
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай, 2025 жылдың 14 ақпанында «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ Ғылыми кітапханасының Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қоры «Отанды қорғау – азаматтық борышың» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Дәстүрлі түрде өтетін іс-шара аясында «Ауған соғысы: тарих және тағылым!» тақырыбындағы студент жастардың патриоттық рухын көтеру, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін насихаттау және бейбіт өмірдің құндылығын бағалауға баулуды мақсат еткен эссе байқауы қорытындыланды.

Байқауға еліміз бен шетел студенттерінен елуден аса студенттен эссе келіп түсті. Байқауға ұсынылған эсселер негізінен талапқа сай, мазмұнды жазылған. Әділ қазылар алқасы өз ойын нақты деректер мен статистикалық мәліметтер негізінде жүйелі баяндап, ой-түйін жасаған мазмұнды, сауатты әрі байқау талаптарына сай жазылған эсселер іріктеп, байқау қорытындысын жариялады. Жүлделі бірінші орын – Нұржігіт Данаға, екінші (2 орын) орын – Рамазан Балжанға, Жақсылықова Мерейліге, үшінші (3 орын) орын – Тасболат Мерекеге, Қанат Дастанға, Секей Алмаға беріліп, он үш студент «Алғыс хаттармен» марапаттауға ұсынылды.
Байқау жеңімпаздарын Ауған соғысының ардагерлері Алдажар Сейітұлы, Қайрат Елубаев, Кенжебек Омаров, Бақытжан Оразалиев және осы жолдардың авторы, тарих ғылымдарының докторы Данагүл Махат марапаттады.
Біз «Ауған соғысы: тарих және тағылым!» тақырыбындағы эссе байқауы жеңімпаздарының шығармаларын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
АУҒАН СОҒЫСЫ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМ
Ауған соғысы, немесе кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы әскери іс-қимылдары, тек тарихи оқиға ғана емес, ол әрбір қазақтың жүрегінде терең із қалдырған, ұрпақтарға ой салар, қайғылы тағдырлармен өрнектелген кезең. Менің әкем екінші Ауған соғысының ардагері болғандықтан, осы соғыс туралы ойланғанда менің көз алдымнан оның айтқан әңгімелері, соғыстан кейінгі тыныштықта ішіне жинақталған ауыр жүк және кеудесіндегі қайғыға толы әңгімелер келеді. Мен үшін бұл тек тарих емес, ол – шын өмір, шын қасірет, шын арман мен үміт.
Екінші Ауған соғысы Кеңес Одағының әскерінің 1979–1989 жылдары Ауғанстанға араласуы нәтижесінде басталған еді. Бұл күрес тек әскери айқас қана емес, сонымен бірге мәдени және психологиялық соғыс болды. Әрбір жауынгердің жүрегінде соғыс алаңының бітпейтін дауылымен үзілмей қалған үнсіздік, қайғы мен өкініштің қап-қара тұманы тұрды. Әкемнің айтуынша, Ауған жерінде барлығы да біртүрлі: табиғаты да, адамдардың мінезі де, тіпті өздері барған мақсат та бөлек. Соғыстың өзі де, тыныштық та тек араб тілінде сөйлейтін жергілікті тұрғындардың қасиеттеріне сәйкес болды.
Әкемнің жанындағы әрбір адам сол соғыста әртүрлі тағдыр кешкен. Бірі ерлігімен есте қалды, бірі жүрегімен ауыр жараланды. Кейбіреулер соғыстан оралса да, оның жан дүниесі айықпас жарақаттармен оралды. Соғыстағы шынайы жау – арандатушылық емес, бұл жерде адамның өзіндік ішкі әлемі, оның рухы мен сенімі сынға түсті. Әкем әрқашан айтып отырады: «Ауғанстан – менің өмірімдегі ең ауыр кезең. Бірақ мен сол жерде көп нәрсені үйрендім: өмір мен өлімнің мағынасын, батырлық пен қорқынышты, адалдық пен сатқындықты. Бір ғана нәрсе өзгермеді – менің үйіме оралуым, мен ешқашан бұрынғыдай болмай қалдым».
