Оралда көрісу мерекесі тойланды
14.03.2017 2317
Бүгін Орал қаласы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрісу мерекесі басталды

Таң азанынан қала жұртшылығы мен қонақтары музей үйіне ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, жылы шырайлы жүздерімен қауышып көрісті.

Көрісу – еліміздің батыс өңірлері (Маңғыстау, Орал, Атырау, Ақтөбе,  Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор қалаларында) тойлайтын ежелгі дәстүрлеріміздің бірі. Бұл кезең қазақтың көк жүзіндегі айдың қозғалысы арқылы жүргізілетін ескіше есебі бойынша Наурыздың 14-інен басталған. Бұл дәстүрді кей жерлер де «Амал» деп те атаған.

Оқи отырыңыз: КӨРІСУ – ТҮРІК-МОҢҒОЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ДӘСТҮРІ
 

Оралдықтар да бұл мерекені жылда дәстүрге айналдырып тойлап келе жатыр. Осы орайда облыстық музей мекемесі көрісу күні қарсаңында «Ел іші – өнер кеніші» атты жобаның тұсауын кесті. «Қазақ хандығының 550» жылдығына арнайы ашылған залдың ішіне қазақтың ұлттық баспанасы киіз үй тігілген. Оның іші ұлттық құнды жәдігерлер мен қазақтың тұрмыстық заттарымен көмкерілген. Ортада тұрған жер үстелге қазақтың ұлттық тағамдары қойылып, көрісу мерекесі қарсаңында әзірленген ақ тағамдар қойылған. Мерекенің басты тағамы Наурыз көже де дастарханда.

Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын апамыз Аққұштап Бақтырегерева көрісу мерекесін тәуелсіздік алған жылдардан ғана кең ете алып тойланғанын, жас кездерінде көрісу үшін тығылып барғандарын тілге тиек етті. Сондай-ақ көрісу жастардың тәрбиелік мәнінде үлкен рөл атқаратынын да айтты:

«Сонау ата-бабамыздан келе жатқан шығыстың жаңа жылы, яғни бүгін күн мен түннің теңелген күні. Бұл қыс жұлдызының кетіп, жаз жұлдызының тууы. Бүгін жалпы табиғаттың оянуы. Міне осы күнді біздің ата-бабаларымыз «Наурыз» деп атаған. Мына жас ұрпақ – сіздер Наурыздың қызығын көріп отырсыздар. Біз бала кезімізде жасырынып барып, көрісіп келетінбіз. Үлкен кісілердің айтуымен ғана. Біздерге бұл мерекені тойлатқан жоқ, қарақтарым! Біз бұл көрісудің қызығын көрген жоқпыз. Мынадай ел болып тойлай алған жоқпыз. Ұлттың еркіндігі деген осы. Егемендік алғаннан бері «Менің Наурызым» деп айғайлай алатын болдық. Өз тілімізде микрофонсыз-ақ домбырамен ән салатын болдық. Қазақ – қашанда тойшыл халық. Қонақжай халық. Ашығып келе жатқан қонаққа дастарханың жайған. Сағынып келген ағайынға сыбағасын ұсынған. Міне, осы дәстүрлердің барлығы Наурыздың алғашқы күні көрісуден басталған. Жастар осының барлығын білуі керек. Адамзаттың ғұмыры жер басып жүргендегі басты нышаны мейірімділік пен ізеттілік. Көрісу күні осы адами қасиеттер оянып, халық бір-бірімен қауышады, сәлемдеседі. Бүгінгі қазақтың салты, Наурызы, көрісуі мәңгі жасауы керек. Сонда ғана ел ел болады», – дейді А. Бақтыгерева.

Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі қазақтың ежелгі мерекесі. Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғасып, ауы-аймақ болып тойлана береді.

Мирболат Ерсаев, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:  

«Көрісу күні негізінен, Батыс Қазақстан аумағында атап өтіледі. Бұл осы өңірдің бүгінге дейін мал шаруашылығымен айналысып келуімен тығыз байланысты. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы жұртшылық үшін қиын болғаны анық. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни, бұл күн – көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні. Сондай-ақ, 14 наурыз – ескі күнтізбе бойынша наурыздың алғашқы күні.

Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр.

Бұл салт Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарында және Ақтөбенің кейбір жерінде сақталған. Басқа өңірлерде бұл салт мүлде жоқ. Оңтүстік өңірлерде көрісу деп қайтыс болған адаммен құшақтасып, қоштасуды айтады, ал бізде жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны көрсетеді.

Көрісу күні әр үйдің қазанында міндетті түрде ет асылады, бірақ арнайы ешкімді шақырмайды, әр иісі мұсылман қазақ сол күні 5 үйге кіріп, көрісуі керек. Қазақтың ескі салтында ауылдың ең үлкеніне барып көрісу – сыйластықтың белгісі болған».

Көрісу күні музей қызметкерлері қазақ даласындағы көрісу тарихынан шағын қойылым ұсынды. Ұққанымыз қазақ халықтары көрісу үшінде бір ауылдан екінші аулыға барып, ағайын-туысымен көрісіп қайтқан. Өкпе-реніштері болса, кешірісіп жаңа жылға жаңа көңіл-күймен аяқ басуды ырымдаған.

Сондай-ақ облыстық музейде «Ел іші – өнер кеніші» атты шара аясында қолөнер шеберлері мен ұсталардың көрмесі де өтті. Көрмеге ісмерлер мен ұсталардың қолынан шыққан ұлттық үлгідегі заттары қойылған.  Орал қаласында көрісу мерекесі түстен кейінде қаланың мәдени ошақтарында жалғасын табады. Осылайша Орал қаласында Наурыз тойы басталды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Орал қаласы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)