Өткен ғасырдың 1929-40 жылдары еліміз латын жазуын тарих сахнасында жаңғыртты. Ғасырлар бойы және 1929 жылдың тамызына дейін Қазақстан аумағында араб жазуы кең қолданылып келгені белгілі
Бүгін Мемлекет тарихы институтында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламалық мақаласы аясында «ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ӨТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ» атты тақырыпта қазақ тілі жаңа латын әліпбиіне көшуіне орай дөңгелек үстел өтті.
Рухани шараға Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері, тарихшылар, ғалымдар, әдебиеттанушылар мен қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Шараның ашылу салтанатында, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, дөңгелек үстелдің модераторы Бүркітбай Аяған Латын әрпіне көшіру қажеттіліктері және Елбасы мақаласының басты және айқындаушы өзегі – бұл тұтас Қазақстан қоғамын жаңғырту, ескірген, ілгері қозғалысқа кедергі жасайтын дәстүрлер мен шарттылықтардан арылу жайында сөз қозғады.
"Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қазақ жазуын өзіне лайықты әріптеріне ауыстыру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Жақтағандар мен қоса қарсы болғандар да жеткілікті болды. Кириллицаны сақтау мен латын әрпіне көшіру қажеттілігін көтерген дәйектер көптеп келтірілді. Бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінде орын алған осы пікірталастың азды-көпті тұтас, мәдени, тарихи және лингвистикалық ерекшеліктері бар еді. Бірақ біз өмір сүріп отырған уақыт, дүниежүзі мен Қазақстанда болған елеулі өзгерістер осы мәселенің тобықтай түйінін шығарады. Қазақ қоғамы өз әліпбиін тұңғыш рет ауыстырайын деп тұрған жоқ. Ол туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында толық түсіндіріп кеткен. Мақаланың атауы да, мазмұны да терең идеяларға қанық, Елбасының ел болашағы туралы ойларын ашып көрсетеді. Бағдарламалық мақалада Қазақстан қоғамын жаңартудың біріне-бірі ұқсас емес терең мазмұнды аспектілері қамтылған. Бірақ Қазақстан басшысы мақаласының басты және айқындаушы өзегі – бұл тұтас Қазақстан қоғамын жаңғырту, ескірген, ілгері қозғалысқа кедергі жасайтын дәстүрлер мен шарттылықтардан арылу", – деді Бүркітбай Ғелманұлы
«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деді ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев.
Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, өткен ғасырдың 1929-40 жылдары еліміз латын жазуын тарих сахнасында жаңғыртты. Ғасырлар бойы және 1929 жылдың тамызына дейін Қазақстан аумағында араб жазуы кең қолданылып келгені белгілі. 1929 жылдан бастап КСРО ОАК және КСРО ХКК Қаулысымен латын әріптерінің негізінде құрастырылған «ортақ түркі әліпбиі» енгізілді. Ортақ әліпбиді Әзірбайжан (Кавказ), Татарстан, Башқұртстан (қазіргі Еділ (Волга) маңайындағы), Орталық Азияның барлық республикалары пайдаланды. 1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұл латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп берген. Алаш зиялылары құрастырған латын әліпбиімен қайтадан қауышу – заманның талабы сияқты көрінген болатын. Алаш арыстарының бұл идеясы тарих сахнасында бірнеше жыл ғана іс атқарып, кейін 1940 жылы орыс кирилицасына ауысқан. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қазақ зиялылары, осы Алаш арыстарының орындалмай қалған армандарын іске асыруды қолға алды.
Алмажан Қадырханқызы, Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері:
Латын әліпбиінің бірінші нұсқа көпшілік тарапынан қолдау таппаған соң, екінші нұсқа дайындалды. Мұнда қазақ дыбысына тән әріптер дәйекшелер арқылы берілген. Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ тілінде дауысты а, о, ұ дыбыстарының жіңішке сыңарларын шығару үшін оларға арнайы дәйекше қоямыз» деген. Бұл нұсқадағы дәйекше таңбасы Ахмет Байтұрсыновтың осы сөзін негізге ала отырып дайындалды. Бұл нақты бекітілген нұсқа емес, халықтың талқылауына ұсынылған жоба.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшудің кезеңдерін атап көрсеткен болатын. Мақалада 2017 жылдың аяғына дейін нақты бір әліпби нұсқасы бекітіліп, 2018 жылы қабылданған әліпби негізінде арнайы мамандар дайындалып, оқулықтар латын графикасына аударылып, 2025 жылға дейін мемлекеттік іс-қағаздар, мерзімді баспасөздер тұтастай латын графикасына көшірілу керектігі айтылған. 11 қыркүйекте ҚР Парламент Мәжілісінде таныстырлған латын әліпбиінің алғашқы нұсқасында 25 әріп, 8 диграф берілген. Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан латын әліпбиінің екінші нұсқасында 32 әріп берілген.
Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа ретінде осы әліпби ұсынылып отыр. Жаңа жазу нұсқасын қабылдау, әлбетте, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Оның лингвистикалық та, қоғамдық та маңызы ерекше.
Әліпбиімізді латын графикасына негіздеуіміздің үлкен себебі – халықаралық ақпараттық жүйеге ену, әлемдік технологияны игеру екенін Елбасы айтқан болатын. Ендеше, егер әлемнің жетекші елдері қолданатын классикалық латын әліпбиінің дыбыстарына әртүрлі диакритикалар қоятын болсақ, онда біз жоғарыда айтқан мақсатқа толық жете алмаймыз.
