Өнер саңлағы, дәулескер күйші, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Райхан Мұхаммедұлы 85 жаста
Қазақстанның Театр қайраткерлері одағының мүшесі, актер, режиссер Тайф Тәукейұлының күй өнерінің тарланбозы, сыбызғышы Райхан Мұхамедұлына арнап жазған эссесін назарларыңызға ұсынамыз.
Моңғолия қазақтарының театр тарландарына арналған «Алтын дәуір» дилогиясының алғашқы кітабында Аралхан Ыбырайұлы туралы мақаланы Бешең ауылының күйшілері деген сөйлеммен бастағаным естеріңізде болар. Солардың ішінде Райхан ағайдың да есімі аталған.
Осы бір бітімі ерекше, маңғаз жігіт бұл күндері Атажұртта ғұмыр кешіп жатыр. Өткен жылы жолыға алмай, баласы қосымша деректерін жеткізіп бере алмай, «Алтын дәуірден» қалып қойғандықтан биыл мекен-жайын анықтап білген соң жақында өзім іздеп бардым.
Есіктен кіре бас салып құшақтап жібермей тұрып әңгімені бастай жөнелді. Күндіз үйде жалғыз отырғалы ешқайда шықпағалы екі жыл болған екен. Аяғы нашар, құлақ мүлдем кетуге айналған, менің құлағым да мәз емес, шағын ғана залды лаңғада етіп жібердік.
Арынын әрең басқан соң мені шешіндіріп, орнығып алып ұзын-сонар әңгімені бастап кетті. Әңгімеге зарығып, қатары сиреген абыз ағаның сөзіне бас изеп отырғаннан басқа лаж болмады. Бәз-баяғы қалпы. Басында бір тал шаштың жоғын ескерер емес. Бұрынғы жарасып тұратын бұйра шашын қисайта сипайтын әдетімен басын сипап қойып, екі қолын сермеп, кейде қос жұдырығын түйіп, әлдене қимылмен беріле сөйлегенін көріп, таң-тамаша қалумен болдым.
Әңгіме арасында қолына домбырасын алып ескі керей мақамды күйлерінің тарихын айтып, шертіп-шертіп жіберіп, әңгімесін ағылтады-ай. Шіркін өнер адамының өмірінің соңы бұғауланып, қосағынан айырылуы, шарлап шартарапқа көшіп-қонуы, т.б. жағдайлар көп өнерпаздарды ажалынан бұрын әкеткенін несін жасырамыз. Ал театр ұжымы түгелдей Ықай аға атап кеткен күй өнерінің тарланбозы, ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы домбырашысы Райхан Мұхаметұлы 85 жылдық тағдырында майысса да қайыспағаны көрініп тұр.
1-сурет. Ұстазы Қазақстанның халық әртісі, профессор, дирижер Алдаберген Мырзабековпен
Жалпы өнер адамдарының тума дарындылары өле-өлгенше ізденуден, өз өнерін үнемі жетілдіруден жалықпай, керісінше рухани күш-қуаты артып, өзінің жан-дүниесін жаңартып, жасарып отыратынын осы бір дилогияны жазған кезімде толық сезіндім, көзім жетті. Ал өнерде өзін сүйген, жол-жөнекей қосылған дегендей қайсыбіреулер өз бетімен іздене алмай немесе қолдау таппай әртүрлі себеппен күйкі тірліктің астында жол ортада қалғанында көрдім. Әрине, бұл жандарды бір жақты кінәлаудан аулақпын. Нарық заманы көп өнерпаздарды тіршілік қамымен жолдан тайдырып жіберді. Өсіргенді қойып, өшіріп тынды.
Сонымен Райхан Мұхаметұлы арқылы ұлт аспаптар оркестрін тағы бір еске алсақ; Баян-Өлгей аймағының ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы біреуінің атын атасақ, сол кездегі 45 музыкант түгелдей көз алдыңа келе қалады. Бәрі тума талант, ноталық сауаттары жоғары, өте білікті еді-ау. Өйткені, олардың жалпы музыкалық сауатын ашып, ноталық әліппе үйреткен Бэлгийн Дамдинсүрэн (Моңғолия Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері) Гончигийн Цэрэндоржлар (Моңғолия Мемлекеттік сыйлығының иегері, Еңбек Ері) еді.
Ал домбырашылық сауаттарын ашып қалыптастырған Құрманғазы консерваториясының доценті Хабидолда Тастанов (екі жыл жұмыс істеді) 1957-1960 жылдары атақты дирижер Алдаберген Мырзабеков, 1960-1964 жылдары Алматыдағы консерваториясының домбыра кафедрасының тәлімгері Мәлғаждар Әубәкіровтардың еңбегінің арқасы.
