Шығысты шыр айналса, нағыз демалыс!
17.06.2019 2702
Елімізде қойнауы сырлы тарихқа толы, тұмса табиғаты көркем, суы мөлдір, ауасы жанға жайлы өңірлер баршылық. Солардың бірі – еліміздің шығыс бөлігі, яғни кенді Алтай өңірі

Абай мен Әбдікәрім, Шәкерім мен Биахмет, Мұхтар мен Оралхан сынды ұлылар дүниеге келген Шығыс Қазақстан өңірі сонымен қатар көне дәуірлерден сыр шертетін, құпиясы мол тарихи орындарының көптігімен де ерекшеленетінін айта кету керек. Осылардың ішінен жазғы саяхат пен демалуға ыңғайлы деген 25 туристік орынды назарларыңызға ұсынамыз.

Берел патшалар қорғаны. Сенцация іздеген ғалымдар мен әлемнің ір түкпірінен ағылған саяхатшылардың аяғы үзілмейтін киелі бұл орын б.з.д. IV ғ. сақ дәуіріне тиесілі. Қазба жұмыстары кезінде таңғажайып ғылыми-археологиялық жаңалық ашылған аспан астындағы мұражай кешен. Обалардан табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттар, органика, киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар мәңгілік тоңның нәтижесінде шірімей жақсы сақталған. Сақ және түркі кезеңдерімен мерзімделетін жетпістен астам обалардан құралған қорым 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр. 1997 жылдан қазіргі кезге дейін солардың 20-дан астамы зерттелді.

Берел қорымы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Берел ауылынан 7 шақырым оңтүстік батысында орналасқан. Қорым солтүстігінде Берел жєне Бұқтырма өзендерінің қосылған жерімен, оњтүстігінде Қансу өзенімен, ал батысы мен шығысында таулармен шектелген Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы алаңда орналасқан. Ескерткіштің координаттары: 490 20 с.е., 860 22 ш.б. Обалар Бұқтырма өзенінен 40-45 м. биік жатқан үшінші террассасында шоғырланған.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары. Қазақ халқының лиро-эпостық поэмасының кейіпкерлері есімімен байланысқан мазар қазірге жеткен көне ескерткіш. Қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап тұрғызылған Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жердегі Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Жалпы биіктігі – 11,65 м. Қабырғасы гранит қалақ тас пен сабан аралас балшықтан қаланған. Кірер есігі шығысқа қаратылған. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, бұл ескерткіш V-X ғасырда салынған. Мазар 1982 жылдан бері  жылы мазар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған.

Жоңғар бекінісі немесе Аблайкит кесенесі – XVII ғасырға тән будда монастыры. Аблайкит бекіні­сін 1654 жылы Жоғарғы Ертістің сол жа­ға­лауында, Қалба тауларының арасы­на ойрат билеушісі Аблай тәйжі салдыр­ды. Аблайкит XVII ғасыр­дың 50-60 жылдарында будданың ірі орта­лық­тарының бірі болды. Кейіннен Өске­мен бекінісінің негізін қалаушы И.М.Лихарев­тің жетекшілігімен келген орыс отряды ғибадатхана орнынан тибет пен ойрат қолжазбаларының, будда икон­дары мен қола мүсіндерінің мол қорын және тибет-моңғол қолданбалы-сән­дік өнер бұйымдарын Ресейге алып кетеді. Өкінішке орай, ол қолжазбалар қазіргі күнге дейін сақталмаған.

«Ақбауыр» үңгіртасы – неолит дәуіріне жататын ең көне ескерткіш кешен. Ол Қазақстанда атақты Стоунхедж іспеттес. Жартас суреттері ғалымдардың «мұнда астрономиялық бақылаулар жүргізілген» деген пікірін нақтылайды, ал петроглифтер пиктографиялық жазбалардан хабар береді. Ескерткіш Шығыс Қазақстан облысы. Ұлан ауданы. Бестерек ауылының солтүстігінен 3 км жерде Ақбауыр тауының етегіне орналасқан. Үңгір қабырғасындағы қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіре берісіне қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын, киелі орын болған. Үңгір таудың етегінен 5-6 м. биік орналасқан.

