Халқымыздың Отан қорғау тарихындағы ұлы Орбұлақ шайқасы жайлы басқа бұлтартпас деректерді жинау арқылы әлемдік жалпы тарих пәніне кіргізуге лайық деп санаймыз
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасындағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бірнеше мыңжылдық уақытты қамтитын қазақ халқының тарихының айтулы да келелі кезеңдерін әлемдік тұрғыда насихаттаудың қажеттілігі мен маңыздылығы көрсетілген.
Онда Еуразияның орталығын қола дәуірінен бері мекендеп келе жатқан халқымыздың арғы ата-бабаларының сол мерзімнен басталатын жалпы адамзаттық өркендеудің бел ортасында болып, оған өзіндік үлес қосқандығы нақты айғақтар негізінде сараланған.
Мақаланың мазмұнына сай, осы өңірде қола дәуірінен біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығының аяғына дейінгі уақытта жер жағдайына орай көшпелі және отырықшы өмірге негізделген дамыған шаруашылықтары, озық рухани және материалдық мәдениеті, сыртқы жаулардан қорғану мақсатындағы бір тәртіп, бір жүйеге бағынған әскерлері бар қуатты мемлекеттік бірлестіктерді құрған қазақ халқын негіздеген рулар мен тайпалар өмір сүріп дамығандығы баршамызға белгілі.
Шындығында да ұлтымыздың қазіргі территориясында жоғарыда көрсетілген мерзімдерде өз дәуірінде әлемдік дамудың алды болған Ерте Грекия, Парсы, Македония, Ерте Рим, Қытай империяларымен тең жағдайдағы әр салалы тығыз қатынас жасаған сақ, үйсін, қаңлы, ғұн мемлекекеттік бірлестіктері болған. Мысалы сақтардың дамыған мемлекеті, озық шаруашылығы, басқаларға үлгі болған қолданбалы өнері, соғыстағы шеберлігі мен қаһармандықтары көне парсы тас жазбаларында айшықталып, оған грек тарихшылары шығармаларын арнаған.
Бұл байырғы деректерде баяндалатынындай, сақтар Ерте Грекия қала мемлекеттері армияларын әскери жылқылармен қамтамасыз етіп тұрған. Сақтардың аңдық тәсілдегі бағалы металлдардан жасалған әшекей бұйымдары Қара теңіз жағасындағы Грек, Македония қала мемлекеттеріне кеңінен тараған. Елбасы атап көрсеткен қазақстандық «Алтын адаммен» қатар Совет заманында Берел қорғандары мен Шілікті даласынан алынып, Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаждағы арнайы залдарға қойылған сақтардың қайталанбас құнды мұралары бүгінгі күні әлем жұртшылығына бұл халықтың теңдессіз қолданбалы өнерінің болғандығын дәлелдеп келеді.
Одан кейінгі уақыттағы сақтар, ғұндардың ұрпақтары болып есептелетін түркілердің үлкен мемлекеті – Түрік қағанатының орталығы қазақ жері болғандығы тарихтан белгілі. Бұл мемлекет өмір сүрген уақытында ортағасырлық Қытай және Византия елдерімен табан тіресіп, дипломатиялық байланыс орнатқан. Орталық Азиядағы кез-келген мемлекеттер аралық қатынас түркілердің қатысуынсыз шешілмейтін дәрежеге жеткен. Сыртқы сауда қатынастары дамыған. Көршілерімен әскери одақтастық және өзара соғыс жағдайларында болып, айтулы жеңістерге жеткен. Түркілер заманында әлемдік дәрежедегі ойшылдар мен ғалымдар өмірге келіп, қызметтер атқарған. Қала мәдениеті өркендеген.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мақаласында ерекше алып өткен келесі мәселе – Ұлы Даладағы ежелгі металлургия.
