Азамат Карамзиннің «жырдың үзіндісі табылды» деген ақпаратын ешкім де әдебиет тарихында жалған, теріс деп санамаған, жоққа шығармаған
Алманияның Гамбург қаласын паналаған француз оппозиционерлерінің «Le Spectateur du Nord» журналының 1797 жылы қазан айының 10-шы нөмірінде басылған тарихшы Н.М.Карамзиннің орыс әдебиетіне қатысты «Un mot surla Litterature russe» мақаласында «Игорь жауынгерлері» атты жырдың үзіндісі табылды» деген ақпараты жаһанға жария етілді.
Карамзин поэманың үзіндісі осыдан бір-екі жыл бұрын архивтің қараңғы түнегінде белгісіз жатқан жерінен жарық етіп шыға келгенін орыс әдебиеті тарихындағы елеулі оқиға ретінде Еуропа оқырмандарының алдында мақтаныш сезімін жасыра алмай, жырды асыра мадақтап, көкке көтеріп, даңқ-дәрежесін әспеттеп жеткізіп баққан.
Әрине, әр ұлттық әдебиетте, бар әлемдік мәдениетте болсын қас шебердің қолынан өткен жаңа, бұрын беймәлім көркем шығарма мұрағат құрсау-қапасынан құтылып, ғылыми айналымға еңген соң оның сөз өнеріне зор пайда келтірер жазбаша дереккөзіне айналмағына сөз жоқ.
Әңгімемізді Карамзиннің елеусіз, есепке алынбай, бағаланбай, сараланбай, сыншылардың көзіне түспей, көлеңкеде қалып жүрген Гамбургтік хабарынан бастауымыздың өзіндік себебі бар.
Орыс тарихының басы-қасында жүріп, арғы-бергі өткеннен ой толғап, сыр қозғап, ұлттың тарихи танымына қатысты сөз ұстап, тақтағыдан тайсалмай, тіл тізгінін тартпай жүрген және де бұл жырды ғылыми сараптамадан өткізген Ресей ғалымдарының бірегей білімдісі Карамзин қате айтып, жаңсақ басып, жаңылысуы тиіс емес-тін.
Әдебиетші Карамзин мақаласында тайға таңба басқандай, ап-анық қып, тура «fragment» деп жазған. Фрагмент – үзінді, яғни жыр тұтас, толық, бүтін дүние емес. Аяқталмаған сөз. Айтылмаған сыр – жұмбағы мол. Үзілген, қалдық, сынық, кесек. Поэманың жыртылған жыр, жаралы жәдігер екенін Карамзин жасырмай, білгенін бірақ түгел сыртқа шығара алмай, жалпақ жұртқа жая алмай, сыпайы ғана «фрагмент» деп сипаттаған сыңайлы.
Біз бұл көркем шығарманы көне орыс тілінен аудару барысында, жыр төңірегіндегі орын алған бар дау-дамайды сырып тастап, Карамзин сөзінің растығына нақты көз жеткізіп, жырдың үзілген тұсын дәл тауып, өмірде болған оқиғаны қаз-қалпында суреттеуге, жырдың қазақ ұлтына пайда келтірер жерлерін ешкімге жалтақтамай, жалынбай сөйлетуге мүмкіндік алдық.
Азамат Карамзиннің «жырдың үзіндісі табылды» деген ақпаратын ешкім де әдебиет тарихында жалған, теріс деп санамаған, жоққа шығармаған. Карамзиннің бұл сөзі рас, ақиқатқа сай деп қарастырып, өз ойымызға дәлел ретінде алуға құқымыз барлығы басы ашық, анық, рас ақиқат болған соң, алаңсыз жыр тарихына оралсақ.
1787 жылы граф А.И. Мусин-Пушкиннің қолына түскен бума қағаз – қолжазбаның XVI ғасырда көшірілген бір данасы екендігі бәріне белгілі. Түпнұсқа жоғалған. Табылғаны – жырдың үзіндісі. 1787 жылдан 1797 жылға шейін жыр орыстардың біраз ғалымдарының, оларды Пушкин шынайы ғалымдар деп те атаған, қатысуымен ғылыми зерттеуден өткен. Карамзиннің шетелдік басылымда жыр хақында хабар беруі – бұлардың ортақ шешімі, тарихшы – тек тапсырманы орындаушы. Жыр Еуропаға жар салып барып, 1800 жылы алғаш рет жеке шығарма ретінде баспадан шыққан.
