«Майдан даласы әп-сәтте тозаққа айналып сала берді. Түйіліп келіп түйіскен екі жақтың да өліспей берісер түрі жоқ. Аянбай шабысып, қидаласып, қырқысып жатыр
Ат тұяғымен сабауға түскен жүндей түтілген қара жерге даланың қайсар ұлдарының қаны судай шашылды. Әзірге екі жақтың да сетінеген тұсы жоқ тәрізді.
...Кенет Тұман хан тіксініп қалды. Осы сәт оның нұры таймаған өткір көзі жау жасағының ту сыртынан ат ойнатып шыға келген біреуді шалған еді».
Бұл – менің Қойшығара ағаның шығармаларымен алғаш танысуым, әрі менің халқымыздың тарихына деген қызығушылығымды оятқан «Алтын тамыр» романының басы. Аты аңызға айналған ғұн тәңірқұты Мүдені таныстыруын Қойшығара аға осылай бастайды. Содан бергі 35 жылда қанша еңбектер оқысам да дәл осындай оқушысын баурап алар, оқыған адамды дәл осы баяндалып жатқан оқиғалардың ортасында жүргендей сезімде қалдыратын әсерлі еңбек кездеспеді.
«Сендер күні кеше хуннудың бір биесі құлындаса орны толар сырты түк, іші боқ бір ат үшін, хуннудың бір қатыны босанса орны толар әйел үшін дунхумен соғысайық деп едіңдер.
...Ал бүгін елді ел етіп отырған жерді берейік дейсіңдер. Қане, айтыңдаршы, қай биең құлындап, қай қатының босанып жер табады?
...Жер – елдің асыраушысы. Асыраушысынан айырылған өледі. Жерді беру – бүгінгі тоқтығына тасыған, бірақ ертеңгі күні қарны қайта ашарын ойламаған тоғышардың ісі. Жерді берем деу – елді асыраушысынан айыру деген сөз.
...Жер – ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айырып, ертең біреуге тәуелді ету, құлдыққа беру. Жерден айырылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айырылу. Жерді берейік деу – ұрпақтың жауы.
Қасиетті Жер-Ананы ел дұшпандарына берейік дегендердің бәрінің басы алынсын!»
Жер-Ананың қасиетін бұдан артық қайтіп айтарсың?! Содан бері Қойшығара ағаның қаншама кітаптары шықты.
Автордың бұрыннан жеңіл тақырыптарды таңдамайтыны белгілі. Кезінде «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбектері бар қазақтың басына жастанып, қолынан тастамай, қайта-қайта оқитын құнды еңбектерге айналған болатын. Одан кейін жарық көрген «Қазақтар», «Ұлы қағанат», «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер», «Орта ғасырлық түріктер», т.б. еңбектері де қазақ халқының санасын оятып, қазақ халқының нағыз тарихын жазуға қосылған зор үлес болды. Бұл еңбектердің қай-қайсысы болса да кез келген тарихшы, жазушылардың тісі бата бермейтін, терең білімді қажет ететін, күрделі тақырыптар болатын. Кезінде бұл еңбектермен танысқан оқырман совет үкіметі кезінде жасырылып, айтылмай келген халқымыздың тарихының жаңа беттерін ашып, көне тарих тереңінен сыр шертетінін жақсы біледі.
Өзінің керемет туындыларымен қазақ халқының алғысына бөленіп жүрген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлының жақында «Өмірбаян туған күннен басталады» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Тақырыбы – адамзат өркениетінінің бастауындағы түріктердің қалдырған іздері, атқарған ролі. Автор бұрын-соңды зерттеушілердің қаламына ілікпеген әлем халықтарының мифологиясындағы деректерді бүгінгі ғылым жетістіктерімен сабақтастыра талдау арқылы бабаларымыздың адамзаттың дамуына қосқан үлесін керемет шебер көрсеткен.
Түріктердің «Көк бөрінің ұрпағымыз» дейтін аңызын қытайдың «Сүй кітабы», «Жыу кітабында» былай жазыпты: «Ерте заманда жауласқан екі елдің бірі екіншісіне тосыннан шабуыл жасап, адамдарын түгел қырып, үйлерін өртеп, бар малын тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетеді. Жұртта тек аяқ-қолы шабылған бір бала ғана аман қалады. Осы аяқ-қолы кесіліп, қанға бөгіп жатқан баланы кейін қасқыр асырап, ержеткізеді. Баланың өлмегенін естіген жау жақтың ханы оны өлтіруге арнайы адам жібереді. Әлгі адам келсе, шынында бала тірі екен, қасында қасқыр, төбесінде ет тістеген қарғалар ұшып жүр дейді... Құдайдың құдыретімен аман қалған осы баладан өсіп-өнген ұрпақтан кейін тұтас бір халық пайда болады».
