Ауыздық не берді? Салт кісі қандай жылдамдықта келе жатса да, қалаған тұсына шалт бұрылып, тартып кетуге мүмкіндік алды. Ауыздықты қазіргі көліктің рөлімен салыстыруға болатын шығар?! Ат ырыққа көнді
Үзеңгі – баспалдақ
Ежелгі грек заманында, көне Рим империясында өмір сүрген батыр, патшалардың ат үстіндегі мүсіндерін, суреттерін көріп жүрсіз ғой. Солардан бір дүниені байқадыңыз ба? Дұрысы, бір нәрсе жетпейді. Мысалға, Римді империяға айналдырған Юлий Цезарьдың ат үстіндегі айбарлы мүсініне бажайлап қараңызшы! Немесе сол Римді дірілдеткен Спартактың тұлпарын көкке шапшыта, ұмсынып тұрған суреттерін қараңыз! Байқадыңыз ба, тұлпар тақымдаған бұлардың аяқтары салбырап тұр. Біреуі аяқтарын ат қолтығына қысып алыпты. Жоқ, ҮЗЕҢГІ жоқ! Ал үзеңгісіз бұл батырлар ат үстінде қанша айбарлы көрінгенімен, салт жекпе-жекке жарамайды. Керек десеңіз, жаяу әскер бұларды жуандау таяпен жақсылап тұрып, қапталдан ұрса, аттан мұрттай ұшырады. Себебі...
Арман Жұмаділов, тарихшы: ...Қылышпен қидаласқан кезде, найзамен түйрескен кезде арт жағыңда тіреу боп тұру керек. Садақтан шайқалмай ату үшін аяқтан тіреу керек... Ол тіреу – үзеңгі еді. Үзеңгінің ойлап табылуы 7 кереметтен де керемет дүние еді. Бұл үзеңгіні біздің көктүріктер IV ғасырда ойлап тапты.
Әрине, бұл бұл жаңалық ойда-жоқта табылған жоқ. Алтайдағы көк түріктер осы үзеңгіні ойлап табардың алдында жер жаһанда тұңғыш рет металлургия тарихында шойыннан жоғары сапалы болат алуды үйренді. Бұл үрдісті көк түріктер жасаған шойын-болат революциясы десек, артық айтпаймыз. Шойындай морт сынбайтын, ыстық-суыққа, табиғи факторларға, деформацияға шыдайтын темір үзеңгілер пайда болды.
Үзеңгіні еуропалықтар біздің заманымыздың 420-ншы жылынан бастап қолданғаны жөнінде дерек бар. Ең алғаш бұл бұйымды византиялықтар көшпенділердің батысқа ауған бөлігі – аварлар арқылы танысыпты. Қытай жұрты да үзеңгіні осы түріктерден үйренген. Ол туралы қытай археологі Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтары Қытайға солтүстіктегі көшпенді түріктерден (Түрік қағанатынан) тараған» деп жазады.
Үзеңгінің пайда болуымен не өзгерді дейсіз бе? Бұған дейін ат – адамның баршасына қолжетімді мініс көлігі емес еді. Қолжетімді дегеннен гөрі, аяқжетімді емес еді деген жөн шығар. Мысалға, үзеңгі жоқ кезде жас жігіттер атқа міну үшін қарғып секірді, болмаса жалы мен құлағынан ұстап тырмысып шығып жүрді. Ал, қарт кісілер, әйелдер қайтеді? Олардың қарғып мінуге шама-шарқы жоқ қой. Мұндай кісілер үзеңгінің жоқтығынан атқа міну үшін қазіргі заманға күлкілі болып келетін небір айла-шарғыларға барған. Поллукс, Сили, Страбон сияқты көне авторлардың жазуынша, римдіктер атқа міну үшін атты тізерлетіп үйреткен. Ал, грек пен мысырлықтар атқа мінгізетін арнаулы құлдар ұстаған. Ал әскерилер аяқты басатын баспасы бар найзалар, тіпті шағын баспалдақтар мен сатылар қолданған.
Грекия мен Италияда үлкен қалаларға баратын жолдарда атқа міну үшін арнайы тас үйіп қою, тас тұғыр жасау етек алған. Мұндай тұғыр тастар Рим мен Неапольдің арасындағы жолдарда бертінге дейін сақталған.
Міне, үзеңгі адамзатты қандай әурешілдіктен құтқарғанын көрдіңіз бе? Үзеңгінің бар пайдасы атқа мінуді ғана жеңілдеткен жоқ. Үзеңгілі атты әскер жауды найзамен түйреуге мүмкіндік алды. Себебі, аяғын сол үзеңгіге тіреп алған сарбаз бар күшпен жауға найза сұққанда, кері күштің әсерінен аттан түсіп қалмайтын болды.
Сосын үзеңгінің пайда болуымен көшпенділер қос жүзді семсерді тастады. Өмірге қайқы қылыштар келе бастады. Иә, аяқты ат қолтығына тыққан, үзеңгісіз кезде салт әскер жауды тек төбеден кесе алатын. Бір ұрады, болды! Сол себепті екі жүзді семсер ұстады. Ал, үзеңгіге шіреніп отырғаннан бастап бабаларымыз төмендегі жаяу әскерді үстінен шауып, кесіп, қидайлап тастай алатын болды. Бұл қайқы қылыштың өмірге келуін жеделдетті. Себебі қалай қимылдаса да, ат үстінен аудармайтын, аяғын тірейтін нүкте – үзеңгісі бар.
Айтпақшы, үзеңгі ойлап табумен, әскердің алапат түрі – атты садақшылар дәуірі басталды. Үзеңгі жоқ кезде, бұрынғының атты әскері бір орында тұрып қана оқ бората алатын. Енді, аяқты тірейтін зат табылғалы, шауып бара жатып, аттың 4 тұяғы жерден көтерілген сәтте, жебені заулатуға мүмкіндік алды. Енді қуып бара жатып та, қашып жүріп те бір сәт атысуды доғармайтын болды.
Қысқасы, үзеңгі әскери артықшылыққа қана беріп қойған жоқ. Үзеңгі адам баласына үлкен қашықтарды бағындыруға мүмкіндік берді. Үзеңгілі салт атты кісі бір тәулікте 200 шақырымды жүріп тастай алатын болды. Үзеңгісіз заманда үстіндегі кісінің салмағынан ат тез шаршап қалатын. Ал үзеңгі пайда болғалы көшпенді жол бойы ауық-ауық үзеңгіге көтеріліп отырғандықтан, аты да, өзі де тыным алып, ұзақ жолда онша көп қажи қоймайтын болды. Аттың белі де ауық-ауық дем алады. Бұл – бір. Екіншіден, майдан даласында үзеңгіге аяқ тіреп, аталарымыз 180 градусқа бұрылып, солдан келгенді сұлатып, оңнан келгенді оңдырмайтын болды.
Әбдеш Төлеубаев, археолог: – Үзеңгі – кейде қару. Оны шешіп алып, соғыста пайдаланған. Кейінге дейін біздің аталарымыз қылышы сынып қалса, қарусыз қалса, үзеңгіні жұлып ап, қаруға айналдырып жіберген. Аңға шыға қалса, қолында ешқандай қару болмаса, үзеңгімен қасқыр соққандарды өзім көрдім.
Үзеңгінің арқасында Ғұн, Түрік, Алтын Орда империялары құрылды. Жаяу римдіктер империясын 400 жылда әзер құрса, көшпенділер аумағы – күллі Еуразияны алып жатқан әлгі мемлекеттерін құрауға 25-ақ жыл ішінде құрып, көтеріп тастап отырған.
Айтпақшы, үзеңгі – атты көнбіс қылатын әбзелдердің соңғы комплекті. Соңғы дегеннен шығады. Атты ерікке көндіруші ең алғашқы құрал қайсы еді? Ол – ауыздық!
Ауыздық асау атты көндірді
Анадайда жабайы атты көрдің. Құрық салып, ұстадың. Ары қарай не? Аттың үстіне міну үшін не керек? Біреулер: «Ер керек, жүген керек» дейді. Ең бірінші ауыздық керек. Әне, атты еркіңе көндіретін ең алғашқы құрал – ол ауыздық еді.
Ауыздықты да ең бірінші дала жұрты ойлап тапты. Оған заттай дәлел, жылқыны бірінші қолға үйреткен Ботай жұртынан табылып отыр.
