"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Қарашық ауылдық округі әкімдігінің бірлесуімен қолға алынған музейдің лентасын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев пен музей ғимаратын салған демеуші Хабиббулла Азимов, Кентау қалалық "Ақсақалдар алқасының" төрағасы Мұрат Абдуллаевтар қиды.
Салтанатты шараға Қазақстанның әр өңірінен келген тарих, археология, этнография, философия, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау мамандары, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің, ғылыми-зерттеу институттары және орталықтарының қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Тарихи-этнографиялық музейде көне Қарашық қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен тарихи мәліметтер қойылған. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңдерді қамтитын эскпонаттар саны 2000-ға жуық. Қарашық ауылының 2000 жылдық тарихын тереңдей зерттеп, анықтаған ғалым - Марат Тұяқбаев.
-"1999-2003 жылдар аралығында Қарашық ауылдық округінің ауылдарын кезең-кезеңімен зерттеу барысында көптеген тарихи деректер анықталды. Қазбадан көптеп табылған пішіні ерекше керамикалық заттардың қолданылу кезеңі тереңдей зерттеуді қажет етті. Одан өзге де жәдігерлер тарихи дәлелдерді нақтылап берді. Халық түрлі жағдайларға байланысты Қарашық-1 жерінен Қарашық-2-ге, одан кейінгі кезеңдерде Қарашық-3 ауылына қарай қоныс аударып отырғаны да белгілі болды. Б.э.д. VI-V ғасырдан б.з.II-III ғасырларды қамтитын жәдігерлер Қарашық тарихы бертінде қалыптасқан деген пікірлерді жоққа шығарды. Музейге қойылған экспонаттар да ертеден бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен қатар, егіншілік пен ағаш, темір ұсталығымен айналысқан жергілікті халықтың атадан - балаға мирас кәсібін айқындайтын заттары да музейден орын алды",- деді т.ғ.к. археолог Марат Тұяқбаев.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі