Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оңтүстік сапарынан

3514
Оңтүстік сапарынан - e-history.kz

Қазақ даласының әр пұшпағы – қасиетті. Соның ішінде оңтүстік өңірдің нарқы бөлек. Ежелден-ақ отырықшылық пен көшпелі мәдениет жарасым тапқан бұл өңірде Қазақ хандығының керегесі керіліп, шаңырағы көтерілген. Тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі жұртына қастерлі, әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Яссауи, үш жүздің басын қосқан Хан Абылай т.б. қаншама тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен. «мың рет естігенше, бір рет көр» дегендей, оңтүстік өлкеге саяхат жасап танысу, киелі өңірлерді аралап зиярат ету – көптен ойда жүрген іс еді. Соның сәті жазғы демалыста келіп, машинамен жол тартқан едік.

Киелі оңтүстік өңірге сапардың қайта бері бет алғанға дейінгі жол бағытын, жалпы барысын қағазға түсіріп отыруды мақсат еткен едік. Мұның өзі осы бағытқа, әр уақытта әрқалай жолмен барған адамдар үшін қажет болуы мүмкін деген ойдан туындаған еді. Себебі, жолаушылап, зиярат етіп барған адамдар көбінесе өздері барған жолды нақты түсіндіріп айтып бере алмай, аңыз бен шындық арасындағы еміс-еміс, там-тұм дүниелерді айтатын жағдайлар жиі кездеседі. Сол мебепті де өз көзімізбен көрген жол баянын қысқаша түрде, келесі сапарлаушыларға нұсқа болсын деген ниетпен жазып отырмыз.

 

Біздің сапарымыз Астана қаласынан басталды. 2006 жылы тамыздың он алтысы күні таңертеңгі сегізде Астанадан жолға шықтық. Қаланың ішінде машинаны жөндеу, реттеу жұмыстарымен 13 шақырым жүргеннен соң ұзын жолға түстік. Жол бойындағы елді мекендердің көбісін жол шетіндегі бағаналарда жазылған қашықтығы бойынша тізбектеп отырдық.

 

Астананың шетінен есептегенде Александровка 24, Аршалы 70, Анар 95, Осакаровка 112, Батпақ 127, Баймырза 159, Теміртау қаласы 190 км қашықтықта орналасқан. Осыдан кейінгі ең үлкен елді мекен – Теміртау қаласы. Тас жол Теміртау қаласы саяжайларының шетінен өтеді. Осы арада кілең орыстың шал-кемпірлері жағалай бақша өнімдерін сатады екен. Теміртаудың шетімен жүріп отырып, Қарағандының Оңтүстік-шығыс ауданын басып өттік. Астанадан 207 км қашықтықта орналасқан Қарағанды қаласының арғы шетіне шықтық. Қарағанды мен Балқаш қаласына дейін көптеген елді мекендер бар және олардың атын жазған жоқпыз. Көсілген кең далада олардың арасы өте алыс болып келеді екен. Ақсу-Аюлы, Жәмші тағы басқа елді мекендердің аттары есімде қалыпты.

 

Қарағандыдан шыққандағы ең үлкен елді мекен Балқаш қаласы Астанадан 602 км қашықтықта жатыр. Қаланың шетінде көптеген жанармай құю станциялары мен кемпингтер бар. Және бір а йта кетерлігі, мұнда жатар орын арзан көрінеді. Әдеттегідей, қалаға қалааралық тас жол кірмейді. Айналма жолмен, Алматының ұзын трассасымен тура оңтүстікке қарай тартып кеттік. Балқаштан өткеннен кейінгі ірі елді мекендер - Гүлшат 659 км, Шығанақ 887 км қашықтықта орналасқан. Шығанақтың маңында Балқаш көлінің жағалауы жолмен жарыса созылады. Жолдың бөліктері ойлы-қырлы тастақ белестер болады екен. Және де әрбір жол бұрылыстарындағы қолат сайларда көбінесе «Запорожец» машинасы мен «Урал» мотоциклін мінген қазақтар сол арада 200 литрлік темір бөшкелерде балықтарын тұздап, кепкендерін арсалап іліп сатып отырады екен. Қанша жылдан бері тұрғанын кім білсін, беттері күнге әбден тотыққан бұл қазақтар өмірге дән риза сияқты. Жол Балқаштан Сарышағанға дейін тамаша. Әредік ойлы-қырлы, шұрық-тесік жерлер кездесіп қалады. Жол апаты да аз ұшыраспайды.

 

Осы жүрген бойы Бурылбайтал аулына келгенде, Алматының үлкен трассасынан жол екі айырылады. Яғни Мирный елді мекеніне қарай (Астанадан 919 км) бөлінген жол батыс бағытқа сілтейді. Бурылбайталға (932 км) біз кешкі 7.50-де келіп жеттік. Бурылбайталдан кейін тас жолдың сапасы нашарлай бастады.

