Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кер заман. Кеткен есе

1528
Кер заман. Кеткен есе - e-history.kz
Қазақстанда «Кіші Октябрь» революциясын жасауды қолға алған Голощекин өзімбілермендік ұрда-жық саясатын іске асыру үшін өзіне қарсы тұра алатын ұлт қайраткерлерін саяси биліктен ығыстыруды көздеді

Билік басындағы ұлтшыл қайраткерлерден С. Қожанов Мәскеуге оқуға, С. Садуақасов Ташкентке Қазақ ағарту институтына директорлыққа, Н. Нұрмақов Орталық басқару аппаратына сыпайы түрде «шығарып салынған» болса, Ж. Мыңбаев, Ы. Мұстамбаев, және т.б. көптеген ұлт коммунистері бір қызметтен екінші қызметке «сырғып» отырды. Өзіне қарсы келетін ұлт қайраткерлерінен осындай жолдармен «құтылған» Голощекин ұжымдастыру науқанына білек сыбана кірісті.

1929 жылы Жаңақорған аудандық партия ұйымының басшылығына бұрын Сырдария округі Бадам аупарткомында хатшы болып жұмыс істеген Қилыбай Көсеубаевтың келуі жағдайды түзей қойған жоқ. Оның алдында тұрған үлкен міндет – аудандағы ұжымдастыру науқанын тез арада аяқтау болды.

Мемлекеттік жоспар бойынша аудандағы ұжымдастыруды 1932 жылдың соңына дейін аяқтау белгіленген болатын. Осы кезеңде ұжымдастыруды тез аяқтау үшін аудандардың, округтердің арасында бәсеке жарыс орын алды. Ол бәсеке жарысты Өлкелік комитеттің өзі қолдап отырды. Науқанды тез арада, ұйымшылдықпен аяқтағандардың атына басшылық тарапынан мақтау, марапаттау айтылып жатты. Осындай атан жарысқа қосылған аупартком хатшысы Қ. Көсеубаев ұжымдастырудың еріктілік принципін аяққа басып, науқанды мерзімінен екі жыл бұрын аяқтауға қол жеткізді. Сол кезде Жаңақорғанда пайда болған 30-ға жуық колхоздың бәрі де әкімшілік жолмен асығыс ұйымдастырылғандығын архивтік құжаттар айғақтайды. Экономикалық әлеуеті әлсіз Екпінді, Елтай, Майшы, Тақыркөл, Жаңаарық, т.б. колхоздар алғашқы кезде жоғарыдан берілген тым көтеріңкі егін егу жоспарын орындай алмады. Өйткені, жерді өңдеуге күш-көлік, егін егуге тұқымдық астық жетіспеді. Осындай қиындықтардан көптеген колхоздар ұйымдаспай жатып тарап кетіп жатты.

Советтік тоталитарлық биліктің ХХ ғасырдың 20-30 жылдары халық шаруашылығының міндеттерін іске асыруда қолданған ең басты жұмыс әдісі – мобилизациялау деп айқындалады. Оның мәнісі кез келген шараны іске асыруды науқанға айналдырып, халықты да, билік органдарын да соған жұмылдыру болатын. Осы жұмыс тәсілі негізінен қорқыту, үркіту, қысым жасау, жазалау сияқты террорлық әдіс-тәсілдерге жүгінгендіктен де белгілі бір науқанды атқаруда алғашқы кезде өз нәтижесін беретін. Бірақ террорлық әрекеттер күшейген сайын, науқандардың әлеуметтік-экономикалық дамудың заңдылығына сыймайтын даңғазаға айналуынан ол тәсілдің тиімділігі азая берді. Соның бір ғана мысалы, күштеп ұйымдастыру мен отырықшыландырудың барысында жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен колхоздардың қалай тез құрылса, солайша тез тарап кетуі. Осы жылдардағы ет және астық салығы да жұмылдырушылық жұмыс тәсілінің барысында көшпелі шаруашылықтарды шын мәнінде тақырға отырғызды. Нәтижесі – ашаршылық, салдары – туған мекенін тастап, ауа көшушілік.

Ашаршылық алқымнан алып тұрған кезде, яғни 1931 жылы ауданға әрі заң, әрі агроном мамандықтарын қоса меңгерген, Жаңақорған ауданының тумасы Әбсұлтан Ержігітов келіп, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары әрі жер бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Сонымен бірге ол өлкелік ұжымшарлар одағы аудандық комитетінің төрағасы қызметін де қоса атқарды.

Бұған дейін Әбсұлтан Ержігітов Түркістан уездік партия комитеті мен атқару комитетінің жауапты хатшысы болды. Сырдария губерниялық сотында, Қазақ АССР Орталық Сауда басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Жаңақорғанға келер алдында Қызылорда округтік атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Ә. Ержігітов ауданға келісімен ұйымдастыру жұмыстарын шұғыл қолға алады. Сол кезде егілуге тиісті жер 6500 га болса, ал қолда бар тұқым небәрі 2500 гектарға ғана жететін еді. Осы жағдайға қаныққан ол аудан активтерін жинап алып, хал-жағдайды халыққа ашып айтып түсіндіруді тапсырады. Соның нәтижесінде тұқым жеткілікті жиналып, жоспарлы егін толық егіліп, бидайдан ойдағыдай өнім алынады. Сол жылы ауданда 2820 га мақта егіліп, мақтадан ауданның абыройы арта түсті. Ә. Ержігітов кезінде Жоғары партия мектебін бітірген, Ташкентте рабфакті тәмамдаған. Советтердің бүкілқазақстандық VІ, ІХ съездеріне делегет болып қатысқан.

1931-1932 жылдары ашаршылықтың ауыр зардабын бастан кешірген Сыр өңірінде егіншілікті дамытуға деген бетбұрыс 1933 жылдан басталды. Бұл бетбұрыс 1929-1932 жылдары жалаң ұрандармен құрылып, жалаңаш энтузиазммен жұмыс істеп жатқан колхоздардың экономикалық қуатын арттыруға бағытталды. Ең бастысы колхоздарға мемлекет тарапынан қаржылай, материалдық және техникалық көмек көрсетіле бастады.

Жаңақорғанда ауылшаруашылығын өндірістік негізде дамытудың бірден-бір жолы егістік жерлерді суландыру еді. 1933 жылы аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде күріш орағы және мемлекетке астық тапсыру қорытындылары арнайы қаралып, жоспардың орындалмау себептеріне талдау жасалған. Күріш алқаптарының аздығы, суландыру жүйелерінің тозығы жеткендігі көзге ұрып тұр еді. Мәселенің шешімі – суландыру жүйелерін жаңалау, жаңадан арықтар қазып, жаңа егіс алқаптарын игеру екендігі айқын.

Бұндай құрылыстарды жүргізуде жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге ған қаржы қаралған. Басқа шығындарға қаржы бөлуге үкіметтің ниеті болғанымен мүмкіндігі жоқ еді. Демек, партиялық билік Сыр бойындағы ауылшаруашылығын дамыту шараларын іске асыруда жұмылдырушылық тәсілге жүгінгені байқалады. Жұмысшыларға жалақы берілмейді, қарапайым тұрмыстық жағдайлар жасалмайды, тек қана еңбекақы ретінде азық-түлік беріледі. Патша өкіметінің жерге таңылған крепостной шаруалары сияқты колхоздарға мүше болып енген шаруалар амал жоқ еңбек міндеткерліктерін өтеуге мәжбүр болады.

Колхозға кірмегендердің жайы – қоғамнан барынша оқшауланған «жеке тұр» хал. Қорқытып-үркіту, жер аудару, тиесілі салық мөлшерін арттыру арқылы азаматтық құқы аяқасты етілгендердің аянышты халі еңбек міндеткерлігінен бас тартқан колхозшылардың «көппен көрген ұлы той» деп ауыр бейнеттің қамытын киюіне итермелейді. Әрине, бұлар мәселенің сырт көрінісі. Бірақ осындай жанқиярлық ауыр бейнет өз болашағы үшін жасалып жатқанын халықтың санасына сіңіру, халықтың бойындағы ертеңгі жарқын болашаққа деген сенімді ояту аз шаруа емес. Ертеңгі күнге нық сенім көңіліне ұялаған адам ғана жанқиярлық ерлікке бара алады. Партия ұйымдары алдында тұрған міндет ендігі кезекте осындай нақты мәселелермен алмастырылды.

«Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын», «Қаптың түбін қақ, қажетті астықты тап» деп ұрандатқан сауатсыз, ұрда-жық белсенді қазақ аштықтың ащы дәмін татқан соң оң-солына қарап, алды-артын бажайлай бастады. Қалың бұқара арасында жүргізілетін үгіт-насихат және тәрбиелік жұмыстар осылайша социализм идеясына берілген жаңа тұрпатты қазақты қалыптастыруға жұмылдырылды. Бұл міндеттер партия, совет, комсомол кәсіподақ ұйымдары қызметінің басты мәніне айналды. Билік басына Л. Мирзоян келгеннен кейінгі кезеңдегі Е. Алтынбековтың қызметінің сипатын осындай жұмыс бағытымен байланыстырамыз. Белгілі дәрежеде бұл бағыт нәтиже бере алды. Оған мысал ретінде Жаңақорған ауданында Е. Алтынбековтың басшылығы кезінде, яғни 1933-1937 жылдары аралығында күйзелген, аты бар да заты жоқ колхоздардың ірге бекітіп, ауыл шаруашылығымен өндірістік негізде айналысуға қабілетті жаңа тұрпатты шаруашылықтар болып қалыптасуынан көрінеді.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?