Он үш жыл үнсіздіктің себебін біз тарихшы Карамзиннің замандасы, кезінде онымен дос та болған, орыс тарихын да үңілген Ресей ақыны Пушкиннің жырдың көнелігі хақында туған пікір-таласта айтқан мынадай сөзінен таба аламыз: «Қайдағы бір белгісіз кінәздің күмәнді жорығын өз жырының тақырыбы қылып алуға кімнің (Пушикин өз замандастарын айтып отыр) ойына келер еді ».
Ұлы адам да пенде. Пушкин кінәз Игордің кім екенін біле тұра бұра сөйледі. Жыр, есте жоқ ескі мезгілдің ескі сөзі емес те. Карамзиннің қолынан қара сөзбен қотарылған жырдың нұсқасын Пушкин әрине оқыған.
Пушкин Игорь тегін жақсы білгені, онысы ақынның П.Я.Чаадаевқа 1836 жылы жазған мына хатындағы «Олег пен Святославтің жүргізген соғыстары, тіпті кінәздердің өзара тартыс-қырқысы да тарих қой» дегенінен-ақ дәлелденеді.
Пушкин хатындағы Святослав – жырдағы Игорьдің арғы атасы, жыр кейіпкері Игорь байырғы Святославтің ұрпағы, аймақтық-ағайындық арпалыс Рюриктің өсіп-өнген ұлдарының Ресейлік таққа таласы.
Пушкин қасақана менсінбеген кінәз Игорі Рюриктердің тікелей ұрпағы, қазақша айтсақ нағыз ақсүйек, шынжыр балақ, шұбар төс, қаракөктің тұқымы. Таққа ие болуға заңды қақы бар мұрагердің бірі. Жыр Ресейді билеген белгілі тұқымының көркем-баян шежіресі. Бірақ Пушкин «Қайдағы бір белгісіз кінәз» деп артық айтып бір есептен өз басын арашалауда. Пушкин заманында орыс тағына Романовтар тұқымы жайғасқан-тын. Онсыз да патша мен ақын арасы ушығып тұрған мезетте тақтан тайған төре тұқымын төмендете сөйлеп, сақтық білдіруде. Ақын адам көркем туындыны сөз жуытпау мақсатында Игорьдің кінәз атын құрбандыққа шалып жібергенге ұқсайды.
Пушкиннің өткен өмірге тарихи көзқарасы ақынның нағыз ұлттық мүддедені қорғаудан туындағанын Чаадаевқа жазған жаңағы хатының жалғасынан ұғамыз: «Татар шапқыншылығы – қайғылы және ұлы көрініс. Россияның оянуы, оның күш-қуатының дамуы, оның бірлікке қозғалысы (орыс бірлігіне, әрине) – осының бәрі тарих емей, немене, сонда?»
Пушкин «орыс бірілігі» деп қадала, екі қайтара, қазық қаққандай қайталайды. Бірлік мәнін ұғу, оған ұмтылу да тарих.
Орыс бірлігіне қозғалыстың басында Рюриктер тұрған, бірінші Игорьден бастап бүкіл үрім-бұтағы бар славяндарға билік етпек еді. Бір адамның билігі арқылы бар ұлысты біріктіру, уысынан шығармау, адамзатты ауыздықтау.
Жалғыз олар емес, қазақ баласы да ауыл-аймағын, ру-тайпасын бір атаның қоластында ұстап билік құрмақ ойда қылыштасқан, жандасқан, халқына жайлы қоныс – Жиделі Байсын, Жерұйық іздеп күн түбіне жортып, мұхит асқан, Дон, Дунай, Днепр, Киев барып, қоныс қылған.
