1. Ақселеу Сейдімбек фольклорлық мұра – шежіре жанрында
Қазақ халқының түп тарихы – шежіре. Қасиетті рухани күш шежірешілдік түркінің бір бұтағы қазақтардың генетикалық болмысында әлі терең сақталған. Шежірені ұмыту, хан жарлығымен бекіген жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін жоғалтып алу – ұлт ретінде құруға бастайтын қатер. Біз шежірелік сипатымызды жан-тәнімізбен сүйетін халықпыз.
Сондықтан ғалам біртұтастанған, қарабайыр тобырланған сайын шежірені ғылым ретінде дамыта түсіп, жер тұрғанша жоғалтпауымыз керек.
Шежіре – қазір әлемге ықпалы зор болып отырған еврей елі үшін де аса маңызды. «Таурат. Көне өсиет» – бұл Израильдің 12 буынының шежірелік жылнамасы. Еврейлер Мысыр құлдығынан құтылып, халық ретінде күшеюіне, қайта өрлеуіне ықпал жасаған жасампаз күш – ел бастаған дінбасылары һәм көсемдері арқылы мызғымаған шежірелік жады мықтылығының әсері. Тектен айрылмаудың артықшылығын олар білген.
Ақселеу Сейдімбек – қазақ халқының шежірелік тарихын бергі заманда классификациялап, энциклопедия түрінде бір жүйеге келтіріп, ұлтқа ұйтқы екенін айқындап, бабымен жинақтап кеткен асылдың сынығы. XX ғасыр басында ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ жоқ іздеуші» дегенде, сол ізгі мұратқа адал болғандардың бірі Ақселеу Сейдімбек екені дау тудырмас. Тексіздік нағыз қазақ жиренетін ұсақталу, азып-тозумен тең.
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
XVI ғасырда өмір сүрген ноғайлының Доспамбет жырауы теңдік салтанат құрған дәуірдің азаттығын қалай асқақ сезінеді, шіркін! Сол қасиет қазақтың қанында, құдайға шүкір, әлі бар, жоғалмайды.
Ақселеудің қазына ұстаушылығы – жыр бұлағы жыраулардан жалғасқан құдіретті рухты өлтірмеуді, фольклорлық баянды жаңғыртуды мұрат еткен мирасқорлық. Ол-дағы бір керуенбасы. Көш-керуенін ұзатып, кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсырушы. Көненің көрікті дүниесінен басы бүтін айырылуды жаны қаламаушылық. Ел үмітін ақтаған ер атағын енді елі сақтайды. Ақселеу миссиясы осындай биік. Оның ең басты кітабының бірі – «Қазақтың ауызша тарихы».
Әсіресе, шеттен келген қазақ зиялылары қазақтың рухани ассимилияцияға ұшырағанын көзімен көріп, қорынды. Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы ақын Қасымхан Бегмановқа берген этнографиялық сұхбаттарында: «Қазақ жерінің табиғаты бұзылды. Қазақ елінің шаңырағы шайқалып, елі тозды. Қазақ ұлтының тұрмыс ырғағы бұзылды. … Осы аса улы саяси ассимилияцияның кесірінен қазақ ұлтында ұлтсыздану қасіреті төбе көрсете бас-тады» деп налиды. Советтік заманда өскен Ақселеу Сланұлы ұлтсыздануға іштей наразылығын өзіндік пафос-пен, қазақтың өзінен туған ұлға тән түйсікпен берді.
Жазушы, зерттеуші Мырзакелді Кемел «Ақселеу асу» атты танымдық еңбегінде: «Ақселеу Сейдімбектің жанры алуан стильге толы. Мұнда дала әңгімелері де, қорғандар мен діндер аңыздары да, күй шежіресі де, қазақтың ауызша шежіре-тарихы да, жүз-тайпа-ру таралымдары да, ертектер де, мақал-мәтелдер мен қазақ болмысын ашып көрсететін аңызға бергісіз бастан өткенді әңгімелеу де, қара өлең де, естеліктер де, аудармалар да бар», – деп шындықты саралап жазады. Сонымен қоса, ол Ақселеу Сейдімбек мұрасының негізгі тұжырымдарын термелейді. Соның бір-екісін қайталасақ: «Ақселеу Сейдімбек қазақ этнологиясының ғылыми терминологиясын қалыптастырды. Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» арқылы қазақ мемлекеттігінің құрылымын ғылыми негіздеді. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этносты жер бетінде бар екенін біз біле алмадық» деп ұлтымыздың бұл ерекшелігінің қасиетін дәріптейді. Бұл тыйымның қазақтардың тұқымдық сұрыпталуына себепші болумен бірге, этномәдени біртұтастығын сақтаудың бірден-бір тетігі болғандығын айтады».