Кешкі 8.39-да Хантау аулына (957 км) келдік. Бұл жер 1456 жылы Жәнібек пен Керей хандар Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның шетіне келіп Қазақ хандығын құрған тарихи өлке. Жалпы біздің мемлекетіміз үшін ішкі туризмді мықтап қолға алып, қысы-жазы осынау тарихи өлкелерге маршрут ашып қойса, қандай керемет болар еді деп ойға кетеді екенсің.

 

Жол бойындағы ауылдардың көбісі жаңа заманда орысша атауларынан арылып, сол өңірлерге қатысты белгілі қазақтардың атымен аталуда екен. Солардың бірі Биназар батыр аулынан Бірлік елді мекеніне өттік.

 

Жамбыл облысының Бәйдібек (1057 км) аулынан Төле би аулына бардық. (1075 км). Кешкі 9.39-да Шу қаласына келдік (1087 км). Түнгі 10.30-да Шу мен Меркі арасындағы шетінде көп асханасы бар бір ауылға келіп нарға отырып тамақ іштік. 1129 шақырымдағы осы ауылдың атын жазып алмаппын. Осы маңда қауын-қарбыз сатады екен. Біз бір қап қауынды қайтар жолда 300 теңгеге сатып алдық. Оңтүстік өлкеде тамақты өздері «топчан» деп атайтын сәкіде ішеді екен. Топчанда жамбастай жатып тамақ ішу осы Шу өлкесінен ары қарайғы жол бойындағы асханалардан басталды. Астанадан Тәтті 1145, Ойтал 1179 км, Меркі қаласы 1192 км қашықтықта жатыр. Меркі – балдың отаны ма деймін. Себебі, Меркіде көбінесе жолды жағалай, күні-түні ара балын сатады екен. Меркіден батысқа шыға бере жол үшке бөлінеді. Бір тармағы Алматыға, келесі бөлігі Бішкекке, енді бір тарамы Таразға қарай созылады. Жолдың осы бөлігінен кейін тас жолдағы көлік қозғалысы күрт молаяды. Анау көрінген қарлы таудың арғы бетіндегі Қырғыз елінен және Алматы, Семей жағынан шығып, Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстанға, Қызылорда мен батыс облыстарға жол тартқан сан жүздеген жүк көліктері ұзыннан-ұзақ бір керуенге айналады. Түйелі керуеннің орнын темір көліктер басқаны болмаса, нағыз Ұлы Жібек жолының өзі дерліктей. Бұдан әрі қарай Каменка 1205, Көкарық 1223, Құлан 1225 қашықтықта орналасқан елді мекендер. Құлан аулының солтүстігіне қарай бір жол бөлінеді. Ол Луговой станциясына апарады және Малдыбайдың (1562) тұсынан қайта қосылады екен. Құртөбе (1283 км), Сарыкемер (1326 км) ауылдарын басып өткеннен соң Астанадан 1357 км қашықтықтағы көне Таразға жеттік.

 aysha-bibi-2-e1542088025232.jpg

Түнгі 1.42-де Тараз қаласының батыс шетінде 8 км қашықтықта трасса бойындағы өзі аттас ауылда жатқан Айша бибі кесенесіне келіп жетіп, сонда түнедік. Кесенені полиция күзетеді екен. Кесененің басында қоналқылық үйлер бар, бірақ біз түн ортасында жұртты оятпайық деп шешіп, машинаның ішіне қона салдық. Таңертең кесененің шырақшысы келді. Айша бибі мен Баб әже қатын (Бабаджа хатун) кесенелеріне барып, құран оқып, архитектурасын тамашалаған соң қаланың ортасындағы Қарахан мен оның күйеу баласы Дәуітбектің кесенелеріне бардық. Тараз қаласын араладық. Бізді ерекше таңғалдырғаны – Айша бибі кесенесінің таңғажайып сәулеті еді. Кейін реставрация жасалды дегенімізбен, ондағы ондаған түрлі қыш кірпіштердің формасы ғажап. Өзіміз күнде көріп жүрген қазақ оюларының сан ондаған түрі бір ғана осы кесене қабырғасынан табылғанына қарап, біздің халқымыздың төлтума мәдени мұрасының арғыдан келе жатқанына еріксіз көз жеткізесіз.

 

Тараздан Шымкентке қарай беталдық. Тараз қаласы мен Шымкенттің арасы 180 км. Тараз қаласынан 8 шақырымдағы Айша бибі аулынан есептегенде Астана 1363 км. Алатаудың терістігімен өтетін жол бойындағы Жуалы 1409 км. Теріс өзені 1410 км, Бауыржан Момышұлы ауылы 1416 км, Шақпақ ата 1428 км. Осылай жүріп отырып Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының шекарасындағы бекетке жеттік. Бұл ара Астанадан 1433 км. Бұдан соң Шақпақ баба (1442 км) аулын басып өтіп Ақбиікке (1452 км) келдік. Осы жердің тамаша табиғаты аясында аздап демалуды жөн көрдік. Сарқырай аққан тау өзеніне шомылып, біраз салқындап тынығып алдық. Мұндағы ауылдар өзен аңғарларындағы жарлауыт қабақтарға созыла қоныс тепкен. Жинақы, алба-жұлбасы шықпаған ауылдар. Солтүстіктегі көбінесе шағын болып келетін елді-мекендеріне қарағанда, мұндағы әр ауылдың ерекше ірілігі бірден көзге түседі. Және де елді мекендер жолға таяу немесе күре жол ауылдарды қақ жарып өтеді. Бұл – сауда жасауға да қолайлы. Мысалы, Түлкібастың басынан аяғына дейін алма сатып тұрады. Бағасы да қымбат емес.

 

Сапарды Оңтүстік Қазақстан облысы жерімен жалғастыра отырып, Тұрар Рысқұлов (1454 км), Азаттық (1461 км), Тастұмсық (1463 км), Амангелді (1466 км), Жаскешу (1467 км) ауылдарынан кезегімен өтіп Арыс өзенінің көпіріне жеткенде, Астанадан шыққалы 1472 шақырым қашықтықты жүріп өткен екенбіз. Солтүстік өлкемен салыстырғанда, мұндағы елді мекендердің жақын-жақын орналасқандығын атап өткен жөн. Әсіресе, Арыс көпірінен кейінгі ауылдардың барлығы бір-біріне жалғасып жатады екен және бірінен біріне қалай өтіп кеткеніңді аңғармай қаласың. Жамбыл облысынан бастап, әсіресе Оңтүстік Қазақстан жерінде жол бойына шағын бильбордтарда қазақша жазылған тамаша мазмұндағы мақалдар мен өсиет сөздер жазылуы адамға зор тәрбиелік әсер береді екен. Осылай жүріп отырып Тастөбе аулынан (1485 км) өттік. Алдымызда үлкен асу бар.

 

Айналмалы кезең жолды Машат асуынан (1492 км) өттік. Шымкент қаласына да таядық. Оңтүстік өңірдегі ең ірі қала Шымкент Астанадан 1526 км қашық орналасқан. Қалада жол қозғалысы көп. Бір қарағанда Қазақстанның өзге қалаларынан аса ерекшелігі байқалмайды. Қаланың шеткі аймақтарына халық көп шоғырланып, үй салып жатқанын аңғаруға болады. «Озеро» атты базарда болып, жолға керек-жарағымызды түгендеп алдық. Шымкенттің ішінде осылай 31 шақырым арлы-берлі аралап өткеннен кейін Темірлан тас жолы арқылы қаланың солтүстік жағымен Темірші, Шұбарсу, Темірлан, Бөген, Елтай ауылдары арқылы Төрткөлден өтіп Шәуілдірге қарай беттедік. Осылайша Шәуілдірге сапарымыздың екінші күні кешке таман келіп жеттік.

 af69ce956eb2f19dae036d13b98737f7.jpg

Бұл атырапта Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан бабтың кесенесі орналасқан. Арыстан баб кесенесі Шымкенттен 146, Астанадан 1638 км қашықтықта жатыр. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз бойынша, Қожа Ахмет Яссауи жатқан Түркістанға беталып келе жатқан туристер, Қазақстан мен Орта Азияның түкпір-түкпірінен толассыз ағылған жолаушылар көбінесе осы жерге аялдауды жөн көреді екен. «Кесене басына түне», - дегенде, бұл жер айдаладағы жалғыз мазар емес. Бұл жерде күні-түні қайнаған қызу тіршілік бар. Арыстан баб кесенесі маңындағы көне зират қорымы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қоршалып, жарық тартылып, қайрақтас төселініп, туристер мен зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасалынған екен. Арыстан баб кесенесі алғаш ХІ ғасырда тұрғызылған екен. Әлденеше рет жөндеу көрген кесене 1906 жылы қазіргі бейнесін тапқан. Тәуелсіз Қазақстан дәуірінде тағы да жөндеуден өтіп жатқан сәулет өнерінің көркем туындысы үш үлкен бөліктен тұрады. Құбыла жақ бетінде Арыстан баб пен Лашын баб, Қарға баб қабірлері орналасқан басқы бөлік пен келесі басындағы намаз оқуға арналған бөліктің арасын жартылай күмбезбен көмкерілген үй ауласы тәріздес бөлме жалғастырып жатыр. Арыстан баб қабірінің сыртында азаншы минареті бар. Кесененің дәл жанындағы құдықтың суы ащы екен. Мұндағы жергілікті халықтың айтуынша, құдықтың суы емдік қасиетке ие болғандықтан, ішуге, беті-қолды жууға, ыдысқа құйып, үйге алып кетуге болады екен. Арыстан баб қорымы айналасында тағы бірнеше әулиелердің мазарлары бар. Олардың әрқайсысының өз шырақшылары бар. Барып зиярат ету ләзім деп саналады. Өздері үшін тәп-тәуір бизнес көзі ме деймін. Осы қорымда қазақ мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлға Өзбекәлі Жәнібеков те осында жерленіпті. Бұл кісінің басына да кесене тұрғызылған екен. Өмірден өткен соң өзін осы Арыстан баб бабасының қасына жерлеуді аманаттаған екен.

 

Арыстан баб кесенесінің жанындағы шағын ауылда базарлы тіршілік күні-түні қайнап жатыр. Бұл жерде қымыз бен қымыран (шұбат), салқын көже, кәдесыйлар сатқан епсекті саудагерлер келушілерді: «Сапарыңыз оң болсын, келіңіз!», - деп өздеріне бейімдейді. Қонақүйлер де мол. «Арыстан баб» отеліне жатуға болады, бірақ кеш барсаңыз онда орын болмайды. Жазда киіз үйлерде, далада құрылған топчанда жата салуға да болады. Қалааралық таксофонның жанында келушілерді қоналқылыққа шақырып жүрген ауыл адамдары жамбасақыны жүз теңгеге де келіседі. Құрбан шаламын десеңіз, тоғыз мың теңгеден қой дайын. Соятын адамдар мен пісіретін қазан-ошаққа қам жемеуге болады. Біз биік еден үстіне тігілген киіз үйге орналастық. Ұйқы келмей, таң атқанша маңайды аралап, туристер, зиярат етушілермен бірге кесене айналасында болдым. Жалпы кесене аумағына кіру үшін кассаға бір рет қырық сом төлеу қажет. Ертеңінде Арыстан бабқа қайтадан барып құран бағыштатқан соң Түркістанға қарай жол тарту керек. Біз барған күні кешке кілең аппақ киінген екі автобус адам келді. Бұлар діни рәсім жасап круиз жасап жүретін «Ақ Орда» ұйымының адамдары көрінеді. Қазақстанның әр түкпірінен жиналып сапарлап жүрген бұлардың арасында таныс адамдар да бар екен.

 

Арыстан бабтан аттанарда осы ауылдан бір шақырым қашықтықта жатқан Қоғам аулына соқтық. Бұл – арғы тарихта Шыңғыс хан, бергі деректе жоңғар қонтайшысы Ғалдан бошықты қиратқан Отырар қаласының орны. Борпылдақ құмды басап қалсаң шаңы шыққан шилеуіт жазықта бір қарағанда тіршілік жоқтай. Бірақ тілім-тілім суармалы егін алқаптарына арықтар тартылып, мақта мен жүгері егілгендігін таяп келгенде байқадық.

 

Көне қала үйіндісі аумағына кіре беріс сыммен қоршалған. Таяй бергенімізде апан сияқты кепеден күнге әбден күйген қазақ әйелі шыға келді. Бұл кісінің міндеті – келуші адамдардан болмашы ақша жинау екен. Егілме, борпылдақ құмды сапыра өрлеп, көне қаланың орнын тамашаладық. Қаланың бүгінгі қиранды аумағының өзі шамамен төрт гектардай жерді алып жатыр. Кезінде оншақты метрге дейінгі биік қамалдың айналасына ор қазылып, оған өзеннен су жіберіліп, мықты қорғалған орны көрініп тұр. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқандығын әрлі-берлі қоларба сүйретіп жүрген бірді-екілі жігіттердің сылбыр қимылынан аңғарылады. Қала қирандысының күл тектес топырағының бетінде әйнек сынықтары мен кірпіш кетіктері, бәлкім адамдыкі, немесе кейінгі кезеңдегі жан-жануарлардікі болар, сүйектері шашылып жатыр. Кейбір жерлерде топыраққа басылып қалған дуал қабырғаларын аршып қойыпты. Осыған қарап, бұл арада қабырғасы қалың әрі биік қамал болғанын білуге болады. Енді бір тұста жартылай аршылған құмыра көрінеді. Кешегі ХҮІІ ғасырға дейін өмір сүрген, ұлы тарихтағы даңқ пен дақпыртқа толы осынау қалаға бір кезде сайыпқыран жаулаушы Шыңғыс хан қолының сапында, мүмкін біздің ата-бабаларымыз да келіп, осы қорғанның түбінде соғысты-ау деген ой еріксіз санамызды биледі. Отырар қирандысын Италиядағы Помпейі сияқты күл-қоқыстан толық тазартып қалпына келтірерліктей мүмкіндік толық бар болғанымен, өкінішке қарай басында жүргендердің мына өгіз аяң күйімен бұл жұмыстың бірталай созылатындығына еш күмән жоқ. Әрі бастапқы аршыған жерлері қазба жұмыстар ережесіне сай не тезірек қайта жабылмай, не толық аршылмай, екі арада тозатындай көрінгенін несін жасырамыз. Отырар қирандысының үстінде тұрып осындай ойға еріксіз бататыныңыз анық.

 

Отырар төбеден кері келе жатқанда егістік басында жүрген жігіттердің қасына тоқтап, хал-жағдай сұрастық. Өгізге салатын ыңыршақ тәрізді есек мінген бала жанымызға келді. Бұрын-соңды мініп көрмеген хайуан болған соң әлгі балақайдан есегін сұрап алып, егістіктің бас-аяғына кезек-кезек жүріп шықтық. Есегін мінгізгені үшін ризашылығымызды білдіріп, ақша ұсынсақ әлгі балақай: «Тәтеме беріңіз!» - дейді. «Тәтеңді қайдан табамыз?» - десек: «Мына кісі», - деп шетте тұрған қырықтар шамасындағы жігітті көрсетті. «Нағыз қазақи салттың жұрнағы ау», - деген ой келді, басыма. Ежелде қазақтар өзінен жасы үлкен жігітті «тәте» деп атаса керек. Себебі, өзімнің бесінші атам Ақтайды жұрт «Тәтекем» деп атағанын, сол үрдіспен біз әлі күнге дейін «Тәтекең ұрпақтары» аталып келе жатуымыздың мәні осы болар.