Бұл бір қарағанда қияли ертегі, миф сияқты. Оған тарихи дерек деп сенуге болмайды. Аяқ-қолы кесіліп, айдалада жалғыз қалған баланың өзі-ақ қансырап өлері сөзсіз. Ал қасқыр қан көрсе көмектеспек түгілі өзі жеп қояды.
Қойшығара аға мұны былайша түсіндіреді: «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның тікелей атасы Боданчардың ағалары қуып жібергеннен кейін айдалада қасқырдан қалған өлексені жеп аман қалғанын келтіріп, жас өлексенің хабаршысы жемтікке үймелеп, ұшып-қонып жүрген қарғалар екен».
Автор бұл еңбегінде қазіргі ғылымға белгілі археологиялық, генетикалық, жазба деректері арқылы адамзат баласының ресми ортақ тарихындағы түрік халықтарының ғұмырнамасының х.э. кейінгі VI ғасырдан басталуының дұрыс еместігін, олардың атамзаманнан бері бар, ежелгі көне халықтардың бірі екенін дәлелдейді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – түрік халақтарының ресми тарих ғылымы қалыптастырғанындай, беріде пайда болған жас халық емес, сан мыңжылдықтарды құрайтын бай тарихы бар, ежелден келе жатқан көне халықтардың бірі екенін танып-білуге зерттеушілер назарын аударып, ой бөлісу...» дейді автор.
Қазіргі біз оқытып жүрген тарихтың жалғандығы туралы автор былай дейді: «...адамзат баласының ортақ тарихының өзегі тек соғыстар тарихымен өрілді. Неғұрлым көп халықты қырғынға ұшыратып, басқа елдерді жаулап алушылардың билеушілері жаһандық тарихи тұлғаға айналып, ұрпаққа үлгі етілді.
Осының салдарынан адамзаттың жыртқыштыққа еті үйреніп, көзі көндігіп кеткені сондай, жыртқыш аң мен құс атаулының алымдылығы мен шалымдылығы адамдық қасиеттің биік бір символына айналды. Жаратушы Жалғыздың бәрінен артық етіп жаратқан Адамы енді өзін біреу жыртқыш аң-құсқа теңеп: «арыстан» десе айбарланып, «қыран» десе қоқиланатын күйге жетті. Жыртқыш аң-құстың бейнесі мықты елдердің Елтаңбасын айбындандырды».
«...Өздерінің ғылыми-техникалық деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта қалдырып, әлемдік өркениет сахнасына шыққан кейінгі еуропалық жұрт еуроцентризмнің туын биікке көтеріп, соңғы ғасырларда өзгелермен санасуды біржола жиып қойып, әр халықтың төл тарихын тек бірыңғай еуропалық таным-түсінікте ғана жазуға, жаздыруға қол жеткізді. Соған орай өздерінің жеке тұжырымдарын «талдап, талқылауға жатпайтын ғылым жетістігі» ретінде ғылымға енгізді».
Автор «Құдайлар дәуірі» бөлімінде, бұрынғы тарих бойынша, барлық өркениеттердің бастауы делінетін Еуропаның ең көне мәдениеті гректер туралы тарих атасы Геродот: «Вообще почти все имена эллинских богов происходят из Египта» дейді.
«Көп құдайды ойлап тапқанға дейін адамзат баласы Күн мен Айға табынған. Күнді құдай тұтқандардың билеушілері өздерін әрі патша, әрі құдай санаған».
Ал Мысыр жеріндегі құдайлар туралы тағы да грек аңыздарын автор былайша сөйлетеді: Зевс (бас құдай деп түсініңіз) сүйіктісі Ионы ақ танаға айналдырып, Герадан жасырады. Бірақ бәрібір біліп қойған Гера ақ тананы қуғынға салады. Скиф даласында жолыққан Прометей Ио-ақ танаға «Сен әлі ұзақ жол жүресің. Скиф даласынан соң Кавказдан, Босфордан өтіп, Азияның көптеген елдерін шарлап, ақырында Бибілі таулары мен құнарлы Ніл өзеніне жетіп, Нілдің теңізге құяр сағасына тұрақтайсың. Осында Эпаф атты ұл табасың. Ол ұлың бүкіл Египетті билейтін даңқты әулеттің басы болады», – дейді. Прометейдің жорамалдары бәрі дұрыс келеді. Ио Тана елінде «Құдай-ана» аталады.
Осы Мысыр жеріндегі жер атауларын «Бибілі тауы», «Ніл дариясы», «Тыныс номы», «Тана өзені», «Тана көлі», «Тана жұрты», «Ергене қон» (Иерихон қаласы) деп оқиды.
Мысыр аңызы бойынша Сет өлтірген Өсір (Осирис) мен Ісеттен (Исидадан) Египеттің болашақ патшасы Гор туады. Бұл түріктердің өлген анасынан көрде туатын Көроғлы дастанын қайталайды. Екі аңызда да өлік Өсірден туған Гор (Көр) мен өлі анасынан туған Көроғлы еліне патша болады.
