Тарихи жадымыз қайта жаңғырып, ұрпақ алдындағы борышымыз орындалсын десек, бабалар аманатына құрметпен қарап, оларды ұлықтау ісінде өзгелерден озық болуымыз керек
«Сындарлы заман тұлғасы: қазақтың Бас сардары Бөкенбай батыр Қарабатырұлының өмірі мен ерлік жолдары» атты аймақтық ғылыми-теориялық конференцияға жиналған ағайынның басты мұраты осы болды. Ақтөбе қаласындағы тарихи-танымдық шара рухани жаңғыру бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.
Айтулы шараға Ақтөбеден бөлек еліміздің Алматы, Астана, Маңғыстау, Атырау, Орал, Шымкент, Қарағанды және Ресей астанасы - Мәскеу мен Орынбор қалаларынан делегаттар қатысты. Шараға қатысушылар саны 500 ден асып жығылды.
Конференцияда Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары және зерттеушілері бас қосып, сөз сөйледі. Олардың қатарында белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры Смағұл Елубай, М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетінің проректоры Сергей Горшенин, Қазақ-Америка университетінің профессоры Самат Өтениязов, ҚР Білім және Ғылым Министірлігінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбай, «Орал өңірі» газетінің меңгерушісі Нұртас Сафиулин, филология ғылымдарының докторы Алпысбай Мусаев, өлкетанушы, Бөкенбай батырдың өмірі мен ерлігін зерттеуші Жақсат Қарлығашев, танымал жазушы-тарихшы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің профессоры Ирина Ерофеева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Рахим Бекназаров және т.б.
Ғылыми конференцияны Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев алғы сөзімен ашты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Еліміздің өткен тарихына жаңаша көзқараспен қарап, қайта бағамдау қажеттілігіне тоқталған еді. Бүгінде бұл бағдарлама аясында қазақ руханияты мен мәдениеті одан әрі қарыштап дамуына үлес қосатын тың жобалар, ірі әртүрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сондықтан сан ғасырлы тарихы тамырымыз мирас болып келе жатқан біздің ұлттық салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрпымыз кеңінен әрі қарай зерттеле бермек. Бүгінгі іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Қазақтың даңқты батырларының бірі - Бөкенбай Қарабатырұлының ерлік істері туралы Әбіш Кекілбаевтың шығармалары арқылы білуге болады. Бөкенбай батырды зерттеп жүрген мамандардың басын қоса отырып, толыққанды зерттеулер осы жиыннан бастау алады деген үмітіміз бар екендігін жеткізгіміз келеді», - деді ол.
Бұдан соң Қазақстан Ғылым академиясының жетекші ғылыми қызметкері, қазақ хандарының өмірбаянын зерттеуші Ирина Ерофеева сахна төріне көтеріліп, жаңадан жарық көрген Бөкенбай Қарабатырұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Рыцарь – звания чести» атты кітабының тұсауын кесті. Орыс тілінде басылған кітап әзірге 500 данамен жарық көрді, алдағы уақытта қазақ және ағылшын тілдеріне аударып шығару жоспарланған.
Тарихшы-ғалымның айтуынша, батырдың өмірбаянын зерттеу барысында ол біраз қиындыққа тап болған. Ертедегі жазбаша мәліметтер жоқтың қасы. Десе де қолда бар нақты деректерге сүйене отырып, осы кітапты жазып шығару үшін біраз тер төккен.
«Аты аңызға айналған Әбілқайыр ханның сенімді серігі және қолбасшысы болған Бөкенбай батырдың есімі Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылды. Қазақ жеріне қаншама қасірет әкелген, күллі ұлтты жоя жаздаған жоңғар шабуылдарының жылдарында Батыр Бөкенбай қазақты бірігуге шақырды және оның бұл шақыруы күллі үш жүзді қамтыды. Осылайша тарихи сәтті орайлы пайдаланып, ел тыныштығының алтын қалқаны болды», – деді Ирина Ерофеева.
Мұнан соң сахна төріне танымал жазушы Смағұл Елубай көтеріліп, тарихи деректерге әдеби-шығармашылық тұрғысынан сипаттама беріп, нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, тарихта азаттық үшін күрес жолында жанын құрбан еткен Бөкенбай Қарабатырұлы – 1726-1729 жылдардағы Бұланты, Бөленті, Аңырақай, Қалмаққырылған, т.б. соғыстарда жоңғарларға қарсы қол бастаған даңқты қолбасшы, тарихи Тұлға, айбынды саясаткер ретінде халықтың есінде мәңгі сақталып қалды.
