Үгедей хандығы Қазақ тарихындағы хандықтардың бірі, оның негізін қалаушы Үгедей Шыңғысханның үшінші ұлы болатын.
Үгедей хандығының территориясы Шығыс Қазақстан, Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы қазақтар мекендеп отырған Алтаймен Тәңіртау арасы. Орхоннан Батыс Моңғолия, сондай –ақ ресейдің Алтай, Тыва, Хакасия Республикалары. Хайду ханның кезінде хандық күшейіп Шағатай ұлысы Амур дарияға дейін жеткен. Ол кезде хандық территориясына Қазақстанның Алматы, Жамбыл облыстары да кірді.
Үгедейдің қаған болуы
Үгедей хан 1185 жылы туған. Жастайынан ақылды да зерек болған екен. 1218 жылы басталған Хорезмге жасалған жорықта мұрагер белгілеу мәселесінде таңдау Үгедейге түседі. Осы жорықта ағасы Шағатаймен бірге Отырар қаласын алу шайқасына қатысқан. 1221 жылы Үргеніш қаласын Жошы мен Шағатай екеуі алауыз болып қаланы ала алмағандықтан Шыңғысхан оларға Үгедейді жіберген, Үгедей екеуін берекелестіріп қаланы басып алады. 1227 жылы Шыңғысхан бақилық болып арада екі жыл өтіп 1229 жылы 13қыркүйекте моңғолдың екінші қағаны болып сайланады. Ол туралы «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабында былай дейді. «Тышқан жылы (1228 ж.) Шагатай мен Баты (Бату) бастаған оң қолын иемденген ұлдары, Отшы ноян, Ery, Есүкей бастаған сол қолын иемденген ұлдары, Толуй бастаған ортасын иемденген ұлдары мен қыздары, туменнің нояндары, мыңлықтын нояндары - бәрі бірігіп Керліннің Коде аралына жиылып, Шынғыс хағанның өсиет-әмірі бойынша Үгедейді хаған көтереді. Шағадай ағасы бауыры Үгедейді хаған болғызған соң, хаған әкесінің шыбын жанын қорғаған кешіктен, қоршындарын, мың төлеңгітін, хаған әкесінің мерейлі меншiri – тумен жасағын Шағадай мен Толуй екеуі Үгедей хағанға береді. Ортаңғы елді де рәсім бойынша Үгедей xағанға береді. Үгедей xаған тағына отырған соң түмен жасағын да, ортаңғы елін де өзі билейді. Шағадай ағасымен ақылдасып, Шыңғыс хаған әкесінің аяқтамаған, Бағдат елінің Халифа сұлтанына аттанған Шормағын Қоршидың артынан Оғытыр мен Мөңкіт екеуін жібереді» (1)
Үгедей қаған болған соң Хорезмнің мұрагер ханзадасы Жалал ад -Динды жалғасты қуғындауға Шормаған ноянды жібереді. Сонымен қатар Шыңғысханның өсиеті бойынша шүршіттердің Алтын патшалығын түбегейлі жою жорығына дайындалады. Үгедейдің кезінде хандық таққа таластың туылуынан сақтану үшін Шыңғысхан Шағатай мен Төледен таққа үмітті емеспіз, Үгедейге қосыламыз деген қолхат алып , қолдарын қойдырады. Осылайша Шыңғысхан айтты: « Егер сендердің армандарыңмен сөздерің бірдей болса, сендер ауызда да жүректеде бірдей болыңдар. Мынаған кепіл болуларың керек: ˮМен өлген соң сендер Үгедейдің хан болуына кепіл болып оны еттеріңмен рухтарыңа тапсырасыңдар, бүгін менің алдымда белгіленген істі өзгертулеріңе болмайды, әрі менің заңымдыда өзгертпейсіңдер ˮ. Үедейдің ағайындары оның оның өсиетіне сай хатқа қол қойды». (2)
Үгедей қағанның шүршіт жорығына аттануы
«... Қаған ұлы жасақ заңын жариялады. Шүршіт патшасы Алтан хан Шыңғыс қағанға көңіл айту үшін Ахудай атты елшісін тарту- таралғымен жіберді. Үгедей қаған оған: ˮСендердің патшаларың қасарысып тізе бүкпей , жақсы әкеміздің қиян- кескі соғыс жорығында дүние салуына себепші болды, осыны ұмытады ғой дейсіңдер ме? Тарту- таралғыларың неге тұрмақ? ˮ деді. Си құрметін қабылдамай қайтарды да, артынша Алтын патшалығына жорық жасау ісін ақылдасты.