Ал грек аңыздары бойынша адамзаттың тарихы аспан құдайы Уран мен жер құдайы Геядан басталады. Автор осындағы Уранды түріктің Оран сөзі деп алып, ор және ан деген екі сөзден құрайды. Мұндағы «ор» көне түрікше – су, «ан» – мекен. Сонда Уран көне түркі тілінде «жерді қоршаған су» болып шығады. Ал Гея «же» мен «ұя» сөздерінің бірігуінен шыққан, «жер мекен» дегенді білдіреді дейді. Ал «жер анасы» аталған Гера құдайдың аты – «жер».
Автор «Алғашқы тайпалар» атты бөлімде: «Бұл күнге жеткен мифтер мен ескі аңыздардың деректеріне қарағанда, алғаш өмірге келген рулар мен тайпалардың бәрінің де атаулары тек бір буынды сөзден ғана тұрған. ...Алғашқы адамдардың қай тілде сөйлегенін анықтауға мүмкіндік беретін бірден-бір сенімді айғақ, тиянақты дерек осы атауларға және солардың берер тілдік, тарихтық деректеріне тікелей тәуелді. ...Олар ас, қай, ман, қаз, тұр, қаң, құт, рыс, сақ, сыр, қой, сан және т.б. Осы аталған бір буынды тайпа атауларының бәрі де түрік халықтарының тілінде, оның ішінде қазақ тілінің сөздік қорында бар сөздер және олардың дыбысталуы мен ұғымдық мағынасы түгелдей әлгі тайпалар атауымен бірдей үндестік танытады» дей келіп, осы сөздермен аталған көптеген тайпа аттарын және осы сөздердің қазіргі қазақ тілінде қолданылуын талдайды.
«Бір өңірде жаратылып, өсіп-өніп жан-жаққа тараған алғашқы адамдар құрған бір буынды сөзден тұратын тайпа атаулары дыбысталуы тұрғысынан болсын, беретін ұғымдық мағынасы тұрғысынан болсын, бәрі бірдей, міне, осылайша түрік тілінде сөйлейді» деп жазады Қойшығара аға.
«Мұхитқа жұтылған Му», «Аңыз ел – Атлантида», «Тілі түрік, жазуы басқа» атты бөлімдерде осыған дейін жарық көрген еңбектерді талдау арқылы, адамзат өркениетінің бастауында тұрған өте көне өркениеттерге түрік халықтарының қатысы туралы сөз болады.
Бұл көне, қазір жер бетінен жойылып кеткен өркениеттер туралы жазылған еңбектердің өзі мыңдап саналады. Еңбектердің бәрін оқып шығуға бір адамның ғұмыры жетпейтінін ескерсек, олар туралы пікір айтудың өзі терең білімді, үлкен дайындықты қажат етеді.
Сондықтан автор жер шарының жаратылуы мен ондағы құбылыстарға қатысты түрлі ғылыми болжамдарды зерделей келе, неғұрлым шындыққа жақын дегендерін таңдап алып, ішінен Брассер де Бурбур, Уильям Нивен, Огюст Ле Плонжо, Игнатиус Донелли, Джеймс Черчвард секілді осы тақырыпты түбегейлі зерттеген ғалымдардың еңбектерін атап өтеді.
Автор Му континенті туралы деректерді негізінен Британ армиясының полковнигі Джеймс Черчвардтың «Древний континент Му. Прародина человечества» атты еңбегіндегі деректер негізінде талдайды.
Черчвард көне халықтар майялар мен ұйғырлардың көне дін мен тарихын зерттеп, жер шарының әр қиырынан табылған көне жазуы бар мыңдаған тақтайшалардағы символдарды зерттеп, Му континентінің болғандығын және оның тұрғындары өркениет биігіне көтерілгеніне көз жеткізеді. «...Континент Му распологался в Тихом океане и простирался от Гавайских до островов Фиджи и Пасхи. В этой стране жил народ, колонизировавший всю Землю, и этот край был уничтожен ужасными землетрясениями и погрузился в океан около 12 тысяч лет назад» деп жазады Черчвард.
Юкатаннан табылған жазуда «первосвященник страны Му пророчествовал ее гибель, и некоторые, прислушавшись к предсказанию, покинули эти земли, отправились в колонии и так спаслись» деген дерек ұшырасады.
Му құрлығының байырғы тұрғындары ішінен қазіргі бар екі халық – майялар мен ұйғырлар аталады. Майялардың тегі түрік текті екені жан жақты дәлелденген. М. Черчвард Му құрлығының байырғы тұрғындары қатарында майялармен бірге ұйғырларды да атап, олар әуелде Му империясының отары болғанымен, кейін айтарлықтай дамып, олар да үлкен империяға айналған дейді. Өзі тапқан мәліметтер бойынша Ұйғыр империясының картасын жасайды.