 

Осыдан кейін бірден солтүстікті бетке алып жолға түстік. Арыстан бабтан 47 км, Астанадан 1685 км қашықтықтағы Бесіктөбеге атты жерге аялдадық. Бұл арада да ертеде қаланың орны болғандығы көрініп тұр. Отыз метрдей биік төбенің басында көп бесік қойылыпты. Оның неге қойылғанын түсінбедік. Мүмкін, Жаратқаннан бала сұрағандар ма, әлде шетінеген баланың бесігі ме екен? Қазақ әдетте осындай жағдайда зиратқа бесік қоюшы еді ғой. Бесіктөбеден 15 км жүрген соң Қожа Ахмет Яссауи бабаның қызы, қасиетті Гауһар ана жатқан кесенеге жеттік. Кесене аумағына кірерде дәрет алып, тазаланып кіру қажет екен. Осы маңда отырғандар бізге: «Бейнекамераға түсірмеңдер, камераларың күйіп кетеді!» - деп ескертті. Кесене шырақшысына құран бағыштатқан соң Гауһар ана құдығына барып суынан дәм таттық. Бұл құдықтың суының химиялық құрамы Мекке-Мединедегі зәмзәм суының құрамымен бірдей және шарапатты дегенді айтты. Суды ішуге, құдық маңындағы шифер қалтқыға барып дерт-дербезден айығу мақсатында шелекпен құйынуға рұқсат. Үйде қалғандар туыстарға жолсапардан алған дәм ретіәнде таттыру мақсатында «баклажкаларға» құйып алуға да болады. Көп аңыз-лақаптарға сене қоюдан тежеліңкіреп тұрамыз ғой. Десе де осы арада бір жағдай болды. «Құдықтан су алыңдар, құйыныңдар, бірақ қалтқы ішіне кіріп алып, сабындап жуынбаңдар, су шықпай қалады!» - деген ескерту айтылған. Біздің алдымыздағы екі еркек қалтқы ішіндегі әйелдерге су жеткізіп тұрған. Бір уақта әлгілердің шелегіне су құйылмай қалды. Қалтқы маңында тұрған әйелдер: «Ай, мыналар сабындап жуынып жатқан жоқ па!» - деп шулап кеткен. Қандай тылсым екенін кім білсін, расымен де бұл ханымдар шелекті сар еткізіп төңкеру орнына, сабын қолданса керек. Улатып-шулатқан әлгілердің кезегінен кейін су атқылап жүре берді. Ыстық күнде мұздай суды басыңнан төмен сар еткізіп төңкергенде жаның жадырап кеткендей болады. Бұл да бір тамаша әсер.

 

 

Гауһар ана кесенесінен аттанып, 3 км жүрген соң қасиетті Түркістан қаласы көрінеді. Біздің Астанадан басталған сапарымыздың бір бетінің жалпы қашықтығы осылайша 1703 шақырымды құрады.

 

Түркістан қаласына жұма күні түскі 1.40-та келіп жеттік. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне таяу маңдағы «Үш арыс» атты мешітке ағылған жұрт жұма намазға жиналып жатыр екен. Сапарда жүрген біз де мешітке кіріп көппен бірге сапқа тұрдық. Намаздан соң жылына бір рет берілетін құдайы ас болып жатыр екен, мешіттегі барлық адамды осы асқа қатысуға шақырғандықтан, біз де кең ауладағы ұзын-ұзын үстелдердің біріне беттедік. Өзара танитын, танымайтын сан жүздеген адамдар үстелдерге бөлініп отырып, асқа бағындық. Кішірек табақшалардағы палаудың бетіне бір кесек ет салынған. Үстелде тілімделген қауын қойылған. Алдыға палау келді. Жанымызда отырған кісілер алдыға келген палауды қолмен аса ептілікпен жей бастады. Бұрын былайша жеп көрмеген біз де қолды салып жіберіп асаған едік, саусағымыздың арасы күріш-күріш болып, үп-үп деп тергілеп кеттік. Палауды қолмен еппен жеу – бірден-ақ меңгере қоятын икемділік емес екен. Мұнымызды көрген жергілікті кісілер: «Қайдан жүрсіңдер? Кімсіңдер?» - деп сұрастырып, жөн сілтеп жатты. Сап-сары болып жабыспай піскен палаудың төбесіндегі бір шөкім етті талшықтай араластыра жеп, тандыр нанды үзе отырып мына аптапта ыстық көк шай ішу – жергілікті адамдарға тым жарасатындығын әлденеше рет байқадық. Жолға деп пісіріп алған сүр етке мына ыстықта тәбет тарпағанына қарап-ақ әр өлкенің қорек мәзірін климат өзі анықтайтынын осыдан аңғаруға болады.

