Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уәли хан

Аты Уәли хан
Туған күні 1741
Қайтыс болған күні 1821
Уәли хан (1741-1821) - Орта жүздің ханы болған (1781-1821) Абылай ханның екінші әйелі қарақалпақ Сайман ханымнан туған үлкен ұлы.

Уәли, Уәли хан (1741-1821) - Орта жүздің ханы болған (1781-1821) Абылай ханның екінші әйелі қарақалпақ Сайман ханымнан туған үлкен ұлы. Жасынан билікке араласып, арғын тайпасының билеушісі болды, бірнеше рет әкесінің тапсырмасымен елшіліктерді басқарды.

Уәли әкесі Абылай қайтыс болғаннан кейін, Орта жүз өкілдерінің құрылтайында хан сайлау негізінде билікке келген. Таққа отырысымен Ресей және Қытай билеушілеріне елшілік аттандырды. 1782 жылы 25 ақпанда Ресейдің патшайымы Екатерина ІІ Уәлиді Орта жүздің ханы деп танитындықтары жөнінде грамота жіберген. Көп ұзамай Уәлиді билеуші деп танитындықтары жөніндегі осындай грамота Цин императоры тарапынан да келген. Уәли хан ішкі-сыртқы саясатта әкесі Абылайдың ісін әрі қарай жалғастырушы болды. Ол Орта жүз руларының ішіндегі тұрақтылықты сақтай отырып, сыртқы саясатта Ресей мен Қытайға тең қарым-қатынас жасауға тырысты. Ресей өкіметі өз тарапынан Уәли ханның Қытаймен байланыстарына тыйым салуға ұмтылды. Казак әскерлерін жіберіп, хан сарайына келе жатқан Қытай елшілерін орта жолдан қайтарып отырды. Дегенмен, Уәли хан Қытаймен қарым-қатынасын тоқтатқан жоқ. Орта жүзге ықпалын күшейту үшін патша өкіметі шекаралық шепті қазақ даласының ішіне жылжыта бастады. Ресейдің ықпалын бәсеңдету мақсатында Уәли хан Қытай үкіметімен және Бұқар хандығымен байланысын күшейтті. Патша өкіметінің үсті-үстіне жасаған қысымына қарамастан Уәли ханның алғашқы он жылдық билігі тыныш жағдайда өтті.

Алайда 18 ғасырдың аяғына қарай Уәли ханның ішкі саясатына кейбір қазақ рулары тарапынан қарсылық күшейді. Олар Ресей патшасына ханның үстінен наразылық хат жазды. Сол жылы 2 сұлтан мен 19 би қарамағындағы 120 мыңнан аса адамымен орыс шекарасына жақын жерлерге көшіп барып, патша өкіметіне тікелей бағынғылары келетінін мәлімдеді. Бірақ өзінің дипломатиялық шеберлігі арқасында Уәли хан бұл жанжалды ушықтырмай, өз пайдасына шешті. Дегенмен, ол 1803-1805 жылдары өз қарамағындағы қазақ рулары мен сұлтандарды Сырдарияға, Шығыс Түркістанға көшуге үгіттеді. Патша өкіметі қазақ руларының оңтүстік-шығысқа көшіп кетпеуіне жол бермеу үшін Уәли ханмен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды.

Уәли ханның негізгі қонысы Есіл өзенінің бойында Көкшетау мен Шыңғыстау аралығанда орналасқан. Бас ордасы Бурабай көлінің маңайында (Ханкөл, Қызыл ағаш), екінші ордасы Көкшетаудың шығысындағы Сырымбет қыстауында болды. Ол ішкі-сыртқы саясатта әкесі Абылайдың ісін жалғастырып, қазақ хандығының дербестігін сақтауға тырысқанмен 19 ғасырдың басында қалыптасқан саяси ахуал оған мүмкіндік бермеді. Ресей өкіметі қазақ даласындағы хандық жүйесін құлату үшін барлық амалдарды қолданды. Нәтижесінде Уәли ханның билігі бірте-бірте әлсірей бастады. Уәли ханның билігін одан әрі әлсірету үшін патша өкіметі қазақ рулары арасында ішкі қайшылықтарды пайдалану арқылы 1816 жылы Барақтың тұқымы Бөкейді Орта жүздің 2-ханы етіп бекітті. Уәли хан Ресей, Қытай мен Орта Азия мемлекеттері толық мойындаған соңғы қазақ ханы болды, ол қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай патша өкіметі Орта жүзде хан сайлауды мүлдем тоқтатты.

Уәли ханның 2 әйелінен 14 баласы болды.Үлкен әйелінен 5 бала, кіші әйелінен, Айғанымнан, 9 бала болған. Ұлдарының ішінде мұрагері болып саналатын Ғұбайдолла мен кіші әйелі Айғанымнан туған Шыңғыс Уәлиханов Көкшетау және Қосмұрын округтерінің алғашқы сұлтандары болып сайланған. Қазақ ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Уәли ханның немересі.

Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?