Қазақтың соңғы ханы – Кенесары. Ол үлкен империямен соғысты. Тарихи құжаттарға назар аударсақ, Кенесары Қасымұлы орыстың 20 генералымен соғысыпты
Құрметті Марат Оралбайұлы, Елбасымыз биылғы 2015 жылды «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» деп жар салып, ұлт тойын кең көлемде аталып өтілетіндігін мәлімдеді. Содан бері БАҚ, ғылыми институттарда, ЖОО, әлеуметтік желілерде тойдың барысы қызу талқыланды, тарихшы ғалымдарымыз өз ойларын жеткізді. Ойсырағанымыздың орны толып, жоғалғанымыз табылды. Сіз де ұлт руханиятына үлес қосып жүрген зерттеушілердің бірісіз. Қазақ хандығының 550 жылдығы кімдердің арманы, аманаты еді? Сәл тарихына сыр шертіп өтсеңіз.
Биылғы жылдың күзінде Керей мен Жәнібек құрған «Қазақ хандығы» дербес мемлекеті Жамбылда дүрілдетіп тойын тойлайды. Сауын айтылып, алты алашқа жар салынады. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау туралы бастаманы көтерген ғалымдарымыздың пікірін Елбасымыз қолдап, Үкімет жоба барысын нықтап тапсырып, алты алаш болып тойлауды нәсіп етті. Енді міне, ұлы тойды тойлатудың алғашқы қадамдары Астанада басталды. Сондықтан, алаштың тойы, елдігімізді көрсететін тарихи мереке әр жыл сайын бастамасын үзбесін.
Ал тарихқа келер болсақ, біздің кең байтақ жерімізде әр дәуір уақытында сақ, үйсін, қаңлы, ғұн кейін түрік қағанаты өмір сүрді. Шыңғысхан да біздің тарихымызға өзінің үлесін қосты. Шыңғыстың ұлы Жошының мұрагері Бату хан құрған Алтын Орда біздің мемлекетіміздің елдігін бекітті. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Қазақ хандығы өмірге келді. Керей мен Жәнібек хандар Моғолстаннан бөлініп, 200 мың халықпен Қозыбасыда бүгінгі Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Ендеше бұл – тарих сахнасында өткен 550 жыл қазақ халқының, еліміздің ұлы мейрамы. 550 жыл уақыт аралығында қаншама 5 жарым ғасыр артта қалып, жоңғар деген халықты жеңіп, оларды тарихи сахнадан қош айттырдық. Мұхаммед Хайдар Дулати осы тарихи дәуірдің шежіресін жазды. «Тарихи-и Рашиди» деп атады. Онда біздің қалай хандық құрғанымыздың, оның жолында қаншама қиындық көргеніміздің бәрі айна-қатесіз көрсетіліп тұр.
Ол тарихи еңбек – біздің құнды мұрамыз. Бүгінгі Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауымыздың өзі осы еңбектің арқасында. Мұхаммед Хайдар Дулати қазақ хандығының құрған жылдарды 1465-1466 деп көрсетеді. Кейбір ғалымдарымыз бұл пікірмен келісіп те жатқан жоқ. Бірақ ел болып, ұйғарып ұлы бабамыздың еңбегіне сүйеніп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізуді күн тәртібіне бекітіп қойдық. Әрине, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бұған дейін көтерілмеген тақырып болатын. Қазақта «тарихы жоқ халықтың болашағы жоқ» деген сөз бар. Біздің 550 жылға, тіпті одан әрі 2000 жылға татитын тарихымыз бар. Бізде ел болғанбыз. Батырларымыз бен сұлтандарымыз, хандарымыз бен би-шешендеріміз өмір сүрді. Олардың жазып қалдырған заң құжаттары, мемлекеттік мөрлері, дипломатиялық құжаттары біздің мұрағат қорында толып жатыр. Сол арқылы бабаларымыздың жасаған қызметтері мен еңбектері әлемге танылды. Сондықтан бізге ұлан-ғайыр атырапты аманат етіп қалдырған ата-бабаларымызға мың да бір рахмет айтуға тиіспіз!