 

Қасиетті Түркістан қаласының көрікті жерлерін араладық. Орта Азиядағы ғажайып сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесін тамашаладық. Қазақтың небір ұлы тұлғаларының осы жерде жерленгенін бұрыннан білсек те солардың басына қойылған көктастарды көріп қол тигізу сәті осы күні бұйырды. Кесененің кіре беріс қасбетінің сұп-сұры, әрі сояу-сояу сырық ағаштарға толы болуы алғашында таңғалдырғаны рас. Оның себебін күзетші полицей былай деп түсіндірді: «Осы кесенені салдырушы – әйгілі жиһангез жаулаушы Әмір Темір. Әмір Темірдің билігі тұсында басталып, құрылысы қызу жүрілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сыртқы әрлеу құбыла жағынан басталған екен. Осылайша біртіндеп күншығыс бөлігінің сыртын қаптап әрлеу басталған кезде Қытай бағытына ұлы жорық жасауға дайындалып жатқан сайыпқыран Әмір Темір аз күн ауырып дүниеден өткен. Бұдан кейін мемлекет басына келген ұрпақтарының мүмкіндігі болмады ма, әлде құлқы болмады ма, сол бойы қапталмай қалып қойған». Полицейдің бұл баяндап түсіндіруі көкейге қонды.

 unnamed (5).jpg

Алып кесененің іші мен сыртындағы керемет сәулет өнерін айтып сипаттауға тіл жетпегендей. Сонау ХІҮ ғасырдың қолөнер шеберлері алуан түрлі қыштарды қалай түсін келтіріп, өртеп, қырнап қиюластырғаны беймәлім. Кесененің бір бүйір бөлмесінде үлкен-үлкен қазандар бар екен. Астында пеш. Жанында терек діңін ойып жасаған, төрт адам көтерерліктей алып құлақты астаулар тұр. Бұл тұс әлденеше рет жау шабуылына ұшырапты. Осы пештерде бір замандарда ас әзірленіп астаулармен халыққа таратылған.

 

Ғимарат ішіндегі әр бөлмеге сейсмограф қойылыпты. Қышпен әйнекті, сазды іске жаратудың тамаша технологиясы сол ХІҮ ғасырдың өзінде аса дамығанының куәсындай, ғасырлар өтсе де өзінің ғажайып әрінен таймаған ғимараттың кей жерлерінен анықтап байқап қарасаңыз кәдімгі өзімізге жақсы таныс көкшегір цементтің де ізін көруге болады. Бұл – кейінгі жылдардағы «халтурщик шеберлердің» ісі болар.

 

Кесененің солтүстік бөлігінде бір күңгірттеу бөлмеде үлкенді-кішілі көптеген құлпытастар жиналып қойылған екен. Темір шарбақ есікте құлып тұр. Құлыптың жанындағы жазуда мұнда кімдер жатқаны туралы жазылған. Хан Абылай, Қанжығалы Бөгенбай, Қарауыл Қанай би т.б. Әйгілі тұлғалардың барлығының құлпытасы неге бұл жерде шашылып жатқанына түсіне алмадық. Мүмкін, сырттағы реставрация жұмысының әсері болар.

 

Биік қорған кесененің солтүстігі мен шығысын қала көшелерінен бөліп тұр. Оның биіктігі шамамен 20 метр. Үстінен бес адам қатар жүріп өткендей. Бұл қорғанды бұрынғы сұлба бойынша қайта көтеріп жатқанға ұқсайды. Қорған ішінде қазу-аршу жұмыстары қызу жүріліп жатыр. Топыраққа көмілген шым бөлмелердің бір шетін жүлгелеп алған археологтар кеулеп тазартып барады. Есім хан кесенесі мен Рабия Сұлтан Бегім кесенесі дуалдың ішінде. Кесене түбінде ғасырлар бойы жұмыс істеген монша болыпты. Біз барғанда бұл монша жұмыс істемейтіндігін айтты.

 

Түркістан қаласының орталығы жинақы да таза көрінді. Ұсақ-түйектер мен діни ритуалдық заттар, амулеттер т.б. сататын қатардың саудасы таңертеңнен кешке дейін қызады екен. Бұл жерден тұмарлар мен қамшылар, домбыралар мен тәспілер, құран сүрелері жазылған кеселер, тақиялар мен жайнамаздар дегендей сан түрлі бұйымдарды арзан бағаға сатып алуға болады. Ислам мен шаманизм, буддизм түсінігіндегі заттар мидай араласқан бұл базарда не түрлі қызықты заттар бар. Әр сатушының алдында қасқырдың ондаған тісі мен шүкімайтының көптігі соншама, бүкіл Орта Азиядағы қасқырдың тісін қағып әкеліп осында тізіп қойған ба дерсіз.

 

Қала көшелерін аралауды «Түркістан» қонақүйінің алдында түйіндеп, өмірден ерте өткен жазушы Саттар Ерубаевтың мүсіні алдында суретке түскен соң теміржолдың арғы бетіндегі жайыла жатқан жеке тұрғын секторындағы Тұрғыт Өзал көшесінде тұратын туысымыздың хал-жағдайын біле кетпек болып, сол көшені іздей бастадық. Бірнеше адамды тоқтатып едік, қазақшасын аса ұға қоймадық. Сөйтсек, біз жөн сұрағандар – өзбек ағайындар екен. Іздеп жүріп Тұрғыт Өзал көшесін тауып алып, туыспен дидарластық.