Мұзтау – Алтай тауларының ең биік нүктесі (4509 м), әлемдегі ең ірі шыңның бірі. Ол халық арасында қасиетті саналған. Биік сеңгірлер, тік жартасты рельефтер, мұздықтар – бәрі үндесіп, тауға ерекше асқақ келбет береді. Мұзтауға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген альпинистер келіп шыңды бағындырады. Мұзтау Ресей мен Қазақстан шекарасы бойымен көтерілетін екі шыңнан тұрады. Сондай-ақ аталған қос шың Қытай мен Моңғолия шекарасында бетпе-бет орналасқан. Екі шыңның шығыс жағындағысы батыстағы шыңнан биіктеу. Бұл тауларда бірнеше шағын мұздықтар кездеседі. Мұздықтар таудың беткі бөлігінің 27 шақырым аумағын алып жатыр. Берел олардың арасындағы ең ірі мұздық болып табылады. Биіктігі – 1950 м. Алтайдың алғашқы карталарында Оңтүстік-Шу Альпісі және Катун Альпісі деген жазбалар кездеседі. Бұлар осы өңірдің көне атаулары болып табылады. Қос шың беткейлерін мәңгі қар мен мұз басып жатады.

Жидебай қорық-мұражайы – тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық, экологиялық аймақ. Мемлекет қамқорлығына алынған. Абай ауданы жеріңде орналасқан. 1990 ж. Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың 150 жылдық мерей тойы қарсаңында ұйымдастырылды. Қорықтың жалпы аумағы 64 кв. км.

Қорық құрамына Абайдың әдеби-мемориалдық мұражай-үйі, Абай, Зере, Ұлжан, Оспан және Шәкәрім, Ахат, Құдайберді, Ғабитхан молда, Шәукен бай, Еркежан зираттары т.б. тарихи - мәдени ескерткіштер кешені енген. Бұлардың бәрі күрделі жөндеуден өткізілді. Жидебай қорығы. облыстық, республикалық туристік саяхат жасайтын қасиетті орынға айналдырылған.

Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық саябағы – Қазақстандағы ең ірі ұлттық саябақ. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандары қатарының тізіміне енген. Саябақ аумағында 3 сарқырама, Берел қорымы орналасқан. Құстардың 400,  өсімдіктердің 1000,  жан-жануарлардың 100 түрі бар.

Марқакөл ұлттық қорығы. Марқакөл көлі – Шығыс Қазақстанның меруерті болып табылады. Қорықта көптеген шипалық қасиеті зор өсімдіктердің 700-ден аса түрі,  сүтқоректілердің  55 түрі бар.  Қорықтың жан-жануарлар әлемі де өте бай. Ускуч балығы - Қазақстан көлемінде тек осы көлде ғана кездеседі.

Алакөл – Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі. Сонымен қатар аумағы 20 мың гектардан асатын бұл өлкеге денсаулығын түзеткісі келетіндерден басқа, теңдесі жоқ көлде шомылу мен балық аулағанды ұнататындар келеді. Алакөлдің шипалық қасиеті көптеген тері ауруларын, сондай-ақ, қимыл-тірек қозғалысына, жүйке-жүйені емдеуге жағымды әсерін тигізеді. 

Орта ғасырларда «Гургенор», кейін «Алактогол», «Алатеңіз», «Алакта» деп те аталған. Алакөл — Жетісудың Балқаштан кейінгі үлкен көлі. Ол Алакөл ауданының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Көл ағынсыз, солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 км, ең шығыңқы ені 52 км, жағалауларының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 км3. Су жиналатын алабы 47859 км2. Алакөлдің ең ірі шығанағы – Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан.

Рахман қайнары. Барлық ауруға шипалы бұл көл туралы аңыз әңгімелер аз емес. Дегенмен, «Рахман қайнары» шипажайының негізгі емдік қасиеті – табиғи минералды жерасты радон сулары болып табылады.

Оңтүстік Алтайдың кiшкене тектоникалық ойпатында, Арасан көлі жағасында, теңiз деңгейiнен 1750 м биiктiкте айналасын биiк тау, орман қоршаған өте көрiктi жерде орналасқан. Су граниттегi терең тектоникалық жарықтан шығады, температурасы 35-42°С. Қайнардың шипалық қасиетi ертеден белгiлi.

Рахман қайнарының шипалық қасиетi оның құрамындағы көмiр қышқылының, радонның молдығында. Суы тұщы, минералдылығы 200 мг/л, құрамында гидрокарбонаттар, натрий, кальций, т.б. элементтер бар. Рахман қайнарының суы асқазан, ревматизм, гинекологиялық, жүйке, тыныс ауруларын және әр түрлi улану мен жараларды емдеуде қолданылады.

Өскемен қаласынан 450 шақырым, төрт мемлекеттің Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінің шекарасының қиылысқан жерінде, Алтайдың кішкене тектоникалық ойпатында орналасқан.

Қиын-Керіш шатқалы. Топырағы мен жер қыртысы ерекше қызғылт түсті жер. Бұл мекенді марсиандық көрінісіне қарай «Аруақтар қаласы» деп атайды. Екінші атауы – «Алаулаған адырлар», яғни табиғи келбеті алаулаған жалынға ұқсайды. Қиын-Керіш аумағынан  құстардың бірқатары – бірқазандар мен суқұзғындар тұқымдастары кездеседі.

