Совет елінің басшысы Сталин Моңғолияға экономикалық қолдау көрсету мақсатында 1947 жылы «Наушки-Ұланбатыр бағытында теміржол құрылысын салу туралы» бұйрыққа қол қойды
Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталған соң жеңіске жеткен Совет Одағының әлемдік саясат пен экономикада ықпалы артты. Соғыс кезінде көмек қолын созған елдерге айырықша экономикалық көмек-қолдау көрсету шарасы қолға алынды. Осы бағытта ССРО басшыларының назарына ілінген мемлекеттің бірі – Моңғолия. Өйткені, бұл ел соғыс жылдары қызыл армияға көмек ретінде: 1942 жылдың ақпан айында – Внешторгбанк арқылы 2.5 млн төгрег, 100 мың америка доллары, 300 келі алтынға (3 815 725 рубль) Т-34 маркалы 32, Т-70 маркалы 21 танк сатып алып «Революционная Монголия» атты танк колоннасын қызыл армияның 112-ші бригадасына сыйласа, 1943 жылдың сәуір айында 25.3 млн төгрегтің азық-түлігі және 12 дана «Ла-5» жойғыш ұшағы сатып алынып «Монгольский арат» эскадрилі жасақталды.
Осы жылдары 120 млн халқы бар АҚШ Совет Армиясына көмек ретінде 665 мың тонна ет өнімдерін және 54 мың тонна мақта-мата жіберсе, бар-жоғы 800 мың тұрғыны бар Моңғолия 500 мың тонна ет, 64 мың тонна әртүрлі киім-кешек жіберген екен. Совет елінің басшысы Сталин Моңғолияға экономикалық қолдау көрсету мақсатында 1947 жылы «Наушки-Ұланбатыр бағытында теміржол құрылысын салу туралы» бұйрыққа қол қойды. Жұмысты ұйымдастыру үшін Ішкі істер министрлігі «отанын сатқан» адамдардан жасақталған «505-ші түрме-нысанды» пайда болдырды.
Бұған түрмелерінде жазасын өтеп жатқан 80 мың адам тартылып, теміржол құрлысын басқаруға тәжірибелі инженер генерал-майор Ф.А. Гвоздевский тағайындалды. 80 мың тұтқынның көбі соғыста немістің қолына түскен советтік солдат-офицерлер болса, соның 3000-ы таза власовшы екен. Бұлардың сыртында Совет Одағы моңғол даласынан жаңадан уран кендерін ашып бұған да сатқын-тұтқындары әкелді.
Осы тұтқындарының арасында «Совет Одағының Батыры» атағын алған адамдар да болған. Тұтқындардың көрген қиындығы өз алдына бөлек әңгіме. Аса ауыр жағдайдан қашып шыққандар да болыпты. Олар Ресей-Моңғол шекарасын бөліп жатқан Қанғай-Саян тауларының ну орманын паналап өмір сүріпті. Соңғы жылдары осы қашқан-батырлар жайлы шетелдік басылымдарда жазылып жүр...
Петр Утомцев – мың бұғауды үзген адам
Петр Утомцевтің туған жері Рязань облысы. 1941 жылы 19 жасында майданға шақырылып маршал Рокоссовский басқарған 16-шы армия сапында Мәскеуді қорғауға қатысқан. Генерал В. Родимцев басқарған 13-ші армияның 112-ші дивизиясында барлаушы болған. Кейін полковник Солочуб басқарған дивизияның автоматшылар ротасын басқарып, Сталинградты азат ету майданында 48 күн қоршауда қалып, қоршаудағы 160 адамнан тірі шыққан 13 адамның бірі осы – Утомцев. Осындағы ерлігі үшін оған Совет Одағының Батыры атағы берілген. Соғыс кезінде Утомцевтің ерлігі туралы майдан газеттерінде өте көп жазылған.
Утомцев 1944 жылдың басында Белоруссияның Гомень қаласы маңында жаралы күйінде немістердің қолына түседі. Бабельсберг лагерінде тұтқында болған Утомцевті біреулер танып «Сталинградтың атақты батыры» екенін немістерге жеткізеді. Немістер батырды жеке күтімге алады. Онымен қоймай Германияның беделді басылымдары «Атақты батыр Петр Утомцев өз еркімен фюрер үшін қызмет етуге келісті» деген мақаланы батырдың фотосымен қоса жариялайды.
1945 жылы Кеңес әскери трибуналы немістерден босап шыққан Утомцевті өлім жазасына кеседі. Артынан жоғарғы сот үкімді 25 жылға алмастырады. Ол 1948 жылы 505-шілер сапында Моңғолияға келеді. Оны фашистердің «Зондер командасында» қызмет еткен нағыз сатқындар тобына қосады. Оларға көрсетілген азапты ауызбен айтып жеткізу қиын. Адам өлімі жетім лақтың құнындай...
Бір күні қасында екі адаммен бірге Утомцевті күзетші солдаттар орманнан саңырауқұлақ теруге алып шығады. Осы сәтті пайдаланып үшеуі қашады. Қасындағы екі адамның бірі патшалық Ресей офицері екен. Оған қуғыншылар оғы тиіп өледі. Екінші власовшыны аю жеп қояды. Орманда жалғыз қалған Утомцевті қолға түсіру үшін бірнеше дүркін арнайы жасақ жіберілген. Олар ешқандай нәтиже шығара алмаған.
Утомцевтің кейінгі өмірі Моңғол елінің Селенге аймағында өткен. 1959 жылы жалғызбасты моңғол әйелге үйленген. 1960 жылы туған Аюуш атты баласы қазір Ұланбатыр қаласында тұрады. Осы ұлының айтуы бойынша әкесі Петр 1970 жылдың соңында дүниеден өтіпті.
Сусаев сұрмерген немесе чекистер құрған тұзақ
Сусаев 1942 жылы Смоленск маңында болған шайқаста ерен ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын алған. Өз полкінің маңдайалды мергені атанған ол 1943 жылы абайсызда немістердің қолына түскен. Кейбір деректерде атақты мерген Зайцев мен Сусаевты қолға түсіру үшін немістер арнайы жасақ жұмсағаны жөнінде айтылады. Сусаев 1945 жылдың қаңтар айына дейін Биркнау лагерінде тұтқында болып, совет әскерлері оны немістер қолынан босатқан соң 248-ші атқыштар дивизиясында мергендер қатарына қайтадан қосылған. Праганы азат етуге қатысқан. Соғыс аяқталып туған жері Қалмақияға оралады.
Кешікпей атақты мерген Сусаев «сатқындар» қатарынан табылып 25 жылға сотталды. 1948 жылы Моңғолияда құпия ашылған уран өндірісінде айдалады. Құпияда кеніште 12 мың сатқын-солдат күндіз-түні жұмыс істеп тірідей азапталады. 1950 жылы осы кеніштен Совет Одағының Батары атақты мерген Сусаев қашып кетеді. Күүле хан тауында бекінген оны 1951 жылы қолға түсіру үшін 500 әскер аймақты бүтіндей қоршап алып, дауыс зорайтқышпен «өз еркіңмен беріл, тиіспейсіз» деп жар салады. Сусаевтан жауап болмаған соң әскерлер ұстау үшін шеп құрып аттанады. 10 күннің ішінде 30 шақты солдатынан айырылған ізкесушілер іздеуді тоқтатады.
1952 жылы Кеңес елінен арнайы дайындалған 30 чекист Сусаевты қолға түсіру үшін Күүле тауына бекінеді. Екі апта қашқынның ізіне түскен чекистердің 14-і жер жастанады. 1953 жылы мұздай қаруланып ізіне түскен 300 жасақты тағы жусатады. Амалы таусылған үкімет айлаға көшеді. 1954 жылы мәскеулік Катерина атты чекист әйелді жергілікті орыс бағбан Климовтың Ресейде тұратын туысының қызы есебінде үйіне әкеліп орналастырады. Катерина ала жаздай жалғыз өзі ән салып жүріп таудан жеміс тереді. Оны алыстан бірнеше ай бақылған Сусаев бір күні таудан түсіп әнші әйелге жолығады. Уақыт өте келе бауыр басады.