Сол кездердегі қиындықтар, қателіктер мен ашықтықтар бүгінгі күнге дейін біздің жадымызда сақталады. Әрбір екінші ауған соғысының ардагері, соғыстың құрбаны болып, ата-аналарымызға, қоғамға оралған кезде, тек ауыртпалықпен емес, сонымен бірге психологиялық жаралармен оралып жатты. Олар өздерінің бастарынан өткізген оқиғаларымен бөлісуге дайын емес, бірақ сол ауыртпалық олардың жүректерінде мәңгілікке сақталып қалады. Бұл бейбіт өмірдің әдемілігі мен ащылығын түсінуге көмектеседі.
Ауған соғысы тарихы біздің жадымызда тек әскери операциялардың есебінен ғана емес, сондай-ақ біз үшін маңызды сабақтар қалдырғанын түсінуіміз керек. Әкем әрқашан: «Соғыс – бұл адамның ішіндегі қараңғылықты ашатын орын. Ол не сені жарыққа, не тығырыққа жетелейді. Бірақ егер сен сол жолдан өтіп, ақиқатқа көз жеткізсең, онда өмірің өзгеріп кетеді», - деп айтатын. Бұл сөздер соғыстың өзінен маңыздырақ – олар рухты қайта түлеу, адамгершілікті сақтау туралы еді.
Ауған соғысы туралы сөз қозғаған кезде, мен тек әкемнің тарихын айтып қана қоймаймын, мен сол кездегі әрбір сарбаздың, әрбір қазақстандық жауынгердің жүрегіндегі қасіретті, болашаққа деген үмітті көріп тұрмын. Бұл соғыстан бізге қалған басты тағылым – бейбітшілікті бағалау, әрбір сәтті қадірлеу, ұрпақтан ұрпаққа жететін сол қасіретті ұмытпау. Әкемнің жүрегінде қалған ауыртпалық, менің өзімнің жүрегімде де бар, бірақ мен оны тек құрметпен еске аламын және оны болашаққа жеткізуге міндеттімін.
Ауған соғысы – бұл тарих емес, бұл тағдыр. Иә, тарих біздің өміріміздің бір бөлігі болып қалары анық, бірақ егер оны тек тарих ретінде қабылдасақ, онда біз сол соғыстың сабақтарын ұмытамыз. Әкемнің соғыстан кейінгі айтқан сөздері менің өмірімде әрқашан бағыт-бағдар бола отырып, мені болашаққа деген жауапкершілікпен қарайтын адамға айналдырды. Өйткені, бұл соғыс әрқайсымызға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуі тиіс маңызды бір тағылым қалдырды: тек бейбіт өмірдің қадірін білу.
Дана Нұржігіт
БАТЫЛ, ӘРІ ЕҢБЕКҚОР АТАММЕН МАҚТАНАМЫН
Адамзат үшін дүниедегі ең қасіретті сөз — соғыс. Бес әріп болса да, ананы баласынан, азаматтарды елінен, елді берекесінен айыратын бұл сөздің артында қанша мағына жатыр. Кеңес Одағы кезіндегі 1979–1989 жылдар тарих беттерінде қасіретті жылдар болып қалды. Себебі 1979 жылы 27 желтоқсанда Кеңес Одағы Ауғанстанға өз әскерін кіргізген болатын. Сол соғысты өз көзімен көрген, майданның ортасында болған, менің есімімді қойған батыр жан жайлы айтқым келеді. Ол менің атамның інісі — Айтхожаев Асқар Болатұлы.