1230 жылы күзде қаған өзі қол бастап оңтүстікке аттанды. 1231 жылы ақпан айында Фыңшиан қаласын басып алды, Лоян, Хыжұң қатарлы қалаларға шабуыл жасады. Тамыз айында Корей елі Моңғол елшісін өлтіріп тастағандықтан, олардың үстіне Сартақ бастаған қалың қолды аттандырып, қырықтан астам қаласын басып алды.Корей патшасы Чы інісі Хуай Әнді жіберіп тізе бүгетінін білдірді.Сартақ белгіленген түзім бойынша ұлықтар тағайындап, әр бір жерді тыныштандырған соң елге қайтып кетті.1232 жылы ақпанның жетісінде Үгедей Бәйпода Сары өзеннен өтті. Ақпанның тоғызында Төле Ханжияң өзенінен өтіп Үгедейге жағыдайды мәлімдеп шабарман жіберді. Үгедей жорыққа аттаныңдар деп әмір етті. Наурызда Сүбедей бастаған әскерлерге Алтын патшалығының оңтүстік астанасы Кай пинді қоршауға алу туралы жарлық түсірді. Алтын ханы өз інісі Цау ханы Хуа кіні ақ үйлі аманатқа жіберді, Сүбедей Хынанға бекінді. 1233 жылы ақпанда қаған Телеті деген жерге жетті. Ханзада бектерге Уаннуға шабуыл жасау туралы ақылдасыңдар деп бұйырды. Ханзада Күйік пен ханзада бек Алшыдайға сол қанат қосынды бастап Уаннуға табанда жорық жасауға жарлық берді. Жазға салым сәуір айында Сүбедейдің қолы Чин Чыңға жорық жасады, Сүйли Алтын әулетінен Уаңшах ананы, Туда ханымды және Лиян ханы Сүңкіні, Жиң ханы Шу Чүнді моңғол қосынына бастап келді, Сүбедей олардың қасына кісі қосып жіберіп қағанға аттандырып жіберді де, оңтүстік астанаға басып кірді. Маусымда Алтын ханы Цайжоуға қарай қашты. Тоғочар қол бастап Цайжоуды қоршауға алды. Қыркүйекте Пушиан Уанну тұтқынға түсті. 1234 жылы Алтын ханы орынын ата шаңырақтағы ұлы Онгин Чыңлинге берді де өзі буынып өлді әрі сүйегін өртетіп жіберді. Қамал алынғаннан кейін, Онгин Чыңлин тұтқындалып өлімге үкім етілді. Сұң әскерлері Алтын патшасының сүйектерін жинастырып алды да қайтып кетті, Алтын патшалығы жойылды».(3)
1211 жылы Шыңғысхан шүршіт Алтын патшалығына салық төлеуден бас тартып олардан түбегейлі бет бұрды. Шыңғысхан 100 мыңнан аса темір шерігімен Алтын патшалығына аттанып қорған сыртындағы шөлде 400 мыңнан аса шүршіт әскерін қырып салды, осы жеңілістен кейін 1216 жылға дейін 862 қаланы тартып алып Алтын хандығының көп жерін өзіне қаратып алды, ол жерге Жалайыр Мұқалиды 40 мың әскерімен қалдырып кеткен болатын. Ол жорықтан соң Күшілік басып алған қарақытай хандығына жорық жасалып келесі жылы Хорезм жорығы басталды. 1226 жылы таңғыттарды бағындырды. Шыңғысхан өлерінде Алтан елінің қалғанын оңай алудың тәсілін өсиет етіп айтып кетті. Үгедей өсиет бойынша қалың әскерді екіге бөлді, Төле бастаған 20 мың әскер Сұң патшалығының жері арқылы Алтан ханның оңтүстігінен басып кіріп өзіне тап берген 100 мың әскерді түгел қырды. Оның қолы Үгедеймен бірігіп астанасын басып алды. Осылайша көшпенді жұртқа ғасырдан астам уақыт тізе батырған тұңғыттардың патшалығы жойылды. 1210 жылғы 53 миллион 700 мың халықтан 1236 жылы Үгедей санақ жүргізгенде 10 миллион 500 мың халық қана қалған екен. Демек моңғолдар 40 миллионнан аса қытайлықтарды қырғынға ұшыратқан.
1279 жылға дейінгі соғыстарда бұл сан тіпті 80 миллионан асып кеткен. Демек 80 жыл бойы көшпенділер қытайлықтарға қарата қатаң жаныштау соғысын жүргізді. Бұл қытай экспанциясын әлсірету рөлін атқарды.
Шығыс Еуропа жорығы
1236 жылғы құрылтайдың қортындысы бойынша Үгедей Бату бастаған ханзадаларды Шығыс Еуропаға аттандырады. «Сондай-ақ бұрын Сүбедей батыр Қаңлы, Қыпшақ, Байжігіт, Орыс, Асу, Сасу, Мажар, Кашимир, Шеркес, Болгар, Керт, Бұқар елдеріне дейін, Еділ, Жайық өзендерінен өтіп, Мегiт, Кермін, Кейбе (Киев) қатарлы калаларды басып алу үшін жіберілген-ді.
Бірақ сол елдердің қарсылығы басым деген хабар естілгендіктен, Сүбедейдің соңынан Бату, Бөри, Мөңке қатарлы хаған тұқымының үлкен ұлдарын аттандырады. Бұл жорыққа аттанған барлық туыстар мен нояндарды Бату бастасын деп әмір етеді. Ортаңғы елден шыққан әскерлерді Күйік бастасын! деп әмір етеді. Бұл жорыққа, ел билеген хан ұлдар, өз ұлдарының үлкендерін жіберсін! Ел билемеген хан ұлдар мен түмендік, мыңдық, үздік, ондық нояндар осылардың қай-қайсысы болса , сол сияқты өз ұлдарының үлкендерін жіберсін! Оның қыздары мен күйеулері де, солар сияқты, ыңғай үлкенін жүргізсін!» деп әмір етеді. Тағы да Үгедей ұлдардың үлкендерін өстіп жорыққа жүргізуді Шағатай айтыпты. Сүбедейдің соңынан ұлдардың үлкендерін жіберейік. Ұлдардың үлкендері аттанса, әскер мол болады. Әскер мол болса, көзге көп көрінеді. Онда дұшпандардың адамдары да көп. Сол шеттегі елдер кеселді. Адамдары ыза болса, өзін-өзі жарып жіберуден де тайынбайды. Дірілдеп тұрған саймандарыда бар деседі депті. Шағатай ағамның сақтықпен айытқан осы ақылы бойынша ұлдардың үлкендерін жіберейік деп жан – жаққа жар салып, Бату, Бөри, Күйік, Мөңке бастаған әскерлерді жорыққа аттандырмақ болған жайы осылай екен дейді».(4)
1237 жылы күзде Күйік , Мөңке бастаған әскерлер Бұлғар жеріне ілініп (Қазіргі татарстан) Бату, Орда, Шибан, Таңғыт қатарлы ханзадалармен бірігеді. Моңғол әскерінің жалпы саны 80-100 мың аралығында болады, оның ішінде Шағатай әулетінен келгендер де болды. Осы соғыста Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы қаңлыларға жорық жасалған сияқты. Бұлғар қаласын алып онда үлкен шайқас болды. Соңында бүкіл қала өртке кетті. Онан Еділ мен Жайықтан өтіп Елбөрі қыпшақ тайпасына шабуыл жасады. Тайпа басшысы Құрсымен моңғолдарға тізе бүкті. Тағы бір қыпшақ тайпасының басшысы Башман жалғасты қарсыласып Еділдің сол жағалауындағы ормандармен өзен ортасындағы аралдарға тығылып қарсылығын тоқтатпады. Моңғолдар аңшылық шеңбер сияқты тор құрып оған іздеу салды. 1237 жылы Башман Каспи теңізінің бір аралына қашып барды. Моңғолдар кемеге шығып аралда оны тірідей қолға түсірді. Сол маңдағы алан ( ас немесе асут), хазар тайпалары да тізе бүкті, моңғолдар қыпшақтармен бұлғарларды бағындырған соң батысқа қарай жорықтың қақпасы ашылды.
Орыстарды жаулап алуы
1237 жылдан бұрын Руьс книяздіктерінің саны 56 болатын, күштілерінен Владимир , Суздаль Ұлы Герцогтігі, Новгород Республикасы, Галисия - Вариния Корольдігі болды. Ал оңтүстіктегі Рязань Ұлы Герцогтігі бар еді. Моңғол қосынында бес түмендік болған: Бату түмендігі, Күйік түмендігі, Мөңке түмендігі, Құлықан түмендігі, Байдар түмендігі. Мұнда Байдар шағатай ұлысынан 15 мыңдай әскермен келсе, Күйікте сол шамадағы әскермен Үгедей ұлысынан келді. Құлықан қытай шегінен өзіне қарасты түмен қосынымен келсе, Мөңке Шығыс моңғолиядан Төле әулеті атынан түмен әскерімен келді. Ал Батуда кемі 30 мыңдай әскер болған.
1225 жылы Шыңғысхан Жошыға 9000 мың моңғол әскерін үй ішімен берген еді, кейін оларға бағынған қыпшақтармен, аландар, башқұрттар қосылды. Сол себепті моңғол қосынының жалпы саны 100 мыңнан аспайды. Батудың қоластында тағы Орда ежен мен Шибан қол бастады.
1238 жылы моңғол әскері Коломнойда Орыстың Владимир бастаған ауыр атты әскерін жеңді Орыс жылнамаларындағы «Батудың Рязаньды қиратуы» шығармада Рязань князь Владимир, Суздалдан көмек сұраған, бірақ Юри ІІ көмектеспеген. Юри І өз ұлы Федорды тарту таралғы алып Батуға баруды, оған сұлу келіншегін көрсетуді айтқан. Бірақ Федор одан бас тартқан. Моңғол армиясы Пронкск, Ижеславич, Белгород, Дидров, Болесов-Гребов қатарлы қала- қалашықтарды қиратты. Соңында 1283 жылы Рязаньды қоршауға алды. «Батудың Рязаньды қиратуы» атты шығармада шайқас барысы былай суреттеледі: « Олар тұтас қаланы қоршап алды, бес күн соғысса да шегінбеді. Көптеген тұрғылықты халық өлді немесе жараланды. Олар ұзақ уақыт соғысып қалжыраған еді. Бату отпен қала қамалына шабуылдады, сатылар арқылы қорғанға шықты, қала қолдан кетті... Олар шіркеу мен монахтарды тірідей өртеді, онан соң шіркеуді өртеп жіберді. Бір бөлім ерлер, әйелдер, балалар қылыштан қырылды, қалғандары өзенге тұншығып өлді. Татарлар біздің қасиетті қаламызды өртеп, басқада әсем жерлерді қиратып, қасиетті жерді біздің қанымызбен бояды...». (5)
Бұл атақты Бороне шайқасы ғой.
Моңғолдар Ока өзенімен беттеп Коломнаға жетті, Коломна шайқасы осы соғыстардағы бірінші дала ұрысы. Князь Юри Владимир, Новгород, Рязань сынды үш князьдіктің қосынын Коломнаға топтап моңғолдардың алдын тоспақ болды. Моңғол жасағына Берке атойшы болып Коломна шебіне жетті. Еремей Глобович қосынды бастап Беркенің қарсы алдынан шықты. Беркенің қосыны соғыса шегініп оларды қоршау шеңберін қалыптастырдыда бір бүйірден оларға қырғидай тиді. Бас қолбаышы Всеволод Юрьевич қайытпай соғысуды бұйырды, бірақ қосын әлсірей түсті. Құлықан осы соғыста жараланып қайтыс болды. Берке мен Сүбедей екі бүйірден орыстарды қыспаққа алды да орыстардың алдыңғы шебін бұзды. Всеволод Князь қашып кетті, моңғолдар көп қаланы алып Коломнаны қоршауға алды. Говар күштері орман ішіндегі саздыққа шегінді, Бату оларды тізе бүгуге бұйырды, олар орманнан шығып бағынды. Коломнадағы соғыста Рязаньның жанды күштері жойылды да Владимирге жол ашылды. Моңғол қосыны солтүстікке беттеп жолдағы қыстақ Маскеуді өртеп жіберді. Бату мен Берке жеке- жеке қол бастады, Берке Суздальға аттанды да , Бату ортаңғы қолмен Владимирге қоршап шабуыл жасады. Владимир орыстың ең ірі қаласы болатын, ақпанның жетісінде моңғолдар тас атқышпен от лақтырғандықтан қалаға өрт кетіп , моңғолдар басып кірді. Қала алынған соң Берке, Шибан, Қадан қатарлылар солтүстікке аттанып Ростов секілді қалаларға бет алды. Ал қосынның тағы бір тобын Бату, Мөңке, Күйік, Сүбедей бастап батысқа тартып Юриев, Переславль-Залесский және Тверь қатарлы жерлерге шабуылдады. Қашып кеткен Ярослав II қуалады оны қуған бойы Владимир-Новгородтың шекарасына келді. Бату солтүстікке қарай жолдан айналып оңтүстікке оралды, сондықтан Новгород қаласын моңғолдар тонаған жоқ. Боралдай Ростовқа шабуылдаған кезде, Берке Ярославль және Костромаға шабуылдап онан батысқа тартты. Волгадан өтіп Угличті алды да Владимирдің үлкен қосынының базасына жетті. Берке де өзеннің батысына өтіп соғысқа қатынасты. Сити өзеніндегі осы соғыста оңнан солға қарай Инатоко, Станивино және Боссока шеп құрды. Оңтүстіктен Берке, ортадан Боралдай болып Юри ІІ қосынын қыспаққа алды, Юри ІІ соғыста өлді. Боссока қаланы ашып тізе бүкті.
1238 жылы наурызда моңғол қосыны Смоленск княздығы арқылы, Чернигов княздігінің шығыс жартысын тікелей басып өтті. Козельск қоршау соғысы басталды. Моңғолдар қаланы 49 күндей қоршап үш күн соғысып басып алды. Онан кейін моңғолдар Думитиц, Карачев, Кром қатарлы қалаларды басып алды да Дешті қыпшаққа қарай беттеп сонда реттеліп демалды. Қазан айында моңғол қосыны Черниговқа шабуыл жасады. Қазанда моңғолдар қаланы басып алды. Моңғолдар тағы Любе, Мозири, Гомель, Могилев, Глухоф қатарлы қалаларды қиратты. Михаил князь қашып кетті.
1240 жылы күзде моңғол қосыны Киевке жетті, деректерде қалада тек
7000-8000 мың әскер қалған делінеді, 40 мың моңғол әскері қаланы басып алды. Карпинидің айтуынша: « Бұл арадан өткен кезімізде сахарада шашылып жатқан өліктермен сүйектерді көрдік... Дінсіздер орыс жеріне үлкен қырғыншылық жасады, қалалармен қамалдарды қиратты. Киев бұрын үлкен қала болған екен, халқы көп болған, қазір ештемеде жоқ, тек 200 дей ғана үй қалыпты» дейді.
Польша мен Венгрияға жорық
1241 жылы көктемде моңғол әскері екіге бөлінді. Негізгі қолды Бату бастап, Сүбетай болып Венгрияға кірді, енді бір тобын Байдар, Ұраңқадай, бастап Польшаға кірді. Наурызда Байдар Краковқа жетіп жол бойы тонаушылық жасады да кері қашты, Польша әскері соңынан қуды, Хемельникке жеткенде моңғолдардың тұзағына түсіп қатты қырылып кері қашты. Байдар Краковқа қайта келгенде Больес VI қаланы тастай қашты, моңғолдар қаланы өртеп кетті. Онан Байдар Чехия мен іргелес Силезияға кірді. Батыстан Хенри ІІ Силезия мен Польша, Германның біріккен рицарларын бастап бес бағытпен қуалады. Моңғолдар Легницада бес топқа бөлініп қарсы соғыс ашты. Сәуірдің тоғызында моңғолдар жауды ойсырата жеңді.
60 мың қосыннан 40 мыңын қырғынға ұшыратып, өлген рицарлардың құлақтарын кесіп санын шығарды. Еуропаның ең іріктелген ауыр армиясы осылайша бар жоғы 10-15 мың моңғол атты әскерінен оңбай жеңілді. Легницадағы қырғыннан кейін Богемия патшасы 50 мың әскермен қарсы соғысты, бір айда екі жақта да жеңіліс болған жоқ. Моңғолдар Чехияға кіріп көп жерді ойрандады. Онан Австрияға кірді, моңғолдың негізгі қосыны Венгрияның Бату, Қадан, Шибан болып үш бағытта кіріп Рест қаласына таяды. Бела VI өз қосынына қоса 60 мың мажар қосынына ие болып соғысқа шықты. Моңғолдар сол кезде әдейі қашып Бела Тисса өзеніне жетіп сонда база құрды. Түн ортасы бола Бату бастаған моңғолдар шабуылға шықты, Сүбетай қосынды бастап жауды қоршап алды, Шайо шайқасында Венгр қосыны түгел қырылып Бела жалғыз қашып шықты. Онан моңғолдар Рестті басып алып өртеді, көп шабуыл жасады. Осы жылы жазда моңғол армиясы Дунай өзенінің шығысына жетті де төңірегін тонай бастады. Қадан Беланы қуалап Адрият теңізінің жағасына жетті. Бела теңіздегі бір аралға барып ажал құшты. Моңғол қосынына 1241 жылы 11желтоқсанда Үгедейдің қаза болғаны туралы хабар жетті де моңғол қосыны жорықты тоқтатты.
Моғол паспорты
Үгедей өз үстемдігі тұсында тамаша саясаттар жүргізген себепті моңғол ұлысы бұрын болып көрмеген дәреже де көркейді. Халық саны артты. Көшпенді халық ырғын тұрмысқа қолдары жетті. Ол шығарған заң бойынша көшпенділер ара жолаушы қалтасына бір тиын ақша салмай даланы кезіп жүре беретін болған. Қазақтың қонағын күткенде ақысыз күтуі осыдан қалған. Қазақтың 30 күн ойын, 40 күн тойын жасауы, салтанатты үй тігіп, оны ою, кестемен , алтындап әшекейлеуі, салтанатты әсем киінуі осы заманнан қалса керек. Ол заманда көшпенді моғол-түркілер өздерін басқа барлық халықтан жоғары санайтын. Кешегі Абайдың қазақ басқа халықтың бәрін бойына тоғытпайды деуі осыдан қалса керек. Үгедей тұтас империяның жер жеріне почта бекеттерін құрғызды, ол бекеттерде арнайы адамдар жұмыс істеді, шөлді жердегі бекеттерге құдық қаздырып, арнайы аттарды дайындады. Қысқа уақытта хабаршылар ат ауыстырып уақыттан ұтты. Бұл хат- хабар байланысын жеделдетті. Өзге ел тұрғындарына елге кіру үшін паспорт беретін болды. Сауда жолдары өте қауіпсіз болып империяның арығы шетінен бергі шетіне жеткенше еш тонаушы болмайтын. Көшпенділер үйіне құлып салмайтын, бұрын бір тайпа адамы өзге тайпа жеріне жетсе өлім құшса, осы кезде бәрі бір жанұяның баласындай болып кетті. Бұл империядағы заңның құдіреті еді. «Ұлы жасақ заңы» империяның құдіреттенуіндегі алғы шарттардың бірі еді.
Төргене қатұн билігі
Үгедейдің негізі төрт ханымы ,жеті ұлы болған, олар: Күйік, Қадан, Кошу, Қарашар, Қашын, Көден, Мәлік. Ханымдарының ішінде ең беделдісі Төргене қатұн еді. Ол әсілі меркіт Дайырұсұнның кіші әйелі еді, Дайырұсұнды жеңгеннен кейін тұтқынға түскен, Шыңғысхан оны Үгедейге тигізген, ол найман тайпасынан шыққан еді.
«Әлем императоры дүние салған кезде оның үлкен ұлы Күйік, қыпшақ жорығынан әлі келмеген болатын, сондықтан әдет бойынша қағанның қатұны Орда да отырып елге билік жүргізіп жарлық беретін. Мүге қатұнды моғол ғұрпы бойынша Шыңғысхан оған алып берген болатын. Ал Төргене қатұн үлкен ұлдың анасы болғандықтан ол ханым дәрежесі жоғары еді. Ал Мүге қатұн өте ақылды болатын. Ол ханзадаларға, қағанның туыстарына хабар жіберіп қағанның өлімін оларға жеткізді. Әрі қаған сайлаудан ілгері бір адам саяси билікті ұстап тұруы керек деп ұсыныс айтты. Сонда алалық тумайды, ұлыс былықпайды, әскермен орданы қорғап халықты тыныш ұстауға болады деді. Шағатай басқа ханзадалармен туыстары атынан Төргене қатұн мұрагер ханзаданың анасы болғандықтан , құрылтай шақырылып жаңа қаған сайланғанға дейін орда билігін сол ұстасын, көне уәзірлер орынында қалсын деді. Төргене қатұн өте білімді де іскер әйел еді, оның мәртебесі соған орай күшейе түсті. Ал Мүге қатұн көп ұзамай қағанның артын жайғастырған соң, керемет айлалармен сарай билігін қолға алды. Әртүрлі мейірбандықтар мен құрмет, ізет арқылы көп адамның жүрегінен орын алды. Былайша айытқанда қағанның туыстары мен әскерлер соған ауып тұрды. Әрі оның жарлығын қуана қабылдап ыждағаттылықпен атқаратын, оның үстемдігіне бойсұнатын. Сол кезде Чыңхай қатарлы қағанның өзге уәзірлері міндетін жалғастыра берді, өзге төрт тараптағы әмірлерде өз орынында қалды».(6)
Мүге қатұн өзге өзі ұнатпаған әмірлерді жоймақшы болған. Ол Қидан Иелу ашы арқылы Чыңхайдың орынын бастырмақшы болды. Чыңхай оны сезіп қалып Қаданға қашып кетеді. Сол кезде Күйік өз ордасы Еміл бойына келген еді. Сол аралықта Фатима атты Парсы әйел Күйік пен Төргене қатұн арасына жік салады, бірақ көп ұзамай онысы әшкереленіп жазаланады да суға тасталады. 1245 жылы Төргене қатұн Шаған қатарлы қолбасыларға Сұң патшалығына шабуыл жасауға жарлық береді, Шаған Хуэйси, Янжоу қалаларын басып алады. Төргене қатұн пікір алауыздығына бола Иелүй Чусайді адам жіберіп өлтіртеді. Сонымен бірге Төргене қатұн моңғол империясындағы ең мықты қолбасы Сүбедей мен Шылауынға қастық сайлайды, Шылауын қашып кетіп құздан секіреді, сол беті ұстатпай дерексіз кетеді. Ал, Сүбедейді өлтіртеді.
Күйік Қаған
Күйік қаған
Осылайша төрт жыл өткен соң ханзадалар мен нояндар жиылып жаңа қаған сайламақ болады.
« Шығыстан Отчегін ноян мен оның ұл қыздары, онымен іргелес тұратын ханның өзге туыстары; Шағатай ордасынан Қара, Есу, Бөрі, Байдар, Есентоқа, тағы басқа немерелер мен шөберелер. Сақсын мен Бұлғар жерінден Бату келе алмай інілері Орда, Шибан, Берке, Беркешар, Тоқайтемірлерді жіберді. Әйгілі нояндармен әмірлер ілесе келді. Қытай жерінен келген уәзірлер мен әмірлер, Түркістаннан келген әмір Мәсіғұт, осы өңірдің игі – жақсыларын бастап келді. Арғұн мен бірге Хорасан, Лұр, Ирақ, Әзербайжан мен Шируанның қымбатты ұлықтары келді... Осыншама көп қонақтарға арналып 2000 үй тігілді. Олар ордаға мол тарту- таралғымен келді, тағы да олармен еріп шығыспен батыстың көптеген саудагерлері келді. Осыншама салтанатты той сірә, тарихта болмаған. Адамның көптігіне сахара тарлық етті. Лауазымды ханзадалар қаған белгілеуге алдымен кезек берді, империяның тізгінін қағанның ұлдарының біріне беру керек деді. Қаданның арманы осы болатын, өйткені әкесі оны ауызға алушы еді. Ал басқалары Ширемүнді құптады, ол есейгенде ел басқаруға ылайықты адам болады деп қарады. Алайда қағанның барлық ұлдарының ішінде Күйік ең батыр да , кескіндігімен әйгілі еді. Үйдің үлкені болғандықтан қиыншылықты шешуге шебер, әрі бастан өткергені көп тәжірибесі бар еді. Қадан әлсіз, ал Ширемұн әлі бала еді. Онымен қоса Төргене қатұнда Күйікке қосылды, басқалары да оның ойына қосылды... Соңында шаман бақсылар сәтті күнді талдап, барлық ханзадалармен әмірлер бас қосып бас киімдерін алып, белдіктерін мойынына асып, Есу бір қолынан, Орда бір қолынан сүйеп оны қаған тағына отырғызды». (7)
Күйіктің таққа отырған жылы 1246 жылы 24 тамызда болған. 1248 жылы қайтыс болған. Олда әкесі сияқты ішімдікке көп берілген адам еді.
Күйік қағанның Рим папасына жазған хаты
Күйік таққа отырған соң көп ұзамай Шағатай қайтыс болды. Орынына ұлы Қара отырды. Есу мен Күйік бұрыннан досжар болғандықтан ол хандық орынды Есуге алып берді. Қара Шағатайдың немересі болатын. Күйік Батумен бірге батыс жорығына қатысты. 1242 жылы Үгедей қайтыс болған хабары жеткенде ол кері қайтты, десе де Шығыс Еуропадан ата мекеніне жеткенше көп уақыт керек еді. Рашид ад -Динның айтуынша Күйіктің жұрты :«Оның жұрты бері Маңырақ, Еміл және Ерушар деп аталатын жерде. Үгетай қағанның мұрагері оның немересі Ширамұн болғанына қарамай, Төргене қатын мен қағанның өзге ұлдары оның өлімінен соң , оның өсиетіне қарама қайшы іс істеді, өмірі жазыла алмайтын ауру болғанына қарамай Күйікті таққа шығарды».(8)
Күйік қаған кезінде Рим папасы Innocentius PP IV Моңғол қаған ордасына Карпини атты елшісін жіберді. Ол елші қызметін атқарудан сырт моңғолдарға қарата қал-жайын біліп келу қызметті атқарды.
1246 жылы 22 шілде де ол Қарақорымға жетеді де дәл Күйікті қаған сайлаған құрылтайға қатынасады. Ол қайытқан соң өзінің сапар естелігін жазды. Қайтарында ол Күйік қағанның Рим папасына жазған хатын ала қайтады.
1247 жылы Тибет көсемі Сажабандыжа, ханзада Қадан мен Лиян жоуда келісімге келіп Тибеттің бүкілдей Моңғолға бағынатынын білдірді.
Күйіктің екі жылдан кейін қайтыс болуы да осыған байланысты болса керек. Оның Қахжағұл, Тоқма, Басжау, Абуқан атты үш ұлы болған. Бату мен Күйік араз еді. Батуды әлденеше рет шақыртып ол келмеген соң ол Батуды жазалау жорығына шығып 1248 жылы сәуірдің 20 күні қайтыс болды. Бір деректерде ол ішімдіктен өлді десе, бірінде Бату кісі жіберіп әдейі улатып өлтірген деген де сөз таралған.
Ұлыстың территориялық аумағы
Үгедейге берілген иелік Батсы Моңғолия ( Орхон өзенінен батысқа қарай), Алтай мен Тәңіртау арасы, Шығыс Қазақстан аумағын қамтиды.
Кейін 1270-1301 жылдары тіпті Шағатай ұлысын шеңгеліне алып батыста Амударияға дейін жетті, солтүстігі Саян тауынан Сібір тайгаларына жетіп жатты. «Шыңғысхан кезінде территория өте кең болды. Ол әр біріне жер бөліп берді. Оны жұрт деп атайды. Сонымен ол Қытай (қидан) жерін өз інісі Отчігін ноянға және оның ұлдарына берді. Онан Қойлық пен Хорезм Сақсынға дейінгі және Бұлғар жерін, онан ары Татар атының тұяғы тиген жерлерді Жошыға берді. Шағатайға Ұйғұр жерінен бастап Самархан және Бұхараға дейін; Алмалық пен Құясты берді. Мұрагері Үгедейге әкесінің кезінде Еміл, Қобық (Тарбағатай) жұрттарын берген болатын. Бірақ ол таққа отырғаннан кейін орталығын Қарақытай мен Ұйғұр жерінің арасына көшірді, өзінің меншік жерін ұлы Күйікке берді. Кейбір жағдайларға негізделсек естеліктерде оның иелігі Төленің иелігімен іргелес, бұл расында империяның орталығы». (9)
Бұл деректегі Төленің иелігі деп отырғаны Шығыс моңғолия, ал Батыс моңғолия және ондағы Қарақорым Үгедейдің иелігі болған. Үгедей Қытаймен Орта Азияның шеберлеріне Қарақорым қаласын салдыртып оны империяның астанасы еткен.
«Қазіргі күнде Қарақорым дүние императорының тағы орналасқан жер, ол Қытай жеріне барып орталық құруды қажет деп білген жоқ. Әкесінің ордасы тұрған жерге тікті. Онан өзінің жұрты Емілді ұлы Күйікке берді. Оған тағы жаңа жұрт етіп Орхон мен Қарақорымға дейінгі жерлерді берген. Бұл жерді Моғолдар Мәуе балық деп атайтын. Қаған ол жерден бір қала салуға бұйрық берді. Ол қалашықты басқалар Ордабалық деп атаса да көп жағыдай да Қарақорым аталып жүр. Қытайдан бұнда көптеген ұсталар әкелінді, сондай- ақ мұсылмандардан көптеген шеберлер келіп қысқа уақыт ішінде осы қалашықты салып шықты». (10)
Жалпы Үгедей әулетіне тән территорияның көлемі 3 млн шаршы километр шамасында болған. Деседе ол кезде Моңғол империясы тұтастығын сақтап құрған болатын. Үгедей өз тұсында империя территориясына Алтан патшалығының соңғы территориясы, Еділден Дунайға дейінгі Шығыс Еуропа, Кавказ аумағы, Тибет үстіртімен Иран жері қатарлы 9-10 млн шаршы километр жер қосылды.
Үгедей әулетінің әлсіреуі
Күйік өлген соң Бату мен Төле ұрпақтары келісіп одақ құрды. Төленің керей әйелі Сұрқақтани келбетті де білімді әйел болған. Оның Мөңке, Құбылай, Арықбөке, Хұлағу қатарлы ұлдары шетінен батыр да іскер, білімді азаматтар еді. Бату мен Мөңке сонау батыс жорығында тіл табысқан еді. Шыңғысханның төрт шаңырағының ішінде Төле әулетінің иелеген жері көп, онымен қатар Шыңғысханнан қалған әскерлермен оның туыстары түгел соның иелігенде болды да ықпалы ең күшті болды.
1250 жылғы құрылтайда Бату бас болып Мөңкенің қаған болуын қолдады. Бұған Шағатай мен Үгедей ұрпақтары қосылмағандықтан көп уақыт ортақ шешімге келе алмады. Олардың басты сылтауы Күйіктің қаған болуы Үгедейдің өсиетіне қиғаш келгендік деп қарады. Сұрғақтани бике тартымдылығымен Жошы әулетінің сондай -ақ қағанның өзге туыстарының тілін тапқандықтан 1251 жылы шілдеде Онон өзені бойындағы құрылтайда Мөңкені қаған сайлады.
«Мөңке қаған болған соң Ширамұн мен оның інісі Нақу бастағандар наразы болып құрылтайдан кейін көптеген қаңқу сөздер таратты. Қаған оларды бақылауға Хула мен Маңғұсардың қолын аттандырды. Ханзадалардан Есумөңке( Шағатайдың ұлы), Бөрі (Шағатайдың немересі), Қожалар құрылтайға уағында келмеді. Қаған олардан сақтануға Бурылдайды әскерімен аттандырды. Қаданды Бесбалыққа, Мәлікті Ертіс бойына, Хайдуды Қойлыққа, Беркені Гүржіге, Тоқтайды Емілге, Моңгеду мен Үгедейдің ханымы қырғыз Хутениді Құтанның иелігінің батыс жағына көшіріп жіберді. Үгедейдің басқа тоқалдарының мүлкін ханзадаларға үлестірді. Күйіктің бәйбішесі мен Ширемүннің шешесінің бақсылық жолмен қарғыс- пәле жаудырып жүргені әшкереленіп оларды тепкілеп өлтірді. Ширемүн, Есу, Бұқа бастағандар Мотош деген жерге жер аударылды. Қожа, Нақу, Есентоқалар әскери лагерге қамалды». (11)
Мөңке Үгедей ұрпақтары мен Шағатай ұрпақтарын жаныштап олардың ықпалын әлсіретуге тырысты. Кей ханзадаларын сүргінге айдап жіберді, олардың иеліктерін бір тұтас биліктен айырып ұсақ иеліктерге бөлді. Хайдуға әсілі Шағатай ұлысына тән Қойлық ( Қазіргі Тараз жақты) берген, Қаданға Үгедей ұлысының ортасындағы Тәңіртаудың теріскейін, Мәлікке батыстағы Ертіс алқабын берген. Осы арқылы олардың басын біріктірмеуге тырысқан. Мөңке таққа шыққаннан кейін бар күшін сыртқа ірге кеңейтуді бастады, інісі Хұлағуға әскер беріп Иранның қалған жерлері мен Ирақ, Сирия, Анадолы қатарлы жерлерді жаулап алуға аттандырды. Сонымен бірге інісі Құбылайға 800 мың әскер беріп Сұң патшалығы мен Дли мемлекетін басып алуға аттандырды.
«Мөңке қаған Құбылаймен бірге қытай жағына моғолдар мен жауқұттардан тұратын 80 түмен әскер аттандырды (800 мың), оларға қытаймен шектес Нангияс уәлаятын бағындырып, сол жақта қалуларын бұйырды». (12)
Империя тарихында 800 мың әскер аттандыру ешқашан болмаған еді. Мұның 400 мыңы моңғол, 400 мыңы Орта азиялық қаңлы, қыпшақ, найман, арғын, қарлық, ұйғұр, хорезм, алан, кашмир , тибет, таңғыт әскерлері болатын. 1206-1256 жылдары көшпенділер саны артып кеткені де рас еді.
1250 жылдары Шыңғысханның ұрпақтарының саны 10 мыңнан асып кеткен. Құбылайға империяның ең мол әскері тигеннен кейін ол Қытайлық үлгідегі патшалық құруға кіріседі. Соның кесірінен Моңғол империясы төртке бөлінді.