Хандарға рейтинг жасаудың қажеті жоқ, әр ханның өз дәуірі болды
«Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарсаңында қазақтың мемлекетілігіне қатысты түрлі зерттеулер жасауға бастама көтерілді. «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандары» атты кітаптар басылып шықты. Тіпті Ватиканнан Қазақ хандығының картасы табылды. Қытай мұрағаттарында Қазақ хандығына қатысты 150-ден астам тарихи құжат табылды. Осы орайда сіз басшылық етіп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатында қандай құнды қолжазбалар сақталуда? Жалпы «Қазақ хандығының 550 жылдығы» аясында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
Қазақ тарихына қатысты құнды құжаттарды Түркия, Қытай, Ресей, Иран, Мысырдан алып келдік. Сондай-ақ Франция, Грек жеріне, Испанияның ұлттық мұрағаттарынан Қазақстан тарихына және қайраткерлеріне қатысты құжаттар қарастырдық. Сол мемлекеттерге арнайы экспедиция жасадық. Италия, Ватикан мемлекеттеріне де барып арнайы зерттеулер жүргіздік. Еуропа архивтерін зерттеу барысында көптеген құжаттардың көшірмелерін елге алдырттық. Еуропа халқы қазақ халқын ерекше жақсы көреді. Олар бізді жақсы таниды. Өйткені Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында қаншама испан, француз әскерлері бізге тұтқынға түсіп, кейбірі осында өлген. Соларға қатысты деректер біздің мұрағатта толып жатыр. Оларға бізде қолдан келгенімізді аямай, қол ұшымызды беріп келеміз. Іздеген құжаттарын тауып береміз.
Мәселен испандықтардың «Көгілдір дивизия» қатарында болған жауынгерлері туралы, француздардың 250-ге жуық сарбазы туралы деректер Ұлттық мұрағатта бар. Олар ашық түрде сақталған. Іздеген адамдар келіп, өзіне керектісін алып кетеді. Тағы бір қуанышты жаңалық: Осман империясының сұлтандары мен қазақ хандары арасындағы жазысқан хаттары Ыстамбұл мұрағатынан әкелінді. Онда 100-ге жуық хат табылды. Сондай-ақ түрік ғалымы Ахат Әни Жанди Мұстафа Шоқайдың 250 хатын беруі тиіс. Қытайға да ғалым зерттеушілерімізді аттандырдық.
Өйткені біз жәдігердің түпнұсқасын алуымыз керек, сол үшін халықпен жұмыс істеудеміз. Олар бізге көне жәдігер, қолжазбаларды табыстауда. Соңғы уақытта Қытайдан Шәкәрім Құдайбердіұлының қолжазбасын таптық. Міне осылардың барлығы – «Қазақ хандығының 550 жылдығы» қарсаңында жүзеге асқан жұмыстар. Сондықтан да ойсырағанымыздың орындары толып жатқаны бізді қуантатын жағдай. Әлі де көп қолжазбалар елге жетпей жатыр. Олар да бізге қатысты деректер толып тұр.
Ұлттық мұрағатта сақталған әрбір құжаттың маңызы зор. Тарихи, саяси-мәдени, экономикалық құжаттар аясында ұлттық мұрағатқа қызығушылық тудырып, келіп жүрген азаматтар көп пе? Әсіресе қазақ хандығына, қазақ хандарына қатысты мұрағаттардың ізденушілер қатары қалай? Оларға мұрағат құжаттарын қарау ашық түрде жүргізіле ме?
Біз мұрағаттың халыққа ашық болуын қалаймыз. Бар қордың электрондық нұсқасын әзірлеудеміз. Қазір үйден шықпай-ақ қажетті құжатты қарап шығуға мүмкіндік бар. Әсіресе биылғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтой қарсаңында студенттер, магистранттар, ғылым докторлары көптеп келуде. Олар өздеріне қажетті құжаттарды қиналмай, көп сапырылыстырып іздемей, тауып алып жатыр. Оларға қолайлы мүмкіндіктің бәрін жасап отырмыз. Алайда құпиялылығы алынбаған құжаттар ғана көпшілік назарына ұсынылмайды. Біздегі мұрағат құжаттары арқылы ғылыми зерттеу жұмыстары, қазақ хандығының зерттеулері жасалды.
Орыстың 20 генералымен соғысқан хан Кенесары
Қазақ хандық жүйесінде үлкен дәстүр немесе тарихи үрдіс қалыптасты. Яғни, Шыңғыстың әулетінен хан сайладық. Алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібек хандар туралы айтсаңыз. Керей мен Жәнібектен бері қарай алғанда қандай тарихи тұлғаларға хандарға баса назар аударуға болады? Қай ханның дәуірі алтын ғасыр, қай ханның саяси ықпалы зор болды?