«Уйгурская империя была главной колонией Му. В китайских легендах говорится о том, что уйгуры достигли вершин своей цивилизации около 17 000 лет назад.
Могущество Уйгурской империи простиралось от Тихого океана через всю Центральную Азию вплоть до Западной Европы. Это было еще до того, как Британские острова отделились от европейского континента.
Южная граница Уйгурской империи совпадала с северными границами Кохинхины, Бирмы, Индии и Персии-было это еще до того, как поднялась Гималаи и другие азиятские горы. Империя вкючила в себя Сибирь, однако нет свидетельств, позволяющих предположить, насколько на север проходили ее границы. Развалины уйгурских городов были обнаружены в южных районах Сибири.
Со временем уйгуры достигли Европы и освойли северное и западное побережья Каспийского моря; оттуда они продолжали свой путь до Центральной Европы в плоть до ее западной границы-Ирландии»
Осында айтылған ұйғыр империясының аумағы ертедегі түріктердің иеленген жерін қайталайды.Черчвардтың бұл тұжырымын ҚР ҰҒА академигі, Болония Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Оразақ Смағұл «Қазақ халқының шығу тегі» атты еңбегінде:
«Қазақ – автохтонды, текті, өзінің тұрақты атамекені бар халық.
Қазір жиі айтылып жүрген көне протоевропоид деген терминнің қазіргі еуропалықтарға қатысы жоқ, себебі қола дәуірінде орыстар, француздар, испандықтар және өзге халықтар қалыптаса қоймаған. Ал көне протевропойдтар ол кезде сонау Периней түбегінен (Испания) бастап Гоби шөліне дейінгі аралықты мекендеген. Міне осы протоевропойдтық тек біздің қазаққа тән болған.
...Қазақтың биологиялық, генетикалық, антропологиялық тарихы оның денесі мен қаңқа сүйектерінде жатыр. Ол туралы қытай не айтты, орыс не деді, парсылар қандай пікір білдірді, ендігі уақытта оның маңызы жоқ. Себебі, 40 ғасырдан бері осы атамекенде тіршілік етіп, ұрпақ жалғастырып келе жатқан бізден өзге ұлт жоқ. Қазақ халқы сонау түп тамырынан бастап осы жерді мекендеп келгенін оның дене бітімі, қан құрамы, бас сүйектері арқылы жан-жақты зерттеліп, дәлелденген».
Черчвард ұйғыр мен майя халықтарының шыққан тегі ортақ, бір халық деп біледі. Оны археолог Уильям Нивен тапқан, бұдан 35-40 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар қалдырған тас тақтайшадағы жазулар дерегіне сүйеніп айтқан оның мына ой толғамынан аңғаруға болады. Ол былай дейді: «Эти таблички задействуют две формы письменности: рисунки, составленные из символов, и сакральные надписи уйгуров-майя. Сакральный алфавит уйгуров-майя был создан на основе алфавита Прародины и включает в себя множество совершенно не изменившихся букв этого «праалфавита».
Мұндағы Черчвардтың «ұйғырларын» түріктер деп түсінген дұрыс.
***
Автор Атлантида тақырыбын зерттеуші Бекжан Бейсенбайдың «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты еңбегімен бірге талдайды.
«Қазіргі таңда генетик ғалымдардың ДНК тәсілі арқылы Американың ежелгі тұрғындары-майяларды ежелгі түріктектес халықтардың бір тармағы екенін дәлелдеп, оны ғылыми айналымға енгізгені белгілі.
...Осы майялардың Америкаға қайдан, қалай келгені жөнінде үш тұжырым бар:
Біріншісі – «Азиядан Беринг бұғазы арқылы өтті» делінетін, қазіргі ғылымда қалыптасқан тұжырым. Оны Атлантида тақырыбын өзі тапқан деректер арқылы дәлелдеген Уильям Нивен болатын. Ол «Атлантида мен Муды бір континент» деп есептейді.
Екіншісі – «Ежелгі тұрғындар Америкаға Му континентінен, яғни «Батыс Жерден келді» деген тұжырым. Тұжырымның авторы – Джеймс Черчвард. Ол «Атлантида мен Му бір-біріне қатысы жоқ, бірі Атлант мұхитының, екіншісі Тынық мұхитының суының астында жатқан екі бөлек континент» дейді. Және ол майялардың арғы аталарының Оңтүстік және Орталық Америкаға Му континентінен келгеніне сенімді.
Үшіншісі – «Үлкен Жер мен Америка арасындағы байланыс Атлантида арқылы жүзеге асқан, Американың ежелгі тұрғындары мұнда Атлантида арқылы келген» деген тұжырым.