Айтхожаев Асқар Болатұлы 1968 жылы 26 мамырда Қарағанды облысы (қазіргі Ұлытау облысы) Жезді ауылында, әкесі — геолог, анасы — мұғалім отбасында дүниеге келген. Үйінің 5-перзенті. Анасынан 1 айға толмай айырылып, менің атам — Айтқожаұлы Рамазан мен әжемнің қолында өседі. 1975–1983 жылдары Ордабасы 8 жылдық мектебін, 1983-1985 жылдары Бадам елді мекеніндегі С. Сейфуллин мектебін бітіреді. 1985–1986 жылдары Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы) Бөген ауданы (қазіргі Ордабасы ауданы) Киров савхозында жұмыс істеп, 1986 жылы Жезқазған қаласындағы Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түседі. 1987 жылы мамыр айында әскерге алынып, Отарда әскери дайындықтан өтеді. Әскери әуе десанттық барлау бөлімі құрамында Ауғанстанның Кандагар провинциясының «Лашгаргах» деген жерінде әскери борышын өтейді. Атамның айтуынша, соғыс ортасында жүріп, елмен аман қауышуды ойлау — бақыт сыйлайтын, жеңіске жетелейтін ой болыпты.
1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскері Ауған жерінен шығарылды. Ал Асқар атам өз әскери борышын Ленинградтың Каменка атты жерінде жалғастырды. Әскерден соң оқуын тәмамдап, шахтада жұмысын бастаған. Әрі қарайғы еңбек жолын Рудниктің директоры (Рудник Анинск), «Қазақмыс» корпорациясына куратор болып жалғастырған. Қазіргі таңда 2 ұл, 1 қызы бар. Мен осындай батыл, әрі еңбекқор атаммен мақтанамын.
Ауған соғысы — тарих, сол тарихты ұмытпай, батыр тұлғаларымызға тағзым жасау біздің ұрпақтың борышы.
Сөз соңында:
Болмасын, болмасыншы ендігәрі,
Қайғыру, көңіл айту, аза тұту.
Рамазан Балжан
ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІ ҰЛЫҚТАУ
(Эссе деректік стильде)
Ауған соғысы – ХХ ғасырдың ең қасіретті беттерінің бірі. 1979-1989 жылдар аралығында Кеңес Одағы мен ауған моджахедтері арасында орын алған бұл соғыс тек әскери ғана емес, саяси, әлеуметтік және рухани тұрғыдан да ауыр зардаптар әкелді. Қазақстаннан 22 мыңнан астам жауынгер майданға аттанып, олардың 761-і туған жеріне оралмады. Бұл шайқасқа қатысқан әр сарбаз от пен оқтың ортасында жүріп, жанқиярлық танытты. Бұл оқиғаның тарихын білу – өткеннен сабақ алу. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін насихаттау, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру – біздің ұрпақтың борышы.
Ауған соғысы Кеңес Одағы үшін «интернационалдық көмек» деген саяси айдармен басталғанымен, шын мәнінде мыңдаған бейбіт тұрғын мен сарбаздың өмірін қиған қасіретті қақтығыс болды. Кеңес әскеріне жүктелген міндет – ауған үкіметіне әскери қолдау көрсету болса да, қарапайым жауынгерлер үшін бұл тапсырма өмір мен өлімнің арпалысына айналды. Осы соғыстың тарихи мәнін зерттеуде ғалым-журналист Біржан Белғараның еңбегі ерекше. Оның атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қорын да атап өткім келеді. Атаулы қорда соғысқа қатысқан жауынгерлердің естеліктері, шынайы деректер жинақталған. Қордағы кітаптар мен деректер ауған соғысы тақырыбын терең зерттеп, ардагерлердің естеліктерін жинақтауда да маңызды.
Ауған соғысының ардагері Біржан Белғараның зерттеулері жас ұрпаққа бұл соғыстың шындығын жеткізуге, өткеннің тағылымын дұрыс түсінуге үлкен үлес қосуда. Ауған соғысы жауынгерлердің қайсарлығын көрсетті, бірақ сонымен қатар бейбітшіліктің баға жетпес құндылық екенін ұғындырды. Бейбіт таңның атуы, тыныш өмір сүру, болашаққа алаңсыз қадам басу – осындай зұлмат соғыстардың сабақтары. Жастар тарихты білу арқылы өткеннің қателіктерін қайталамауға, өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарауға үйренеді. Оның зерттеулері соғыс туралы шынайы ақиқатқа көз жеткізуге мүмкіндік береді. Тарихтың бұл ауыр кезеңі бүгінгі ұрпақ үшін тек архив парақтарында ғана емес, ардагерлердің жүрегінде жазулы. Ауған соғысы тарихын зерттеу және оны болашақ ұрпаққа жеткізу ісінде көптеген ғалымдар мен журналистер еңбек сіңірді. Солардың бірі – ғалым-журналист Біржан Белғара.