Әлхисса, бұл кітапта не жоқ, қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі саналатын дүниетанымдық ұғым-идея, белгі-нышанның бәрі бар. Кең даламызда өсіп-өнген тайпалар мен рулар, ұлыстардың бір-бірімен тамырласқан, будандасқан, қапталдасқан, бауырласқан шынайы тарихы бар. Оқылуы кей сәт мың бір түндей көркем шежіре әдебиеттегі небір жанрлардың бір арнада тоғысқандығымен озық. Оның мазмұны тым терең, іші толы құнды деректер, кісілік келбет, қилы жазмыш. Қазақ асқан философ халық екенін бұл кітап аша түседі.
Ақселеутану – өзтану. Қазақтыққа тағзым. Ал қазақтық еркіндік аңсаудан, азаттыққа сүйіспеншіліктен туғанын қазір ұмытсақ та, түйсіктегі ұлы зердеміз, жадтық таңба, ұлттық код ұмыттырмайды.
«Көшпелі өмір-салт Ұлы дала (Қазақ даласы деуге де болады) тұрғындары үшін ұзақ уақыт тиімді өмір сүрудің бірден-бір оңтайлы үлгісі болды» («Қазақтың ауызша тарихы», 485-бет).
«Алаш үстірті – Ресей Федерациясына қарасты Тыба республикасының жеріндегі Батыс Саян тау сілемдері. Бұл тау сілемдерінен ағатын ең бір арналы өзен – Сүткөл (Сут-Холь)» (489-бет).
Қазақ біледі, қазір Тыба атанған ел бұрынғы ұранқайлықтар, дәлірегі, қалмақтың бір атасы. О баста монғолданған түркінің бір бұтағы болуы керек. Бірақ бейбіт ел жиі шабылған бұлғақта қазақты қан қақсатқан тайпаның бірі. Ал мынау этнотопонимнен көрініп тұрғандай, жер атауы таза қазақ тілінде. Осының бәрі кейінгілерді ойландырары сөзсіз. Сүткөл деген атауда тұнып тұрған өлең бар. Сүт тағамдары – сүттен таза, судан ақ уыздай дүниені сүйетін малқор қазақтың ұлттық асы.
«Арғын тайпасының таңбасы «көз таңба» немесе «күн таңба» деп
аталады. Севан көлінің байырғы атауы – Көкше (Гокча)» (492-бет).
Ақселеу аға қазақтықтың уыз табиғатын күллі әлемнен іздеп табады, әрі айғақсыз
сөз сөйлемейді. Ол әңгіме желісін ақын жырларымен әдіптеп отырады.
Ескінің есті сөздері қайнар бұлақтай саулап шыға береді. Мысалы, «Нұрдан
жаралған Адай» туралы айтқанда: «Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» деген
жырымен үндес» дей келе, жырдан үзінді келтіреді (315-бет). Өлең десе
жаны.
Анасы жас нәрестені жерошаққа жасырып жүргеннен Ошақты аталған деседі. Бір рудың атасы осылай туады, және осы тектес нұрдан жаралды делінетін үлкен аталардың шығу тарихы ондап-отыздап кездеседі. Демек, жалған діндарлық әу баста қазақта болмаған. Ауызекі шежіренің бір ғажабы, адам баласын айыптау, сөге жамандаудан аулақ, сонысымен анархиясы жоқ еркін халықтың еркебұлан қалыбын даралап тұратындығы. Сонымен қатар қазақта ру атына шыққан ұлы аналардың аз еместігін Ақселеу Сланұлы ерен сүйінішпен, өз алдына даралай жазады. Олардың бір тайпаның үлкен шешесі ғана емес, әулиелік жаратылысын қоса қамтиды. Мысалы, әйгілі Домалақ ана.