Осылардың бәрі де өз тұжырымын жасағанда өздері тапқан нақты деректерге сүйенгені белгілі. Ең маңыздысы, түйіндеулері әр түрлі болғанымен, бұлардың ешқайсысы да Атлантиданың болғандығына еш күмән келтірмейді» дейді автор.
Б. Бейсенбай «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» еңбегінде «Бастапқыда Алтайда пайда болған түріктер, дами келе ертеде солтүстікте болған аралдарға- қазіргі Арктида аймағына жетеді. Ол кезде Арктидада климат жылы болған. Осында дами келе өркениеттің жоғары сатысына қол жеткізген олар, бір –біріне жалғасып жатқан аралдар арқылы Америка құрлығына дейін жетті.
Осы өркениетті елді Египет абызы Атлантида, гректер Гиперборея, парсылар Эранвез, үнділер Шведатвипа, шумерлер Дильмун деп атаған.
Кейін осы «Жер жұмағы» зілзаланың кесірінен суға кеткенін әр халық өздерінше аңыз қылады. Барлық аңыздар бұл жерді солтүстік полюсте деп көрсетеді, және аңыздар бір-біріне ұқсас.
Осы атланттардың іздері Алтайдан Солтүстік мұзды мұхитқа дейін, Скандинавия түбегінен Жерорта теңізі, Египетке дейін сайрап жатыр. Оны археологиялық деректер де, ДНК арқылы генетика ғылымы да, лингвистикалық деректер де, көне карталар да дәлелдейді»-деп көрсетеді.
Олар Гибралтар бұғазы арқылы Жерорта теңізіне кіріп, оның жағалауындағы, аралдарындағы елдерді жаулап алып, жоғары өркениеттің негізін қалайды.
Қойшығара аға «Зерттеушілер ежелгі Крит өркениетін Еуропа елдерінің Египет пен Месопотамия мәдениетімен өрелесер бірден-бір жалғыз мәдениеті деп есептейді. Оны көп жағдайда «Эгейлік өркениет» немесе «Минойлық өркениет» деп те атайды. Мұның алғашқысы Эгей теңізіндегі басқа аралдардың Крит мәдениетімен тектес болуына орай ортақ мәдениетті тұтас қамту мақсатында аталса, кейінгісі Эгей патшасы Миностың есіміне байланысты берілген.
Криттің ежелгі тұрғындарының сонау есте жоқ ескі заманның өзінде өте жоғары деңгейдегі мәдениетке қол жеткізгенін бәрі де мойындайды. Критте дамыған «сызықты А жазуының», оның кейінгі жетілген түрі «сызықты Б жазуының» негізінде грек алфавитінің өмірге келгені де тарихтан мәлім.
Критте неолит кезеңінің ұзаққа созылғаны, оның 5000 жылды қамтитыны, одан кейін қола дәуірінің, ғалымдар тарапынан «минойлық» деп аталған өркениеттің басталғаны анық. Алайда ежелгі ұлы мәдениеттің болғанын айғақтар керемет сарайлар мен көптеген өнер туындыларының табылғанына қарамастан, Крит өркениетін жасаушылардың кімдер екені баяғы анықталмаған күйі қала берді. «Олар қай тілде сөйлеген?», «қай нәсілге жатады?» деген сұрақтарға жауап жоқ.
Осы жерде Қойшығара аға Жерорта теңізі аумағындағы Кипрден табылған жазбаларды зерттеген қазақстандық жас зерттеуші Амантай Айзахметовтың «Рождение тюркского мира» деген еңбегінен мысалдар келтіреді.
Ғалымдар Кипрден х.э.д. XV ғасырға жататын, миной өркениетіне қатысты «сызықты А жазуымен» жазылған қыш тақтайшалар табады. Ғалымдар жазуларды оқығанымен, сөздердің мағынасын түсіне алмай, оны «этеокипр»(Шынайы кипр) жазуы деп атайды. Бұл Кипр аралының «гректерге дейінгі тіл», әуелгі төл тұрғындарының жазуы болатын.
Сол жазуларды А. Айзахметов талдап, төмендегідей сөздер шығарады:
Сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасын ашатын ешқандай тыныс белгісі қойылмай, тек буын-буын күйінде тізіп, тіркестіріп жазылған жазуының транскрипциясы мен мағынасы
1) «анама төри емес-ай, макулай лас, ана ариси тон өссе, ар ата пана қасы оқ өссе, керак ер ет ұл өссе, тақ ана қу»
2) «аң атасы туса екі боп иа қойма, наса бол, екі марым ана тумырай, мекені боп немене пана ма, қаны от ара боп қапалы иа мана ма?»
А. Айзахметов осы сөйлемдерді былайша аударады:
1) «матери моей не царь, а глупый раб достоин, если ее мать шубу кроит, а если в убежище проатца стрелы строгаются, сын в мускулах мужчиной растет, трон, гоняйся за матерью».