 

Осындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі мен Тұрғыт Өзал көшесінің басында өмірден ерте кеткен даңқты боксшы Бекзат Саттарханов жерленген зират бар екен. Жасындай жарқ еткен әйгілі боксшы осы қалада туып-өскен екен. Түркістан қаласын аралаған соң осы арадан Шымкентке қарай жол тарттық. Ынтымақ, Ескі Икан, Көкарал, Төрткөл, Екпінді ауылдары арқылы облыс орталығына беттеген жолымызда Бөген өзенін кесіп өтіп Темірлан аулына келдік. Бұл арада қазақ даласының батыры, әйгілі балуан Қажымұқан жерленген. Арыс өзенінен өтіп, Амангелді, Шұбарсу елді мекендерін басып Шымкент қаласының Темірлан тас жолына түсіп, қаланы бойлап келеміз. Осы тас жолдың бойындағы «Арасан» қонақүйіне түстік.

 

Ертеңгі сапарымызды Сайрам арқылы жалғастырмақпыз. «Сайрамда бар сансыз баб» дейтін көне Испиджаб қаласын көріп тамашаламақпыз. Күн көтеріле қонақүйден жолға шыққан біз Сайрамды Шымкенттен біршама алыс елді мекен болар деп ойлағанбыз. Сөйтсек Шымкенттен оңтүстік-шығыс бағытқа шыға бере-ақ Сайрамға кіріп кеткен екенбіз. Сайрам селосының өзінде 40 мыңдай тұрғын бар, яғни солтүстіктің үлкен бір ауданы есебіндегі халқындай екен. Ұшы-қиырсыз ауылдың ішін аралап жүрміз. Зираты мен үйлері араласқан, қызық ауыл. Жеміс-жидек өте арзан. Бір асханаға тоқтап топчанда отырып, лағман жедік. Мына ыстықта осы лағман сияқты тамақ қолайлы екеніне көз әбден жеткен. Жол бойында сатып тұратын суық көже мен қымыран да шөлбасарлыққа жақсы сусындар.

 

Сайрамды аралап болған соң, Леңгір тасжолына қарай шықпақпыз. Сол бағыттағы Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің басына бармақпыз. Жолды анықтап алмақ болып көшедегі жұрттан бағыт сұрасақ, онша-мұнша біле қоймады. Әрі тоқтатқанымыздың барлығы да кешегі Түркістандағыдай, қазақ емес болып шығады. Сөйтсек, Сайрам халқының да басым көпшілігі өзбек екен ғой. Бірақ тілдері туыстас болғандықтан, әрі кей тұстарда түсініксіз сөздер қосылып кететіні болмаса, бұл ағайындардың қазақшасы өзге көп жердің қазағынан анағұрлым артық па деп қалдық. Сайрам шетіндегі бір автокөлік жуатын жердегі қазақ жігіті Ғайып Ерен-Қырық Шілтенге барарн жолды жақсылап ұғындырды. Әлдебір шұбатылған темір жол торабын бес рет арлы-берлі қиып өте отырып бір-бірімен тұтасып жатқан Қаратөбе, Елтай, Жыланбұзған ауылдарын басып, Сайрамнан 32 км жердегі Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиеге де келіп жеттік.

 

