«Алаш мұраты және Елбасы идеясы» атты дөңгелек үстел өтті
02.03.2017 1654
National Digital History порталы Алаш автономиясының 100 жылдығы қарсаңында 5 наурыз – ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай «Алаш мұраты және Елбасы идеясы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды

Биыл Алаш автономиясына 100 жыл. Жыл басында Үкімет отырысы өтіп, сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов мырза Алаштың 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мәселесін көтерді. Еліміздің мәдени-тарихи өмірінде көптеген жаңалықтар болды, айталық былтырғы жылы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын аса жоғары деңгейде атап өтпесек те, жер-жерде іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар батыр, мерген, азаттық көтерілісінің қатысушысы Кейкі Көкембайұлының бассүйегін қайтарып алдық. Мұндай оқиғалар тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қайта қарауға, жаңаша зерделеуге жетелейтіні анық.

Портал ұйымдастырған дөңгелек үстел жұмысына акционерлік қоғам басшылығы, еліміздің кәсіби тарихшылары мен алаштанушы ғалымдар: Ш. Шарапиев, С. Аққұлы, Қ. Сақ, Қ. Ерімбетова, Е. Еңсебай, т.б. қатысып, Алаш кезеңінің тарихы жайында келесі пікірлер, толымды мағлұматтар айтты. Алаш кезеңіне қатысты терминдердің орнығуы, әлемдік тарих сахнасындағы және ресейлік тарихи ортадағы Алаш орны, Алаш Орда үкіметінің қарекеті хақында, сондай-ақ белгілі-белгісіз қайраткерлер есімі мен әскери жағдайлар жайында ойлары мен тарихи деректерін ұсына алды.

Алаштанушы ғалым Қайрат Сақ Алаш кезеңінде баспасөздің ролі өте күшті болғанын, ұлт болып тұтасуды, бір мүдде жолында жұмыс істеуді үндеу – сол заманның айқын көрінісі деп есептейді.

«Самодержавиені құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіненің ізінше Әлихан мен оның үзеңгілестері КДП мен масон ұйымы қатарынан шығып, қазақтың тұңғыш «Алаш» ұлттық либералдық-демократиялық  партиясын құрды. 

...Әлихан Бөкейхан мен ізбасарлары мемлекеттік биліктің хандық институты билейтін мемлекеттің заманы өткен, келешегі жоқ деп есептеді. Сол себепті олар мынадай стратегиялық мақсат-міндеттерді шешуге ұмтылды. Мақсат-міндеттердің бір бөлігі 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатында» («петициясында») ойып көрсетілген-ді.   

Құзырхаттың 4-бабында «қазақтың қоныстанып отырған жерін оның меншігі» деп мойындатуға ұмтылу керектігі айтылды. Себебі, деп санады «Алаш» қайраткерлері, жерсіз мемлекет болмайды», – деген әлихантанушы, PhD докторы Сұлтан Хан Аққұлы бұл кезең бойынша өте өткір әрі кесімді пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар ол Алаш Орда үкіметінің құрылып, Алаш автономиясының өмірге келуі жөнінде: «Шынында да «Алаш»» қозғалысының жетекшілері халқына жаңа бағыт-бағдар, жаңа ұлттық құндылық, үлгі-өнеге, жаңа ХХ ғасырдың талаптарына сай жаңа мақсат пен міндет қойып, қалың бұқарының ұлттық сана-сезімін, ар-намысын оята алды. Нәтижесінде 1917 жылдың 5-13 (қазіргі күнтізбе бойынша 18-26) желтоқсанында Орынборда болып өткен ІІІ Жалпықазақ құрылтайы (іс жүзінде; І және ІІ Жалпықазақ сиездері тағы да сол Орынборда 1917 жылдың 2-7 сәуір және 21-26 шілдесінде болып өтті. – С.А.)  Алаш ұлттық-территориялық автономиясын құрып, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігін – Алаш Орда Халық Кеңесін (үкіметін) жасақтады», – деген тұжырым жасады.   

Ал Мемлекет тарихы институының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова Алаш кезеңі бойынша кейбір құжаттардың әлі ашылмағанын, әсіресе советтік кезеңдегі Алаш зиялыларының саяси қызметі талдандбағаны жайлы сөз қозғады.

«Қазконтент» компаниясы National Digital History порталы Алаш автономиясының тарихына қатысты жұмыстарды жүйелі әрі тыңғылықты түрде өткізетін болды. Ай сайын Алаш кезеңіне қатысты әр түрлі тақырыпта бөлек-бөлек жиындарға атсалысады.

Өз тілшімізден

Фотосуреттердің авторы Абзал ҚАЛИЕВ.