Ауған соғысының қасіреті – бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін тереңірек түсінуге себеп. Бұл тарих тек сарбаздардың майдан даласындағы ерлігі ғана емес, сонымен қатар туған жерге деген сүйіспеншілік пен бейбіт өмірдің маңызын көрсететін ұлы сабақ.
Жастарды осы тарихқа үңілуге шақыру, ерлік пен елдікті ұлықтау – біздің міндетіміз. Ауған соғысы ардагерлерінің жанкешті еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Себебі – «өткенін ұмытқан халықтың – болашағы бұлдыр».
Жақсылықова Мерейлі
АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ АЛҒЫС АЙТЫП ЖҮРЕЙІК
Кейде қолда бардың қадірін түсіну адамға қиын соғады екен. Біз үшін күнделікті өмір – басқаларға армандаған күн болуы мүмкін. Бейбіт өмір сүрген, қиындықты көрмеген адам жер басып жүргеннің қандай бақыт екенін байқамай өмір сүріп, өмірден тыныш өтіп кеткені, әрине, өкінішті. Жерде жатқан тас, жайқалып өскен гүл жер астында солдаттардың ұзақ жатқанына кінәлі ма? Есімсіз жауынгерлер. Танымсыз жауынгерлер. Өте көп жауынгер…
Бірақ бір кездері олардың да болды анасы, болды отбасы, естеліктер, достары мен панасы. Ол кезде олардың аты аталған, сағынышпен, сезіммен. Анасы ұлын еміреніп, махаббатпен өсірген. Өсе келе болды оларда махаббат та, асыл жар. Ғашық болды, сүйді, қиды, махаббаттан баз кешті. Үйлі болды, балалы болды, бірақ неге?.. Елі үшін ауыстырған осыларды – батыл жан!
Ал олардың үстінде гүлдер шығып, қайта солып, одан биік анау көкте Күн талай шығып, талай батып, күн мен түн талай ауысқан. Бір-бірімен жарысқан. Әр аққан суының бір тамшысы олардың аққан қанындай, жылдам-жылдам жүгіреді, жердің тамырындағы қанындай. Күн астында бүркіт ұшып, жерде киік жүгірген. Самал желмен жарыса бір топ бала ойнаған, ал олардың жүздерінде күлкі пен нұр ойнаған. Кейін жауар, ақ қар, олардың ақ ниеті. Ал өздері қалар тағы суықта, ішіне жиып мұң. Мүмкін асты жердің суық, тірі жар жатып көріп пе? Мойындайын, ыстық маған аязы да елімнің, туған жерімнің. Әр шаң-тоңаз бағасы ауыр алтыннан, әр бұтақ, тамшы, жел болсын бәрі қымбат мен үшін. Көре алмай кетті оны жер астында жатқандар, жер астында жатқандардың есімінде салмақ бар. Себебі, олар елі мен жері үшін өз жанын қиып-баққандар. Ал қасында бұл ақ кісілердің қара болар елін сатқандар.