Осы жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді. Латын әліпбиіне еліміздегі көптеген азаматтардың, әсіресе жастардың көздері үйренген, яғни белгілі бір деңгейде көбіміздің көздағдымыз қалыптасқан. Ал жазу дағдысының қалыптасуы уақыттың еншісінде. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің енгізілуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, демек, Қазақстан азаматтарының жаңа әліпбиін игеріп кетеріне сенім мол.
Дөңгелек үстелдің модераторы: ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлы АЯҒАН, іс-шараны қорытындалай келе:
Елбасы «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам» деді. Мемлекет басшысы латын жазуына көшудің терең тарихи қисыны бар деген болатын. Олар: қазіргі технологиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерекшеліктері деп жазды. Айтқандай, латын графикасының технологиялық аспектіде, білім мен ғылым саласында, мәдени индустрияда жаппай басымдығына қазіргі таңда ешкім күмән келтірмейді. Қазір латын жазуы жалғыз христиан дінінің католиктік дәстүрімен, жалпы Батыс өркениетімен ғана байланысты емес, әлем елдері оны прогресс пен ілгері дамудың шарты деп бағалайды. Қайнары тарих қатпарларында жатқан дәстүрлі жазу жүйесі бар Қытай мен Үндістан, Жапон мен Оңтүстік Корея мемлекеттері өз технологиялық және экономикалық салаларын дамыту үшін латын жазуын жаппай қолдануға мәжбүр. Араб әлемі де бүгін құжаттарды рәсімдеуде, қаржы операциялары кезінде латын графикасын еш кемістік санамастан қатар пайдаланып келеді.
Қазақ әліпбиін латынға ауыстыру барысында азаматтардың ашуын тудыратын асығыс қадамдар болмайтынын бірден атап өткім келеді. Қазіргі Қазақстанда латын әліпбиімен бірге кириллица көптеген уақыт қатар қолданылатын болады. Кезінде кириллицада миллиондаған данамен ғылыми кітаптар, көркем шығармалар жасалған. Бұл біздің үлкен байлығымыз. Әлбетте, ешкім де мұндай мұрадан бас тартпайды. Бұл сұрақта 1920 жылдары латын әліпбиіне өткен Түркия тәжірибесі маңызды көрініс болып табады. Олар араб графикасы негізінде жарияланған көп ғасырлық османдық ғылыми және әдеби мұраларын жоғалтпады.
Қазіргі кезеңдегі компьютерлендіру, бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейі, техникалық мүмкіндіктер ірі көлемді мәтіндерді лезде транслитерациялауға мүмкіндік береді. Бір тілден екінші тілге аудару үйреншікті дүниеге айналғанын интернет қолданатын адамдар біледі.
1990 жылдары Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан елдеріне ұлттық әліпбиін латынға ауыстыру неғұрлым қиын болған еді. Ал осы жағдайда Қазақстан неғұрлым тиімді жағдайда болып табылады. Мысалы, заманауи IT-технологиялар 1990 жылдарға қарағанда әліпбиді аудару, басқа да жұмыстарды анағұрлым арзанға жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыруды жүргізетін қаржылық шығындар, тіл реформасын тежемеуі керек. Латын әліпбиіне өту – уақыт талабы. Ол халықаралық аренада Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен субъектілігін айтарлықтай нығайтады. Біздің өзіндік бай тарихи және халықаралық тәжірибеміз бар, сондықтан біздің міндет – өзгеше соншалықты ауқымды реформадан әдеттегі қателіктер, келеңсіз үрдістерден құтылу бай тәжірибемізді сауатты пайдалану.
Қарапайым адамның өмірінде жақсы өзгеріс болу үшін, ол ішкі мақсатты ұмтыластары арқылы, қоғамдық өзгерістерге бейімделе, қабілеттілік таныту керектігі жасырын емес. Қазақта оны қатарыңнан қалма дейді. Ал қазіргі жаһандық сын-қатерлер аясында ел-жұрттың бәсекеге қабілеттілігі шарттылық болып тұр. Сондықтан да қатардан қалмас үшін, ең алдымен рухани жаңғыру талқылауға жатпайтын мәселеге айналуда. Ел боламын десек, оған мойынұсыну керек. Оның ұтымды тұсы – өткен тарихи тәжірибелер мен ұлттық салт дәстүрлердің жаңғыруы, яғни өркендеудің берік діңгегі. Екінші, еңбектенуді қажет ететін тұсы - сол өткеннің озық тәжірибелерін ала отырып, заман талабына сай түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялармен қарулану. Бәсекеге қабілетті болу. Бұған тек жеке бастың және мемлекеттік жауапкершілік қажет.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы әлемде өзге елдермен қатар, терезесі тең тәуелсіз мемлекет. Еліміз өзіндік «Қазақстан жолымен» қарыштап дамуда. Алда талай асулар мен белестер тұр. Оны бағындыру тек рухы күшті, тарихи зердесі нық, жасампаз елдің ғана қолынан келеді.
Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруде қиындықтар болмайды деп айта алмаймыз, бірақ әлем елдерімен терезесі тең, рухани күші біріккен, түркі әлемін өркендету үшін енжарлыққа салынып, қол қусырып отыруға болмайды. Ұлттық тілі жоғары деңгейдегі елдер де ғылыми жұмыстар және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін латын жазуын екінші тіл деңгейіне көтеруде. Ендеше Елбасы қолдаған латын графикасының жобасын бәрімізде ел болып, еншімізге жаза отырып, «мегажоба» ретінде ұлттық деңгейге көтеру қажет.
Жабай ҚАЛИЕВ