«Сахараның Сағирасы»
18.01.2019 2309
Ол кезде Біләл Мақашұлы алты жасар болған. Кейін сол жерге барып қолжазбаларды қазып, іздеп көрген. Бірақ таба алмапты

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген халық нақылы өміршеңдігін жоймақ емес. Оған жақында тағы да куә болдық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Сырдария ауданы көлеміндегі тарихи жерлердегі тұнып тұрған сырларға қанық болу мақсатында ауылдарды аралаған кезде көпті көрген, ақылы дария ақсақалдармен тілдестік. Сондай сапарлардың бірінде шіркейлілік қария Біләл ата Мақашұлы бізге елді мекен төңірегіндегі «Қос асар» мен «Жетім асар» тарихын айтқан болатын.

Ақсақал шежірелі Шіркейліден шыққан батырлар туралы сыр шертіп, бұдан бөлек өзінің жеке қорында құнды дүниелер бар екенін тілге тиек еткен еді. Бұрынғылардан қалған құндылықтарды жинастырып қоюға уәде еткен қадірлі қария жақында хабарласты. Жол түскенде арнайы соғып, құнды дүниелерге қолмен ұстап, көзбен көрдік.

– Менің әкем Мақаш 45 жыл ұстаздық етіп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген. Таңды-таңға атырып ертегі-әңгімелер айтатын. Мақаш әкем алты ағайынды. Олар Әлиасқар, Әлиакбар, Мақаш, Рақыш, Торыш, Зинабдин болып бір атадан тараған. Бәрі де халыққа қадірлі кісі болған, – деген Біләл ата Рақыштың өнегелі өміріне тоқталды. Қария Ұлы Отан соғысына барып, оралмаған майдангер жайында ерекше сырларды айтып, оның жазып қалдырған қолжазбаларын көрсетті.

Рақыш Әлқожаев мектепке дейінгі ұстаздық қызметінде өзі ұйымдастырған үйірмеде балаларды әдебиетке баулыған. Бұдан бөлек ол өзі ақындығымен, жазушылық қабілетімен дараланыпты. Мектепте жүрген кезінде түрлі тақырыптарда өлеңдер шығарып, қолжазба ретінде қалдырған.

Осы тұста, ерекше атап өтерлігі, қолжазбалардың барлығы латын тілінде жазылған. Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді қамтыды. Соның ішінде, араб жазуынан кейін 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпби жүйесі қолданысқа енгізілді. Сол кезде мұғалім Рақыш оқушыларға латын тілінде сабақ үйреткен, латынша шығармалар жазған. Оның ішінде, хаттар, өлеңдер-жырлар жазылған 60 парақтық қолжазба қазір қарияның қолында сақтаулы. Қолжазбалардың ішінде соғысқа аттанып бара жатқанда жазылған «Мұқалма, шеше, мұқалма», «Рақыштың Мақашқа хаты» өлеңдері бар. Бұл өлеңдер «Асқақ рухты жасампаз жырлар», «Майданнан хат» кітаптарына енгізілген.

Сондай-ақ, ақсақалда ең құнды қолжазба Р. Әлқожаевтың «Сахараның Сағирасы» деген драмалық пьесасының латын қарпіндегі түпнұсқасы да бар. 60 парақтың қолжазбалардың уақыты белгісіз болса, драмалық пьесаның жазылған уақыты – 1938 жыл. Бұларды Біләл қария 2004 жылы Тұрар деген кісіге латын тілінен кириллицаға аудартып, жаздырған.

Драмалық пьеса алғашында қара қарындашпен басталып, кейіннен қаламмен жазылған. Мұндағы оқиға желісі Сазкөл жерінде өрбиді. Негізгі идеясында тап жігі, әйелдердің теңдігі, екі жас арасындағы махаббат қозғалады. Осы тұста, драмалық шығарманың қысқаша мазмұнына тоқталып өтсек.

«Марттың маздаған аяғы. Қараш сиқыр мен Сазкөл жерінің жайпақ даласын жайлау етіп жаппас ауылы тұратын...» деп басталатын пьесада ерінбей еңбек етіп, ұсталықты кәсіп еткен Ерінбес жайында айтылады. Бір ат, бір сиырды талғажау ететін кедей шаруаға жан дегенде Жәнібек дейтін жалғыз ұлы жұбаныш. Ол зерек, сөзге шешен, өнерлі, ақындығы тағы бар. Жәнібек сұлулығына ақылы сай Сағира туралы көптен естіген. 15 жастағы Сағира да ел мақтаған жігітті біледі. Сағира – жігіттердің арманы болған айдай сұлудың өзі. Оның әкесі Мұқыш – Күркілдек байдың жалшысы. Ауқатты бай қызын қалыңдық етіп алу мақсатында Мұқышты өзіне жақын ұстайды. Ал бойжеткен қыз 57-дегі байдың босағасын аттағысы келмейді.