Ауған соғысына қазақтан жіберілген 22 мың жауынгерлердің бірінің есімі белгілі болса, біреуінікі беймәлім. Қанша жүрегі жаралы әйел мен бала жүрегін артында қалдырып, өз жүрегін еліне берген ардагерлер. Сол аудан соғысынан 761 жауынгер қаза тауып, 21-і іс-түссіз жоғалған. Қазіргі уақытта елімізде 10 мыңдай сол соғыстан оралған ардагерлер бар. Оның 3000-ы мүгедек. Иә, мүгедек… Бір кездері 12 мүшесі сау болған, қазақ десе қаны қайнап тұрған ерлер соғыс зардабынан осындай күйде. Олардың тірі көзін көру, бар екенін білудің өзі бақыт. «Ауғандық ардагерлер қоғамы өкілдерінің сөзінше Кеңес заманында мемлекет тарапынан бұларға айтарлықтай көңіл бөлінді. Ал қазіргі кезде аталмыш жеңілдіктерден мүлдем алынып тасталды. Елбасының 1998 жылдың 28 сәуірінде шыққан жарлығы аталған жандарға берілетін қаржылық көмектің мөлшерін анықтап берді. Бүгінде ол 2 мың теңгеден сәл ғана асады» – деп ақпарат көздері айтқандай, олардың қазіргі елдегі жағдайы осындай. Ауған соғысының ардагерлерінің ерлігі көңілден еріп кеткені ме?
10 жылға созылған Ауған соғысының ардагерлеріне алғыс айтып жүрейік. Соғыстың тынышы да, қаттысы да жаман. Ал соғыстан қазақ елінің ұрпақтары алшақ болсын, соғыс болмасын, соғыс жетерліктей болды, сол заман адамдарының жүрегін тіліп-тіліп, қансыратып, терең із қалдыра, ауыр тыртық қалдырды. Әр күнімізді бағалай білейік. Кейде қолда бардың қадірін түсіну адамға қиын соғады екен…
Тасболат Мереке
ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ – БОЛАШАҚҚА ҚҰРМЕТ
Адамзат өз даму соқпағында талай жанның тағдырын жалмап, өмірін қиған небір жантүршігерлік соғыстарды басынан өткерді. Ол жанжалдар кез-келген мемлекеттің басты мүддесі тыныштық пен тұрақтылыққа негізделуі тиіс екенін дәлелдейді де, тарих беттеріне қантөгіс кезеңі ретінде жазылып, сұрапыл салдарларымен санада жаңғырып отырады. Міне, өткеніміздің осындай қаралы қалтарыстарының бірі он жылға созылған Ауған соғысы болып табылады
1979-1989 жылдар аралығында орын алған бұл қақтығыс Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттарының өзара бәсекелестігінен туындаған. Ірі державалардың қарулы күштерінің Ауғанстан аумағына шоғырлануы жаһандық маңызға ие мәселеге айналады. Аталған кезеңде қазақ жерінің КСРО құрамында болуы оның да соғысқа тартылуына алғышарт болған еді.
Кеңестік қызыл әскердің сапында жат жерде жүріп жанкештілікпен соғысқан қазақ жауынгерлері ерлік пен өрліктің баламасыз үлгісін көрсете алды. Майдан даласындағы түрлі дағдыларға қаныққан ұлт мақтаныштары өздерінің алғырлықтары мен өжеттіліктері арқасында көзге түсіп, осы қасиеттері есебінен түрлі әскери топтардың басшылық лауазымына дейін көтерілді. Баспасөз органдары қазақ жауынгерлерінің жеңіске деген жігерін жарыса жазып, оларды қақтығыстағы басымдықтың кепілі ретінде қарастырды
Қазіргі күнде қан майданға аттанған жиырма екі мың қазақ ұлтының өкілінен он мыңға жуығының көзі тірі. «Тірі аңыздар» өздері бастан кешкен қым-қуыт кезеңді жиі ойларына алып, тағылымға толы естеліктерімен бөліседі. Әсіресе, майданнан соң журналистикамен айналысқан Біржан Белғара өзінің «Жетпіс жетінші жылғы жесір», «Ақ өлім» әңгімелерінде соғыс зардаптарын, сол тұстағы әлеуметтік өмірді ашып көрсеткен. Әлбетте, осындай естеліктер арқылы буыны бекімеген болашақ ұрпақтың санасына ұлтжандылық, отансүйгіштік құндылығының даритыны анық
Сондықтан аталмыш соғыстың барша ардагерлері атақ-даңққа бөленіп, есімдері ел есінде мәңгілік жаңғыруға міндетті. Өзім әскери қызметші ретінде, және ел ертеңі тарихсыз бұлыңғыр екенін ұғына өскен жас ұрпақ ретінде, елі үшін ерен еңбек етіп, кеудесін отқа тосқан ата-бабамызды мақтан ету – біздің парызымыз! Ол жандарды үлгі тұтқан өскелең ұрпақтың ертеңгі күні ел жүгін арқалай алатын абзал азамат болып өсетініне кәміл сенімдімін. Тарих қалдырған дәріс арқылы болашағымызды бағдарлау – мемлекет дамуының басты бағытына айналуы қажет.