2) «Если родится царь зверей, не ставь на пару с ним жилище свое рядом, будь осторожен. Мать не родит тебя дважды. Или земля твоя-тебе убежище? Если кровавый очаг рядом, не опасно ли это соседство?»
Осы мәтіндердегі бұдан 3500 жыл бұрын айтылған сөздердің қазіргі қазақ тіліне өте жақын екенімен қоса, қазіргі күнделікті қолданыста жүрген мақал-мәтелдерді айнытпай қайталап тұрған жоқ па: «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар». «Анаң сені екі рет тумайды». «Үй саларда көршіңді дұрыс таңда».
Осындай көптеген мысалдармен автор еуропалықтардың «минойлық өркениет» деп гректерге теліп жүрген өркениеті түрік текті халықтарға тиесілі өркениет екенін анық көрсеткен.
«Феодалдық Еуропаның тар шеңберінде пайда болып, кейін өздерінің ғылыми-техникалық деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта қалдырып, әлемдік өркениет сахнасына шыққан кезде ерекше өріс алған еуроцентризмнің сойылын соққан еуропалық ғылым өкілдері тарихқа дейінгі көне өркениетті де еуропалық халықтардың аталары жасаған деген тұжырымды қалыптастыру мақсатында бір-біріне жалғаса жатқан, ежелгі өркениет ошағы болған Оңтүстік Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Үнді жерін мекендеген байырғы халықтардың тегін анықтап, қай тілде сөйлегенін саралауға онша құлықты болмаған тәрізді. Сол себепті де олар байырғы өркениетті жасаушы ежелгі халықтардың протоеуропалықтар екеніне күдік тудырмас үшін семит тілінде сөйлемейтіндердің бәрін бір бөріктің астына тығып, «үндіеуропалық емес» халықтар деп, белгісіздік құрдымына ысырып тастап отырған.
«Үндіеуропалық тіл» деген негізі бұлдыр жасанды лингвистикалық терминнің ғылымға еніп, орнығуы да осыдан, Үндістан жеріндегі ежелгі өркениетке ортақтасу мақсатынан туғаны айқын аңғарылады. Әйтпесе, тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі кезеңдердегі оқиғаларды тұтас алып қарағанда да, Үндістан жерінен шығып Еуропаға барып, өз өркениетін орнатып, жергілікті халықтарға мәдени ықпалын тигізген бірде-бір халық, не бірде-бір тайпа болған емес. Оны анықтайтын не ауызша, не жазбаша дерек те кездеспейді. Олай болса, «үндіеуропалық тіл» дегеннің болуына да не тарихи, не лингвистикалық негіз жоқ» деп жазады автор.
Кәсіби мамандар «белгісіз жазу», «жер бетінен жойылған халықтың тілі» деп жауып тастаған жазулардың сырын көп жағдайда ашқан «әуесқой» ізденімпаздар екен. «Мексикадағы үндістердің тарихын зерттеп, Африка мен майя иероглифтерінің байланысын зерттеген әуесқой археолог Огюст ле Плонжо мен майя халқының тілінің түріктілдестер тобына жататынын алғаш әлемге жариялаған Отто Реригтердің де кәсіби мамандықтары дәрігер болатын.
Басқаны айтпағанда, х.э. дейінгі 3100 жылдары пайда болған деп саналатын шумер жазуларының да, х.э. дейінгі 1800 жылдары Мысырды билеген көшкінші халық гиксостар жасаған египет жазуының да, х.э.дейінгі 1500 жылдары қазіргі Италия жерінде алғашқы өркениетті жасаған этруск жазуының да, х.э. дейінгі V-VI ғасырлардағы Орталық Азиялық сақтар жазуының да, б.д. VI-VII ғасырларында Шығыста дәуірлеген түріктер (Орхон-Енисей) жазуының да әліпбилері 26 әріптен тұратынының өзі бұл жазулардың арасында өзара тығыз байланыс, сабақтастық жалғастық барын айғақтаса керек» деп жазады Қойшығара аға.
Автор Мысыр жерінде Византия тарихшысы Снеллиус мәлімдеген «Мысыр абыздарының 36525 жыл бойы үзбей жүргізген «Ескі хроникалар» деп аталатын жазбалары мен х.э. дейінгі III ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Леартадан шыққан Диоген жеткізген Мысыр храмдарында Александр Македонскийге дейінгі 48863 жылды қамтитын жазбалардың сақталып тұрғандығы секілді толып жатқан нақты деректер» барын келтіреді.