Бір уақытта Күркілдек байдың інісі Кәурікбай ауылында мереке болып, осы жерде қос ғашық танысады, табысады. Жастар арасындағы ойын-сауықта екеуі жарасады. Алайда, сауық кешінің аяғы жанжал болып, Жәнібек Сағираға хат жазып, ауылына кетіп қалады. Хатта Жәнібек шынайы сезімін білдіріп, бірге болу жөнінде ұсыныс білдіреді. Ал Сағира байдың қаһарынан қорқып, Жәнібектің обалына қаларын сезіп, қоштасу хатын жазады. Пьеса Жәнібектің жауап хатты күтіп отырған жерінен аяқталады.

Негізі, шығарманың шешімі аяқсыз қалған секілді. 1938 жылы жазылып басталып, кейіннен соғысқа кетіп қалған Р. Әлқожаев драмалық пьесаны бітіре алмаған болу керек. Әйтпесе, қай шығарма болсын шарықтау шегіне жетіп, аяқсыз қалмауы мүмкін емес.

Ендігі жерде біз ақсақалдан шығармадағы қос ғашықтың прототиптерін сұрап көрдік. Қария пьесадағы Жәнібек Рақыштың өзі, ал Сағира ғашық болған Гауһар есімді қыз болуы мүмкін дейді. Өйткені, Р. Әлқожаев жеті жылдық мектепте сабақ беріп жүргенде сол білім ошағында Гауһар есімді қыз жұмыс істеген. Соған ғашық болып, Гауһарға хат та жазған, өлең де арнаған. Мәселен, «Гауһар-ау! Мен өзің білетін қағынған қалаға қайтып келгеннен бері ұзақ ойлануда едім. Ауырлық жағы мен жеңілдік жағы теңбе-тең түсті» деп басталатын сағыныш хаттарының, ««Г»-мен кездескенде жазылды» деген «Алғашқы көрініс» өлеңі, «Өзіңе» және тағы басқа ғашықтық туындыларының түпнұсқалары әлі де сақтаулы. Сондықтан осы драмалық пьесадағы қос ғашықтың прототиптері Жәнібек пен Гауһар деп айтуға негіз бар.

1943 жылы Р. Әлқожаев елге келген уақытында екі кітапқа жүк болатын қолжазба жазған. Сол дүниелерді киізге орап «Қызыл жалауда» отырған жерге «Елге соғыстан аман келсем, өзім аламын» деп ешкімге көрсетпей көміп кеткен. Алайда, майдан даласында қалып, құнды дүниелер көмулі қалды. Ол кезде Біләл Мақашұлы алты жасар болған. Кейін сол жерге барып қолжазбаларды қазып, іздеп көрген. Бірақ таба алмапты.

Жалпы, ақсақал қолжазбаларды көрсеткенде таң қалдық және қуандық. Оған себеп, қолжазбалар латын тілінде жазылғандығы. Бұдан бұрын қазақ халқы латын әліпбиін қолданғандығын білеміз. Алайда, сол кезде жазылған құнды дүниелердің қолжазбасын қолға ұстағанда қуануымыз қалыпты еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру керектігіне тоқталды. Көреген Көшбасшы бұл мәселені 2006 жылы қозғаған еді. Яғни, Мемлекет басшысы жарты ғасырдан астам уақыт кириллицаны қолданып келген халықтың заман талабына сай жаңғыруына латын тілінің маңызы зор екендігін ұғындырса керек. Бұл әліпбиді өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы қолданған. 11 жыл бойы осы әліпбиге тіліміз жаттықты. Ал енді араға ғасырға жуық уақыт салып, латын қарпіне қайта көшпекпіз. Демек, бұл әліпби бізге таңсық емес және заманның тілі болып тұр. Сондықтан мұны үйрену бізге жеңіл болмақ. Оған дәлел ретінде, майданға кетіп, оралмай қалған Рақыш Әлқожаевтың қолжазбаларын көрсетуге болады.

 

Ердос БЕРКІНБАЕВ,

Қызылорда облысының Сырдария ауданы.