ГҮЛЖАУҺАР КӨКЕБАЕВА: ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ ҒЫЛЫМНЫҢ ЕНШІСІНЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ТҮРДЕ БЕРУ ҚАЖЕТ-АҚ
16.02.2017 2163
Адамзат тарихындағы ең ірі жанжал. Жер жүзі халқының 80%-ын қамтып, 61 мемлекетті қатыстырған екінші дүниежүзілік соғысты ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, сарапшы маман пікірі

Көкебаева Гүлжауһар Кәкенқызы, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры, Екінші дүниежүзілік соғыс бойынша сарапшы (эксперт)

– Сізді Еуропа тарихымен ұзақ жылдар айналысқан ғалым, екінші дүниежүзілік соғыс мәселелері бойынша сарапшы ретінде білеміз. Соған орай осы соғыс тарихының күні бүгінге дейін ашық айтылмай жүрген көлеңкелі жақтарына қатысты әңгіме өрбітсек...

- Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы жетпіс жылдан асып кетсе де, көмескілеу айтылып жүрген, тарихшы мамандарға ғана белгілі, ал қалың көпшілікке бейтаныс тұстары әлі де бар. Жаңа деректерді талдау нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғыстың, соның ішінде 1938-1939 жылдардағы халықаралық саяси дағдарыс жылдарындағы Кеңес Одағының осы сыртқы саясатының «ақтаңдақтарын» ашуға мүмкіндік туды. Осы «ақтаңдақтардың» бірі – соғыс қарсаңындағы және соғыстың бірінші кезеңіндегі кеңес-герман қатынастарының дамуы. Бұл – Ресей тарихшыларының арасында соңғы жиырма жыл бойы пікірталас тудырып жүрген мәселе. Ресей ғалымдарының өзара пікірталастары және олардың Балтық мемлекеттерінің, Польшаның ғалымдарымен дау-айтыстары екі жақтан да жаңа деректер, жаңа дәлелдер табу негізінде жүріп жатыр.

Алайда қазіргі Ресейдің Польшамен және Балтықтың шығыс жағалауындағы елдермен қатынастарына сонау 1939 жылғы оқиғалардың салқыны тиетін болғандықтан соңғы жылдарда Ресей тарих ғылымында бұл мәселені зерттеу шектеле бастады. Біз бұл мәселелерге әділетті түрде қарап, айтысушы жақтардың бір де біреуін ақтамай-жақтамай немесе қараламай, нағыз шындықтың бетін аша алар едік. Өйткені соғыс тарихындағы даулы мәселелер кеңес өкіметінің сыртқы саясатындағы екіжүзділікке байланысты. Ал кеңестік кезеңде Қазақстан және басқа республикаларға Кеңес Одағының сыртқы саясатын жасауға қатысу, оған ықпал ету, сыртқы саясаттық шешімдер кабылдау құқығы берілген жоқ. Олай болса, шындықтың бетін ашуға ұмтылған зерттеуші Қазақстан мемлекетінің беделіне нұқсан келтірмейді. Алайда жергілікті зерттеушілердің көпшілігі материалды интернет қорынан, атап айтқанда, орыс тілді интернеттен алады да, солардың позициясы шегінде қалып қояды, ал тәуелсіз деректер, шетел архивтерінің материалдары, шетелдік зерттеушілердің еңбектері пайдаланылмайды.

Сондай-ақ соғыс кезіндегі кеңес өкіметінің жеке адамның өмірін бағаламауы, соғыс тұтқындарына қатысты саясаты және басқа аса жағымсыз құбылыстар да толық зерттелген жоқ.

Польша Республикасы мұрағаты, 2007 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында сарапшылар кеңесі

– Туып отырған қайшылықтарды алдын-ала шешу арқылы осы алапат соғысты болдырмау мүмкіншіліктері бар ма еді?

