Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Терең талдау, тағлымды түйін

2534
Белгілі дипломат, саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы еңбегі XXI ғасыр басындағы Қазақстанның маңызды ішкі мәселелеріне арналған.

Еліміздің өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатуға белсене ат салысқан, тәжірибелі дипломат әрі келіссөз жүргізудің шебері болып қана қоймай, көптеген еңбектердің авторы атанған Қасым-Жомарт Кемелұлының оқырман тарапынан берілген бағасы жарияланымдарының құндылықтарын арттыра түседі. Сондай еңбектерінің бірі «Жаһандану үрдісіндегі Қазақстанның ішкі саясаты» деп аталады. Белгілі дипломат, саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы еңбегі XXI ғасыр басындағы Қазақстанның маңызды ішкі мәселелеріне арналған. Алғаш рет отандық саясатымыздағы экономика мен саясаттың жаһандану кезеңі кеңінен зерттеледі. Әлем елдерінің геосаяси бейнесі нақты көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ішкі саясатының экономикалық факторы кеңінен зерттеле, зерделей баяндалады. Автордың өзі сол кездері ішкі саясатты басқарушы органдардың бірінде басшы қызметін атқарады. Сондықтан еңбектің басты тарауларында Қазақстанның ТМД елдерімен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас ұстауындағы ішкі саясаты тереңінен қарастырылған. Жаңа көзқараспен қарай отырып, автор үнемі өзгеріп отырған әлемдегі мемлекетіміздің өз орнын табуы үшін елдің ішкі саясат артықшылықтарын сөз қылады. Еңбектің тілі әсерлі, бейнелі, әрі жатық. Сыртқы саясатқа елдің ішкі саясатының байланысты болатынын, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделіне тікелей ішкі саясаттың ұшқыны тиетінін осы еңбек арқылы молынан ақпарат алуымызға болады. Жанрлық тұрғысынан монографияға жататын еңбек халықаралық саладағы мамандарға, студенттерге, әрі халықаралық қарым-қатынастар мәселелері толғандыратын барша оқырман қауымға арналған. Еңбек халықаралық мәселелрге байланысты, оның ішінде мемлекетіміздің ішкі саясаты жөнінде көп мағлұматтарға толы әрі оқырман қауымды толық қанағаттандыра алатынына кәміл сенеміз [1, 9 б.].

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтулы еңбетерінің бірі ретінде «Қазақстан Республикасының Дипломатиясы» еңбегін атауға болады. Автор Қазақстанның өткен он жылдағы сыртқы саясатын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстыра отырып талдайды. Осынау он жыл ішінде Елбасымыз әлемнің 60- қа жуық мемлекетінде болып, отыздан астам халықаралық жиындарға қатысыпты. Ал мемлекетаралық, халықаралық өмірдің толғақты мәселелері шешілетін мұндай жоғары мәртебелі кездесулер, жиындар дипломаттардың айлар, тіпті жылдар бойы жүргізетін, сырт көзге елеусіз қат-қабат тынымсыз да тыңғылықты еңбегімен дайындалатыны мәлім.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі басты мақсат- ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету еді. Дипломатиялық күш- жігер ең алдымен осыған жұмсалды. Ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнықтыруға Қазақстан дипломатиясының қосқан үлесі, әлем мойындаған тағы бір талассыз табысы ретінде 2002 жылы 3-4 маусымда Алматыда өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) айтпау мүмкін емес. Бұл қадам Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47- сессиясында жасаған баяндамасында ұсынылғанын автор еске алады. Қазақ дипломатиясының табанды да мақсатты еңбегінің нәтижесінде алуан саясатты тіпті кейде бір- біріне кереғар бағыттағы Азия елдері басым көпшілігінің назарын қауіпсіздікті сақтау мәселесіне бұрудың сәті түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың маңызды құрамдас бөлігі ретінде отандық дипломатияның қалыптасуы туралы айта отырып, Қазақстан- Америка қатынастары дамуының кезеңдеріне де кеңінен тоқтайды. Мәселен 1994 жылы қол қойылған Демократиялық әріптестік туралы хартия АҚШ- пен сан- салалы қарым- қатынасты қалыптастыруда құқықтық негіз қалаған құжат болды [2, 212 б.].