Осинов асуы. «Шығыс айналымы» автокөлік жолы – таңғажайып табиғатымен ерекшеленеді. 56-72 км. құлама жолы, 180 градустық шұғыл бұрылыстарымен «серпантин» деп аталған.

Халиыа Алтай мешіті. Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі, республикамыздағы ең үлкен үш мешіттің бірі. Үш мың адамға арналған. Мешіт өңір тұрғындары, мемлекеттік және коммерциялық кәсіпорындардың қайырымдылық көмегі және Араб Әмірлігінің демеушілік қолдауымен салынды. Мешіт құрылысына 20 мыңға жуық адам ат салысқан.

«Қазақстан»  мемлекеттік рәміздер тауы – ҚР мемлекеттік рәміздері орын тепкен жер. Рәміздер павильоны Аблакетка тауында орналасқан, онда 6 метрлік әріптермен «Қазақстан» сөзі жазылған. Тауда 12х24 көлеміндегі Қазақстан туы желбірейді. Ол көлемі  жағынан Қазақстандағы екінші ірі Ту саналады.

Андреев кафедралдық шіркеуі. Православие ғибадатханасы, Өскемен епархиясының кафедралдық шіркеуі болып табылады. Екі мың адамға арналған. Орыс Православие сәулетінің үздік дәстүрімен салынған: бес күмбезді, кіреберісінде қоңырау мұнарасы бар. Шіркеу Өскемен қаласында Қасиетті Троицкі ерлер ғибадатханасы аймағында орналасқан.

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі – Қазақстандағы ең бай көркемөнер құндылықтары жинағының бірі. Мұражай қорында 3600-ден астам өнер туындысы сақталған. Мәскеулік Невзоровтар отбасы соның 569 данасын Семей қаласына сыйға ұсынған. Мұражай 1870 жылғы сәулет ескерткіші ғимаратында орналасқан.

Курчатов қаласы. Қалада Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы орналасқан. Қала атауы, осында ұзақ уақыт тәжірибелік іс-сапарда болған физик - Игорь Курчатовтың құрметіне қойылған. Ядролық сынақ бақыланатын жабдық үлгілері, жарылыс іздері қалған материалдар полигон мұражайында сақталған.

Борис Александров атындағы спорт сарайы. Өскемен   мұзайдын сарайы. «Торпедо» хоккей  клубы Қазақстан хоккейінің  көшбасшысы. Ол халықаралық жарыстарда республикамыздың үмітін ақтап келеді.

Халық шығармашылығы мұражай-үйі. Үш  қабатты ескі қамал. Мұнда бәрі ағаштан жасалған. Бір шебердің ғана  қолынан шыққан бірегей жәдігерлер.

Солжағалау саябақтар кешені. Қазақстандағы ашық аспан астындағы ірі сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай. Саябақ аумағы ботаникалық саябақ, зообақ, әскери және этнографиялық этноауыл кешендері, отбасылық демалыс орны және шаруашылық зоналарға бөлінген. Кешеннің ауданы 120 га.

«Жеңіс» мемориалдық кешені 1941-1945 жж. Совет-герман соғысында қаза тапқан шығысқазақстандықтарға арналған ескерткіш. Жеңіс ескерткіші Ертіс пен Үлбі өзенінің  сағасындағы «Стрелка» ауданында орналасқан.

«Өлімнен де күшті» мемориалдық кешені – Семей ядролық полигоны құрбандарына арналған зәулім монумент.

Аспалы көпір. Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір – Семей қаласының көрікті орнының бірі. Ол Қазақстанда жалғыз және әлемде 17-ші орынды иеленеді. Көпір құрылысын  «IHI» жапон фирмасы түріктің «Аларко Алсим» фирмасымен бірігіп салған.

Бұқтырма өзені. Қазақстандағы ірі үш өзеннің бірі және әлемдегі жасанды су қоймаларының ең ірісі. Ертіс өзенімен жүретін кемелерге ыңғайлы су  жолы, балық шаруашылығы кең дамыған. Туристердің демалыс аймағы, әсіресе, әсерлі әрекеттер мен сезімдерге толы экстремалдық рафтинг үшін өте ыңғайлы демалыс аймағы болып табылады.

Поперечка ауылы – Риддерде ауылдық және экологиялық туризмнің сәтімен дамуының  жақсы үлгісі. Қонақ үйлерге  жыл сайын көптеген туристер келіп демалады. Өлкенің ғажайып табиғаты шетелдік туристерді де тамсандырып отыр. 

 

Әзірлеген Бүркіт НҰРАСЫЛ.