- Соғыстың қарсаңында Еуропадағы ірі мемлекеттердің барлығы қателіктер жіберді. Олар бірлесе отырып, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қалыптасқан статускво жүйесін сақтауға, Ұлттар Лигасын қуатты ұйымға айналдыруға барлық күшін салуға тиісті еді. Ұлттар Лигасына келетін болсақ, бұл ұйымның бейбітшілікті сақтауға барынша күш салғанын мойындау қажет. Алайда Ұлттар Лигасы басқыншы елдерді ауыздықтай алмады, өйткені оның қазіргі Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты арнаулы әскери бөлімдері болған жоқ. Ұлттар Лигасының өкілеттілігі басқыншы мемлекетті айыптаумен және дипломатиялық жағынан қыспаққа алумен ғана шектелді. Ұлттар Лигасының басқыншы мемлекеттерге шара қолдану мүмкіндігі болмағанын ағылшын ғалымы Норман Дэвис көркем тілмен былайша бейнелеген: «Парижде айдынды шешімдер қабылдау бір басқа да, оны Еуропаның батыс мемлекеттерінің ықпалы мен билігі жетпейтін алыс аймақтарында іске асыру бір басқа болып шықты. Кейбір одақаралық комиссиялар қақтығыстар шиеленіскен ошақтардағы жеке мәселелерді уақытша шешуге ғана қызмет етті. Ал Ұлттар Лигасының өзі дүниеге тіссіз, қызылиек болып келді. АҚШ соғыстан кейінгі Еуропаны реттеуге қатыспай қойды, Англия өз жайына кетті, Франция Еуропадағы полицей рөлін жалғыз өзі атқарудан жасқанды. Осылайша реттеуден жәбір көргендер Еуропаның соғыстан кейінгі құрылымына күдік білдіру ешқандай жазаға ұшырамайтынын жылдам түсінді».

Сондай-ақ бірінші дүниежүзiлiк соғыстан орасан зор қиыншылықтарды басынан кешіріп, азап көрген Еуропа қоғамы жаңа соғысты, әскери одақтар құруды қалаған жоқ. Сондықтан Еуропа елдерi соғыс қаупiне қарсы әртүрлi бейбiт шаралар мен жекелеме келiссөздердi пайдалануға тырысты. Олар Германияның жекелеген талаптарын орындап, пейiлдендiру саясатын қолданды. Германияны «пейiлдендiру» саясаты Мюнхен келiсiмiне әкелдi.

Германияның басшылары Судет облысындағы немiстердiң ұлттық құқықтарын қорғау қажет деген сылтаумен осы облысты Чехословакиядан бөлiп, Германияға берудi талап еттi. 1938 жылы қыркүйекте Мюнхенде өткен конференцияға Англия, Франция, Германия, Италия басшылары қатысты. Төрт ел басшылары қол қойған Мюнхен келiсiмi бойынша Судет облысы Германияға берiлдi. Чехословакияны бұл масқара келiсiмдi қабыл-дауға көндiрдi. Судет облысынан Чехословакияның жергiлiктi үкiмет орындары, мекемелерi, әскерлерi көшiрiлетiн болды, ал шекаралық бекiнiстер, ұшу алаңы, қоймалар, қару-жарақ түгелдей қалдырылады. У. Черчиль Қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде Мюнхен келісімін сынай келіп, «біз соғыссыз жеңілдік» деген өкінішін білдірді. Нацистік Германия Судетті алумен тоқтаған жоқ, 1939 жылы наурызда Чехословакияны бөлшектеп, түгелдей өзiне бағындырып алды да, Прагаға неміс әскерлерін енгізді.

Соғыс қаупі әбден күшейген кезде 1939 жылдың жазында КСРО, Ұлыбритания және Франция арасында басқыншыға қарсы бірігіп күресу туралы келіссөздер жүрді. Егер келіссөздер нәтижелі болып, Еуропаның ірі үш елі одақ құрса, онда басқыншының бірден-ақ аса қуатты біріккен күштермен соғысуға мәжбүр болар еді. Алайда өзара көмектесу туралы нақты келiсiм жасалмай қалды. Келiссөздердiң тоқтап қалуына кiм айыпты деген сұраққа бүгiнгi күнге дейiн айқын жауап берiлген жоқ. Бұрынғы кеңестiк тарихнамада батыс елдерiн және Польшаны айыптау орын алып келген едi. Бұл көзқарас әлi жоққа шығарылған жоқ. Ал шындығында жоғарыда аталған келiссөздердiң кенеттен тоқтатылуы Кеңес Одағына Германияның тарапынан жасалған ұсыныстарға байланысты едi.