Бұдан басқа «Ле Плонжо Чичен-Ицедегі Кхан (Хан) патшаның үлкен ұлы, майя елінің бас абызы Каяның мавзолейінен он екі басты жыланның бейнесі мен осы бейненің Кхан әулетіне дейінгі жалпы жиынтығы 18000 жыл майя халқын билеген он екі әулеттің символы екенін айғақтайтын жазуды тапқан. Бұл ретте бізге «Троан Манускриптінің» мәліметі бойынша Кхан әулетінің соңғы патшасының одан 16000 жыл кейін өмір сүргені белгілі. Сонда осы деректерде көрсетілген екі мерзімді (18000+16000) қоссақ, Майя патшалығы Кхан әулетінің билігі құлағанға дейін 34000 жыл өмір сүрген болып шығады. Бұл бізге белгілі деректер бойынша. Мұның сыртында билігі 18000 жылға созылған он екі әулеттің болғанын айғақтайтын жазу Жапониядан да табылған. Сондай-ақ билік жүргізген мерзімі 18000 жылға созылған он екі патша әулеті жөнінде көнеүнді храмдарынан табылған тас тақтайшалардағы жазулар мен қолжазбалар да нақты мәлімет береді. Осыларға Д. Черчвард айтатын он екі патша әулеті жөніндегі Үндістан мен Қытай аңыздарын қосыңыз. Тек бұл арада бір ескерерлік жайт: осылардың ішінде Чечен-Ицеден басқа деректердің ешқайсысында он екі патша әулетінің нақты кімдер екені аталмайды.
Африка елі тарихының атасы деп есептелетін мысырлық абыз Манефон өзінің папирустарының бірінде «Атлантида даналарының билік жүргізуі 13900 жылға созылды» деген дерек береді. Осыны ғалымдардың Атлантиданы мұхит астына кетті деп көрсететін мерзімі 12000 жылға апарып қоссақ, сонда Атлантиданың да кем дегенде 25900 жыл өмір сүргені анықталады. Бұл жанама деректер де дүниежүзілік апатқа дейін бір-бірімен сабақтаса жалғасып, тартысып таласа өмір сүрген үлкен өркениеттердің болғанын жоққа шығармайды» деп қорытынды жасайды автор.
Кітапта «...ресми тарихтың ұсынған тұжырымы бойынша «ежелгі өркениеттің ошағы» деп танылған Оңтүстік Еуропа, Таяу Шығыс және Африка жерлеріндегі көне өркениетті тудырған, жазу-сызуды өздері ойлап тапқаны үшін жазу түрін әрқайсысына еншілеген ежелгі халықтардың бәрінің бірдей бұл өңірлерге сырттан келгенін және бірде-біреуінің нақты бастау тарихы жоқтығын, сол тәрізді олардың қайдан келіп, қай тілде сөйлегенінің белгісіздігін аңғаруға болады» дейді.
«...Тілтанушы ғалым Давид Дирингердің шумерлер туралы «народ который говорил не семитском или индоевропейском, а на особом агглютинативном языке» дегенін, Олжас Сүлейменовтың шумер тілі мен түрік тілінің түбірі ортақ, дыбысталуы ұқсас, мағынасы бірдей сөздердің сөздігін жасап, екі тілдің жазу таңбаларын салыстыра зерделегенін, Американың ежелгі тұрғындары: «Майя, Ацтек халықтарының тілін зерттеп, оларды «түрік тілдерінің тобына қосуға болады, морфологиялары тым ұқсас, екеуі де жалғамалы (агглютинативтік) тіл» деген америкалық Отто Реригтің, уругвайлық Б. Ферейроның, ресейлік Ю. Кнозоровтың, татарстандық А. Карамуллиннің, қазақстандық Ә. Ахметовтың еңбектері қолдау таппай, ескерусіз келеді.
Сол сияқты ресми тарих Үнді жеріндегі теңдессіз ғажайып мәдениетті де сырттан келгендер жасағанына күмән тудырмайды.
«Америка ғалымдарының еңбектеріне қарағанда осы Алтай тұрғындарының Америкаға қоныс аударуы үш кезеңді қамтиды: алғашқылары шамамен 60 мың жыл, екіншісі 40-45 мың жыл, үшіншісі 10-12 мың жыл бұрын болғанға ұқсайды. Осы америкалық үндістердің кечуа, сию секілді бірнеше тайпаның көне қыпшақ тілі диалектісінде сөйлегенін ғалымдар нақты тілдік деректер негізінде дәлелдеп берді.
«Осы қоныс аударушылардың түрік нәсілінен шыққанын, олардың бүгінгі ұрпақтарының жаңа туған сәбилерінің құйымшағындағы, әлем халықтарының ішінде тек түрік-моңғол тектес халықтардың балаларында ғана болатын табиғи ерекшелік, алақандай көк таңба да жалғанға жариялап тұрғандай» дейді автор.
«Сібір археологиясының Колумбы, академик А.П. Окладников бастаған ғалымдар Алтай тұрғындары жасап, пайдаланған тас құралдардың жасын радиоактивтік тәсіл арқылы екі жүз мың жыл деп анықтап, әлемді таң қалдырғалы қашан.
