Драма «Қазақстан» ұлттық арнасының басшысы Ерлан мырза Қариннің идея авторлығымен жарық көріп отыр. Кеңесшілері: белгілі өлкетанушы Шөптібай Байділдин, алаш әскерін зерттеп жүрген тарихшы Берік Әбдіғалиұлы, көркемдік кеңесші ретінде көрнекті жазушы Дулат Исабеков бекітілген. Тарихи туындының қоюшы режиссері Мұрат Бидосов бұған дейін «Тар заман» ұласпалы хикасын түсіргенімен танымал.
«Кейкі мерген» атымен таспаланған сериалдың 16-бөлімі, яғни соңғы сериалы алдына ала қоғам қайраткерлерімен журналистер қауымына арнайы таныстырылды.
Соңғы сериалға арқау болған оқиға 1923 жылғы Кейкі өмірінің ақырғы сәттерін баяндайды. Кейкі батырдың бұл кездегі атағы дұшпандарын да сескендірген. Тіпті Қарсақпай Ішкі істер бөлімі жансыздары тынымсыз іздестіруі арқылы батырдың жатқан жері, із тастап баратын бағыты, жер-жердегі батыр сеніміне кірген азаматтар – бәрі-бәрі тексеріліп, анықталып, жазылған құпия жазбалар Торғайдағы әскери комиссариатқа жолданып отырған.
Олардың Кейкіні алуы, ұстауы оңайға түспеген. Әскери жасақпен күшпен ұстау нәтиже бермеген соң, бетпе-бет шайқаста Кейкі қарсыласын ойсырата қырып кеткен соң, олар батырды айла-шарғы арқылы қолға түсірге жоспар құрады. Арнаулы ұйым ақылдаса келе Әліби Жангелдиннің атынан Кейкіге кешірім хат дайындатқызып, оны жеткізуді Торғай аймағына танымал комиссар, революционер Александр Токаревке тапсырады.
1923 жылдың сәуір айының ортасынан ауа Торғай қаласына 26 шақырым «Шуақбай» деген жердегі белгілі бай Нұршабайдың Әбдіхалығының үйінде сенімсіздігі білінген Токаревті батыр атып өлтіреді. Осы оқиғадан кейін батыр Шуақбайдан төтелеп Аққұм, Айырқұм, одан Рахмет ауылына екі күн жүріп, үшінші кеште өзінің ат жалын тартып мінген жастық шағы, бүкіл саналы ғұмыры өткен алтын мекенге ат басын тірейді.
Батырдың ең соңғы тоқтаған жері – Жалаулының Жыланшыққа құяр сағасы. Осы жерде ол Торғайдан арнайы шыққан Желяевтің жазалаушы отрядымен атысады. Жанындағы екі татардың (сериалда бір адам – Абдул) сатқындығы кесірінен оққа ұшырайды. Батырды өлтіру операциясы аяусыз жауыздықпен іске асырылған. Айы-күніне жетіп отырған аяғы ауыр Ақжан сұлуды да шашынан сүйреп далаға алып шығып атып өлтіреді.
Басқа бір бөлмесінде ұйықтап қалған інісі Шұбарды (Нұрмұхаммед) да алып шығып атып өлтірген. Батырға опасыздың жасаған сатқынға да «марапат»: ажалына жалғыз оқ бұйырған.
Қиын-қыстау, ер азаматтың басына күн туған ауыр кезеңді ел трагедиясымен қатар шеберлікпен суреттеген жұмыста операторлық тапқырлық жақсы көрініс табады. Драмалық тартыстар ширыққан, кейіпкерлер тұлғасы дараланып, жақсы сәтті сериалға айналған. Дыбыс, музыка, кейіпкерлер киімі мен декорация, Торғай даласының бай панорамасы, ескі ғимараттар мен өзгермес табиғат әлемі көрерменді баурап алады.
Шөптібай Байділдин, Кейкі батыр өмірін зерттеуші, өлкетанушы: Менің ауылымның аты орысша болғанымен, заты қазақы еді. Әкемнің аралас-құраластары, ауылдың ақсақалдары Кейкі батырдың көзін көрген адамдар. Мектепті 1963 жылы бітіргенше сол Кейкінің көзін көрген ақсақалдарды көрдім, сөзін тыңдадым. Олар батырдың ерлік ісіне сүйсініп, небір қанды, қасіретті оқиғаларды баяндаушы еді.
Сонда менің кітап жазам деген ойым болған жоқ. Арқалыққа көшіп келген кезде Әубәкір Қылышбаев деген ағамыз болды. Кейкіні менің алдымда зерттеп жүрген Әубәкір аға батырдың бассүйегі әкелердің алдында марқұм боп кетті. Маған айтқан аманаты бар еді: Кейкінің басы жеткен соң, оны арулап жерлеудің басы-қасында бол деді жарықтық. Ағаның аманатын және өзімнің азаматтық парызым деп мен оны орындадым.
Кейкі аруақты адам ғой, ортамызға қайта оралды.
Өмірден ерте өткен жазушы Ақан Нұрманов Кейкі батыр өміріне арнаған «Құланның ажалы» романын аяқтап үлгермегені белгілі. Енді бұл жағдай Кейкінің бассүйегінің елге келуімен жалғасып, тарихи драмамен ұласып жатқанын жақсылыққа баладық. 2016 жылғы мамыр айында Қазақстан-Ресей үкімет басшыларының кездесуінде Кейкі батырдың бассүйегін жеткізу мәселесі талқыланып, нәтижесінде 5 қазан күні батырдың бассүйегі елге әкелініп, арулап жерленді.