Германия үш ірі мемлекеттің жақындасуына жол бермеуге тырысты. Ол үшін осы мемлекеттердің Еуропаның кейбір аймақтарына қатысты өзіндік мүдделерін біліп, соған орай әрекет жасау қажет еді. Ал Кеңес Одағының Шығыс Еуропадағы бұрынғы Ресей империясының отары болған, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін тәуеліздігін алған Польша мен Балтық елдерін қайта қосып алу ниеті бар екенін байқаған неміс дипломаттары осы факторды ағылшын-француз-кеңес келіссөздерінің жалғасуына бөгет жасаудың құралы деп тапты. 1939 жылдың 14-тамызында Германия Сыртқы iстер министрi И. фон Риббентроп Мәскеудегi елшi В. фон Шуленбургке жеделхат жiбер¬дi. Онда елшiге Сыртқы iстер халық комиссары В.М. Молотовқа жолығып, Германияның Кеңес Одағына қатысты ешқандай басқыншылық ниетi жоқ екендiгiн және КСРО мен Германияның жақындасуына зор мүмкiншiлiктер бар екендiгiн хабарлауды тапсырды. Келіссөздердің нәтижесінде 1939 жылдың 23-тамызында өзара шабуыл жасаспау туралы кеңес-герман келісіміне және оның құпия хаттамаларына қол қойылды. Келiсiмнiң негiзгi мәтiнi 6 баптан құралған, ол ашық түрде баспасөзде жарияланды. Ал құпия хаттамалар ұзақ уақыт жарыққа шығарылған жоқ. 1946 жылы Нюрнбергтегi Халықаралық сот үрдiсiнде И. фон Риббентроптан жауап алу кезiнде құпия қосымша хаттамалар болғандығы бiрнеше рет аталды. Алайда Кеңес Одағы батыстық одақтастарымен қатынастарының жақсы болғандығын пайдаланып, бұл мәселенi ашық өршiтпей, басып тастады. Құпия хаттамалардың фотокөшiрмесiн алғаш рет 1948 жылы АҚШ Мемлекеттiк департаментi немiс және ағылшын тiлдерiнде басып шығарды. Бұған жауап ретiнде шығарылған кеңес жарияланымында американ басылымын тарихи шындықты бұрмалады деп айыптады, бiрақ құпия қосымша хаттамалардың болғанын Кеңес үкiметi мойындаған жоқ. Бұл құжаттардың немiс тiлiндегi нұсқасы Германияда бiрнеше рет жарық көрдi. Алайда Кеңес Одағы бұл басылымдардың түпнұсқадан алынбағандығын тiлге тиек қылып, құпия хаттамалардың болғанын мойындамай қойды. Құпия хаттамалардың екі тілдегі түпнұсқалары Ресей президентінің мұрағатынан табылып, 1992 жылы басылып шықты. Келiсiмнiң құпия хаттамасында Германия мен Кеңес Одағының Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсуi туралы мәселе қаралды. Бұл жағдай әлі күнге Ресей мен осы аймақтағы мемлекеттер арасында салқындық туғызып отыр.

Германияның басқыншылық ниеті алғаш көрініс берген кезде-ақ оны тоқтатуға әрекет жасау қажет еді. Алайда Батыс елдері мен Кеңес Одағы бірлесе отырып Германияны тоқтатудың орнына әрқайсысы өзіне ғана пайдалы деп тапқан саясатты ұстанды.

Амстердам кітапханасында, 2011 жыл

– Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы 70 жылдан асты, осынша ұзақ жылдар бойы соғыс тарихы қандай деңгейде зерттелді, бұл мәселе ғылыми зерттеулерде өзінің дұрыс бағасын алды деп ойлайсыз ба?

- Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын ғылыми мәселе ретінде қарасақ, онда оны зерттеу ешқашан да толық аяқталды дей алмаймыз. Атап айтқанда, соғыстың қарсаңындағы ірі мемлекеттердің саясаты, соғысты болдырмау жолындағы әрекет, оның неліктен іске аспай қалуы, т.с.с. ғылыми мәселелер әлі де толық зерттеуді талап етеді. Соғысқа қатысқан ірі елдердің мұрағаттарында жатқан әлі де белгісіз болып отырған деректер баршылық. Кезінде Кеңес Одағы құрамындағы республикалар ғалымдарының шетел мұрағаттарында жұмыс істеуге мүмкіншілігі болған жоқ. Енді біздің ғалымдар жылдар бойы аңсаған мүмкіншілікті алған кезде, осындай әлемдік деңгейдегі ғылыми мәселелерді зерттемей отыру, жаңа деректер негізінде өзіндік пікір айтпау мүмкін емес. Нақты оқиға ретінде екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелері қайта қаралмайды, оған жол беруге болмайды, бірақ ғылыми мәселе ретінде соғыс тарихы зерттеле береді.

