Зейін сала қарасақ, адам тіршілігінің тұтқасы, философиясы екі-ақ нәрсеменен: бірі – әділдік, бірі – шындық. Жақсы-жаманды айыру дегеніңіз осы екі ұғымға ғана сарқылған
Енді мына ғажапқа назар салыңыз: екі категория бір-біріне жақын туыс. Әділдік жоқ жерде шындық та жоқ. Сол сияқты шындық жоқ болса, әділдік те бар бола алмайды. Бірде әділ сөз дейміз, бірде шын сөз дейміз, әйтеуір, мағынасы бір. Абайдың 38-нші қарасөзінде: «Сиддық (шындық) ғадаләт (әділет) болар» дейтіні содан. Сондай-ақ, орыстың справедливость (әділдік) сөзі төркінінен де правда (шын) деген сөз төбе көрсетеді.
Қорыта айтқанда, әділдік пен шындық ажырамас, қанаттас ұғымдар.
Гәп сонда, егіз ұғым әділет пен шындықтан үшінші категория ұждан – совесть туады. Ұжданның және бір аты – ар. Мәселе сонда, ар-әділет заңы мен Тәңірінің жолы, заңы тура сәйкес. Сондықтан да, және сүй: «Хақ жолы осы деп әділетті», - дейді Абай. Бұл өсиеттің мәнісі басқаларға мейір-шапағатыңды тигізіп, жан жылуыңды аямай өмір сүруге, жалпақ тілмен айтқанда, ғұмырды «ақ жүрек адам» болып кешуге саяды. Міне орыс данасы Лев Николаевич Толстой – осы айтылған әділет пен ар-ұждан туралы нақты тұжырымдар жасап, өз сөзін айтқан ғұлама. Ол: «Әлемді меңгеруші рухани заңдар бары адамзатқа нақты таныла бастады, алайда бұл заңдарды түсінуді қажет қылмайтын, оларға сәйкес өмір сүргісі келмейтін адамдар үшін олар маңызды емес және бос нәрсе болып көрінеді» деп жазады. Ал, рухани заңдарды білу-тануды, Толстойдың кәміл сенімі бойынша: «Ең басты нәрсе деу аз, сонымен қатар ол бүкіл адамзат қауымының ең мәнді ісі».
Хакім данышпандардың Әділет пен Ұждан-совесть заңы туралы зарлап айта беретіні, міне, осыдан! Аталмыш заңды санаға сіңіру және соған сәйкес өмір сүруді әдет қылу! Ардақты Толстой қалың орыс халқына осыны қақсап айтып жеткізуге тырысып бақты. Яғни өмірінің соңғы бөлігін осы мақсатқа сарқа жұмсағаны әлемге аян нәрсе. Иә, Ясный Полянадағы дана қарт өзіне ашылған рух заңдарын өзгелерге, көбіне қарапайым жұртшылыққа, түсіндіру ісінен шаршаған емес. Мәселен, 1904 жылдың 21 ақпанында Н.П. Максимов деген подпоручикке жолдаған хатында мынадай кеңес айтады: «Кім кімге де не істеу керек екенін шешу үшін алдымен ештеңеге де қарайламай тек өз ар-ұятының үнін мұқият тыңдау қажет, басқаша айтқанда өзге адамдар менің қылығымды қабылдай ма, қабылдамай ма деген ойменен емес, Тәңірі бізден осыны қалайды деп жасаған қадамда еш қателік болмайды».
Қазақстанда Лев Толстойдың философиялық ой-пікірлерін, ғибрат сөздерін тұшына оқыған, оны ұстазы санаған зиялылар қарамы аз болмаған. Соның бірі – Шәкерім еді. Жасы елуден асқанда, 1880-ші жылдары жарық көрген «Жан сыры» («Исповедь») және «Менің сенімім неде?» («В чем моя вера?») атты әйгілі еңбектерінде Толстой көркем әдебиет өрісінен ойшылдық, дүниетанымдық бағытқа бет бергенін аңдатқан. Содан бері оның ғибраттық бағыттағы ұсақ әңгімелері, орыс қоғамында үлкен сілкініс тудырған дүниетанымдық мақалалары мерзімді баспасөз бетінде үзбей жарияланып келгенін жаңа айттық.
Нақты бір мысал, 1901 жылы жарияланған «Ақыл-ес, сенім һәм құлшылық туралы» атты мақаласы. Осы еңбегі бойынша Толстойдың ойшылдық әлемін көктей өтетін үш постулатқа оқырман назарын аударайық.
Бірінші постулат – орыс данасы Інжілге сүйене отырып, адам баласы бұл әлемге өз еркімен емес, оны осы әлемге жіберген Иенің еркімен келген деп тұжырады. Екінші маңызды қағидат – постулат жайында: «Адам баласы өзінің бұл жалғанға не үшін жіберілгенін білу үшін, - деп ой өрбітеді ол, - Жасаған Ие оған ерекше ақыл-ес берді, міне соның көмегімен әрқашанда, егерде шындап білгісі келсе, адам баласы Тәңірінің еркін, яғни Оның өзінен не күтетінін, жер бетіне не үшін жібергенін біле алады».