Кәнігі дипломат — автор Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымен қарым- қатынасын саралай отырып, Еуразияның ұлан- байтақ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әмбебап құралы ретінде ЕҚЫҰ өзінің мүмкіндігін әлі толық іске қосқан жоқ, сайлау барысы мен адам құқықтарын сақтау туралы пікір алысу аясында кеңесумен шектелу жеткіліксіз деген тұжырым жасайды. Жаһандану үрдісінен Қазақстан да сырт қала алмайтынын атап көрсете отырып, Қасым- Жомарт Тоқаев бұл үдерім әрбір мемлекетті сыртқы істерде өзін танытудың жаңа нысандарын іздестіруге мәжбүрлейді деп ой түйеді. Осыған орай әлемдік қоғамдастықта Қазақстанның орнын нығайту үшін қолайлы жағдай туғызу біздің дипломатиялық қызметіміздің маңызды бағытына айналған. Дипломаттардың алдында Қазақстанға шетелдік инвестициялардың құйылуына және сауда- экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға септесу міндеті қойылды. Қасым- Жомарт Кемелұлының «... дипломатия халықаралық сахнада Қазақстанның саяси танылуын қамтамасыз ету міндетін жемісті түрде жүзеге асырған екен, енді сапалық тұрғыдан өзгеше мақсатқа қол жеткізуге- елдің экономикасының дамуына жәрдемдесуге бейімделуге міндетті. Басқаша сөзбен айтсақ, сыртқы саясат ішкі саясатпен қатар өріліп, оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Сол кезде ғана отандық дипломатияның тиімділігі арта түспек...» деген ойы тереңнен байыптаған тұжырымды көрсетеді. Қазақстандық сыртқы саясат қызметінің алдында тұрған міндеттерді саралай келе Қасым- Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін түпкілікті белгілеу, шикізат тауарларының экспортына жәрдемдесу, ең алдымен мұнайды шетелдік рыноктарға ұтымды шығаруды қамтамасыз ету, мемлекеттік шекараны межелеу, жұмыстарын ойдағыдай аяқтауды бөліп көрсетеді [3, 372 б.].

Сыртқы саяси еңбектің құндылығы сыртқы саясаттағы оқиғаларды тізбелеп шықпай, Қазақстан дипломатиясының негізгі бағыттарына, алдағы міндеттерін орындау жөніндегі қызметіне жан- жақты әрі терең талдау жасауымен арта түскен. Сонымен қатар 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанның тұңғыш Президентінің сайлануынан бастап 2002 шілдеге дейінгі саяси, халықаралық оқиғалардың хронологиялық тізбесінің тұңғыш рет берілуі еліміздің дипломатиясының он жылдағы тынымсыз еңбегінің нақты көрсеткіші іспетті. Кітап Елбасымыздың, Үкімет, сыртқы саясат ведомствосы басшыларының түрлі халықаралық кездесулердегі суреттерімен де көркем безендірілген.

Бұл еңбектің тағы бір арнайы тоқталуды қажет ететін тарауы «Қазақстан дипломаттары» деп аталады. Отандық дипломатияның бастауы ғасырлар қойнауына кетеді деп баяндайды автор. XY ғасырдың ортасында пайда болған Қазақ хандығының мүдделері білектің күшімен ғана емес, ақыл- парасат, дипломатиялық ұтымды іс- қимылдармен де қорғалағанын еске сала отырып, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан сияқты көрнекті ұлттық көшбасшылар, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды даналар еңбегін ауызға алады. Тарихтың жаңа сатысында қазақ халқының әйгілі көсемдері бастаған игілікті істі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жемісті түрде жалғастыруда. Елбасы Қазақ даласының ұлы дәстүрлерінің лайықты жалғастырушысы болып отыр дей келе, Қасым- Жомарт Тоқаев қазақ дипломатиясы тақыр жерден шықпағанынын тілге тиек етеді, кеңестік империя тарап өзімізбен өзіміз қалғанда абдырамай, қиыннан сыналап жол таба білгеніміз дәстүр сабақтастығының айғағы деген тұжырым жасайды.

Жеке тұлғалар туралы айтқанда КСРО заманындағы тұңғыш қазақ елшісі Н. Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы еңбегіне кеңінен тоқталады. Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Т. Тәжібаевты, одан кейінгі министрлер Қ. Байғалиев, А. Закарин, Ә. Шәріпов, Б. Бөлтірікова, М. Фазылов, М. Базарбаев, М. Есенәлиевтердің есімдерін ілтипатпен атап өтеді. Кейінгі толқын- бүгінде түрлі салада қызмет атқарып жүрген дипломаттар шоғырымен таныстырады [1, 15 б.].

Жатық тілмен жазылған еңбек Қазақстанның он жыл ішінде өз дипломатиясын қалыптастыруының шежіресін қамтыған ауқымы мол, пайымы терең толымды еңбек деп айта аламыз.

