05.02.15
Соғыс жылдарында майданда және госпитальдарда жұмыс істеуге 700 мың медицина саласының қызметкерлері шақырылды. Олардың 280 мыңы дәрігер, 11 мыңы фармацевтер, 57 мыңы фельдшерлер, қалғандары медбикелер және санинструкторлар болды. Бұған қоса медициналық оқу орындары оның ішінде Қызылордада орналасқан Симферопольден көшірілген Қырым медициналық институтын қосқанда 5 мыңнан аса дәрігерлер мен 17389 фельдшерлер оқу орындарын соғыс кезінде бітіріп көбісі майданға аттанды.
Медицина қызметкерлері тылдағы госпитальдарда ғана емес, шайқас далаларында да қажырлы еңбегімен көзге түсіп, жаралыларды өлімнен құтқарып, өз өмірлерін қиып отырды. Тек 1941 жылдың өзінде 427 дәрігер, 611 фельдшерлер қаза тапты. Бұл кеңес әскерлерінің шегінген кезеңі болды. Осыған байланысты шегінген кезде көбісі мерт болып, із-түзсіз кеткендер қатарына ілінді. 1941 жылы 1273 дәрігер мен 1776 фельдшерлер із-түзсіз кетті. Соғыста бетбұрыс байқалды деген 1943 жылдың өзінде майдандардағы және тылдағы госпитальдарда 3556 дәрігер мен 7637 фельдшер қаза тапты[1,43 б.]. Ал қанша санитарлар алғы шепте, тылдағы госпитальдарды бомбалау кезінде қаза тапты. Ұлы Отан соғысы кезінде 117 госпиталь жау қолына түсті, 17 госпиталь қоршаудан шығу кезінде үлкен шығындарға ұшырағандықтан таратылды, 14 госпиталь із-түссіз кеткендер санатында. Бұлардың қатарындағы дәрігерлердің 41%, фельдшерлердің 43%, медбикелердің 100% әйелдер болды [2,306–309 б.]. Соғыс кезінде әскерге шақырылған медицина саласы қызметкерлерінің 200 мың дәрігері, жарты миллионға жуық орта медициналық қызметкерлері 1 миллион адамға лайықтап жасалған 6000 эвакогоспитальда әскери киім киіп, өздерінің отан алдындағы борышын өтеді. Олар 22326905 жаралы мен ауруларға көмек берді. Олардың 14685593-і жаралы болса, 7641312-сі аурулар болды. Госпитальдарға жараланып я сырқаттанып түскендердің 17157243-і, я 76,9% қайтадан әскер қатарына жіберілді. 3798158-і, я 17% әскерден босатылды немесе демалысқа жіберілді, 1371504-і, я 6,1% қайтыс болды. Жарақат алған жауынгерлердің 70,8% қолынан я аяғынан жарақат алғандар болды [3,244 б.]. 1352 күнге созылған бұл соғыста күніне 11398 кеңес әскерінің солдаттары мен офицерлері жараланып я қаза тауып отырған. Кеңес халқы да өз көмегін аямады, соғыс кезінде 5,5 миллион адам қан тапсырып донор болды.
Ұлы Отан соғысының бастапқы айларында эвакогоспитальдар екі жүйеге бағынатын: Қызыл Армияның бас әскери-санитарлық басқармасына және Денсаулық Сақтау Халық комиссариатына, алайда 1941 жылдың қазанында бұл екі мекеменің эвакогоспитальдары Денсаулық сақтау Халық комиссариатына берілді. 1941 жылдың 10 қазанында Халық комиссарының орынбасары С. И. Миловидов басқарған эвакогоспитальдардың басқармасы құрылды. Осыған сәйкес Қазақстанда және облыс орталықтарында оның ішінде Қызылордада эвакогоспитальдар басқармасы құрылды. Госпитальдардағы жаралыларға сапалы ем жасау үшін әрбір госпитальда «госпитальдық кеңес» құрылды.
Мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің жаралыларға көмегін реттестіріп отыру үшін «Жаралыларға және ауруларға көмек беретін жалпы одақтық комитет» құрылды. Комитет жұмысын ВКП(б) ОК хатшысы А. А. Андреев басқарды.
Бұл комитет госпитальдар орналасатын ғимараттарды жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, тағы басқа көмек беру істерімен айналысты. Мысалы осы комитеттің тікелей араласуының арқасында облыстық партия комитетінің шешімімен облыстағы үш госпитальға қосымша құрылыс материалдары беріліп, 1942 жылдың өзінде Жаңақорғандағы 3980 госпиталінде пештер қайта салынып, балшықпен емдеу бөліміне жылыту жұмыстары жүргізілді және госпитальге су торабы тартылды. Ал 3978 және 3979 госпитальдарында, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс көлемінде орналасқан елді мекендердің еңбекшілері әсіресе бақша дақылдарын өсіретін шаруашылықтар көбінесе өз еріктерімен госпитальдардағы жаралыларды өз әке-балалары сияқты көріп қауын, қарбыз, әңгелек, жүгері және бақша өнімдерінен дайындалған қауынқақ, қияр, помидор сияқты дақылдарды жаралыларға әкеліп тұрды. Қала мектептері мен орта және жоғары оқу орындарының білім алушыларымен оқытушылары госпитальдарға көмек жасау үшін бөліп алып, концерттер қойып, жаралылардың үйіне хат жазуға көмектесті және басқа да көмектерін аямады.
Осындай жұмыла кіріскен жұмыс арқасында Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің 1941 жылғы № 1829–821 қаулысына сай 1941 жылдың қазанына дейін Қазақстанда 6400 орындық эвакогоспитальдар жұмысын бастады. Қазақстан үкіметінің екінші тапсырмасына сәйкес 1941 жылдың соңына дейін тағы 5800 адамға орындар дайындалды. Бұған қоса санаториялар мен демалыс үйлерінің базасында 1941 жылдың соңына дейін 910 орындық 6 эвакогоспиталь ашылды.
1941 жылдың желтоқсанында Солтүстік Қавказдан 9150 орындық 20 эвакогоспиталь Қазақстанға көшірілді. Оның 1800 орындық үш госпиталі Қызылорда облысына орналастырылды. 1941 жылдың 22 желтоқсанында Қызылорда облысындағы үш эвакогоспиталь Ташкентте орналасқан № 60 эвакуациялық пунктке бекітілді. Алайда Ташкенттің Қызылордадан қашықта орналасуы және басқа республика жерінде болуы Ташкент тарапынан Қызылорда госпитальдарына керек заттардың толық емес және уақытылы түспеуінің себебі болды. Осыған байланысты Қызылорда облыстық партия комитеті 1942 жылдың 9 желтоқсанында Ташкентті болып жатқан жағдайлар туралы хабардар етті [4,141 п]. Қызылордадағы госпитальдан айығып шыққандар Ташкентке жіберіліп, сол жерден әскерге аттанатын болды. Қызылорда госпиталіне көп көмекті Қырым медицина институтының ұжымы көрсетті. Қызылордаға көшіп келгенде Қырым медицина институты өз құрамын толық сақтап келді. Мұнда 21 профессор, кафедра меңгерушілері, оқытушылары толық болды және бес курста 530 студенті болды. Оның бірінші курстағы 200 студенті Қызылордада қабылданды, олардың құрамында біздің көп жерлестеріміз болды [5,98 б.]. Бұл институт Қызылордада 4 рет 200 маманнан шығарып, жартысын майданға, қалғандары Қызылорда облысының аудандарына, Қазақстанның басқа жерлеріне және азат етілген аудандарға жіберілді.
Қызылордадағы эвакогоспитальдар осы институттың клиникалық базасына айналды. Осы жерде айта кету керек соғыс кезінде Қазақстанда оның ішінде Қызылордада жұмыс істеген дәрігерлердің 38,8% КСРО-ның әр қалаларынан келген жоғары дәрежелі ғалым мамандар болды. Бұлар әскерге кеткен жергілікті дәрігерлердің орнын толтырды. Қазақстан және Қызылорда дәрігерлерімен орта медицина қызметкерлерінің санын көбейткен келесі бір топ соғыс жылдары күштеп Қазақстанға қоныс аударылған халықтардың өкілдері болды.
Госпитальдар ғалымдардың озық ойларын тікелей іске асырған жеріне айналды. Озық ойлы іс-тәжірибелер арқасында емдеудің жаңа үрдістері пайда болған Алматы, Семей госпитальдарымен бір қатарда Қызылордада орналасқан 3978, 3979 және Жаңақорғанда орналасқан № 3980 госпитальдар болды. Бұдан бөлек облыс аймағында Қысқы мерзім болсада жаралыларды емдеумен айналысқан № 1581, № 2061, № 2103 және Арал, Қазалы қалаларында орналасқан тағы екі эвакогоспитальдар болған. Ашып айтсақ:
1. № 3978 әскери эвакогоспиталі 1941–1944 жылдар аралығында қазіргі «Жібек жолы» сауда ойын-сауық орталығына қарсы жерде орналасқан қалалық емхана негізінде жұмыс істеді. 1941 жылдың 24 қарашасындағы мәлімет бойынша осы госпитальда 557 жауынгер емдеуде болған.
2. № 3979 әскери эвакогоспиталі 1941–1944 жылдар аралығында қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің № 1 оқу ғимаратының қарсы бетінде орналасты. 1941 жылдың 24 қарашасындағы мәлімет бойынша бұл госпитальда 557 жауынгер емделуде болған.
3. Жаңақорған қыстағындағы № 3980 әскери эвакогоспиталі кейін больница 1941–1945 жылдарда Жаңақорған санаториі жанында, саноторий базасын пайдаланып жұмыс істеді.
4. Арал қаласында әскери-ветериналық академияның филиалы және әскери-емдеу госпиталі жұмыс жүргізіп, қалада жалпы 500 төсектік емдеу орындары жарақат алған жауынгерлерді емдеумен айналысты.
5. Қазалы қаласында әскери-санитарлық бақылау пункті жұмыс істеп, 500 төсектік емдеу орындары жаралы жауынгерлерге қызмет көрсетті.
6. Облыс территориясында № 1581 көшіру-емдеу госпиталі болды, мұнда 1941 жылдың 6 қарашасынан — 1942 жылдың 20 тамызына дейін жаралы жауынгерлерді емдеді, орналасқан жері туралы мәліметтер жоқ.
7. Облысымызға № 2061 әскери-емдеу госпиталі көшіп келіп, 1941жылдың 26 маусымынан 1942 жылдың 22 тамызына дейін жаралы жауынгерлерді емдеу жұмысын жүргізді, орналасқан жері туралы мәлімет жоқ [6].
8. Соғыс шайқастары жүргізіліп жатқан КСРО территориясынан № 2103 әскери-емдеу госпиталі көшіп келіп, 1941 жылдың 6 қарашасынан 1942 жылдың 20 тамызына дейін жаралыларды емдеді, орналасқан жері туралы мәлімет жоқ [7,11 б.].
Жаралы жауынгерлерді емдеп, қатарға қосуда қосымша дәрі-дәрмектердің, әсіресе витаминдердің көмегі көп болды. Бұрын Қазақстанға басқа республикалардан әкелінген дәрі-дәрмектер соғыс жылдары Қазақстанда өндіріле бастады. Медицина саласының ғалымдары жаралыларға өте пайдалы гематогенді Алматы, Орал, Қызылорда ет комбинаттарында шығаруды жолға қойды.
1942 жылдың 20 қаңтарында Қазақстанға эвакуацияланған 26600 орындық, тағы 55 госпиталь келді. Бұл госпитальдар облыстарға бөлініп берілді. Бір жағынан облысқа эвакуацияланған госпитальдар келіп жергілікті мамандармен толықтырылып жатса, екінші жағынан қоршауда қалып жойылған және жаңадан құрылған әскери құрамалар үшін Қазақстандағы госпитальдар майдандарға адамдарымен, құрал-саймандарымен, керек-жарағымен жіберіліп жатты. 1941 жылы 9350 орындық 26 госпиталь жіберілсе, 1942 жылдың қаңтарында тағы 3900 орындық 13 госпиталь жіберілді.
Егер соғыс барысында бір поездбен келген жаралылар бір облыс орталығында қалдырылса, енді облыс орталықтарындағы госпитальдар жарақатына қарай бөліне бастады. Сондықтан бір қалаға басынан жараланғандар, екінші бір қалаға аяғынан, үшінші қалаға денесінен жараланғандар поездан түсіріліп кететін болды.
1942 жылдың екінші жартысында майдан тұрақталып, майданнан алыс Қазақстанға жаралыларды тасу қиындықтар туғыза бастауына байланысты және майдан шептеріндегі госпитальдар көбейгесін Қазақстанға жаралыларды әкелу қысқарды. 1942 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысына сәйкес эвакогоспитальдардағы орындар 23475-тен15500-ге қысқарды. Бірақ осы жерде айта кету керек 1942 жылы Қазақстанда 43310 орындық 106 эвакогоспиталь жұмыс істеген. Ал жалпы алғанда 1941–1945 жылдары Қазақстанда 59465 орындық 155 эвакогоспиталь болған, бұлардың 44915 орындық 110 госпиталі жаралыларды қабылдаған. Ал 14550 орындық 45 госпиталь жаралыларды қабылдамастан майданға жіберілген.