Виктор Зайберт, археолог, тарихшы: – Ең алғашқы ауыздықтар «п» әрпі секілді сүйектерден құрастырылыпты. Сүйектер өзара аттың қылымен байланған. Ал, ауыздықтың екі шығыршығы жүгенмен байланысыпты. Осы сүйектен жасалған ауыздықтар әлемдегі ең бірінші атты көндіру құралдары болды.
Сүйектен бөлек аттың жал-қылынан да жасалған ауыздықтарды көрдік. Әрине, ол тұлпардың езуін ауыртатын, ыңғайсыздау ауыздық болды. Бәлкім, мұндай түрлері – асау, үркек аттарға тағылған болар?
Ауыздық әлі ойлап табылмай тұрғанда бабаларымыз тұлпарды қалай ырыққа көндірді екен? Ғалымдар сан түрлі жорамал айтады. Соның сенімдісі – атты бетінен таяқтап, керек жағыңа бұрып отыру. Бірақ, бұл амал, тек жеңіл аяң, ақырын желісте ғана мүмкін. Ал, шауып келе жатып, кілт бұрылу керек болып, атты беттен таяқтасаң, ол мөңкіп, иесін латқырып кетеді.
Алайда, мынау қызықты қараңыз. Рим легиондарын Ганнибал атты әскердің арқасында ғана талқандап отырғанын білеміз. Енді сол алапат күш саналған Ганнибалдың салтты әскері тұлпарды ауыздықсыз басқарыпты. Әлгінде айтқандай, бетінен таяқшамен қақпайлап отырған. Мұндай атты әскер жауға – рыцарьлар сияқты шүйлігіп кеп соға алмайды. Қолынан келер шаруа – найза лақтырады. Ары кетсе, шапқылап кеп, ат омырауымен қатарды бұзады. Сонда деймін ғой, атпен жай майдан даласында төбе көрсетсең, жаудың зәресі ұшатын боп тұр ғой. Ал, астыңдағы атың толық бағынышта болса, қайда бұрсаң, сонда тартатын мәшинеге айналып кетсе, онда саған кезіккен дұшпанның маңдайындағы сор бес елі деген сөз.
Қош, ауыздық қалай пайда болды? Бұл бұйымды ойлап тапқан кісі жылқының анатомиясын жетік білген болып тұр. Әрине, аттың тұла-бойын көшпендіден артық кім білсін? Ауыздықтың авторы да сол баяғы номадтар екені қазір күллі әлемге мәлім. Сонымен бабаларымыз тұлпардың езу жағында тіс жоқ әрі ауырсыну нүктелері де, ол маңайда көп. Сол езуге бірдеме салса, ат ерікке көнетінін түсінген. Ауыздық содан пайда болды дейді ғалымдар.
Ауыздық не берді? Салт кісі қандай жылдамдықта келе жатса да, қалаған тұсына шалт бұрылып, тартып кетуге мүмкіндік алды. Ауыздықты қазіргі көліктің рөлімен салыстыруға болатын шығар?! Ат ырыққа көнді.
Ертоқым – көлік креслосы
Ауыздықпен адамзат атты ерікке көндірді. Алайда, мыңдаған жыл сол жылқыға жайдақ мініп жүрді. Яғни тым алысқа ұзап шыға алмады деген сөз ғой.
Осы айтқанымыздың растығын дәлелдеу үшін екі жігіттің бірін атқа жайдақ, енді бірін ер-тұрманмен отырғызып, бірнеше айналым шапқызып ек. Солар сөйлесін:
Жайдақ жігіт: Бар-жоғы 5 айналымға әзер шыдадым ғой. Бүкіл ішкі құрылысым қозғалып кеткендей болды...
Ер-тұрманды жігіт: Өзімді мәшинеде отырғандай сезіндім. Бір күн болса, бір күн шабуға бармын.
Жылқыға жайдақ мінсең, көп ұзаса шамамен 2 сағаттай ғана шабасың. Ал ер-тұрман – ұзаққа мініске арналған бұйым. Осы ер-тоқымның арқасында жаугер жұртымыз тәуліктеп ат үстінен түспеген. «Түн қатып жортты» деген өлең жолдары – сол жорықтардан қалған естеліктер.