2-сурет. Жары - Райымбекқызы Кәмеймен бірге.
Кейін осы оркестрдегі өнерпаздардан МХР-дың еңбек сіңірген артисі Қабыкей, еңбек сіңірген қайраткер Ахметбек, дирижер, сазгер, ұлттық опера мен балеттің негізін салған Құрманғазы консерваториясының түлегі Мусайф, еңбек сіңірген артис Сейіт, домбырашы Төлеухан, Кәп, Ахмет, Кәлек, сазгер Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Ысқақ, сазгер Тілеген, музыкант-әнші Қапан, Ақби, Аралхан, Қазақстан Республикасының мәдениетінің озат қызметкері Құрмет, Құрметбек, Равдвн, Түвшинжаргал, Сүхбаатар, Әнікей, Қамаділ, Ләстай, Күлтай, Шамшия, Құмар, Малғаждар, Нәсіретхан, Бадел, Әмет ... деп ұзын-сонар тізім жалғасады. Осылардан қазір көзі тірілері 90-дағы Кәлек, 85-тегі Ықай, 75-тегі Мусайф, Сейіт, 82-дегі Әмет – әрқайсысы бір-бір жеке әлем, онға толмайтын азғана шоқ жұлдыз қалды. Табиғат заңдылығын мойындамасқа амал жоқ.
Бүгінгі әңгімелеп отырған кейіпкеріміз, ағамыз Райхан 1934 жылы Ақбалшық, қазіргі Улаанхус сұмын өлкесінде дүниеге келген. Әкесі Мұхамет 1905 жылы Қобда бетінде туыпты. 1945 жылдары Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Оспан батырға көмектесуге тиіс Қалқабай, Қаби, Ноғайлар бастаған патизан отрядының құрамында болады. Өзі бір бөлек адамдарды мылтық атуға үйретіп, Шинжанды Гоминдан қытайларынан азат ету соғысына қатысқан. Осы соғыс кезінде қаза табабы. 1969 жылы ғана «із-тұзсыз жоғалды» деген дерегі келеді.
Мұқаң партизанға аттанған жолы «Қоштасу» деген күй шығарыпты. Кейін бұл күйді ағасы әрі ұстазы Өсерханнан үйреніпті. Қан кешіп жүріп ұлы Райханға:
– Отаның сүй, халқың сүй,
Керек болса кезінде, жаныңды қи,
Адал жүріп, аман бол,
Жалғыз ұлым Райхан,
Жас өседі деген бар,
Ұмытпа сөзді осы айтқан,
Жасың биыл сегізде,
Көргенсіз мынау дегізбе.
Ер жетесің есейіп,
Аманатым осы өзіңе, –
деп аманат айтқан екен. Әке аманатын ұлы Ықай қалай орындағанын ағайдың енді айтылар өмір дерегі дәлелдемек.
3-сурет. Баян-Өлгей ұлт-аспаптар оркестрі қатарында. 1960 жылдар.
Ана тәрбиесінде өскен ол ауыл балаларымен бірге «қалақшадан» бірді алып, Өсерхан, Қабдырашпен ілесе күйшілік жолға түседі. 1957 жылы аймақ театрына «көп қалақшалар» Момбайұлы Қалым, Ақби, Қапандармен бірге ұлт аспаптар оркестріне қабылданады. Өстіп ұзын-сонар өнер соқпағына түскен Ықаң – күні бүгінге дейін жүрісінен жаңылмаған жорғадай квинт бұрауымен орындалатын жүзден аса күйді орындайтын дәулескер күйші, «Арнау», «Ел көшкенде», «Арман», «Қобда өзен», «Сылқылдақ», «Әке арманы», «Қоштасу» сияқты ондаған күйлердің авторы. Ықайдың күйлерін Астанадағы «Шабыт» өнер университетінің ұстазы, музыка зерттеушісі Базарәлі Мүптекеев жазып алған екен, кенеттен қайтыс болып, жарыққа шықпай қалыпты.
Райхан ағаны 1991 жылы Өлгей-Уланбатыр-Семей көш жолымен шиырлап, Талдықорғанды бір жыл мекендеп ақыры Қарағандыға тұрақтаған жиһангер десе де болады. Естелік болған соң ретімен әңгімелеу жөн болмақ. Алғаш Семейдің Зайзан ауданына шала қыстап, тағы бір дүрліккен топпен жер шалып Талдықорған облысының «Қызылжар» совхозына қоныстанады. Онда совхоздың мәдениет үйінің жанында мектеп оқушыларына күйшіліктен дәріс береді. Мерейтойлық бірнеше концерттік бағдарламаға жетекшілік жасайды.