Ресей ғалымдары Ангара өзені аңғарындағы Мальта, Бурет мекенінен ежелгі мәдениеттің көзін ашты. Б.д.д. 22-24 мыңжылдықтарға жататын адамдардың тұрағынан ғалымдар күн системасына жататын барлық планеталардың қозғалыс периодын анықтайтын құрал, т.б. заттар тапқан. Бұл сол кездің өзінде сібірліктердің жоғары дамыған жазу-сызуы, математикадан, астрономиядан білімі болған дегенді білдіретін.
«Сібір археологиясының тосын жаңалығы» әлемнің ұйқысын шайдай ашты. Атақты археологтың өзі тапқан мәдени ошаққа қайран қалғаны соншалық, көпке дейін оны неге жорырын білмеді. Алғашқыда аталмыш мәдени ошақтарын түрік халықтарына жуытпай, ашықтан ашық «мұны жасаған түрік нәсілі емес, жер бетінен жоғалған халықтың мұрасы» деп жүрді де, өлерінің алдында соңғы (Окладников А.П. Открытие Сибири) еңбегінде: «Ежелгі түріктік Сібір шығыстан гөрі батыспен көбірек байланысты. Оның мәдениет деңгейі біз ойлағаннан гөрі көп биік болып шықты. Байкал, Ангара, Лена өзендерінің аңғарында батыс пен шығыстың ежелгі мәдениеті тоғысып, ажырасқан. Өз кезеңімен салыстырғанда аса ілгері мәдени ошақтардың болғанының басы ашық. Онымен есептеспеуімізге лаж жоқ. Табылған археологиялық айғақтардан көрініп тұрғандай, Түріктердің Дон, Дунай сапарлары Байкал қамалдарынан басталған» деп жазып кетті.
Демек, б.д.д. 22-24 мыңжылдықтағы Сібір мәдениетін археология түрік халықтарымен байланыстыруға мәжбүр болды. Бұл ғылыми тұжырым төл тарихымызға басқаша қарауға жол ашады».
Қорыта келгенде, жер бетіне таралған адам баласының өркениетінің, жазу-сызу өнерінің басы түріктердің атамекені Ұлы Даладан бастау алады. Ол өркениетті жасаған – Күнге табынған алтайлық ұрпақ Түріктер!
ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресейдің атақты эзотерик ғалымы Е.П. Блаватская өзінің «Тайная доктрина» атты еңбегінде: «Эта древняя книга есть первоначальный труд, из которого были составлены многие тома Киу-ти. Не только последние и Сифра ди-Цениута, но даже Сефер Иецира, труд, приписываемый еврейскими каббалистами их Патриарху Аврааму; Шу-цзин, китайская первоначальная Библия, священные тома египетского Тот-Гермеса, Пураны Индии, халдейская «Книга Чисел» и само «Пятикнижие», все они происходят от одного основного маленького тома. Предания говорят, что книга эта была записана на Сензарском языке – тайном священном языке – со слов Божественных Существ, продиктовавших ее Сынам Света в Центральной Азии» деп жазғаны нағыз шындық екенін Қойшығара аға осы еңбегінде толық дәлелдеді.
Үш бірдей эгоцентризмдердің: техникалық прогрестен соңғы ғасырларда ғана озып алға шыққан еуропалықтардың еуроцентризмінің, өздерінен басқаның бәрін төмен санайтын қытайлықтардың азияцентризмінің, ұлыорыстық идеяның туын көтерген русоцентризмнің бұрмалауларының зардаптарынан көп қиянатты бастан кешкен, бүгінге дейін біз оқып келген «түрік тарихының» жалғандығын ашып көрсетеді.
Америка ойшылы Э. Маккензи өзінің «14000 қысқа ой» (14000 фраз) атты еңбегінде «Адамзаттың тарихын дәл тарихшылардай бұрмалаған ешкім болған емес» дейді.
«Дәстүршілдік» деп аталатын ғылыми бағыттағы Еуропаның Рене Генон, Юлиюс Эвола, Фритьоф Шюон сияқты ғалымдары: «Біз татар әулетіне, адамзаттың ұстаздары болып саналатын татар данышпандарына, татар нәсіліне сатқындық жасадық» деп ағынан жарылады. Мұндағы татарлар дегені түріктер екені даусыз ақиқат.
Қорыта келгенде автор Қ. Салғараұлының осы еңбекті жазғандағы басты мақсаты «түріктердің, бұрынғы еуроцентристік ғалымдар қалыптастырғандай, «х.э. кейінгі VI ғасырда пайда болған жас халық» емес, тамыры адамзаттың бастауына кететін, жер бетіне өркениеттің ұрығын сепкен, ең текті халық екенін» жан-жақты дәлелдеп шығу болған. Және дәл осы мақсат нақты дәлелдермен, нағыз ақиқатпен жүзеге асқан.
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ.