Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шоқан Уәлиханов

Шоқан Уәлиханов - e-history.kz
Аты Шоқан Уәлиханов
Туған күні 1835
Туған жері Қостанай облысы
Қайтыс болған күні 1865
Қайтыс болған жері Алматы облысы
Қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, аудармашы, тілші, саяхатшы.

Шоқан 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекетінде қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ордасында (қыстауында) атақты, аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Шоқан балалық шағын Құсмұрында өткізді, кейін әжесі Айғанымның тәрбиесінде (қазіргі Солтүстік облысы) де болған. Шоқан ерте есейіп қалып, рухани ілімді барынша меңгерген.

1847 жылы 12 жасар Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсті. Шоқанның терең білімдері мен ұзақ сақталатын ес, еңбекқорлығы, жоғары моральдік мінез-құлығы оқытушылардың назарынан тыс қалмады. Шоқан тарих, жағрапия мен шығыс философия пәндерін тез оқып кеткен. Шоқанның дамуына әдебиетшісі мен шығыс зерттеушісі Н. Ф. Костылецкий мен тарих мұғалімі В.Гонсевский ықпал еткен. Кадеттік корпуста оқығанда, Шоқан Уәлиханов белгілі ғалымы Г. Н. Потанинмен кездесіп, олар өмір бойы достар болып кеткен. Жас Шоқан Уәлихановтың білгірлігі, шығыс әдебиетін жақсы білуі С. Ф. Дуров, П. П. Семенов-Тян-Шанский, Н. М. Ядринцев жоғары бағалаған. Шоқан орыс жазушысы Ф. М. Достоевскиймен жақсы қарым-қатынаста болған. Ф. М. Достоевский мен С. Ф. Дуров омбылық бекіністе айыбын өткен.

1847 ж. күзде 12 жасында Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсіп, 1853 жылы 18 жасында бітіріп, корнет деген офицерлік атақ алған.
Шоқан Уәлихановтың қоғам мен әдебиет саласындағы қызметі оқудан кейін басталды. Ресми құжаттар бойынша ол 6-ші кавалерия полкінде (Сібір әскері) қызмет еткен, алайда шын мәнінде ол Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында қалып, бір жылдан кейін генералы Гасфорттың адъютанты (бастықтың тапсырмаларын орындайтын офицер) болып тағайындалды. Генералы Гасфорт сол кезде Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс жерлерін басқарған. Басты Басқару жүйесі бойынша оған ерекше тапсырмалардың офицері деген атақ берілген.
Өз Отанына қызмет етуге ынтасы жоғары Шоқан ерінбеген.1854–1857 жылдары Шоқан ұлы жүз қазақтарының және қырғыздардың буғу, сарыбағыш және солту руларының Ресейге бейбіт жолмен қосылуы туралы мәселені шешуге зор жігермен қатысты. Сол кезде ол қырғыз тілін үйреніп, жергілікті қырғыздардың әдет-ғұрыптарын зерттей бастайды.

1855 жылы Шоқан генералы Гасфорттың сапарына қатысып, Орталық Қазақстан, Жетісу және Тарбағатайға үлкен саяхат жасайды. Оның бағыты Омбыдан Семейге, одан Аягөз, Қапал және бұл кезде Верный бекінісін салу ісі жүргізіліп жатқан Іле Алатауы арқылы өтті. Бұл сапар Шоқан Уәлихановтың қазақ халқының тарихы мен тұрмысын терең зерттеуге бастама болды. Шоқан қазақтардың заң-дәстүрлері мен ертедегі діні жөнінде мәліметтер жинады.
1856 жылдың мамыр айының екінші жартысында М. М. Хоментовскийдің экспедициясына қатыса отырып, Ш. Уәлиханов өзінің саяхатын бастады. Алғашында ол Іле Алатауына барып, асулармен Алатауға, одан кейін Иссық-көлдің солтүстік және шығыс жағалауларында болды, содан соң өзенінің алқабымен жоғары көтеріліп, орталық Тянь-Шань шыңына шығып, хан таңырын шолуға мүмкіндік алды. «Менің саяхатымды, — деп жазды Уәлиханов, — жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең Жоңғарияға, яғни, Жетісу мен Іле өлкесіне және Иссық-көлге дейінгі сапарымды қамтиды… Мен Жоңғарияда бірінші рет 1856 жылы болдым, онда полковник Хоментовскийдің Иссық-көлге жасаған бірінші экспедициясына қатыстым. Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенінің аймағын түгел көріп шықтым, ал Тянь-Шаньға сол жылы өзенмен көтерілдім». Бұл сапарында Шоқан орнитологялық (зоологияның құстарды зерттейтін бөлімі) және энтомологялық (зологияның құрт-құмырсқаларды зерттейтін бөлімі) топтама жасап, гербарий жинап, Жетісу мен Иссық-көлдің өсімдіктер мен хайуанаттар әлемін зерттеп, Иссық-көлді қағаз бетіне түсіруге қатысты. Нәтижесінде жаңа картаға көл жағажайының өзгертілген формасы түсті.

Жас зерттеушінің қырғыз халқының атақты эпикалық жыры «Манасқа» алғаш рет көңіл бөліп, оның бірінші ғылыми жазбасын жасап, орыс тіліне аударуының ерекше маңызы болды. Ол жырға тұңғыш рет тарихи және әдеби тұрғыдан сараптама жасап, аты, аңызға айналған бас кейіпкері — Манас бейнесіне және қырғыз фолклорының басқа кейіпкерлеріне талдау жасайды.
1856 жылы тамыз айының бас кезінде Шоқан Уәлиханов Құлжа қаласына аттанды. Шоқан Уәлиханов Құлжа өлкесінде үш айдай болып, содан кейін күздің соңғы айларында Омбы қаласына қайтып оралды. Қазақтың жас ғалымының жағрапиялық және тарихи зерттеулері П. П. Семенов-Тян-Шанский арқылы Петербордың ғылыми ортасына белгілі болды. 1857 жылы, ақпан айының 27 күні Шоқан Уәлихановты орыс жағрапиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылдады. Шоқан Уәлихановтың орыс жағрапиялық қоғамының толық мүшелігіне сайлануы, оның орыс ғылымына қосқан елеулі еңбектерін мойындауды білдірді.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми және, ағартушылық қызметы, әсіресе, XIX ғ. 50-шы жылдардың аяғы мен 60-шы жылдардың бас кезінде жандана түсті.
1858–1859 жылдары ол өзін батыл саяхатшы ретінде даңққа бөлеген белгілі Қашғарға саяхатын жасады. Еуропаға беймәлім дерлік бұл елдің жағрапиясымен, тарихымен және саяси жағдайымен, мәдениет ерекшелігімен танысып, Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанды зерттеуге үлкен үлес қосты. Ертеден қалыптасқан Қашғариядағы тәртіп бойынша бұл ел еуропалықтар үшін жабық еді. Тағдыры бүкіл ғылыми қауымды толқытқан ғалымның қайғылы қазасы жайлы анық хабарды алған Шоқан алып келеді.

Шоқан өзінің саяхатын он ай он төрт күнде табыспен аяқтап, 1859 жылдың 12 сәуірінде «Қашғар туралы қызықты да бай мағлұматтары» бар Шоқан Верный бекінісіне (Алматы қ.) жетті. Бұл жерде бір жарым ай шамасында демалып, Семейге оралып, Ф. М. Достоевскиймен кездесіп, Омбыға қайтты да, жинаған материалдарын өңдеуге кірісті.
Шоқан Уәлиханов сапарының ең басты нәтижесі «Алтышардың немесе қытайдың Нан-Лу (Кіші Бұхар) ауданының Шығыстағы алты қаласының жайы туралы» атты үлкен еңбегі болды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен жағрапиясы, әлеуметтік құрылысына арналған, Ш.Уәлиханов заманындағы ғылым жетістіктеріне орайластыра жазылған алғашқы ғылыми еңбек еді. Жаңа материалдарды қамту және оларды терең талдау жағынан оның еңбегі отандық ғылымға қосылған үлкен үлес болды. Ол күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ.
1959 жылдың аяғынан 1961жылдың көктеміне дейін Шоқан Петербор қаласында болған.
Петерборда Шоқан ылғи да көптеген көрнекті орыс ғалымдарымен және әдебиетшілермен араласа жүріп, олармен достық қарым-қатынас орнықтырды. Ол жағрапиялық қоғамның вице-президентіП. П. Семенов-Тян-Шанскиймен әрдайым достық қатынаста болып, қызмет бабымен араласып тұрды. Көп реттегі онымен болған әңгімелері Шоқанның ғылыми көкжиегін кеңейтуге ықпал етті және оның жұмысын айтарлықтай Қазақстан мен Орта Азияны зерттеу саласына бағыттады.

Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов өзінің еңбектерін жағрапиялық қоғамның басылымдарында жарялау үшін дайындайды. Оған мұнда да П. П. Семенов-Тян-Шанский үлкен жәрдем көрсетті.
1861 жылдың көктемінде ауыр науқас Шоқан Уәлихановты Петербордан кетуге мәжбүр етеді. Дәрігерлердің кеңесі бойынша ол нашарлаған денсаулығын түзету үмітімен туған даласына оралды. Ол 1862 ж. өз кандидатурасын Атбасардың аға сұлтаны болуға сайлауда ұсынды.
Ағайын-туыстарымен келісе алмаған соң Шоқан Омбыға кетіп қалды. Мұнда ол облыстық басқарманың заң комиссиясының жұмысына араласып, қазақтың сот реформасы мәселелерімен айналысты.

1864 жылдың көктемінде Ш.Уәлиханов Оңтүстік Қазқастанды Ресейге қосу міндеті қойылған генерал М. Г. Черняевтің әскери экспедициясына шақырылды. Ш. Уәлиханов Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы қан төгіссіз, бейбіт жолмен болу керек деп санады.
1864 жылдың шілде айында ол М. Г. Черняевтің әрекеттеріне наразы бір топ офицерлермен бірге Верный қаласына қайтты.

Шоқан Уәлиханов өзінің науқасынан айыға алмады. 1865 жылдың сәуір айында Тезек төренің ауылында, Алтын-Емел жотасына жақын Көшен-Тоған деген жерде қайтыс болады.
Қазақтың аса көрнекті ғалымы әрі, ағартушысы Ш. Уәлиханов өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Өзінің қысқа өмірінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихына, жағрапиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектер, сондай-ақ едәуір көлемде қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған еңбектер жазып үлгерді. Ол терең энциклопедиялық білімі бар, өз заманындағы ғылымда бірқатар мәселелерді жаңаша көтере білген кемелді ірі ғалым еді.
 

Дереккөздер мен әдебиеттер:

1.Ә.Марғулан. Основные этапы жизни и деятельности Ч. Ч. Валиханова. //Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалар. — М.: Ғылым, 1986. — 414 б. — 5-10бб.
2. Очерк жизни и деятельности Ч. Ч. Валиханова // Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалардың бес томдығы. Т.1. — Алматы, 1984. — 432 б. — 9-79бб.
3. Ч. Ч. Валиханов, о нем [электрондық қор] // www.iie.kz — Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. ҒК БҒМ ҚР. — URL: http://www.iie.kz/?page_id=422 (өтініш берген күні — 15.09.2014).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?