Бір жылдан соң тағы дүрлігіп Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Горбачев» совхозына келіп, бөлімшеде ұсақ-түйек қара жұмыс істей жүріп, күйшілігімен танылған соң музыка мектебіне ұстаздыққа қабылданып, 2001 жылға дейін жұмыс істейді. 2002-2008 жылдары Осакаровка ауданының Сарыөзек совхозында мәдениет үйінің меңгерушісі, музыка пәнінің мұғалімі жұмыстарын қоса атқарды.
Ықайдың негізгі дәуірлеген кезеңі Қарағандыдан басталыпты. Себебі, домбырашы шәкіртері аудан, өлкелік байқауларда жүлделі орындарға ілініп өлкесінің абыройын көтереді. Оның шебер күйші, ноталық сауаттылығы жоғары екеніне көзі ашық ел азаматтары зейнеткермін дегеніне қаратпай өтінішпен істетіпті (зейнетақысының үстіне көлемді жалақы да төлепті). Өзі де өнер саласынан бір сәт алыстай алмаған.
4-сурет. Райхан Мұхамедұлының күйлерін жазып алған өнертану ғылымдарының кандидаты, күйші Базаралы Мүптекеев (1967-2015).
Оның тәлімгерлігі домбыра үйренушілердің ынтасын тартатынын көргендер: «Ағай алдымен нендей бір күйді шертеді де күйдің тарихын, авторын айтып, қайталап орындап қызықтырып алған соң үйретуге кіріседі», – дейді. Осылай екі күн бірге болғанда Ықайдың тағы бір жаңа қырын байқадым. Ол Алтай-Қобда бетінің күйшілік өнерінің зерттеушісі әрі насихаттаушы екен. Өйткені шет ел қазақтарының күйлерін зерттеп, олардың тарихын бірізділікпен жазып, жүйелеу, жеке баспадан шығарып домбыра пәнінің жүйесіне енгізу керек дегені құптарлық-ақ.
Ықай өнерінің бір қыры алғашқы симфониялық оркестрдің құрамында кларнет аспабында ойнауы дер едік. Кейінрек Ахметбек мұғалім де осы оркестрді көлемді симфониялық оркестрге айналдырғаны бар, алайда бір театрда қос оркестр өміршең болмады-ау деймін, әрі Ақаң өзге өлкеге ауысып кеткен-ді. Айтпақшы алғашқы жартылай симфониялық оркестрде 12 адам болғанын дирижері, артист-сазгер Файзолла болғанын эсседе жазғамын.
Енді жаңа дерек бойынша ол құрамда Ықайдан өзге Кәп, Төлеухан, Мусайф, Әметтер болғаны анықталып, Райхан ағайдың жеке мұрағатынан табылды. Қарағандыда тұрғанда ұзатылған екі қызы, бәйбішесі Кәмей Райымбекқызының едел-жедел қайтыс болып ағамызды бірталай жүдетіп кетіпті. Жеңгемізді аймақтық баспаханада отыздан аса жыл «Жаңа өмір» газетінде хатшы-машинкашы қызметтерін атқарғанын білеміз. Қазіргі мұрагері, жиені Дина Музыка колледжін бітірген, мектептерде домбырадан дәріс беріп жүр.
Әңгіменің соңында ешкінің ащы ішегімен қапталған қоңыр сыбызғысын әкеліп бірнеше күй тартты. Сонда ғана Ықайдың Мусайф ұйымдастырған «Сыбызғы сазы» көне аспаптар ансамблінде отырған алты сыбызғышының бірі екені есіме түсті. Ендігі бір арманы бұрынғы фольклорлық аспаптар оркестріне алынбаған борғуй, бұғышық, жілік сыбызғы, хомус аспаптарын жаңалап жетілдіріп жасап оркестр құрамына қосса дейді. Иә, арманда шек болсын ба, «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген осы.
Өнер – мәңгілік дүние. Халықпен бірге жасайды. Қазақтың күй өнерін алдыңғы толқын ағалар жасаса, кейінгі толқын ізбасарлар жаңалап, жетілдіріп дамыта бермек. Міне, осындай мәңгілік өнердің тарланбозы Райхан Мұхаметұлы өзін тұғырдан түстім демейді. Жан жолдасы домбырасымен бірге жасап, тоқтамай тоқсаннан да асса екен деген тілекпен естелікті аяқтаймын.
Тайф ТӘУКЕЙҰЛЫ, Моңғолия Өнер қайраткерлері одағының,
Қазақстанның Театр қайраткерлері одағының мүшесі, актер, режиссер