Мақалада жазылған Қазақстанның орталық, солтүстік аймақтарымен қатар оның шығысындағы Алтай өңірі әлемдегі ең алғашқы темір және түсті металлдар, көмір өндірудің орталығы болғандығын ерте, ортағасырлық қытай, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың басындағы Батыс және Ресей деректері молынан келтіреді. Мысалы ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарынан басталатын Алтай тауларынан, соның ішінде қазіргі Барнаул маңайынан кәсіпкер Акинфий Демидов негіздеген алғашқы ресейлік кен орнынан бастау алып, одан ары Риддер, Зыряновск, Нарын, Күршім өзендері бойларынан түсті металлдар өндіріс орындарын ашу кезінде орыс өнеркәсіпшілері сол жерлерден өндіріс құралдары, металл қорытатын пештер мен шахталары т.б. жақсы сақталынған көне кен өндіру орындарына тап болған. Бұларға «Чудтық кен орындары деген атау берген. Яғни бұл атау жұмбақ, кейін жоғалып кеткен «ғажайып адамдар кен орындары» деген мағына береді. Ал олар ешқайда жоғалып кетпеген, кейінгі сақтардың, ғұндар мен түркілердің арғы ата-бабалары – Алтайдың қола дәуірінің тұрғындары екендігі анық. Осы көне кен орындары туралы ХІХ ғасыр басындағы Батыс Сібір өлкесін зерттеушілер Г. Спасский, Г. Шангин, Сборовский, Коцовский, т.б. кеңінен жазған. Бұдан Кенді Алтайдың жерасты байлығын алғаш игерушілр біздің ата-бабаларымыз болғандығы толығымен айқындалады.
Алтай өңірінен темір, алтын, күміс, басқа да бағалы металдар өндіру ортағасырлық түркілер және Монғолдар билігі кезінде одан ары жалғастырылды. Шаруашылықтың негізіне айналды. Түрік мемлекеттері және Монғол империясының барлық металл бұйымдары мен қарулары Алтай темірінен жасалды. Қытаймен, басқа да елдермен арадағы саудада бұл өнімдер басымдыққа ие болды.
Алтай деген сөздің ұғымының өзі түркіше «алтын» деген мағынаны береді. Осы аймақты көне заманнан мекендеуші түркі, монғол халықтары тілдеріндегі «темірші» деген сөздің адам есімдеріне берілуі жергілікті металл өндірушілердің зор беделге ие болғандығын айғақтайтындығы белгілі. Шыңғысханның шын есімі де «Темуджин» темірші деген сөзден алынған.
Міне сондықтан да Қазақ Алтайының металлургияны адамзаттың дамуының бастапқы кезінен-ақ кәсіптік тұрғыда өндіріп, оны дамытудың отаны болғандығын нақты деректер арқылы әлемдік деңгейде насихаттау Қазақстан тарихшыларының борышына айналып отыр.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың аталған мақаласының жазылуының ең басты мақсаттарының бірі – халқымыздың бірнеше мыңжылдықтармен өлшенетін бай тарихын дүниежүзілік тарихтың бірұтас бөлігіне айналдыру екендігі белгілі. Яғни бұл қазақ тарихын әлемдік ғылыми журналдарда жариялап, шетелдер ғылыми орталықтарымен байланыс жасау ғана емес, оның бір кезеңі мен оқиғасын әлемдік «Жалпы тарих» курсына енгізу деген сөз.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам мерзімінде Қазақстан тарихын бірнеше арнайы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде зерделеуде көптеген жұмыстар атқарылды, шетел мұрағаттарынан да біршама деректер әкелініп, олар ғылыми айналымға енгізілуде. Соңғы мерзімдегі Елбасының талабынан кейін Қазақстан тарихының кезеңдерін әлемдік жоғары рейтингілік журналдарда жариялауда жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан тарихына арналған біраз фильмдер де түсірілді. Алайда ол фильмдер республикамыздың шеңберінен аса алмады. Халықаралық деңгейді айтпағанда ел тұрғындарын қызықтыруға жетіспеді.
Сондықтан да қазіргі күнгі міндет – төл тарихымыздың кезіндегі аймақтық, тіпті әлемдік дамуға әсер еткен, қазірде өзінің маңызын жоймаған белгілі бір оқиғасын, тарихи тұлғалардың атқарған ғаламдық, аймақтық деңгейдегі қызметін дүниежүзі елдері орта мектептерінде міндетті түрде оқылатын, құрамында «Ерте дүние тарихы», «Орта ғасырлар тарихы», «Жаңа тарих», «Қазіргі заман тарихы» курстары бар Жалпы тарих пәніне енгізу мәселесі болып табылады.