Қазақстан госпитальдарындағы жауынгерлер орта есеппен 72 күн ем алған. Бұл негізінен соғыс соңында емін жалғастыру үшін келгендер есебінен болып тұр. Ал жараланғаннан кейін Қазақстан госпитальдарына түскендер орта есеппен госпитальда 148,5 күн ем алған. Соғыс жылдары госпитальдарды тексерген көптеген комиссиялар емделіп, айығып шыққан жауынгерлердің госпитальдарда көп екенін айтады. Сырт көзге олар айығып шыққан болып көрінгенімен, госпиталь дәрігерлері оларды толық айықтырып шығуға тырысты және осыған байланысты олар көп жағдайда «Дені сауларды әдейі алып қалып жатыр» — деп сөгіс алып жатты. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі мен кәсіподақтары бірігіп 1942 жылдан бастап емдеуден өткен жаралыларды тезірек қатарға қосу үшін санаторийлер мен демалыс үйлері базаларында емдеуді жалғастыратын 1560 орындық бірнеше госпитальдар ашу туралы шешім қабылдады. Осыған сәйкес Қазақстан үкіметінің 1942 жылғы 12 желтоқсандағы № 581 өкімімен Қызылорда облысының Жаңақорған поселкісінде 300 орындық балшықпен емдейтін больница ашылып, жұмысын тоқтатқан 3980 госпитальдың медициналық құрамы, құрал-саймандары және «Жаңақорған» курортының қосымша шаруашылығы осы больницаға берілді. Осы жерде айта кету керек 1918 жылдан жұмыс істеп келе жатқан Жаңақорған курортының негізінде құрылған № 3980 госпиталінде бұған дейін жаралыларды емдеу жұмысы жүргізілген болатын. 1942 жылдың 1 қаңтарынан -1 қыркүйегіне дейін мұнда 796 жаралы хирургиялық жолмен ем алып күн жылыған наурыз-шілде айларында 386 адам балшықпен ем алған. Бірінші қыркүйекке дейін бұл жаралылардың 188 ғана госпитальда қалған, қалғандары ем алып, жазылып шықты. Жаңақорған госпиталіне аурулары асқынып кеткендерді әкелетін, ал олардың 30% қайтадан әскер қатарына алынғаны басқа госпитальдарға қарағанда төмен болса да, ауруы асқынған Жаңақорған госпиталінің ем алушылары үшін жоғары көрсеткіш болды. Бұл госпитальдан емделіп шығарылған басқа жауынгерлердің 8% қосымша әскери бөлімдерге жіберілсі, 59% уақытша жарамсыз деп танылды. Осы көрсеткіштерден-ақ Жаңақорған госпиталінің ауыр жаралылармен жұмыс істегені көрініп тұр. Госпитальдың бас дәрігері Медовардың Қызылорда облыстық партия комитетінің бюросында айтқанындай «Балдақтарымен келгендер бізден балдақсыз кетті». Соғыс жылдары мамандар жетіспей жатқанда осы госпитальдың негізінде жергілікті орта кәсіптік білімі бар мамандар дәрігердің жұмысын атқаруға тартылып, жақсы маман болып шықты [3,269–270 п].
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімі соғыс жылдары облыс көлеміндегі госпитальдардағы емдеу жұмысын қадағалап, назарда ұстап, емделушілердің жазылып шыққандығын куәландыратын комиссиялар құрып госпитальдармен тығыз байланыста болды.
1943–1944 жылғы қысқартулардан кейін 1945 жылы Қазақстанда 810 орындық 11 госпитальдар жұмыс істеді. Олар, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Семей, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласында орналасты. 1945 жылдың өзінде Қазақстан госпитальдарының жұмысы қауырт болғанын 1945 жылдың 24 мамырында Алматыға 400 жаралысы бар соңғы эшелонның келгенінен көруге болады.