Қанат Дастан
АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ ЕРЛІГІН ҰМЫТПАЙЫҚ!
Мен, Секей Алма, Еуразия ұлттық университетінің студенті, бүгінгі «Ауған соғысы: тарих және тағылым» тақырыбына арналған эссемде өткеннің ауыр сәттерін еске алып, соғыстың бүгінгі ұрпақ үшін қандай сабақтар қалдырғанын талқылағым келеді. Өзім үшін бұл тақырып ерекше маңызға ие, себебі Моңғолияда дүниеге келіп, бала кезімнен тарихи тағдырлар жайлы тыңдап өстім. Әрбір ұрпақ өз тарихын ұмытпай, ата-бабаларының ерліктерінен тәлім алып, оны болашаққа жеткізуге міндетті деп білемін. Әсіресе Ауған соғысына қатысқан азаматтардың қайсарлығы мен өмір жолы біздің болашағымызға зор сабақ болып табылады.
Ауған соғысының жүректерде мәңгі қалатын ауыртпалықтарын, оның адам жанына салған жараларын өз өлеңімде бейнеледім:
Қырық бесте, қанды қырғыннан,
Қазақтың қалған жұрнағын.
Ауғанға айдап, қырғызған,
Батырып тағдыр тырнағын.
Тырысып тағы намысқа,
Қорғады Қазақ баласы.
Жалғызын беріп соғысқа,
Зарлады жетім Анасы.
Жан жарын беріп майданға,
Зар жылап қалды жесірлер.
Қаншама боздақ Ауғанда,
Ескерусіз кетті есілдер?!
Түндерге айтып «гөй-гөйін»,
Бала қып тасты мәпелер.
Жынданып кетті-ау, қайтейін,
Жалғызын күткен тәтелер?!
Ауғанның сонау түбінде,
Бір аяғы қалған, мүгедек.
Айтады атам бүгінде,
Соғысқа сол бір «лағнет!»
Моңғолияда тұрсам да, менің бала кезімнен жүрегімде Қазақстанға деген ерекше сүйіспеншілік болды. Ата мекенде оқуды арман еттім, ал сол арманым орындалып, Еуразия ұлттық университетінің студенті атануым мен үшін үлкен мәртебе.
Осында білім ала жүріп, тарихи тақырыптарға деген қызығушылығым арта түсті. Соның ішінде Ауған соғысының тағылымдарына үңілу ерекше маңызды болды. Бұл тақырыпты зерттей отырып, бейбіт өмірдің баға жетпес құндылығын түсіндім. Соғыстың қасіреті тек бір ұрпаққа ғана емес, оның салдары келер ұрпақтарға да әсер етеді. Сондықтан бейбітшілікке, тыныш өмірге ұмтылу әр азаматтың міндеті деп есептеймін. Сол кездегі Кеңес үкіметінің сұрапыл саясатының және қанды соғыстың жазықсыз қара халыққа тигізген зардабы әлі күнге дейін көңілге ызғарлы желдей тиеді. Бүгінгі ұрпақ бейбітшіліктің бағасын түсініп, өткеннің қасіретіне назар аударып, ертеңгі күнге үмітпен қарап, өз елі үшін қандай да бір жақсылық жасауды мақсат етуі тиіс. Бізге осындай тыныштық сыйлаған ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, бейбіт өмірді сақтап қалу – біздің ұрпақтың басты парызы.
Алма Секей
тарих ғылымдарының докторы Данагүл Махат