Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орест Авенирович Шкапский (1865–1918)

1747
Орест Авенирович Шкапский (1865–1918) түркістандық. Ташкент қаласында туып өскен. Петровск Ауыл шаруашылығы Академиясында оқыған.

Әлеуметтік экономика, этнография және статистика салаларын зерттеуге қосқан қомақты үлесі үшін 1899 жылы Орыс Географиялық Қоғамы Түркістан бөлімінің толық мүшелігіне сайланды. 1906 жылдан бастап халықшыл-социалист партия мүшесі. Ақпан төңкерісіне дейін Верный мен Ташкент қалаларындағы Қоныс аудару мекемелерінде қызмет істейді. Түркістандағы отаршылдық бағытты сынаушы, әшкерелеуші болғанын кезінде М. Тынышбаев атап көрсетті. 1917 жылғы күрделі кезеңде азаматтықтың үлгісін көрсеткен орыс демократы 1918 жылы Верныйда большевик-казактардың қолынан қаза тапты [1]. Ол Уақытша Үкіметтің 1917 жылғы 6-сәуірдегі қаулысымен Түркістан өлкесін (Самарқанд, Сырдария, Ферғана, Закаспий, Жетісу облыстары мен Хиуа, Бұхара) басқаратын Түркістан комитетіне мүше болып тағайындалды. Төрағасы кадет партиясының мүшесі Н. Н. Щепкин болған үкіметтің құрамында сонымен бірге Ә. Бөкейханов, С. Мақсудов, В. С. Ельпатевский, А. Л. Липовский, П. И. Преображенский, М.Тынышбаев және А.А. Дәулетшин болды [2].

Түркістан комитеті құрылған күннен бастап өлкедегі ең негізгі өзекті мәселенің бірі — Жетісуда қалыптасқан ауыр жағдайды шешуге кірісті.1916 жылғы көтерілістің зардаптарын жоюды алғаш жүзеге асырған М. Тынышбаев және О. А. Шкапский болатын.
1917 ж. 25-сәуірде Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті М. Тынышбаев пен О. А. Шкапскийдің тағы да Жетісу жағдайы туралы баяндамаларын тыңдап, қаулы қабылдады: «1. Майданның қара жұмысына бұратаналарды алуға байланысты туған жайларды жою үшін Жетісу облысына комитет мүшелері Тынышбаевты, Шкапскийді және драгоман Степановичті (Қашқар консулдығының тілмәші) іссапарға жіберу; 2. Көтерілістен болған шығынды қайтару үшін Пржевал уезінің орыс халқына 10 миллион және Қытайдан қайтып жатқан қырғыздарға 5 миллион сом қаржы сұрау туралы Уақытша Үкімет атына желелхат дайындауды Комитет төрағасына тапсыру; 3.Комитет мүшелері Тынышбаев пен Шкапскийге Жетісу өлкесінде болған кездерінде осы өлке бойынша Түркістан комитетінің құқығы мен міндеттерін өз мойындарына жүктеу» [3].

Сөйтіп, шарасыздан босқын болған қазақ-қырғыз халқын атамекендеріне оралту Уақытша Үкімет тұсында осылай басталды. Бұл процесс М. Тынышбаев пен О. А. Шкапский есімдерімен тығыз байланысты жүрді.
Түркістан комитеті мүшелері өзгеріп, кейде тіпті басшысыз қалып жатса да М. Тынышбаев пен О. А. Шкапскийдің Жетісудағы жағдайды қалпына келтіру туралы құқықтары сол күйінде сақталып отырды. Бұл туралы Ташкент пен Петроградтан үздіксіз келіп жатқан жеделхаттар мазмұны, аңғартады [4]. 

Мұның өзі сол бір тарихи кезеңде бұл істі осынау екі тұлғадан артық атқара аларлық және өлкенің барлық халқына бірдей беделді кісі жоқ екенін көрсетеді.
Облыстағы ауыр жағдайлардың себебінен іссапарлары күзге дейін созылған М. Тынышбаев пен О. А. Шкапский Жетісуға сәуірдің 27-де бет алады. Олар жол-жөнекей қатты зардап шеккен уездерді аралайды. М. Тынышбаев Пішпек, Әулиеата,Қапал, Жаркент уездерін және мигранттардың қалың шоғырланған жері Қытайдағы Текеске дейін барып, барлық жағдаймен танысты. Олар Верный қаласына маусымның 19-жұлдызында келіп, сол күннен Жетісу облысын басқаруға кіріскендері туралы Ташкентке жеделхат жібереді. Олар атқарылатын шараларды жан-жақты талдап, Түркістан комитеті мен Уақытша Үкіметке төмендегідей ұсыныстарын жолдайды [5].

Алайда Петроградтағы орталық үкіметте Жетісуға көңіл аудара қоймады. Сондықтан М. Тынышбаев пен О. А. Шкапскийге өз күштеріне сүйенуге тура келді.Олардың өз беттерінше жүргізген әрекеттері мынадай шараларды қамтыды. Біріншіден, Ресей Сыртқы Істер Министрлігі арқылы Қытай жерінде қалған босқындарды сол елде кідірте тұру, оларды бөтен жұрттың тонауынан қытай билік орындарының қорғауы; Екіншіден, Қытай жерінен оралған босқын қарақырғыздарды өздерінің бұрынғы қоныстары Сарыбағыш, Әтеке болыстарына жібермей, келімсектердің «ашуы» басылғанша, оларды қабылдауға тілек білдірген қазақ жерлеріне (Қызылбөрік болысы, Лепсі және Қапал уездері) уақытша орналастырылуы; Үшіншіден, тез арада астық монополиясын енгізе отыры, репатрианттар үшін Синьцзяньнан орыс шекарасына дейін тегін азық-түлік пункттарын, тамақтандыру орындарын ашу [6].