Осыдан соң: «Ал, біздің заманымыздың пәншілдері мен дін жетекшілері болса, ақыл-еске сенбеңдер, өйткені, ол алдайды, бізге сеніңдер, біз тура жолдамыз деуден танар түрі жоқ. Бірақ олардың мұнысы жалғандық. Олардың уағызына иланып, осы күнгі қалпымызда қала берсек, онда біз адамзат нәсілі, соқыр күшіктердей әр жаққа тырбана бермекпіз әрі бір-бірімізге деген, дәл қазіргідей өшпенділік хәл өзгермек емес: христианин мұсылманды, мұсылман – христианинді, ал, христиан ішінде православный – католик пен староверді, старовер – православныйды және т.б. бірін бірі иттей жек көреді, жиіркене қарайды» дей келе, постулаттың үшіншісін былайша түйіндеген:
«Егерде біз ақыл-есіміздің дегенін ұстанар болсақ қана, бәріміз бірігеміз, олай болатыны, баршамызға берілген ақыл-ес бір, осы себепті ақыл-ес адамдарды біріктіреді және ол адамдардың болмысында бар бір біріне деген махаббаттың іске асуына ешқандай бөгет жасамайды. ...Ақыл-ес қасиетті жазбалардың қай қайсынан да үлкен әрі нанымдырақ, ол ешбір кітап, жазбалар жоқ кездің өзінде бар болды һәм әрбірімізге тура Тәңірінің өзінен берілген» (Толстой Л.Н. О разуме, вере и молитве // Полн. собр. соч.: В 23 т. – М., 1913. – Т.23. – С. 34-35 ).
Көріп отырмыз, Толстойдың соңғы постулаты «ақыл-ес» адамның жан тілегі, жүрек түбіндегі шын асылы ғана емес, дүниені танудың құралы дегенге саяды. Құдайдың өзі сыйлаған, дарытқан бұл құралды қолданбау қиянат.
Даналықтың құдіреті ғой, келтірілген үзіндіде ғұрпы дін мен рухани ілімнің нәзік аражігі қалай ғана ашықталған десеңізші! Әрине, мұндай ойлау жүйесі, әсіресе, соңғы постулат дін қызметкерлерін мәнсұқ етумен парапар. Сондықтан осынау ноқтасыз ойлары мен дінге қатысты реформаторлық көзқарастары үшін жоғарғы діни орын – синод 1901 жылы Лев Толстойды шіркеуден аластату туралы үкім жариялаған еді. Бірақ қалың орыс жұртшылығының сүйікті жазушысына араша түскені белгілі.
Сөйтіп, жаңағыдай жарқын да терең ой-толғамдардың Шәкерімге нұр боп құйылып, көп ой салғаны сөзсіз. Кезінде «толстовщина» аталған ілім қазақ ақынына бөтен діннің, бөтен мәдениеттің негіздеріне бойлауға мүмкіндік берген терезе де сияқтанған болар, тегі. Өйткені, Толстой Інжілге сүйене отырып, христиандық салт-ғұрыптың көлеңкелі жақтарын, кейбір дін жетекшілерінің екіжүзділігін батыл әшкерелеген адам. Сондықтан оның азаматтық ашық позициясы Шәкерімге өзі тұтынған дін ислам басшыларына да сыншылдықпен қарауына үлгі шашқан сияқты.
Яғни Шәкерім Құранды жақсы білсе, Толстой Інжілді жақсы білген. Ол өз еңбектерінде «Інжілде былай делінген», «Иса пайғамбар былай айтқан» дегенді көп қолданған. Ендеше Шәкерімнің дін туралы өлеңінде:
Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса-дағы,
Мағынасынан адасып қара басар, -
деуінен орыс ойшылына қол артқандығы сезілетіндей. Сондай-ақ, орыс және қазақ ойшылдары арасын: «Өзіңе не тілесең басқаға да соны тіле, тіпті өзіңе қиянат жасаған адамға да қиянат қылма, керісінше жақсылықпен жауап бер, әділ бол, бар әлемге махаббат көзімен қара» деген ортақ парадигма, этикалық ұстанымдардың жақындастыра түскені сөзсіз.
Осы орайда, үстідегі үш постулатқа қатысты ойын Толстойдың қалайша түйіндегеніне оралайық: «Адамды өмірге келтірген Тәңірінің еркі мынада: кәмәлатқа жетсем екен деп әр адам тек алға талпына беруге тиіс. ...Ол үшін керек екі шарт бар: бірі өзінің жан-жүрегін қиянаттан тазарту, бірі барлық жан иелеріне жақсылық жасау. Мұның дәлелі мынау: не істі қолға алса да, алдан тосқауыл тап болатынын кім кімде күнделікті өмірден өзі байқап тексере алады, Жаратушы Ие тек жаңағы екі шартты орындауға кіріскен пендесіне ғана ешбір кедергі қоймайды».
Толстой ілімінің желілі арқау ойларына байыппен тоқталғанда мақсат - Шәкерімнің орыс ойшылымен терезесі тең түскен хакімдігін аңдатуда болып отыр. Себебі, Толстой көп айтқан «Кереметке сенетін кісі ақыл-еске сенуін доғарады» деген сияқты даналық нақылды кім кімде оқиды, бірақ мыңнан біреу ғана сол ойшыл ғұламаның жеткізбек деңгейінде көңілге тоқи алмақ, ал, әулиелік ойды дамыта жалғастыру сирек кемеңгердің ғана сыбағасы.
Қорыта келгенде, терең ойдың иесі Лев Толстой, бір жағынан, өзінің сөзі мен ісі ажырамаған кесек мінезімен, екінші жағынан, адамның рухани өсу, дамуы үшін қажетті екі нәрсе: әділет пен махаббатты ту еткен даналық ілімімен Шәкерімнің ұстазы болғаны дәйектелмек.
Бұл арада:
…Танбаймын шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың, - деген өлең шумағын алсақ та жеткілікті. Осы жолдар кертартпа дінбасылар неліктен азат ойдың иесі орыс жазушысына «арам сопы, кәпір» деп ат қойып, күйе жаққан себебін қазақ данасы жақсы білгенінің де куәсі.
***
Қос әулие Шәкерім мен Толстойдың хат алысуы 1903-1907 жылдардың арасы болуы мүмкін. Өйткені, бұл ойшыл ақынның Императорлық орыс географиялық қоғамының мүшесі ретінде Семейдегі орыс зиялыларымен аралас-құралас жүрген кезі болып табылады. Әрі орыс жазушысының кең байтақ Ресей империясының түкпір-түкпірінен келген хаттарға бұрқыратып жауап жазатыны да осы тұс. Және де, Синодтың 1901 жылы жазушыны шіркеуден аластату туралы үкім жариялауы оның абыройын тіпті шарықтата түскен-ді. Сондықтан бұл кезде Толстойдың іліміне назар салмаған зиялылар аз, яки тіпті жоқ еді.
Бір сөзбен айтқанда, орыс әулиесіне Абайдың шәкірті Шәкерімнің хат жазуы, хатына жауап алуы заңды.
Бұл жайында Ахат ақсақал өзінің естелік-эссесінде былайша әңгімелейді.
«Толстой туралы, бір мәжілісте, мен әкейден: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де өте бағалайсыз», – дедім. Сонда әкей айтты: «Мен Толстойды бұрын да бағалайтынмын. Мен одан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма ол маған өте қымбатты жауап қайырды». Сондағы сұрақ-жауаптар мыналар:
Шәкерім: Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың ішінде арға ең ауыр тиетін не нәрсе?
Толстой: Меніңше, арға ең ауыр тиетін бір іс бар. Ол – егер адам көпшілікке я жалпы қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш нәрседен (малыңа, мәнсабыңа, жеке басыңа зияны тиеді екен деп) қорғанып, біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы.
Шәкерім: Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?
Толстой: Көп адамдар қатысқан көлемді шығарма болсын, не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұғандай болуы керек.
Шәкерім: Мен өз жазғанымның дұрыс-терісін сынай алмаймын. Өз шығармаңның қатесін қандай әдіспен көріп, сынап-түзеуге болады?
Толстой: Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, соны түзей алуы. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген де бар. Бәрінен, адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адамға біткен – ақ жүрек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқаның мінін де көре алады. Сондықтан әділ сыншың – ақ жүрегің.
Хат арқылы болса да, бірін бірі жақын сезініп, ұғысқан екі ұлы адамның диалогы осы. Мұны Ахат ақсақал жадында сақтап, бізге жеткізіп отыр. Санаткерліктен бойы өсіп, ойшылдық табалдырығынан аттаған Шәкерім үшін Толстойдың жөн көрсеткен сөздері аса маңызды болған. «Ұстазым» деп бағалап, ардақтап өткені де сондықтан.
1912 жылы «Айқап» журналының №5 санында «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деген Шәкерімнің шағын мақаласы жарық көргені белгілі.
Осы кезеңде санаткер ақынның Толстойдың тәлімгері болғаны аталмыш бес сауалдан да байқалуға тиіс. Өйткені, орыс данасы – жоғарыда алынған мысалдар байқатқандай, осы сұрақтар төңірегінде көп ойланып-толғанған, оларға қатысты өз сөзін айтқан ғұлама.
Асан ОМАРОВ, абайтанушы