Әсіресе, ХVIII ғасырдың басындағы қазақ халқының басына төнген қауіпті айтпай кетуге болмайды. Ержүрек батырлар мен хандар дұрыс шешім қабылдамаған жағдайда, халықтың жойылып кетуі бек мүмкін еді. 1640 жылы құрылған жоңғар хандығы алдына шыңғыс империясын жаңғырту туралы ант қабылданып, әскери дайындыққа кіріскен соң қазақтың дұшпаны бірден шабуылға көшеді. Бұл ретте, 1710 жылы Дүрбін-Ойрат тарапынан қатер төнгенін байқаған Тәуке хан Арал теңізінің солтүстігінде өткен Қарақұмда бүкіл Қазақ Ордасының құрылтайын шақырғаны тарихтан белгілі. Сол құрылтайда қалмақ басқыншыларына қарсы күрес жүргізу үшін біріккен қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып Бөкенбай Қарабатырұлы сайланады. Қазақ Ордасының тарихында тұңғыш рет ұлыс тағдыры хан мен сұлтанға емес, қара қылыш батырға сеніп тапсырылған еді. Сол қанды қырғында Бөкенбай бастаған қазақ әскері жеңіске жетеді. Мұның өзі қазақ даласындағы ашықтық, демократия үлгісі еді…
«Ең бастысы біз мынаны есте сақтауымыз керек. Әбілқайыр хан қазақ халқының жойылып кетуі мүмкін екендігін сезінген соң, қолында қаруы бар құдіретті мемлекетпен дос болуға мәжбүр болды. Яғни, қазақ жер басып жүру үшін, Ресейге қосылуға қол қойды. Бұл Әбілқайыр ханның трагедиясы еді, амалының жоқтығынан осындай қадамға барды. Соның арқасында қазақ деген халық аман қалды. Әрине, Әбілқайыр ханның алдында таңдау тұрды. Ол басқа мемлекетті өзіне аға етуі мүмкін еді, мысалы Қытай елін. Алайда Әбілқайыр хан болса өркениеттің Еуропада басталғанын көріп тұрып, сонда бет бұрды, яғни білім, ғылым, қолында қаруы бар елмен бірге өмір сүру жолын таңдады. Бұл ретте Әбілқайыр хан Бөкенбай Қарабатырұлына арқа сүйеді және ол қателескен жоқ, бұл туралы заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың өзі жазып кеткен еді», – деді өз сөзінде жазушы Смағұл Елубай.
Оның айтуынша, Ақтабан шұбырындыда қазақ әскерінің жеңілу себебінің бірі – отты қарудың жоқтығы болды. Екінші себебі де жоқ емес. 1718 жылы Тәуке хан өмірден озған соң, бір орталыққа бағынатын мемлекет әлсіреді. Қазақтың бірлігі мен тірлігі кетті, әскері әлсіреді. Мұны естіген біздің ата жауымыз, алты жерден ауыз салды. Шығыстан жоңғар қалмақтары, Солтүстік батыстан башқұрт әскері, Волга қалмақтары және Жайық казактары да шабуыл жасады, осы үш халық орыстың қаруымен мықтап қаруланып барып, қазақты қыруға бел буды. Бұған қоса оңтүстікте түркмендер жасаған шабуыл мен хиуа хандығын да айтуға болады. Осылайша бірлік жоғалып, қаншама арысымыздан айырылдық. Сондықтан да, кез-келген жағдайда жауға тойтарыс беру үшін, алдымен бірлік қажет. Бірлік бар жерде тірлік бар екенін ұмытпауымыз керек деп сөзін қорытындылады, Смағұл Елубай.
Конференцияда ақтөбелік сазгер Орал Байсеңгір ақын Жақсылық Айжанның сөзіне жазылған «Әбілқайыр, Бөкенбай» әнін орындаса, маңғыстаулық Жақсыбек Елубайұлы «Бөкенбай батыр» атты толғауын жырлады.
Шара аяқталған соң, жиналған қауым Бөкенбай батыр көшесіндегі батыр ескерткіші орнатылатын жерде салтанатты митинг өткізді. Ақтөбе облысы мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова, жазушы-драматург Смағұл Елубай, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Сапар Сағынтаев, Батыс-Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілекқабыл Имашев, «ALASH PARIZI» қоғамдық қорының директоры Серік Әбілжанов тілектерін білдіріп, конференция делегаттары атынан болашақ ұрпаққа ескерткіш үндеу-капсуласын салды.
Осылайша, қазақ Елі тағы бір Ұлы істің ұытқысы болып, тарих алдындағы аманатымызға адалдығын білдірді. Батыр бабамыз аңсаған бірлік-ынтымақ миссиясының өмірлік мәнін осындай іргелі шаралардан көруге болады. Батыр рухына тағзым етіп, олардың Ұлы істерін санамызда жаңғыртып, тарихи айналымға енгізсек ұрпақ алдындағы асыл борышымыз орындалды дей беріңіз.
Сөз орайы келгенде айта кетсек, Бөкенбай батырға ескерткіш орнату жөнінде бұған дейін де бірнеше мәрте мәселе көтеріліп, тіпті өтініш те берілген болатын. Алайда, түрлі себептермен үнемі кейінге шегеріліп келді. Тек, қазіргі облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей араласуымен ғана халықтың бұл жолғы өтініші ескерілді. Осылайша, елдің жанашыр азаматтарының арқасында биіктігі 14 метрден тұратын қазақтың даңқты батырының ескерткіші бой көтеретін күн алыс емес, ең бастысы, тасы қаланды. Үлкен іске ұйтқы болған Бердібек Мәшбекұлына қолдау көрсетіп, азаматтық танытқаны үшін Ақтөбеліктердің айтар алғысы шексіз. Ел тілегі қабыл болсын, Алаш жұрты!
Нұрбол ОҚУОВ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі