Хиуаз Доспанова
Аты | Хиуаз Доспанова |
Ол адам түсініп болмайтын кездер еді ғой. Бір жағынан қылышынан қан тамған отызыншы жылдардың ойраны енді ғана басылып, қанды оқиғалардың салқыны есіп тұрса, екінші жағынан жастарға қай жаққа барса да жол ашық деген ұранның буы қыз-жігіттерді шыр айналдырып, ерлікке, батылдыққа бастап, жан таптырмайтын еді. Әсіресе Американы барлық жағынан қуап жету керек деген патриоттық сөздер лаулап тұратын. Авиацияның жетістіктері де жастарды баурап алған еді. Мәселен, америкалық Чарлз Линдберг Атлантикадан Еуропаға қонбай ұшқаны сол еді, кеңістік ұшқышы Валерий Чкалов Еуропадан Америкаға Солтүстік полюс арқылы барып, одан да асып түсті. Соның бәрі кеңестік жүйені насихаттап, оның артықшылығын дәріптеу үшін жасалып жатқан шаралар екенін қайдан білсін олар. Әйтеуір бала атаулы Чкалов боламыз деп еліруші еді.
Сонымен алған бетінен қайтпайтын пысық қыз 1940 жылы мектепті үздік бітіргенде запастағы ұшқыш деген куәлік те алып шығады. Сөйтіп Мәскеуге жол тартып, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Бірақ ол «жастарға қайда барса жол ашық» деген ұран жұрттың бәріне бірдей емес екенін болжай алмапты. Қазақ даласынан келген қара торы қызға мұндай оқу орнының есігі жабық екен. Сонда, тұңғыш рет маңдайы тасқа тиген жас қатты налиды.
Бірақ налыса да жасымаған Хиуаз Мәскеудің 1-ші медициналық институтына оқуға түседі. Бұл жерде де алғыр қыз құрбыларының алды болып жүреді. Сабақты жақсы оқуымен қатар ол спорттық гимнастикамен де айналысып, әрі қоғам жұмысының белсендісі болады. Сөйтіп жүргенде бір жыл өте шығып, жазғы сессия күндері басталады. Каникулға енді-енді шығайын деп тұрған күндерінің бірінде соғыс өрті бұрқ ете қалады...
Бойында патриоттық сезім шалқыған қыз өзге құрбылары секілді демалыста үйіне кетпей Мәскеу қорғанысына қатысу жұмыстарына қалады. Олар әуелі «Метрострой» жүйесінің қарамағында болса, еріктілерді артынан Мемлекеттік қорғаныс комитеті өз қолына алады.
1941 жылдың қыркүйегінде Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылы басталады. Жан дүниесі белсенді іске жанығып тұратын Хиуаз бүкіл ел соғысқа аттанып жатқанда өзінің ақырын жүріп, сабақ оқи алмасын біледі. Майданға сұранып, медбике, тым болмаса санитар болып кеткісі келіп жүрген бір күні атақты Марина Раскованың қыз-келіншектер авиаполкін құрғалы жатқанын естиді. Көктен іздегені жерден табылған Хиуаз алдыңғылардың бірі болып, атақты М. Расковаға келеді. Жасыратыны жоқ, қара торы қызға мұнда да сенімсіздікпен қарайды. Бірақ соғыс кезінде жаны жанығып, жалындап тұрған қызды полкқа қабылдайды.
Сөйтіп, Хиуазды Саратовтың әскери-әуе училищесіне жібереді. Мұнда штурмандар дайындайтын сыныпты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау позицияларын юомбалайтын әйелдер авиаполкының құрамында майданға аттанады. Полктың командирі, аға лейтенант Е. Бершанская болады. Ал М. Раскованың өзі майданға бармай, басқа қыздарды дайындау үшін Саратовта қалады. Мәскеудің бірінші медициналық институтының екінші курсынан өз еркімен майданға аттанып, әскери ұшқыш болған, сөйтіп аспанда 300-ден артық әскери тапсырмамен ұшып, ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың есімі бүгінде ұмыт болып бара жатқаны өкінішті.
Әрине, қайсар мінез, шыншыл жүрек, тура сөйлеу ол кездегі үкіметке жақпайтын. Жоғарыда шешілген істерге ешқандай қарсылық көрсетуге, қарсы пікір айтуға болмайтын. Бірақ бойында қайсар мінезі бар Хиуаз үнсіз бас шұлғаудан аулақ болды. Ол өзінің ойын дұрыс деп санаса кімнің алдында болса да айта алатын. Оның осы мінезін басшылар кек көреді. Сөйтіп, оны үлкен қызметтерден шеттете бастайды. Ақырында, соғыстан алған жараларын, контузиясын, мүгедектігін сылтауратып, оны мезгілінен бұрын зейнет демалысына жіберді...
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1.Б. Тоғысбаев, А. Сужиков. «Тарихи тұлғалар»/ — Алматы. «Алматыкітап» баспасы, 2011. — 353-356 бб.