Шындығында да бүгінгі әр қазақ орта мектептегі осы пән арқылы Ертедегі Вавилон патшалығы, Грекия, Рим империясы, Спарта мемлекеті, Парсылар мен Александр Македонский мемлекеттері, ортағасырлық Англия, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Үндістан, тағы да басқа Еуропа, Азия, Америка елдерінің тарихтарын оқып, жеке тұлғаларының өмірлері мен тарихқа қалдырған істеріне қанық болдық.
Егер де шын назар аударатын болсақ, біздің де ешкімнен ұялмай, өзімізді ғана емес, барша адамзатты тамсандыратын тарихымыз бар. Мысалы, 1643 жылғы Жәңгір сұлтан бастаған 600 қазақ сарбазының 50 мыңдық Батыр қоңтайшы бас болған жоңғар әскерлерін сол мерзімдегі соғыс өнерін шебер пайдалана отыра тас-талқан еткен Орбұлақ шайқасы – адамзат тарихында аса сирек кездесетін оқиға. Ерте дүние тарихынан 300 спарталық жауынгердің ерлігін бәріміз жақсы білеміз. Ал Орбұлақ шайқасының маңызы одан ешқандай кем емес. Бұл қазіргі және келер ұрпағымызға мақтаныш әкелетін Жәңгір сұлтанның асқан таланты мен қолбасшылығының, қазақ жауынгерлерінің отансүйгіштігі мен көзсіз ерлігінің куәсі емес пе.
Қазақ халқының тағдыры шешілер осы шайқастың аңыз емес, шын болғандығын дәлелдейтін тарихи деректер жетерлік. Бұл шайқас туралы ең алғашқы жазба мағлұматты Батыр қоңтайшыға елші ретінде барып, 1644 жылдың ақпан айында Тоболға қайтқан Ресей дипломаты Г. Ильин толығымен сипаттап жазған. Оның мәліметінің шындығын 1644 жылдың ақпанында Тоболға келген ойраттардың билеушісі Абылай-тайшаның елшісі Бахти да бекіткен.
ХVІІІ ғасырдың басындағы белгілі неміс тарихшысы И.Е. Фишер өзінің зерттеулері арқылы осы жазба деректердің ақиқаттығын одан ары растап, 1744 жылы неміс тілінде шығарған кітабының арнайы тарауына енгізді. «Бітіспес жауының толассыз шабуылдарынан азат болу үшін (Батыр қоңтайшы – Ғ.Қ.) 1643 жылы, – деп жазады ғалым осы оқиға туралы, – одақтастарының көмегімен елу мың адамнан тұратын әскер жинады, және де алдымен он мыңға дейінгі Алат және Тоқман қырғыздары деп аталатын халық мекендейтін екі провинцияны бағындырды, оқиға жылдам болғандықтан Жәңгір сұлтан алты жүзден асатын ғана адам жинақтап үлгерді, алайда оларды қолайлы орналастыруды білді; бір жартысын таулардың арасындағы шатқалға жерді қаза отыра орналастырды, ал келесі жартысымен қалмақтар «тар шатқалға шабуыл жасап, одан өте алмай жатқанда таудың келесі жағына жасырынды. Барлығы оның ойластырғанындай болды: Қоңтайшы батылдықпен қорғана білген шатқалдағыларға шабуыл жасады; ал осы мерзімде Жәңгір сұлтан жауына ту сыртынан шабуыл жасады және винтовкалардан оқ жаудырып, жау жағы сол жерде қазаға ұшыраған он мыңға жуық адамынан айырылды Осы уақытта келесі татар князы (Самарқанд әмірі – Ғ.Қ.) Жалаңтөс Жәңгір сұлтанға жиырма мың адаммен көмекк келді. Мұның өзі Қоңтайшыны шегінуге мәжбүр етті» [Сибирская история с самого открытия Сибири до завоевания сей земли российским оружием, сочиненная на немецком языке и в собрании Академическом читанная членом Санкт-Петербургской Академии наук и профессором древностей и истории, так же членом исторического геттингского собрания Иоганном Ебергардом Фишером в Санкт-Петербурге при Императорской Академии наук 1774 года. сс. 443-445].
Ал ХІХ ғасырдың басында қытай тілінің терең білгірі, Қытай мұрағаттарында көп жұмыстар атқарған, Ресейдің Цинь империясындағы елшісі болған дипломат, зерттеуші Н.Я. Бичурин (Яакинф) және Ш. Уәлиханов «Қазақ халқының Геродоты» деп атаған Л. Левшин өздерінің ұзақ зерттеулері арқылы бұл оқиғаның нақты орын алғандығын өз шығармаларында атап көрсетті. Осы батырлық оқиға туралы ХІХ-ХХ ғасыр басы көлеміндегі көптеген батыс, орыс зерттеушілері одан ары жарыса жазды.
Міне, сондықтан да халқымыздың Отан қорғау тарихындағы бұл ұлы шайқас жайлы басқа бұлтартпас деректерді жинау арқылы әлемдік жалпы тарих пәніне кіргізуге лайық деп санаймыз.
Қазақстан тарихының әлемдік маңызға ие тағы бір мысал: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің шеңберінен шығып, Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы атқарған халықаралық саясаттағы нақты істері, бастамалары мен ұсыныстары болып табылады.
Атап айтқанда, оның тікелей басшылығымен Семей ядролық сынақ алаңы толығымен жабылды, Қазақстандағы Совет Одағынан қалған әлемдегі төртінші қуатты ядролық қарулар мен оны жеткізу құралдары ел территориясынан бір жақты түгелдей шығарылды, осы арқылы Қазақстан өз еркімен ядрлық қарусыз ел атанып, дүние жүзі ядролық мемлекеттеріне ядролық қарудан арылудың үлгісін көрсетті.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың одан арғы жер шарының басқа мемлекеттерінде орналасқан ядролық сынақ алаңдарын толығымен жабу, әлемде жинақталған ядролық қаруларды таратпау, оларды үнемі қысқарту және жою арқылы адамзатты жойқын апаттан мәңгілікке құтқару, Біріккен Ұлттар Ұйымының жалпы әлемдік бейбітшілік пен ұғыныстықты қамтамасыз ету жолындағы жұмысын ХХІ ғасыр талаптарына сай реформалау, соғыс ошақтары тұтанған аймақтардағы қалыптасқан шиеленісті бейбіт жолмен шешудегі атқарған бастамашылық істері мен ұсыныстарының маңызы шексіз. Ал мұның барлығын дүниежүзі жұртшылығы біліп, барынша қолдап отырғандығы белгілі.
Сондықтан да дүниежүзілік деңгейдегі мемлекет қайраткеріне айналған Н.Ә. Назарбаевтың адамзаттың мүддесі жолындағы қызметі әлемдік заманауи тарихқа енгізуге толық лайық деп есептейміз және осы жолдағы ұйымдастырушылық істер атқару Қазақстан тарихшы ғалымдарының, мемлекеттің міндетіне айналуы тиіс.
Бұл мақсатты іске асыру үшін бір-екі жыл көлемінде Қазақстан тарихының осындай келелі де халықаралық маңызға ие болар оқиғалары қамтылған оқулығын дайындап, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударып, әлемнің белгілі кітапханалары мен жоғары оқу орындарына, осы елдердің Білім салаларын басқаратын орындарына жіберу керек. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық деңгейдегі істерді ұйымдастыратын саласына да бұл оқулықты өткізу қажет.
Үшіншіден, Қазақстан тарихының айшықты оқиғаларына, есімдері халық мақтанышына айналған тұлғаларға арналған телесериалдарды түсіруді қолға алу. Оларды шетел тілдеріне аударып, әлем мемлекеттері көрермендеріне ұсыну кезек күттірмейтін шара.
Атқарылуға тиісті істерден барша қабілет, талант пен мақсаткерлікті және ешқандай да қаржыны аямауымыз керек. Міне осы жұмыстар орындалғанда қазақ халқының есімі, өткен жолы әлемге белгілі болады, ұлтымыздың тарихы Адамзат тарихының нақты құрамдас бөлегіне сөзсіз айналады деп есептейміз.
Ғани ҚАРАСАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Сейітқали ДҮЙСЕН, педагогика ғылымдарының кандидаты
Қанат ЕҢСЕНОВ, тарих ғылымдарының кандидаты