Ақселеу Сланұлы эпостық стильге етене, оның прозасынан ескі асылын жоймаған қазақтың қаймағы бұзылмаған ақсүйек қалпын көресіз. Қазақтың бауырмалдығы мен адуындығын қатар көрсетеді. Мысалы, орта жүздегі қазаққа сіңген қырғыз руы туралы айтқанда, ол өз атасы тарақты Мәтімұсаұлы Сейдімбектің басынан өткен тектілікке қатысты бір оқиғаны бипаздай жеткізеді. Соғым басына шақырып, дәмдес болған екі адамның арасындағы ата тегіне қатысты шындық әңгіменің шарпуы түптеп келгенде қазақ ұлтына тән шежірешілдіктің де анық баяны. Түбі қырғыз Қазылық байдың бір сөзіне шамданған Сейдімбек ақсақал аталы сөзін құр жібермей: «Сенің арғы атаң Алатаудан шығып, Арқаға бас сауғалап келгенде ашытқылық қымызын қанжығасына бөктеріп келіп пе еді! Оны бізден алмағанда, қайдан алдың!» – деген екен», (356-бет).
«Ұлы Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатайұлы мен Әріп Тәңірбергенұлы нағашылы-жиенді болып келеді. Сонсоң да олар өмір бойы бірімен бірі өлеңмен қағысып, өнерлерін жарыстырып, туысқандық сезімдерін ұтқыр әзіл-қалжыңмен айғақтап отырған» (190-бет) дей келе, автор әл үстінде жатқан Әріптің көңілін сұрай келген нағашысы Көкбай қазақтың ажалдың өзін кейде қалжыңға салып, жалған дүниеге мойынсұнбай, құса-ланбай қарайтын ғадетімен, жиеніне әзіл айтады. Оған өлгелі жатқан Әріп қарап қалмай, «Кетемін дүниені саған тастап, / Осымен к..ті қысып тоқтаймысың?!» әзілмен жауап қайтарып, екеуі өлеңмен айтысып бақұлдасады. Осы екі ақынның өлім философиясын терең түйсініп, Абай айтқан: «Туғанда дүние есігін ашады өлең. / Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген ақиқатты жатсынбай тұрғаны исі ұлттың ұлы мінезін танытады.
Шежірелік деректерде Ақселеу Сейдімбек аталардың мінезін,
пейілін өз сөзімен өрнектеп ашады. Солардың аузынан шыққан сөздерін алтын
кенішіндей ардақтайды.
Қазақтың этногенезін түзген жайтқа тән шындықтың бәрі айтылады. Рулық жүйені
тарқата, оның таңғажайып шебер құрылыс, далалықтарға лайық бірден-бір елдік
жүйе болғанын дәріптей келе, этнограф ғалым қазақ халқының рулық жүйесі
мызғымас, берік, қатып қалған, қамал еместігін, бір рудан бір руға
ішінара аталар қосылып, әбден сіңіп, кірігіп кеткенін айқын жазады. Сөйтіп,
түбін қазса, жүзге кіретін қазақ та, жүзге кірмейтін қазақ та бір қазақ
екенін ол ерекше сүйіспеншілікпен танытады.
«Ең ғажабы, қазақтың шежіре тарату дәстүрінде сіңісті аталар, кірме әулеттер, асыранды балалар және олардың өсіп-өнген ұрпақтары еш бүкпесіз шыншылдықпен баяндалады. Соған қарамастан, еншілестік институтымен бекемделген ру-тайпа мүшелерінің қылаусыз біртұтастықтағы мүдделестігі тіптен қайран қалдырады». Ол «Қазақ шежіресі …ру-тайпалардың ұлы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған жаңа түзілім болып табылады» (21-бет) дей келе, қазіргі трайбализм, жікшілдік деген қауесеттің негізсіз екенін перзенттік парызын биік ұстап, жанын сала дәлелдеп шығады. Расында, қазақ – біртұтас халық. Жікшілдік – бірен-саран дүниеқоңыз, мансапқұмарлардан шыққан әлек. Жалпақ халықта оның ем қонбайтын арсыз дерті жоқ.
Ал түбін жасырмайтын мінезі, «Құл ғана атасын жасырады», ертедегі қазақтың тым шыншыл болғанының белгісі! Өтірікке баспаған баба Қазақ!
Ақселеу – көне дүниелердің дара туған хаттаушысы. Оның жазушы-ғалым, этнограф, тарихшы, мәдениеттанушы, өнертанушылық сан алуан таланты бір арнада тоғысып, бағасы барған сайын зорая түспекші құндылықтарды өшпестей қылып, таңбалады. Ол шежірелік аңыздардың өз жанрын қалыптастырып кетті. Ақселеу ыждаһатпен жиған ортақ қазынадан жас ұрпақ, кел де, көсіп ала бер. Өйткені ол – сенің төл тарихың. Ол қазақтың ырыс-несібесін түзетін игіліктерді қызғыштай қорып һәм қорғап кетті. Сонысымен прометейлік таудай еңбек жасады. Жауһар әрі жалқы еңбек. Қазақ халқының этногенезіне шежірелік мағлұматтардың тікелей әсері бар дейді ол. «Жер бетінде этномәдени болмысы біртұтас жалғыз ұлт болса, ол – қазақ ұлты» (4-бет).