Қазақ хандығының 550 жылдығы дегенде әрбір қазақтың ойына Керей мен Жәнібек оралуы қажет. Өйткені ата жолын жалғастыра отыра, үлкен дәстүрмен мемлекет жасады. Ол дәстүр Шыңғыс тұқымынан, яғни төре әулетінен хан сайланды. Інісі ізет көрсетіп, жасы үлкен ағасына жолын берді. Осылайша Керей хан қазақтың тұңғыш ханы атанды. Қазіргі Жамбыл облысы, Шу мен Бетпақдаланың бойында, Қозыбасы деген жерде қазақ хандығының отауын тікті. Қазақ хандығы тұсындағы Ұлытау да, Түркістандағы Ордабасы да киелі жерлер. Ұлттың ұйытқысы болған жерлер. Биыл сол жерлердің барлығына экспедиция жасалды. Арнайы археологиялық зерттеулер жасалды. Бірақ бір ғана өкініштісі, Қозыбасы бұл күні ескерусіз қалып отыр.
Екінші мәселе біз хандарды айтқанда Абылайды айтамыз, Әбілқайыр ханды айтамыз, тіпті кейбір хандарымызды жаман жағынан көрсетеміз. Бізге ана ханның дәуірі алтын ғасыр, мына хан мықты қызмет атқарды деп рейтинг жасаудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше қазақтың тарихына үлес қосқан барлық хандарымыздың мықтылығын көрсетуіміз керек. Біз қалай ел болдық, сол хандарымыздың елді біріктіруінің арқасында қол жеткіздік. Жоғарыда айтқанымдай, хандардың барлығы төре әулетінен. Олар да ұлы Шыңғыс ханның тұқымы. Тектінің тұқымы. Оған қоса өз руларымыздан шыққан әрбір, батыр би-шешендер болды. Басшысыз ел болмайды. Бүгінге дейін қалай келдік әйтпесе.
Ел басқарған ең соңғы төренің тұқымы – Әлихан Бөкейхан. 20 ғасырдың бас жағында А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатов жазған ашық хатта: «Біз екеумізде арғыннан шықтық. Бірақ қазақтың жолымен, дәстүрді ұлықтап төрені алға шығарып, ата жолымен жүрейік» деп Алаш көсемі ретінде Ә. Бөкейханоды басшы еткен. Ол уақытта Ахмет те, Міржақып та халық үшін, ұлт үшін жүйелі қызмет атқарып, басшы бола алатындай дәрежелері болған. Бірақ ата-дәстүрмен жалғасқан төренің әулетінен басшы шықса, халықты ел болуға шақырады деп Әлиханға жолдарын берген.
Тағы бір айта кетер мәселе, Абылай Ресей мен Қытайға бодан болмады. Керісінше қан төгіп, соғыс жасамай алып екі империяны саясатпен қармап отырды. Қытай мен Ресейді саясаттың шеңберінде ұстай отыра, бүгінгі кең байтақ шекарамызды бекітті. Бірақ оңтүстік өңірден шекара бекітпеді. Өйткені онда бауырлас ағайындар деп ойлады.
Алып орыс империясымен соғысқан Кенесары Қасымұлының тарихта алар орны қандай? Осынау қазақтың рухы үшін сағын сындырмаған жаужүрек бабамыздың төңірегінде алыпқашпа әңгіме көбейді. Кенесары Қасымұлынан кейінгі ұлт тізгінің ұстаған тұлғалар қатарында кімдерді айтуға болады?
Қазақтың соңғы ханы – Кенесары. Ол үлкен империямен соғысты. Тарихи құжаттарға назар аударсақ, Кенесары Қасымұлы орыстың 20 генералымен соғысыпты. Бұл дегеніміз – үлкен ерлік. Ұлы тарих. Ол тұста алып империя француздың Наполеонын жеңіп, шведтердің патшасы XII Карлді ойсыратқан. Осындай империя Кенесарымен соғысты деген – ұрпақ үшін ұмытылмас ерлік. Сонда қарасаңыз басынан бақайшағына дейін қаруланған орыс империясы біздің баяғы бабадан қалған қару-жарақ: айбалта, найза, садақтарымызға қарсы соғысқан.