Ержан Жаубай, Арғымақ.кз сайтының бас редакторы: Ер-тұрман – атты басқарушы әбзелдердің жүрегі десек те болады. Дәл осы ер-тұрманнан айыл, өмілдірік, тартпа секілді байлаушы, ұстап тұрушы маңызды бөлімдер тарамдалады. Күні кешеге дейін ғалымдардың бір тобы ертоқымды ассириялықтар ойлап тапты десе, қарсы тарап Үндістанды айтатын. Бірақ, Алтайдан табылған ердің өте көне нұсқасы, тұрманды да қазақтың арғы атасының өнертабысы деп отыр...
Бұл ер-тұрмандардың авторы – тағы да өзіміздің аталар. Ең алғашқы ердің нұсқалары сақ-скиф замандарынан тамыр тартады. Бірақ, ол кездегі сақтардың жылқышыларының ер-тұрмандары жұмсақ болатын, бір айылмен тартылатын жайдақ тоқымнан көп айырмашылығы жоқ еді. Пазырық, Берел қорғандарынан табылған ер-тұрмандардың қасы ағаштан емес, қаттылау шөп-шалам, нығыздалған мақта-жүннен тұрыпты. Тек, б.з І ғасырында қазіргі ертоқымдар пайда бола бастайды. Аттың бүйіріне бататын қалың қапталдар жұқа ағаш қапталдарға айналды.
Сүйегі қатты ер-тұрмандарды біздің заманымызда ғұндар ойлап тапса, арада 500 жыл өткеннен кейін көне түркілер үзеңгіні ойлап тауып, ердің толық жабдықтауын бітірді. Көне түркілерден кейін көп ешкім ер-тұрман жабдықтарына үлес қосқан жоқ. Көбінесе әртүрлі әсемделуі, салпыншақтары, формалары болмаса, ер-тұрман мәдениетін түріктер толық аяқтап адамзатқа тарту етті деуге болады. Енді мынау қызықты қараңыз. Жер бетінде, ер-тұрман мәдениетін әрмен қарай дамытқан жалғыз ғана ұлт бар. Ол – қазақтар.
Серікқазы Жұмағазыұлы, ағаш шебері: Басқалармен салыстырғанда мысалы әлгі орыстар керемет, керметпіз дейді. Өздерінде бір-ақ қана түр ер бар: «кавалерийское седло» дейді. Оған ұқсас анау казактарда да бір-ақ қана түр бар: «казачие седло» деседі. Ал қазақта негізі енді көшпенді халық болғаннан кейін ғой енді сол бес түрлі ер. Дулат, Адай, Найман, Керей ер-тұрманы деген бар. Оның өз ішінде түрлерге бөлінеді. Қазақ жігітінің ер тұрманына қарап-ақ, оның биографиясын да, географиясын да оқуға болады. Сосын, әр рудың ер тұрмандарының өзгеше болуы тек айырым белгісі ғана емес, қауіпсіздік шарасы да.
Мысалға; найман ерін алсақ алдыңғы қасы, артқы қасы екі жағы да айбас келеді. Бұл айбас боп неге шыққан? Жаугершілік заманында жауынгердің көбінесе сауыт киген болады да, барлық жері қорғалып тұрады да кіндік жақ атқа отырған кезде сол ең осал жері болған. Содан ертоқымның басы қорғап отырған. Керей ерінікі оның артқы қасы да айбас, екі жағы да тік келеді. Керей ері дейді, олар да сол жаугершілік заманнан шыққанына байланысты ғой.
Қорытынды орнына: Үзеңгілі ертұрман – атқа мініп, түсудегі шапшаңдықты, ұрыс қимылындағы қолайлылықты айтпағанның өзінде ата-бабаларымызға мыңдаған шақырымға шаршамай-шалдықпай шауып жетуге мүмкіндік берді. Осы ер-тоқымның арқасында, Сібірден бастап, Үнді өңірі, Корей жерінен Балқан түбегіне дейінгі 1 миллиардқа жуық адамнан тұратын 30-дан астам елді көшпенділер империясы бағындырды. Сол тұста номадтардың жалпы саны бір миллионға жетер-жетпес, ал сарбаздарының саны жүз мыңнан аспаған. Мәселе – санда емес, жылдамдықта, ыңғайлылықта еді...
Көшпенді атты қолға үйретіп, оған ауыздық салып, үзеңгіге қарғып мінген сәтте баяу ырғалып тұрған тарих шығыршығы шыр айналып кетті. Адамзат жылдам дамуға бет алды.