Бұл кітап автор өзі жазғандай, «Қазақ даласында есте жоқ ескі заманда бастау алып, сол қазақ даласында аяқталған (XX ғ.) көшпелі өмір – салтты «эпикалық көшпелі өмір-салт» деп айырып атаудың қисыны бар», (8-бет) дей келе, ол өзін соның шырақшысы, «Мен өзімді көшпелі өмір-салттың әрі сырт көз бақылаушысы, әрі айғақшысы (носитель, этнофора) ретінде сезінемін» деп оқырманға таныстырады.
Осы құбылысқа адалдықты Ақселеу Сейдімбек аққудың қоштасу әніндей көріп, биік трагедиялық пафоспен қабылдайды.
«Бір ғана өңірде – Сарыарқаның Бетпақдаламен шектескен жапсарында дәстүрлі эпикалық көшпелі өмір-салт сақталып қалды. Көш көлігі – түйе, баспанасы – киіз үй. Қоғамдық өмірде кісілік пен парасат басшылыққа алынып, адамдар ғажайып асқақ сезімдерге бөлене алатын.
Міне, мен өскен өңір, мені қалыптастырған әлеуметтік орта осындай еді. Бұл ортаны эпикалық көшпелі өмір-салттың саба түбі сарқындысы, ең соңғы жұқанасы деуге болады. Өз басым тарих пен этнографияға ден қойып жүрген адам ретінде мұндай өмір-салтты көріп үлгергенімді тағдырдың сыйына балаймын» (8-9 бет).
Далалық тұрмыс-салт, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени әлемнің жүйелі энциклопедиясын, тіл ұшында, зердеде тұнған ұлы тарихын Ақселеу Сейдімбек елінің таңдаулы ұлы болып құлай жазды.
2. Шежіре – тек пен зерде
Мөңке Би Тілеуұлы (1675-1756):
Алыстағы дұшпанның
Жағаға қолы жетпеске,
Артында туысқанның көбі игі.
Екіталай іс болып,
Еңсеңе дұшпан табан қойғанда,
Өзіңменен бірігіп,
Қыр басына шықпаған,
Ағайынның күнінде,
Барынан да жоғы игі.
Шежіре сыры, елдің былайғы күйі осы жолдарда анық.
Қазақтан басқа халықтар шежіренің рөлі мен маңызын жанама болсын танып білді, ал білмесе опынды. Мысалы, көне эллиндік трагедияның марқасқасы Софоклдың «Эдип патша» атты тұңғиық драмасының лейтмотиві – шыққан тегін білмей сұмдыққа ұрынған адам тағдыры, құйынша соққан жазмыш тауқыметі. Жеті атасын білмеген жетесіз. Шежіресін білмей қор болған, асыранды өскен Эдип ақыры сұмдық қасіретке душар болады. Ол туған әкесін өлтіріп, патшалыққа тағайындалып, сол елдің заңы бойынша өлген патшаның әйеліне үйленеді. Эдип өз анасын алған, әкесін білмегендіктен жазым еткен. Бұл әулетке әкесінің істеген қара ісі үшін қарғыс тиген. Қазіргі адамдар Эдип патшаны көбінесе жаңа заманғы философ Зигмунд Фрейдтің «Эдип комплексі» деп атаған психологиялық ауытқуларды зерттеулері арқылы көбірек білетін сияқты. Софоклдың ұлы таланты оларға беймәлім.
Пусть чем угодно разразиться.
Я хочу узнать свой род – пусть он ничтожен!
Таков мой род – и мне не быть иным.
Я должен знать свое происхождение.
(Софокл. «Эдип-царь». Аударма: С.Шервинский ).
Бұл – жүрегі бір сұмдықты сезген Эдип патшаның жан дауысы. Сонда анасы әрі жары Иокаста, ол-дағы удай жазмыштан құтылмағанын ұғып: «Несчастный! О, не узнавай, кто ты!» деп құсамен жауап береді. Эдип жан төзгісіз қайғылы азаптан өзін-өзі соқыр қылып жазалау арқылы, ұзамай жеткен өлім арқылы арылады. Жаза оны ластан тазартардай қабылдайды.