Белгілі дипломат — публицистің 2007 жылы «Астана полиграфия» баспасынан «Күнегей мен көлеңке» атты жаңа еңбегі жарық көрген болатын. Осы еңбегінің тұсаукесер рәсімінде: "Қазір айтылатын шындық және кейін айтылатын шындық бар. Қазір айтылатын шындықты несіне қартайғанша күтіп жүру керек, деп қолға қалам алдым«,- деді ағынан жарыла. Еңбекті оқи отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты басқа қырынан танып, көп нәрсеге қанық боласың. Қазақ елінің тәуелсіздік алғанға дейін, алғаннан кейінгі болып жатқан әрбір оқиғалары еліміз үшін, қазақ тағдырын шешетін, сан- салалы соқпақ пен сара жолдардың ұңғыл- шұңғылынан ой түйген, қырағы саясаткер жіті бақылап, сана елегінен өткізіп, таразылап отырған оқиға желілері өзіңді еріксіз баурап жетелейді. Еліміздің сыртқы және ішкі саясатында біз білетін және білмейтін құпиялы қалтарыстар қаншама. Еңбекті парақтай бастаған әрбір оқырман республика сыртқы саясатының қалыптасуындағы тарихи кезеңдерді, уақыт ағымымен бірге буырқаған оқиғалар жиынтығын, әлемге белгілі сан түрлі ел президенттері мен мемлекет басшыларының, төрткүл дүние мойындаған аузы дуалы саясаткерлердің тұлғалық бейнелерімен тіпті жақыннан таныса алар еді. Мәселен, Клинтонның жаны нәзік, басқаға көмектескісі келіп тұратын жайдары жан, кешірімшіл, әсіресе оның биліктен кеткен соң да өз қорын ашуға атақты олигархтар Билл Гейтс және Уоррен Баффеттер демеуші болған. Оңтүстік Азиядағы цунамиден зардап шеккен халыққа көмек қолын созғанын және сол жаққа АҚШ президенті Дж. Бушпен бірге барғанда халықтың ықыласы Клинтонға ауып тұрғаны көзге бірден түскенін, 1992-1999 жылдары билік құрған Клинтон АҚШ- тың экономикасын алға сүйреп, әлемнің жетекші еліне айналдырған. Ол президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты үнемі «Менің қадірлі досым» деп атап ерекше ілтипат көрсетіп жүргенін, үнемі қасында жүріп саясатта жүйрік, білім- ғылымы толысқан, тұла бойына адами қасиеттерді жинаған қазіргі Парламент спикері Қасым-Жомарт Кемелұлы мақтанышпен жазады [4, 576 б.].

Қызыға оқитын, бізге әлі күнге дейін бейтаныстау болып келген эпизодтар мен штрихтар жеткілікті-ақ. Автор Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық аренадағы табанды ұстамдылығына, мемлекет қауіпсіздігін сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегіне, ел басшылары жиналған әлемдік деңгейдегі басқосулардағы өзін- өзі ұстау мәдениеті мен кез- келген «кедергілерден» жол тауып кететін тапқырлығы мен шешендігіне тиянақты түрде көңіл бөлген. Және олардың барлығы жай сөз емес, ел есінде қаларлықтай оқиғалармен астасып, орайын тауып әдемі өрілген. Ешкімді жалықтырмайды, тілі жатық, әлемдік саясатпен айналысып жүрген адамға да, қарапайым адамға да сондай түсінікті. Қазақстанның сыртқы саяси бағытының қалыптасуы мен дамуына, нығаю жолдарын сараптауға араналған кітаптың небір құнды деректерге толы екені анық. Ойдан қосу жоқ. Нақты деректер мен дәйектерге сүйенген. Осы заманғы саяси қайраткерлердің бейне галереясын жасай білген. Сонымен қатар журналистер қауымының мақтауын келтіргені сонша, Қасым- Жомарт Кемелұлы «осыдан кецін тағы бір кітап жазатын болармын» деп қалжыңға бұрды. Ал «Астана хабары» газетінің атынан "Сіз өз кітабыңыздың бір жерінде Америкаға екі бірдей президент берген Буш әулетінің қуаттылығы туралы сөз етесіз. Осы ретте біз қазаққа екі бірдей жазушы береген Тоқаев әулеті туралы мақтана аламыз. Осы пікірге қалай қарайсыз және кітапты қанша уақытта жаздыңыз?«,- деген сауалдарына былай деп жауап берген екен: «Мен өзімді жазушы санатына қоса алмаймын. Әйтсе де менің әкем Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаушыдың бірі болды. Менің жанрым- саяси беллетристика... Мына кітап бас- аяғы бір жарым жыл ішінде, жылдам жазылды». «Астана полиграфия» баспасынан он мың дана болып шыққан кітаптың Қазақстан оқырмандарының қызығушылығын тудырары сөзсіз. Еңбегінің тұсаукесері рәсімінде журналистерге өз өмірбаянының белгісіз бір бетін ашып берген екен. "Мен мектепті бітіргеннен кейін журналист болғым келді. Бірақ тағдыр соқпағы мені басқа жолға салды«,- дейді ағынан жарыла. Сонымен қатар осы тұсаукесер рәсімінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті" акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдырахманов ел игілігіне айналған елеулі еңбектің қыр- сырына терең тоқтала келіп, уақыт ағымының белгілі дәрежедегі бет- бейнесін шыншылдықпен қағазға түсірген авторға шынайы ыстық ықыласын жеткізді [3, 226 б.].