Соғыстың бітуімен Қызылорда облысындағы госпитальдар өз жұмысын тоқтатсада, Жаңақорғандағы жаралыларға арналған больница жұмысын тоқтатқан жоқ. Бұл жерде айта ктетін тағы бір нәрсе 1943 жылдан бастап кеңес жауынгерлерін емдеген, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Семей және Повлодар облыстарындағы 8 госпиталь әскери тұрғындарды емдеуге көшіп 50-ші жылдарға дейін жұмыс істеді, ал Қызылордадағы құрылыстарда жұмыс істеген басым көпшілігі жапон тұтқындары қалалық емханада емделді.
Соғыс жылдары Қазақстан госпитальдарына түскен жаралылардың 55,5% қайтадан әскер қатарына қосылды. Бұл Қазақстандағы медицина саласының қызметкерлерінің арқасында госпитальдарды керек-жарағымен қамтамасыз еткен жергілікті мекемелер мен халықтың қажырлы еңбегі арқасында Қазақстанның Жаңақорған санаторийі сияқты ауа-райы мен табиғатының да арқасында болады деуге болады. Госпитальдардан шыққандардың қатарға қайта қосылғандары жағынан Қазақстан Ресеймен Украина госпитальдарынан кейінгі 3-ші орынды алды. Госпитальдардан шыққан басқа жауынгерлердің 4,6% ем алу үшін отпускке жіберілсе, 38,7% запасқа жіберілді.
Соғыс кезінде мыңдаған жауынгерлер мүгедек болып қалды. Емделіп шыққанан кейін олар қайыр сұрамай жұмыс тауып кетуі үшін госпитальдарда мамандық алып шығатын түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Мұнда мүгедектерден ювелирлер, колхоз санақшылары, колхоз председательдері, шаштараздар, мұғалімдер, электромонтерлер, киномеханиктер, музыканттар, мүсіншілер тағы көптеген мамандар даярланды. Соқырлар үшін баянистер курсы жұмыс істеді. Осындай курстарда Қазақстан бойынша 1942–1945 жылдары жалпы саны 83359 соғыс мүгедегінің 28483-і мамандық алып шықты, оның 4176 басшылық қызметке орналасты. Ал жалпы Ұлы Отан соғысы кезінде 2 млн 576 мың КСРО азаматы мүгедек болып қалды. Осындай қосымша үйірмелер 1942 жылдан бастап Қызылорда облысындағы барлық госпитальдарда жұмыс істеді. Бұған тікелей госпиталь басшылары және жергілікті собез қызметкерлері жауапты болды. Олар тек оқытуға ғана емес, сонымен қатар жұмысқа тұрғызуға көмектесті. Осыған байланысты көптеген мүгедектер бірінші кезекте Қызылорда госпитальдарына және Қызылорда мен Жаңақорғандағы мекемелерге орналастырылды.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қызылорда қаласына эвакогоспитальдардың жұмыс істегенін куәландыратын белгі есебінде, Ақмешіт мөлтек ауданындағы «Сырдария» сауда орталығына қарсы бейіттің төрінді орналасқан жараланып госпитальдарда қайтыс болған жаралы солдаттардың бейіттеріне қойған белгіні айтуға болады. Қызылордадағы госпитальдарда қайтыс болған 69 солдаттардың есімі, кезінде Мырқы Исаевтың басшылығымен шығарылған «Боздақтар» кітабында берілген [8,449–484 б.].
А. Ж. Оразбақов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
»Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
З. О. Атеева, № 212 мектеп, тарих пәнінің мұғалімі
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Советские Вооруженные Силы 1918—1988 гг. М., 1987.
2. Поляков Л.Е., Цена войны М., 1985.
3. Кривошеев Г.Ф., Россия и СССР в войнах ХХ века, статистическое исследование, М, «ОЛМА-ПРЕСС», 2001.
4. ҚООМ 2681 қор, 2 тізбе, 2542 іс.
5. Жакупова М., Тыловые экакогоспитали Казахстана и Республик Средней Азий (САВО) Алматы, 2005.
6. Перечень № 28 частей и учреждений медицинской службы Советской армий, со сроками вхождения их в состав действующей армий в годы Великой Отечественной войны 1941—1945 гг. Приложение к директиве Генерального штаба от 28 апреля 1961 г. № 2083. М. 1961.
7. Боздақтар, Қызылорда облысы, ІІ-том, Алматы, 1995, 456 бет.
8. Боздақтар, Қызылорда облысы, ІІІ-том, Алматы, 1956, 512 бет.