Шежіре түркі халықтарының бәрінде бар. Қарақалпақ ақыны
Бердақ Қарғабайұлы:
Көриңлер халықтың шежиресін,
Есит шежиренің мәнисин,
Бәршенің ата-бабасын,
Айтып баян қылған екен:
Әнес, Мәлик екки киси,
Пайғамбардың сахабасы,
Әнес – қазақтың бабасы,
Шундын «алаш» болған екен.
Мәликтің ұғлы – Разыхақ,
Яшлығында қойды ғұлпақ,
киген екен қара қалпақ,
Шундын «қалпақ» болған екен.
Сахра халқы көшип гезбек,
Кәнтли жерден уатан дүзбек,
Қалпақтың ұғлыдүр өзбек,
Өзбек жекке болған екен.
1827 жылы туған Бердақ Абайдан 22 жасқа үлкен. Мына өлең жолдарында Бердақ қазақ, қарақалпақ, өзбек – үш халықтың шыққан тегі бір екенін әйгілеп тұр. Түбін қазса, «Өзбек – өз ағам» деген сөз рас. Қазаққа башқұрт пен ноғайдың басқалардан ғөрі жақындығы тағы аян. Ешбір дәлел, айғақсыз, әншейін осы екі халықтың қалың ортасына тап болсаңыз, қазақтан еш айырма көрмейсіз.
Владычь в Сейильхане, баба Эрсары!
Ты славен могуществом с древней поры,
Деяния твои справедливы, мудры:
За бедных вставал ты стеною, бывало.
Бұл – Сеиди, түркмен классик ақыны, ата-баба аруағын асыра
сөйлеу кең даланың ұлдарына етене тән мінез. Өзінің ерсары руынан шыққанын
ақын мақтан қылып, жырға қосады.
Все теке, салыры, эрсары придут,
Будут все сарыки – весь туркменский люд.
Все, кого туркменским людом ни зовут,
Все верхом прискачут, все придут, наверно.
(Орысшаға аударған С.Иванов).
Сеидидің бұл жырында түркменнің сөйлер тілі – Мақтымқұлының руы көклен аталмағанмен, үш-төрт ру бар. Қазақ – ру аттарын сүйіп айтатын халық, сол дәстүрге түркмендер де берік. Евразиялық жад.
Қазақ ру тайпаларының атаулары көбінесе таңба немесе адам өңіндегі нышан атауларынан шығады: шапырашты, қаңлы, шанышқылы, сіргелі, ошақты, ысты, ойық, тілік, үштаңбалы, тутаңбалы, қайшылы, қанжығалы, тобықты, жоғары шекті, төмен шекті, бағаналы, балталы, ергенекті, терістаңбалы, көлденең, қарақас, шеруші, шимойын, ашамайлы керей, тарақты, шекті, байбақты, оңтаңбалы табын, теріс таңбалы табын, қарақойлы, жағалбайлы. Жер атаулары да осылайша қойылады: Жыланды, Бұғылы, Құланды, Бұланды, Теректі, Қайыңды, Шиелі, Бақалы, Алмалы, Текелі, Құлынды болып көктегі тырналардай тізіліп кете береді.
Шежіре – тектану. Ал философияда «Өзіңді өзің таны» – өмірдің мәніне жақын ұғым. Шыққан тектің ұрпақтың өмір сүру салтына әрі тағдырына үстемдігі зор. Қазақтың «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай кетпес негізге» деуі соны терең білгендіктен.
Ақселеу аға қазақ жаппай тектен жаңылады-ау деген сұмдық сүрей ойдан сананы арашалайды. Оның тек туралы танымдық кітабына тіпті оқымай-ақ бір көзі түскен исі қазақ баласы қазығын айналған атқа ұқсап, намысы оянып, дүр сілкініп шыға келері анық. Ол енді қазақтығынан айнымайтын өрелі, саналы азаматқа айналады.
Сондықтан бұл кітап – таңғажайып бағбанның кәусарлы бағынан аумайды.
«Ілияс Есенберлин «Жанталаста» жыраулар әңгімесі түрінде қаншама нақтылы тарихи аңыздарды сыйыстырған, бұл кезге дейін ауызша таралып келген, шындығы, қиялы аралас шежіренің орайын тауып орналастырған», – деп жазады академик Рахманқұл Бердібай. «Көшпенділер» тарихи роман-трилогиясымен қазақтың рухы жаңғырғаны аян.