Жас кезінде журналист болуды армандаса да, тағдыр оған еліміздің тәуелсіздігін тұғырландыруға ат салысқан дипломат болуды бұйыртыпты. Бұл жолдың қазақ елі үшін құтты жол болғаны анық. Мемлекетіміздің дипломатиялық тарихы мен бүгінгі күнгі саяси көрінісін аса деректілікпен баяндап бере отырып, рның еңбектері халық арасында жоғары бағалана білді. Қасым- Жомарт Тоқаевтың публицистикасы бұқара ықыласына бөленіп қана қоймай, сонымен қатар қоғамдық пікір тудырар күші бар әрі тәрбиелік, насихатшылдық құралы болып табылады. Мұны автордың жарияланымдарын оқыған әрбір оқырман сезінері анық [6, 9 б.].

Қасым-Жомарт Кемелұлы тек шебер дипломат, көрнекті саясаткер, тәжірибелі публицист қана ғана емес, сонымен қатар ел мүддесін бәріненде биік санайтын ұлтжанды адам деуімізге болады.

Желтоқсанда шырылдай айтылған ащы шындықтардың бірі- қазақ тілінің жағдайы болса, арада жиырма жыл өткенде де өзектілігін сақтап отырған бұл жанды мәселеге Қасым- Жомарт Тоқаевтың жаны ауыратынына ана тілімізге байланысты жүргізіп отырған іс- шаралары дәлел бола алады. Өз басының жеке үлгісіне тәнті болуымызбен қатар, ол басқарған сыртқы саясат ведомствосындағы мемлекеттік тілдің қызметіне, әзірше, шүкіршілік айтуға әбден болады. Мәселен, 2001- 2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Сыртқы істер министрлігінде өткен отырыс кезінде Қасым- Жомарт Тоқаев еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің халықаралық қызметте мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту жөніндегі жұмысы туралы баяндама жасайды. Қазақ тілді халақаралық қатынас саласында енгізіу үшін үлкен ынта- жігердің қажет екендігін атап көрсеткен. Баяндамасында айтылғандай, Қазақстанның дипломатиясы мен қазақ тілін бөліп қараудың жөні жоқ. "Тоқаев тізгінін ұстаған министрліктің мемлекеттік тілге деген оң қадамы қуантады. Басқа емес, министрлікте мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлерге 20 пайыз үстемақы қосылатындығын айтсақ та жеткілікті. Бұл өз кезегінде сыртқы саясат саласында мемлекттік тілдің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Қасымжомарт Кемелұлының айтқанындай, ақиқатында да Қазақстан дипломатиясынан қазақ тілін бөліп қарауға болмайды. Министрлікте атқарылып жатқан шаралар осының дәлелі іспетті. Түркия мен Өзбекстандағы Қазақстанның елшіліктері іс қағаздарын толығымен мемлекеттік тілде жүргізеді [5, 2 б.].

Қасым-Жомарт Тоқаев жарияланымдары үлкен саясаттың, әйгілі тұлғалардың өмірі мен қызметінен аса мол мағлұмат беруі өз алдында, ең алдымен, еңбектері отандық дипломатияның көркем шежіресіндей әсер қалдырады. Әлемнің он тіліне аударылып, АҚШ, Ресей, Қытай, Сингапур, Пәкістан, Сауд Аравиясы, Турция, Ливан, Болгарияда елдерінде кітаптары жарық көрген. Қазірдің өзінде еңбектері көптеген жоғарғы оқу орындарында оқу құралы ретінде кеңінен пайдаланып жүр. Ал өзінің бойына біткен ұстамды мінез жаратылысы саясат әлеміндегі қызмет бабында орнықты келіссөз жүргізудегі алтын діңгек болғандай.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қасым — Жомарт Токаев. Под стягом независимости.- Алматы: Білім, 1997.- 9-15 б
2. Есеналиев М. Записки дипломата.- Алматы: Атамұра, 1998. — 212 б
3. Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында.- Алматы: Астана, 2007. — 226-372 б
4. Касым- Жомарт Токаев. Свет и тень.- Астана: Астана, 2007. — 576 б
5. Смайыл Е. Дипломатия дарабозы.// Егемен Қазақстан, 8 желтоқсан 2006. — 2 б
6. Бауыржан Жақып. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. Алматы: Білім,- 2004. — 9 б

Маратова А. Е., студент, ғылыми жетекші: Амрина М.С. т.ғ.к., доцент
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?