Кезекті бір кездесуге уәделескен сәтті пайдаланып әбден ысылған 12 мерген тұзақ құрады. Сусаев өте қауіпті адам болғандықтан мергендерге кез келген жерде атуға бұйрық беріліп қояды. Сусаев осылай қаза табады.
Қарасақал Машуз. Өлімнен кейінгі жаза
Жоғарыдағы атақты «505»-тен қашып шығып аман қалған адамдардың бірі – Машуз. Бұл адам 1903 жылы Мәскеуде туған. 1925 жылы офицерлер мектебін тәмәмдап, Белоруссия жерінде әскери міндетін орындап жүріп, Фин соғысына қатысқан. Отан соғысы басталғанда Машуз батальон командирі екен. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан.
Бірақ жеңістен кейін оған «майдан шебінде жүріп власовшылармен құпия байланыс жасады» деген жала жабылып «сатқын» ретінде «505-ші нысан» құрамында Моңғолияға айдалған. Теміржол құрылысында жүріп ебін тауып қашып шыққан. Шекара асып орыс жеріне өтіп алып «505»-ке «Моңғолиядан қашып шыққан Машуз Новосибирде жүк тиеген вагон үстіне қашып бара жатып, құлап қаза тапты» деген телеграмма жіберіп үлгереді. Өзін «өлдіге» жатқызғаннна кейін қайта айналып Моңғол жеріне өтіп, жалғыз өзі орман ішінде өмір сүреді.
Жергілікті жұртпен аралас-құралас байланыс жасайды. Бағалы аң терілеріне азық-түлік айырбастайды. Бір күні Машуз жергілікті «атамандармен» тайталасып жүріп біреуін өлтіріп алады. Сөйтіп Моңғолия заңымен 15 жылға сотталады. Түрмеде жүріп қасындағы моңғол достарынына өзінің кім екенін және бастан өткен өмір тарихын айтап берген көрінеді. 1990 жылы Ұлан-батырда «Қарасақал Машуз» атты шағын кітапша жарыққа шықты.
Газель және «Майор асуы»
Соғыстан кейінгі АҚШ-ССРО текетіресіне себеп болған дүниенің бірі – атом қаруы. Кеңес одағы атом қаруын жасау үшін қажет уран өнімдерін моңғол даласынан да тасыды. Сондай кеніштің бірі – Кентей аймағы жеріндегі Мандал шахтасы. Осында сатқын-тұтқындар еңбек еткен. Олардың жұмыс күні 12-14 сағат. Бір күні тұтқындар тұрмыстың ауырлығына шағымданып, басшылыққа хат жолдайды. Оны апарып беру қатардағы тұтқын Кеңес Одағының Батыры майор Газельге жүктеледі. Батыр-тұтқын шағымхатты табыстау үшін штабқа барады. Осы жерде оңбай соққыға жығалады әрі намысқа тиетін ауыр сөздер естиді. Ашуланған батыр күзетшінің мылтығын жұлып алып, бақылаушы солдаттармен атысады.
Газель соғыста мергендер ротасын басқарған әрі «Ворошиловтың мергені» деген атақ алған даңқты жауынгер екен. Күзетшілерді жусатып салған майор Газель орманға сүңгіп жоқ болады. Артынан чекистер қаншама жыл іздесе де табылмайды. Қысқасы өлдіге санап қойған тәрізді. Бірақ Газель өлмеген. Екі ел шекарасы маңындағы биік асуға бекініп алып жата берген. Кейін жергілікті моңғолдармен араласып өмір сүрген.
Халық Газель бекінген асуды әлі күнге дейін «Майор асуы» дейді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Egemen.kz
«1953 жылдың суық жазы» көркем фильмінен фрагменттер