Шежіреге халық ру-руымен енеді. «Ағайын бір өліде, бір тіріде»
дейді қазақ. Шежірелік сарынды болсын, жақсы мен жаман айырмасын жыраулар
тегіс жырлап өткен.
Жағаға дұспан қолы тимеске,
Артыңда туысқанның көбі игі.
Күндердің күні болғанда,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!
Шалкиіз жыраудың бұл өлеңі қазақтың ұлттық санасында берік қалыптасқан
аксиома: «Ағайынды жігіттің кереқарыс жалы бар, жалғыз басты жігіттің шығар-шықпас
жаны бар» дегенінен алшақ түспейді. Ал Әбубәкір Диваев жинаған қазақ мақал-мәтелінде:
«Үйі жыртықты тамшы жейді, / Ағайыны аз қамшы жейді», «Жалғыздың үні шықпас,
/ Жаяудың шаңы шықпас». Тағы сол Диваевта: «Көшкен жұрттың қадірі қонғанда
өтер».
Бұдан қазақ шежіресінің фольклорлық жанр, асыл мұра екенін әбден ұғуға болады.
«Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, / Ағайынның
қадірін жақыны білмес, жат білер».
Доспамбет жырау:
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!…
Ақтанберді жыраудың неліктен «Құлым бір ұлдай киінсе» деп адамшылықты
дәріптегені жалғыздықты кемістік көргенінен анық сезіледі:
Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп.
Ал Ақселеу Сейдімбектің бабасы тарақты Байғозы батырдың
мәліметі керей Қожаберген жырауда бар:
Тарақты ер Байғозы қолдың басы,
Жиырманың алтауына келген жасы.
Бұл-дағы кіші жүзге күйеу екен,
Ерлігін көрді елдің кәрі-жасы.
Байғозы қолма-қолда екен күшті,
Ер болып, жеке шығып, көзге түсті.
Атысқа ғадеттенген қалмақтардың,
Бетпе-бет кездескенде зәресі ұшты.
Шежірелік деректер арқылы тұтас бір рудың атына айналған аталардың тарихын білеміз. Оны қара өлең соңына, ұрпақтап жадына ұмытылмастай қалдырып отырды.
Адамқожа ер жетіп,
Өзі жөнін білгесін,
Ат жалын тартып мінгесін,
Әлім менен Шөменге
Бір себептен өкпелеп,
Басқа салды іргесін.
Сонысына халық ат қойған,
Осы жұртқа «Кете» деп.
Рулы ел – ұялы терек болса, оның бұтақтары тарамданып, ұшқан
құсша қанатын кең жайып өспей ме! Сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлы кіші жүзде
Қаракесектен тарайтын кете руы осылай аталу себебін түсіндіреді. Ал Ақселеу
Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихында» қаракесек атасының орта жүз арғында
да, кіші жүз әлімде де бар екенін жазады.
Ру аттары қазақ халқында ән мен жырға қосылды. «Әніме мен салайын «Тілеу-Қабақ»,
«Сұрасаң руымды Қаракесек», «Тегімді менің сұрасаң, / Қалың найман нуынан»,
ән-жырды қойып, күй атауы «Адай» болып шалқиды. Дулат Бабатайұлы, Құрманғазы,
Мәди Бапиұлы – қазақтықтың қыран қанат ұлы рухынан жаралған кілең тектілер.
Рулық жүйе қазақты жүзжылдықтар ауысқан сайын сақтап келді. Қан арқылы
туыстық, бауырмалдық идеясы, бір атадан тарау ұлтты ұйыстырды.
Жетісудың марқасқасы Сүйінбай ақын қырғыздың Қатаған ақынымен айтысып, қазағын айбар қылып түгендеп беруі, сөйтіп қарсыласына мықтап сес көрсетуі Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген асқан перзенттік махаббатымен үндес. «Көкте – құдай, жерде – түркі» деп әуелден ел атын санасында үкілеген халықтың ұрпағы осылай сөйлеуге қақылы.
Тегінен танбайтын асыл ғұрып техногендік ғасырда халқымызды сырт факторлардан сақтаушы жасампаз күш болып қаларына сенеміз. Оған сендіретін рухани әлем қазақта күшті.
«Қазақтың ауызша тарихы» атты кітаптың құнды һәм қасиетті жүгі әлі талай зерттеулерге, шығармаларға астар боларына дау жоқ.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы, кинодраматург
Дереккөзі: astana-akshamy.kz