О. А. Шкапский М. Тынышбаевпен бірге әлеуметтік мәселелерді шешуді қолға алды. Әйел теңдігін жариялап, олардың бас бостандығын алып беруге тырысты. Сол сияқты оқу-ағарту мәселесінде қолға алып, Верный қаласында О. А. Шкапский екеуінің араласуымен бала бақшалар ашылып, мектептерде қырғыз-қазақ балаларына ана тілдері оқытыла бастады [7].

Жетісудағы жағдай қиындай түседі. Тіптен шарасыздықтан М. Тынышбаев пен О. А. Шкапский отставкаға кету туралы да өтініш білдірген [8].

Өтініш Түркістан комитеті тарапынан қабылданған жоқ. 6 қыркүйекте Петроградта Жетісу жағдайына байланысты ведомствоаралық кеңес (Әскери Министрлік, Ішкі Істер министрлігі, Қаржы министрлігі, Жер шаруашылығы, Юстиция министрліктері және Мемлекеттік Бақылаудан қатысқан) өтеді. Онда Жетісудің шаруашылығы бүліншілікке ұшыраған орыс халқына, 9989 қожалықты дөңгелектегенде 10 000 болғандықтан, әр орыс отбасына 500 сомнан есептеп 6 150 000 сом қаржы, ал қырғыз халқына әрбір түтінге 100 сомнан есептеп, барлығы 5 000 000 сом қаржы бөлінетін болып шешім қабылданады [9]. 

Бұл шешім туралы ресми рұқсат Жетісуға 7 қазанда, большевиктік төңкеріс қарсаңында, және Жетісу облысында, ақша өте шектеулі қалған кезде жетті. Сөйтіп, тек 5 миллион сомның 1 миллионы ғана тиісті жеріне жұмсала алды [10].

Өлкедегі саяси дағдарыс күшейе бастайды. Түркістан Комитетінің беделі күннен-күнге төмендеген еді. М. Тынышбаев пен О. А. Шкапский өршіп бара жатқан жүгенсіздіктерді тоқтату мақсатында, Жетісу облысына әскери тәртіп орнатады. Олар қазан айында Пішпек, Верный қалаларына әскери тәртіп енгізді. Мұның өзі облыстағы тәртіпсіздіктерді ауыздықтауға, онсызда күйзелген жергілікті халықты келімсектердің, солдаттардың тонауынан, қырып-жоюынан құтқару әрекеті еді.
1917 жылдың 27 қазанында солдат және жұмысшы депутаттарының, Жетісу казак әскерлерінің, земство мекемелерінің Жетісу облыстық комитетінің және тағы басқа осындай қоғамдық ұйымдардың қатысуымен өткен біріккен съезге Алаш партиясының мүшесі, Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат М. Тынышбаев қатысады. Бұл съезд Петроградтағы қарулы көтерілісті бірден айыптап, оның жетекшілерін өлім жазасына кесуді талап етті. Съездегі қос төраға О. А. Шкапский мен М. Тынышбаев болды [11].

Қайрат Әлімғазинов, т.ғ.д., ҚР Президенті Мұрағатының ғылыми жариялау басқармасының басшысы

Деректер мен әдебиеттер:

1. Панфилов А. Шкапский Орест Авенирович // Политические партии России. Конец ХІХ — первая треть ХХ века. М.:РОССПЭН,1996.г.-701-702 c.
2. ӨР ОММ (Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты). Р-1044-қ., 1-т., 37-іс, 2-п.
3. ҚР ОММ Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты). 9-қ., І-т., 30-іс, І-І-қ.пп.
4. ҚР ОММ. 9-қ., 1-т., 107-іс, 2-п.; ӨР ОММ Р-1044-қ., 1-т., 1-іс, 174-п.; 5-іс, 173-пп.; 39-қ., 29,32-п.; И-І-қ., 31-т., 1186-іс, 120-п.; 1613-қ., 1-т., 6-іс, 5-п.
5. ҚР ОММ. 9-қ., 1-т., 30-іс, 30-п., 1-4-қ.пп.; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Санат, 1995. -Б.275–276.
6. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. -Б.280.; ҚР ОММ. 9-қ., 1-т., 30-іс, 6-п.; 4-іс, 74-п.; ӨР ОММ И-І-қ., 31-т., 1186-іс, 125-қ.п., 1215-іс, 28-п.; Муканова Г. Новые данные о репатриации из Китая участников восстания 1916 г. в Средней Азии и Казахстане // Вестник НАН РК.-1993.-N6.
7. ҚР ОММ. 9-қ., 1-т., 4-іс, 24-п.
8. Сонда, 90-іс, 9-п.; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. — Б.288.
9. ҚР ОММ.9-қ., 1-т., 107-іс. 1–4 қ.пп.
10.ҚР ОММ. 9-қ., 1-т., 107-іс., 1 п.
11.Жүгенбаева Г.Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметі. А.:Бастау, 2000. -51 б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?