Аласалау таудың күңгейінде түйелер жайылып жүр. Тау аңғарында бұлақ ағып жатыр. Оңтүстік батысымызда журналдардан, теледидардан көп көріп, көзтаныс болған тау көрінеді. Бұл – Қазығұрт тауы. Таудың басында Нұқ пайғамбардың кемесі қалған. Біз келіп жеткен Кемеқалған аулынан ары қарай Қазығұрт ауданы басталады. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің басында шырақшының бірнеше бөлмелі үйінен басқа көп ештеңе жоқ екен. Инфрақұрылым енді ескеріліп, қонақүй жаңадан ғана салынып жатқаны болмаса, бұл жер – иен күнгей. Ғасырлардан ғасырларға аңыз болған Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің мекені – күнгей жартас пен шырақшының үйі арасын терең өзек сай бөліп жатыр. Ортадағы бұлақтан ары өту үшін тазарып, дәрет алу керек. Тазарып, дәрет алып, шырақшының үйінен дәм татқан соң, бізбен бірге осында жиналған оншақты адамды екі шырақшы бөліп алып, кәдімгі гид тәрізді түсіндіре отырып, айналамен таныстырып, жолбасшылық етіп алып жүрді. Алдымен сонау жырадан бастау алған қасиетті бұлақтың жанындағы «босаға тас» арқылы өту керек. 30 см-лік егіз тастың арасынан өткен соң қиялай өрлеп, сонау күңгейдегі жартастар шоғырына қарай бет алып келеміз. Алдында ер адамдар, соңында әйелдер, шұбама соқпақпен жүріп отырып, «Ата мен Ана» аталған қос тасқа келіп тірелдік. Шырақшы мұнда, жылан немесе басқа аң-жануарлар мен жәндіктер көздеріңізге көрінсе, елестесе еш қорықпаңыздар дегенді ескертті. «Ата тастың» беті шұрық тесік. Бұл тесіктердің себебін бізге шырақшы барлық қиындықтарға қарсы тұрған отбасының қорғаушысы атаның замана қиыншылықтарына төзіп, қасқия қарап тұрғандығы деп түсіндірді. Бір біріне сүйене біткен бұл екі тастың ұзындығы – шамамен 10 метр. Ортасы ұзын қуыс екі тас яғни «ата мен ана» «жастық тас» арқылы бір-бірімен «бас түйістірген». «Атаға» ер адамдар қол беріп амандасуы керек. Ер адамның қолы жетерлік жерде бес саусақтың табын Тәңірінің өзі оймыштаған. Жас балалардың қолы жетпейтіндіктен көтеріп тұрып сәлем бергізеді. Ал әйелдер мен қыз балалар тәжім етіп, сәлем салады. Ананы барлығы құшақтап сәлем береді. Ананың сол жақ бетінде төрт сызық арқылы бөлінген ойық бар. Оның да өзіндік мәні бар екен. Ана тастың осы бір бірнеше бөлігіне жасалар рәсімдерден соң «ата мен ананың» ортасындағы қуыстан өту керек. «Атаның қолтығы» атты аса ұзын емес тесіктен де өтуге болады. Онда да денелі ер адам сыярлықтай тесік бар. «Ата мен ананың» ортасындағы шұбама қуыс жолдың ені – шамамен 40-60 см, ұзындығы жоғарыда айтқанымыздай, он метрге жуық болар. Кей тұстары тым жіңішке. Ал кей тұстары еркін өтерліктей кең. Осы тар қуыспен өтіп келе жатып апалақтап, сасқалақтаған кейбір адамдар не ары не бері өте алмай, кептеліп қалады. «Күнәһар жандар өте алмай қалады екен!» - деген аңыз лақап тараған жер осы. Өте алмаймын-ау дегендер өтпей-ақ қоюына болады. Осы екі тастан төменірек «ана құрсағы» атты тас бар. Баланы анасы бер жағынан кіргізіп, әкесі арғы жағынан күтіп алады екен. Бір толық денелі баланың әлгі қуыстан өтіп шыққанына куә болдық.

 

Жоғары көтеріліп «жаңару тасына» өзімен алып жүрген заттарды қою рәсімі жасалады екен. Мұның себебі, біреуден алған ескі үйлер мен көліктердің, оқу бітірген куәліктер мен дипломның жаман энергиясы болса, барлығы осы тастың үстіне қойса тазарады делінеді. «Түйе тас», «қой тас», «тазы тас» дегендей қасиетті делінген тастар көп-ақ. Бұл айтып отырғанымыздың бәрі ислам жолын құран бойынша берік ұстаймын дейтін мұсылманға бидғат, ширк саналуы күмәнсіз. Дегенмен, сонау бағзы замандардан бері біздің халқымызбен бірге жасап келе жатқан тарихи дәстүрлі таным-түсінікті мансұқтасақ кім боламыз дегенді де ойлағанымыз жөн болар деген ойдың жетегінде Ғайып Ерен Қырық Шілтен күңгейінен түсіп келе жаттық.

 

Ең соңында сарқырай аққан мөлдір бұлақтың суынан шөл қанғанша ішіп, аздап демалған соң терең өзектен өтіп, шырақшымен қош айтысып, қақпадан шығып, Сайрамға қарай бет алдық. Сайрамнан Шымкентке барған соң сәтті сапардың ендігі таныс бөлігіне – үйге қарай ат басын бұруға көштік. Түнде жүргендіктен, ары-бері жалғыз қатар жолда мимырттап жүріс өнбейді-ақ. Ұзыннан-ұзақ шұбатылған жүк машиналарын басып өтіп кету мүмкін емес. Шыдау керек. «Асықпаған арбаға мініп қоянға жетеді» демекші, асықпай, мүмкіндігі шыққанда ғана басып озбасаңыз, қарсы алдыңыздан шыққан көліктің табанында мыжылып қалуыңыз әбден мүмкін. Мұны жолда көзімізбен көрдік те. Бішкек пен Алматыға баратын көліктердің жолайрығына жеткен соң «уһ» дейсіз. Енді қоңыр салқын төске алып зымырай беруге болады.

Осылайша, 3700 шақырымға созылған сапарымызды аяқтап Астанаға аман-есен оралдық. Қазақ даласының шетсіз-шексіздігіне, онда өмір сүретін қонақжай халықтың бірегейлігіне әрі өзіндік тұмыстық ерекшелігіне көз жеткізгіңіз келсе, көлігіңізбен батысқа немесе шығысқа, солтүстікке әлде біздің осы жолғы сапарымыздағыдай оңтүстікке тартып кетіңіз. Өкінбейсіз.

 

2007 жыл.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?