа Ақтөбе колхозының төрағасы Махан Мыңбаев пен Шілік ауылдық кеңесінің төрағасы Төле Талдыбаевтар қол қойған ұсыныс 1946 жылы 19 мамырда жазылған.

Онда Қажымұқанның еліміз алдындағы бар еңбегін баяндай келе өзіне өмірлік ай сайын 500 сом, ал балалары Құлымбет (1938 жылғы, Омбыда Ырыстыдан туған) пен Айдарханға (1940 жылы туған) мектеп бітіргенше айына 250 сомнан пенсия тағайындату үшін жоғары жаққа ұсыныс жасайды.

Осы ұсынысты негізге алып Шәуілдір аудандық Атқару Комитеті мен аудандық ҚК/б/П-ның бюросы біріккен мәжілісі мынадай шешім қабылдайды:

Бұл шешім бойынша Қажымұқанға ай сайын 500 сом өмірлік зейнетақы, ал балаларына мектеп бітіргенше ай сайын 200 сом жәрдемақы тағайындау үшін жоғарыға ұсыныс түсіруге Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы С. Дауленов пен ҚК/б/п хатшысы Пазиковтерге ұсыныс жасалған.

Бұл ұсынысқа осы кезде Қажымұқан туралы кітап жазуға келген Ә. Қоңыратбаев та Ғылым Академиясының атынан қол қояды.

Бұларға қосымша Оңтүстік Қазақстан облыстық Дене тәрбиесі және спорт комитетінің төрағасы Напольнова мен Жазушылар одағының облыстық комитетінің төрағасы Малкаров та мәлімет жібереді.

Бұл құжаттарды тексере келе облыстық әлеуметтік қамсыздандыру орталығы зейнатақы тағайындауға материал жеткілікті, негіз бар деп қолдау білдірген.

Осы құжаттарға сүйеніп, облыстық атқару комитеті 1946 жылы  1 маусымда Қажымұқанға ай сайын 500 сомнан, балаларына 200 сомнан мектеп бітіргенше тұрақты зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау туралы жоғарыға ұсыныс жасауға шешім қабылдайды.

Бұл ұсыныс ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасыновқа жолданады.

Бұл құжаттар Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне жолданады.

Осы құжаттар негізінде ҚазССР Әлеуметтік қамсыздандыру  министрлігінің еңбек зейнетақысын тағайындау комиссиясы Қажымұқанға 1 1946 жылғы 1 шілдеден өмір бойы ай сайын  500 сомнан зейнетақы тағайындауға шешім шығарады.

Қажымұқанның отбасы туралы «Қызыл Ту» колхозы әкімшілік орнының берген анықтамасы

Қажымұқанға зейнетақы беретін №1253 кітапша 1947 жылдың 16 қыркүйегінде жіберілген.

Қажымұқанның 1946 жылдың жазында Шәуілдір ауданы Ақтөбе колхозынан Арыс ауданы Ленин Туы колхозына көшіп кетуіне байланысты зейнетақы төлеу кітапшасы Қажымұқанға кешігіп табыс етілген сияқты.

Қажымұқанға ай сайын 500 сом зейнетақы алуға құқық беретін №1253  зейнетақы кітапшасы 1946 жылғы 2 қарашада екінші қайтара жіберілген. 

Қажымұқанның зейнетақысын 1946 жылдың 1 қазанынан бастап 500 сомнан 700 сомға көбейту туралы 1947 жылғы 13 қаңтарда №1 қаулы қабылданған.

Қажымұқан қайтыс болған 1948 жылғы тамызда 500 сом зейнетақы тоқтатылған.

Ал Қажымұқанның ұлы Айдархан жәрдемақыны 1961 жылдың аяғына дейін алып тұрған екен.

Қажымұқан қайтыс болғанда Мінәй апаға екі балаға (Айдархан мен Жанәділге) жәрдемақы тағайындау үшін берілген анықтама

Мына құжаттардан белгілі болып тұрғандай, Мінәй апа №1253 пенсия кітапшасымен 1961 жылы  ұлы Айдархан 21 жасқа келгенше, Қажымұқан қайтыс болғаннан 13 жылдан кейін де жәрдемақы алып тұрған.  

Біз үшін ең негізгісі, Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында зейнетақы алып тұрғаны. Ол ешқандай қаржылай да, материалдық та тапшылық көрмеген.

1957-1959 жылдары Қажымұқанның әйелі баласына сол кез үшін өте жоғары дербес зейнетақы алғандығын (айтуынша 120 сом) көзбен көрген, сол кезде Шәуілдір аудандық Сберкасса филиалында кассир болып жұмыс  істеген Маханбетов Әбутәліп деген қария қазір де бар. Ә. Маханбетов өзі сол кезде 45 сом ғана айлық алады екен. Аты есінде жоқ, шамамен 40 жастар шамасындағы әйел, Бибіжан апа болуы керек. Бұл кезде Мінәй апа ұлы Айдарханмен Арыс ауданының Темірлан ауылында тұратын. Ал Шәуілдір ауданының  Ақтөбе ауылында ұлы Жанәділмен Бибіжан апа тұрған.

Қажымұқан 1947 жылдың желтоқсан айында ССРО-да ақша реформасы болғанда Арыстағы банкке барып, бір қап ақша ауыстырған.

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, зерттеуші

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?