Карамзиннің орыс мемлекетін Рюриктерден таратуға біраз замандастары қарсы болған, олар Рюриктерге дейін де орыстарда халықтың билік болғанын алға тартса, кейінгі бір ғалым Ресей мемлекеті Шыңғысхан мемлекетінен жаралды дейді. Жырда «Алтын сөз» деп аталған Киев кінәзінің сөзінде түркі тайпаларының атауы бекер аталмаған, бұл түркілер Киев, Чернигов ел-жұртының қатарына, санатына кіріп отыр. Ықпалды күш болмаса Киев кінәзі еске алып несі бар. Яғни, шартты түрде «Орыс жері» аталған оңтүстікте түркі тайпалары ежелден, әлімсақтан бері өмір сүрген.
Негізінде, православиені Ресей билеушілері бұрынғы ата-бабаларын ұмыттырып, бір дін арқылы жаңа ұйым-үйір ұйыстыру үшін саналы түрде таңдап алған. Дін өзгере, діл, тіл өзгеріске түсті. Уақыт өте келе бәрін ұмытты.
Сондықтан да біз Ресей тарихын түсінуде орыс халқының озық ойлы ұлдарының сөзіне сүйенеміз.
П.Я. Чаадаев Отанына жаны ашып: «Россия туралы айтқанда, оның бөлек дүние екенін еске алу жөн, бір адамның ері-жігеріне, қиялына, мен білемдігіне бағынғандығын ұмытпау», – дейді.
Ресей жаңағы Чаадаев айтқан жолға неге түскен? Тарихта тар жол, тайғақ кешуді не себептен таңдаған. Өзін-өзі құлдыққа қиған. Бір адамның еркіне мойынұсынған, басыбайлы құлы болған, біреудің айтқанымен жүріп, айдағанына көнген. Өзім ғана білемшілікке салыну. Озбырлық. Зорлық-зомбылық. Жауыздық. Қатыгездік. Жүгенсіздік. Чаадаевтің суреттемесі сұмдық, шынында бұл қалай?
Орыс жылнамаларына сай Рюрик (862-879) – шетелдік адам, арнайы жоғары билікке сол заманның славян-рустары өздері шақырған баранқары. Рюрик жалғыз болмаған, жалдамалы билеушілер көп еді сол заманда.
Карамзиннің ол жайында пікірі мынадай: «Қимыл ету дегеніңіз – ол кезде соғысу болатын, сосын скандинавтық патшалар, Рюриктің жерлестері, халықтан билікті қабылдай отырып, негізінде Один атымен ант берген, жаулаушы болуға».
Соныменен, славян жат жұрттық жалдамалыларға тағдыр-талайын өз қолдарымен тапсырса, билеуші де кінә бар ма, қалай билеймін десе өз еркінде.
Рюрик кезінде Киев қаласына Асколь мен Дыр атты баранқарлар билік еткен. Оларды Олег алдап өлтіріп Киевті қосып алғанынан бері қарай бас қала үшін шайқас бір тынбаған. Киевті қалардың анасы деген сөз, оның бұрынғы ат-атауы «Бас ту» есімінен бастау алады.
Ресейде екінші қала саналатын Чернигов кінәздері де Киев қаласын қосып алып жеке держава жасамақ ойларын жүзеге асырмақ үшін жанталасқан. Айтуларына қарағанда, Чернигов ол кезде Лондон қаласында да сауда жасап, базарға-нарыққа шыққан. Чернигов-Солтүстік пен Киев-Волын жерлері бәсекелестігінде барлық кінәздер арасында Киевтегі үлкен таққа ұмтылу дерті маздап, маза алған шақта кінәз Игорь де бағын сынайтын жасқа келген, отыз бестен жаңа асқан кезі...
Орыс кінәздері сияқты түркілік хандар да өз мемлекеттіктеріне қол жеткізбек екен. Бұл ойымызды 1184 жылы жазылған тарихшы П.В. Голубовскийдің жазбасы да растайды. Оның жобалауынша Кончактің ұлы Юрий де түркі мемлекетін жасақтау ниеті болып, сол мақсатта кішігірім хандарды өз билігіне бағындыру жолында болған сыңайлы. Әке жолын таңдаған ұл 1223 жылы Шыңғысханның алғы аламандарымен шайқаста қаза табады. Гзактің кейінгі тағдырынан хабар жоқ.
Марат АЗБАНБАЕВ, зерттеуші