Достастық елдерінің тарихшылары «Ортақ тарихи кеңістікте» тақырыбында бас қосты
14.10.2015 1578
Бүгін Астана қаласында Еуразиялық тарихшылар клубының «Ортақ тарихи кеңістікте» тақырыбындағы отырысы өтті

Жас тарихшылар клубының аясында өткен шараны Еуразиялық интеграция институты мен «Север-Юг» саясаттану орталығы ұйымдастырды. ТМД тарихшылары бас қосқан салтанатты жиынға Қазақстан, Ресей, Армения, Белоруссия, Әзербайжан, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының тарихшылары мен саясаттанушылары, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президент әкімшілігі өкілдері және де ЕҰУ Тарих факультетінің оқытушылары мен жас тарихшылары қатысты. 

Жиынға төрағалық еткен модератор ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов клуб отырысының ашылу шарасына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев келеді деп күтілгенін, бірақ Ақордадағы салтанатты шараға байланысты келе алмағандығын айтып, оның еуразиялық жас тарихшылар отырысына арналған құттықтауын жеткізді. 

«Бүгін елімізге ТМД елдерінің тарихшы мамандары жиналып отыр. Олар ең алдымен достастық елдердің тарихи кеңістігін кеңейтіп, өзекті мәселелеріне даңғыл жол көрсетпек. Әр елдерде өтетін атаулы күндердің датасы белгіленіп, оларды насихаттау жолдары айтылды. Еуразиялық жас тарихшылар клубына мүше елдердің ұлттық тарихи мектептерінің өзара қимылы мен ынтымақтастық мәселелері әңгіме болды», – деді Ұлттық тарихшылар конгресінің ғылыми хатшысы Қабылдинов Зиябек. 

Сондай-ақ отырысы барысында сөз алған «Север-Юг» саясаттану орталығының атқарушы директоры Юлия Якушева ТМД және Еуропа елдеріндегі тарихи ғылымды дамытудың проблемалары мен перспективаларын сөз етті. «Бүгінгі еуразиялық жас тарихшылардың отырысында достастық елдердің тарих ғылымындағы проблемаларының шешу жолдарын тереңінен қарастырсақ. Әр елдің өзіндік ұлттық идеологиясы мен біртектілігін бір-бірімізде бөлісіп, атаулы күндерге белігілеп іс-шаралар барысында тойласақ. Мәселен биыл Қазақстанда ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы мен шығыстанушы, тарихшы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы атап өтілді. Бұл мерейтойлар қазақ халқы үшін ғана емес, Еуразия кеңістігінде кеңінен аталып өтуі керек еді. Жалпы тек қазақ халқының ғана емес, өзге де ТМД елдеріндегі мерейтойларына байланысты әр түрлі атаулы күндер белгіленсін», – деді ресейлік тарихшы маман. 

Алқалы отырыста ЕҰУ тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Мұсабалина: «Еуразиялық жас тарихшылардың отырысы жылда кең көлемде аталып өтілсе...» – дейді. Оған тек қана бір-екі оқу орнының студенттері емес, еліміздегі және Еуразиялық жас тарихшылар клубына мүше елдердің ЖОО студенттері мен жас тарихшылары жұмылдырылса деген бастама көтерді. 

«Ортақ тарихи кеңістікте» тақырыбындағы отырыс бірнеше сұхбат алаңынан құрылды. Алғашқы отырысы «Еуразиялық кеңістік – уақыт ағынындағы бірлік» өрбіді. Одан әрі тарихшылар «БҰҰ 70 жыл. Қырым-Потсдам жүйесі және қазіргі әлемдік тәртіп», «ТМД тарихи жадын сақтау тетіктері», «Посткеңестік мемлекеттердің қазіргі тарихы: әдіснама мен тәжірибе» тақырыптарында өрбіді. Отырыс барысында мазмұнды ой-пікірлер айтылып, сауалдар жолданып, өзекті мәселелер тақырыбындағы пікірталастар туындады. Отырыстың жабылу салтанатында ұсыныстар мен қарарлар жарияланды. Еуразиялық жас тарихшылардың отырсының кезекті қорытындысы тыңдалды. 

Айта кетер болсақ, «Еуразиялық жас тарихшылар клубы» жобасын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығы мемлекетаралық қорының қолдауымен ресейлік «Север-Юг» саясаттану орталығы іске асырады. Жоба Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және ТМД-ның басқа елдерінің «тарихи қауымдастық өкілдерінің арасында кәсіби коммуникацияны дамыту» үшін пікірталас алаңын қалыптастыруға бағытталды. 

Алтынбек Құмырзақұлы