Мен сізге қызықты дерек айтайын. Батыста Жәңгір хан деген болды. Бөкей ордасын құрды. Орыс империясымен бірге жұмыс атқарды. Орыстың генералы болды. Сол Жәңгір хан Кенесарыға хат жазады: «Кенеке, мен де сен сияқты төренің баласымын, мен бірақ бұлармен бірге мемлекет жасап жатырмын, әскерім бар, үлкен ғимараттар салып жатырмын, қала салып жатырмын. Сен неге сол жолға түспейсің?», – депті. Сонда Кенесарының айтқаны: «Жәңгір, орыстар менің ата-бабамның сүйегін қопарып жатқан кезде мен бұл дүниеде қалай жүремін? Мен білемін жеңілетінімді. Бірақ рухым жеңілмейді. Қазақтың рухы жеңілмейді», – деген екен. Расымен де мәнді айтылған сөз.
Кенесары өлгенімен, Абай, Шоқан, Ыбырайлар өмірге келді. Әлихан, Мағжан, Ахметтер орнын басты. Қазақтың рухы сынбай, қайта асқақтай түсті. Қараңғы қазақ көгіне шығып, ел болды, шекарасын бекітті. Ұлы хандарымыз бен билік басындағы басшыларымызды айтқанда бертінгі Қазақ ССР-ін басқарған Сейфуллин, Шаяхметов, Қонаев, Тәшеневтер де басшы болып, біздің елдің іргесін берік ұстады. Оның бәрін ертең халық саралайды. Кім қай тұста халқын көтеріп, биік мақсатқа жеткізді деп.
Қозыбасының ескерусіз қалғаны қиын боп тұр
Марат аға, сұхбат барысында Қозыбасы жайлы айтып қалдыңыз. Неліктен Қозыбасы ескерусіз қалып отыр? Керей мен Жәнібек хандық құрған Қозыбасы жері қай аумақта? Көбісі Жамбыл облысы мен Қарағанды облысының шектескен аймағында деп көрсетеді.
Қозыбасы деген Қарағанды облысының оңтүстігінде Бетпақдаланың «Аңдыстың сайы» деген сай бар, маңайында Байғара Жамбыл тауы деген бар, сол аймақта Қозыбасы деген тау тұр. Сол жер – Қазақ хандығының іргесін бекіткен мекен. Бірақ сол Қозыбасыға жасалған экспедицияны көргенім жоқ. Тарихшы, географ, өлкетанушы ғалымдар Қозыбасының дәл жергілікті аумағын біледі. Жергілікті халық оны Жамбыл облысында деп келеді.
Биыл тойдың желеуін ала отыра, Қозыбасыға неге белгітас қоймадық? Ұлт ұясы Ұлытауға, Ордабасыға, Бұлантыға қойылған белгітастардай белгі қоюға болар еді ғой?! Неге зерттеуші ғалымдарымыз Қозыбасы деген жердің тарихына үңілмеді? Ол неге Қозыбасы деп аталды? Соған жауап іздеу керек еді. Оның тарихына үңіліп жатқан адам жоқ.
Абылайдан бұрынғы хан жолы болған. Ол Көкшеден басталып, Арқаны өтіп, Ұлытауға тұрақтап, Хантауға жеткен. Сол Хантаудың арғы жағы – Қозыбасы. Сол Қозыбасыдан ары жан-жаққа жол сапарлаған. Сондықтан Қозыбасы – тарихи жер. Соған бір белгі орнатуымыз керек қайткен күнде де.
Сөз соңында айтарыңыз бар ма?
Мемлекет басшысы ел болып, халық болып қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау туралы мәселе көтергендігі – тарихи оқиға. Ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, тарихымызды жаңашылдандырып, мемлекет тойын атаулы күнге енгіздік. Енді жылда дәстүрге айналып, келесі 551 жылдық мерейтойды тойлауға жазсын. Ұлт тойын алты алаш болып тойлап, елдігіміздің іргесін берік қылайық. Ертеңгі жас, өскелең ұрпақ 550 жыл тарихы бар мемлекеттің ұрпағы екенбіз деп мақтанышпен айта алатындай болсын.
Сұхбаттасқан Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