Соңғы жылдарда біздің елімізде «екінші дүниежүзілік соғыстың біздің тарихымызға қатысы жоқ» деген әңгімелер де шығып қалады. Бұл – өте бір зиянды пікір. Кеңес Одағының тарихы – біздің тарихымыздың бір белесі, оның жағымды жағы да, көлеңкелі жағы да бар, соның бәрін мойындауға, біздің тарихымыз деп қабылдауға тиістіміз. Кеңес Одағының тарихынан бас тарту сол кезеңде өмір сүріп, кеңестік отанын қорғап, соғысқа қатысқандардың қанын ұмыту болмай ма? Осы тұрғыдан алғанда Германияның үлгісіне көз салған дұрыс-ау деймін. Олар фашизмді, Гитлерді қатты сынайды, оның басқа халықтарға жасаған зорлық-зомыбылығын мойындайды, бірақ гитлерлік фашизм мен Германияның арасына теңдік белгісін қоймайды. Германия – немістердің отаны, оны 12 жыл бойына фашистер биледі, басқа халықтарды ғана емес, немістердің өзіне де зорлық-зомбылық көрсетті, бірақ соған қарап, немістер өз отанынан бас тартпайды. Сол сияқты біз де сталиндік зорлықшылардың саясатын сынай отырып, оларды отанымыздан бөліп алуымыз қажет. Сонда ғана біз тарихымызды өзгертіп, бұрмалап, бояп, «жақсартуға» тырыспайтын боламыз. Сонда ғана тарих саясаттың немесе қоғамның белгілі бір топтарының өз мақсаттарын іске асыруының құралы болудан арылады да, нағыз ғылымға айналады. Жалпы алғанда екінші дүниежүзілік соғыс тарихын саясаттың жемі қылмай, ғылымның еншісіне беретін кез келді ғой.

Сондай-ақ Ресейдің де осы соғыстағы жеңісті жеке «иемденуге» тырысушылығы байқалады. Шығыс Еуропа елдерінде қазір экскурсияны орыс тілінде жүргізетін туристік мекемелер баршылық, солардың экскурсия жүргізушілері Еуропа қалаларын азат етушілерді атағанда «кеңес әскері» деген сөздің орнына «орыс әскері» деген түсінікті пайдаланады, осылайша Еуропаны азат етуге қатысқан басқа халықтардың ерлігі аталмай қалады. Бұл да – өте бір зиянды құбылыс. Соғыстың болғаны, онда бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтардың қатысып, жан аямай ерлікпен күрескені – тарихтың дау туғызбайтын фактісі. Демек, кеңес әскерлерінің жеңісі – барлығымыздың жеңісіміз. Бұл жеңісті ешкім жекешелеп иемдене алмайды. Соғыста ерлік көрсетіп, ең жоғары марапатқа (Батыр атағына) ұсынылып, әртүрлі себептермен алмай қалған жауынгерлердің тарихын зерттеу қажет. Сондай-ақ соғысушы мемлекеттер жеке адам тағдырына қалай қарады деген мәселе бүкіл посткеңестік кеңістікте әлі де көлеңкеде қалған, зерттелмеген мәселеге жатады. Көркем әдебиетте жазушылар шайқастарды жалаң суреттемейді, сол шайқаста болған жеке адамдардың тағдырын, ой-арманын, ішкі күйзелістерін суреттейді. Ғылымға да сондай еңбектер қажет. 70 жыл бойына Қазақстанның майданды қару-жарақпен, азық-түлікпен, т.с.с қамтамасыз еткені, біздің жерімізде құрылған әскери бөлімдер туралы жазып келдік, бұл-әрине, аса қажет зерттеулер, бірақ енді жеке адамның тағдырын зерттеу қажет. Соғыстағы жеке адам тағдырын көркем әдебиеттің ғана еншісіне беріп қоймай, ғылымға енгізу қажет. Біз соғыстың ғаламдық мәселелерін де зерттеуіміз керек, қазақстандық тарих ғылымында осындай бағыт қалыптастыру қажет. Оның негізгі идеясы сол соғыста қазақстандықтар отанын, елін, өз ошағын қорғауға қатысты, фашизмді жеңуге өз үлесін қосты, демек, «бұл жеңіс – біздің де жеңісіміз» деген ойды негіздей отырып, кеңес өкіметінің жіберген қателіктерін де батыл түрде ашу қажет. Сондай-ақ, соғыс тарихының жеке сәттері мен құбылыстары басқа елдер ғылымындағы пікірді қайталау емес, өзіндік көзқарас қалыптастыру арқылы екшелуге тиісті.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)