Халықаралық Түркі академиясы ғалымдары түркінің ежелгі мекендерінің бірі саналатын Моңғолия жерінде жүргізіп жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында тағы да олжалы болды
«Тағы да» дейтін себебіміз, Академия ғалымдары былтыр Керулен өзені аңғарындағы қазба жұмыстары кезінде түркі дәуіріне тән ғұрыптық кешендерді ашқан еді. Биыл «Номгон-2» ғұрыптық кешенінен бірқатар жәдігер тауып отыр.
Абданын еркелеткен арыстан
Жалпы, соңғы 5 жылда TWESCO түрлі елдердің ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Ұйым әріптестік орнатқан құрылымдардың арасында Моңғолияның ғылыми мекемелері де бар. «Номгон-2019» ғылыми экспедициясын Академия Моңғолияның Тарих, археология институтымен бірлесе ұйымдастырды. Сөйтіп, халықаралық экспедиция ғалымдары Моңғолияның Архангай аймағындағы «Номгон» деп аталатын жазық далада археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл алқапта көне түркі дәуірінің ондаған ғұрыптық кешендері бар. Олар Білге қаған мен Күлтегінге арналған әйгілі кешендерден 80 шақырым ғана жерде орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, түркі халықтары тарихында айрықша орны бар өңірде жатыр.
Жақында бірлескен экспедиция барысында «Номгон-2» кешенінен қос абданын еркелетіп тұрған арыстанның тас мүсіні, ұңғылы текше тас, барық (үй) құрылысының керамикалық әшекейлері табылды. Сонымен қатар кешендегі балбал тастардан қаған әулетіне тиесілі «Ашина» таңбалары мен өзге де артефактілер шыққан. TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі өзінің Facebook-тегі парақшасында аталған кешенде бұрын-соңды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмегенін жазды. Сонымен қатар, ол кешеннің қаған әулетіне тиесілі екендігін атап өткен. «Халықаралық Түркі академиясының Моңғолия Тарих, археология институтымен бірлескен «Номгон-2019» экспедициясы алғашқы археологиялық қазба зерттеулерін табысты бастады.
Моңғолияның Архангай аймағындағы «Номгон» деп аталатын бұл жазықта 10-нан астам көне түркі ғұрыптық кешендері орналасқан. Бұл кешендер әйгілі Білге қаған мен Күлтегін кешенінен 80 шақырым жерде орналасқан ерекше маңызды тарихи алқап. Айрықша айта кетерлігі, бұл өңірде бұрын-соңды қазба жұмыстары жүргізілмеген. Академия қазған алғашқы «Номгон-2» кешенінен екі абданы (күшігі) еркелеп тұрған арыстан тас мүсін, ұңғылы текше тас, барық (үй) құрылысының керамикалық түрлі әшекейлері, балбал тастардан «Ашина» қаған әулетінің таңбалары және басқа да артефактілер табылды. Қазба жұмыстарынан аңғарылғандай, мұның қаған кешені екеніне дау жоқ. Зерттеу жұмыстары жалғаса береді» деп жазды Д. Қыдырәлі.
Ал түркиялық профессор Күршад Зорлу twitter-де «Сүйінші Көктүріктер! Түркі академиясы Моңғолиядағы қазба жұмыстары кезінде Білге қаған кешенінен 80 шақырым ғана жерден Қағанға тиесілі болуы мүмкін кешен тапты. Артефактілерде Түркі қағандарының «Ашина» таңбалары бар екен, олардың саны қазба жұмыстары жасалған сайын арта түсуде» – депті. Сонымен қатар Түркия, Әзербайжан және өзге де түркі тілдес мемлекеттердің ғалымдары TWESCO тапқан жәдігерлерді жоғары бағалап отыр.
Қай дәуірдің мұрасы?
Ғалымдар «Номгон-2» ғұрыптық кешенін VI-VIII ғасырлардың мұрасы ретінде бірауыздан мойындаған. Ол кезде Ұлы Даланың төсінде Түркі қағандығы күндей күркіреп тұрғаны тарихтан белгілі. Ал кешен түркі кезеңіне жататын, тарихи құндылығы жоғары бірегей ескерткіш. Түрлі ғұрыптық рәсімдерге арналған кешен Архангай аймағы, Хашат сұмынына қарасты аумақта орналасқан. Көне мұра сақталған алқаптың солтүстігін Көгне Тарны тауы, Оңтүстігінде Үлкен Номгон, солтүстік-батысын Кіші Номгон таулары айнала қоршап жатыр.
Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан кешеннің ұзындығы – 60 метр, ені 40 метр. Ғұрыптық кешеннің құрамында қошқар, қой, арыстан тас мүсіндері сақталған. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созылып орналасқан кешеннің жан-жағына ор қазып, топырақтарын үйінді етіп қамал жасаған. Сонымен қатар кешен құрамында кезінде қақпасы бар және төбесі жабық ғимарат болғандығы әр жерде шашылып жатқан кірпіш сынықтары мен қыш жабындыларының қалдықтарынан байқалады. Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар төрт бұрышты үлкен тас альтар бар. Ғұрыптық кешеннің сыртын айналдыра көк түсті гранит тастан жасалған балбалдармен қоршаған. Әзірге жердің бетінде жатқан балбалдардың саны оннан асады. Ал кешеннің алдында шығысқа қарай 40-тан астам балбалдар тізбегі орналасқан. Барлық балбалдар құлаған. Кейбір балбалдар жерге көміліп, шеті ғана көрініп жатыр. Осы балбалдардың екеуінде «таутеке» («Ашина» қаған әулеті) таңбасы бейнеленеген.
Жалпы «Номгон-2» ғұрыптық кешені өзінің бітім-болмысы жағынан Білге қаған, Күлтегін кешендеріне ұқсас келеді. Онда тас мүсіндер ортасында ұңғысы бар текшетас, арыстан, қошқар бейнелі тасмүсіндер және өзге де жәдігерлер кездеседі. Әрі қағандарға арналған кешендердің арасы алыс емес. Мұның өзі Білге қаған мен Күлтегін кешендері орналасқан өңірде құпиясын ішіне бүккен, бабалар тарихынан сырт шертетін әлі талай мұра жатуы мүмкін екенін аңғартады. «Номгон-2» солардың бірі ғана.
Тұлғасын таутеке бейнелеген...
Сөз басында «Номгон-2» кешенінен арыстан мүсіні мен «Ашина» таңбасы шыққанын айттық. Бұлардың екеуі де қағандар әулетіне ғана тән белгілер, қастерлі символдар. Бәлкім «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында кісі баласы жаралған. Кісі баласының үстінен менің үлкен бабам Бумын, Естеміс қаған отырған. Бұлар қаған отырып, дүниенің төрт бұрышын алған» деп шартарапқа әмір жүргізгенін мақтана айтқан түркілер қағандарын тек аң патшасының бейнесі ғана сипаттайды деді ме, әйтеуір түркі кешендерінде арыстан мүсіні кездесіп қалады. Мағжан ақынның «Арыстандай айбатты...» дейтіні де сол мінезден шығар, кім білсін?! TWESCO жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында қос абданын еркелетіп тұрған арыстанның мүсіні былтыр да табылған. Бірақ ол Моңғолиядағы «Шивээт улаан» кешенінен шыққан еді. Ал биылғы олжа «Номгон-2» ғұрыптық кешенінен табылды. Тас мүсінде екі абданы бауырына жабысып, еркелеп тұрған аталық арыстан бейнеленген.
Арыстан екі құлағын артқа қарай жымитып жүрелеп отырған қалпында сомдалған. Арандай ашқан ауызынан салақтаған тілі мен ақсиған тістері анық көрінеді. Желмен тербелген үш бұрышты сақалы алқымынан кеудесіне төселген. Көздері бейне бір қорқыныш туғызардай шарасынан шыға бейнеленген. Бауырындағы аланның құлағы, көзі, жалы, құйрығы бәрі анық бейнеленген. Мүсінге зер салып қарайтын болсақ, аузын
арандай ашып, тістерін ақсита айбат шегіп тұрған арыстан бейнесі, қандай да бір дүниені (затты) қорғап тұрғанын анық байқауға болады. Арыстанды бейнелеуде шебер монументалды мүсіндеу өнерін биік шыңына жеткізе орындаған.
Әдетте, Шығыс пен Батыс елдері дүниетанымында арыстан «айбатты, құдіретті, күшті, мықты, қорқынышты» семантикасымен қатар зұлым күштерден, жамандықтан сақтап қорғаушы ретінде қастерлі саналды. Көшпелілерде арыстан бейнесі биліктегі тұлғалардың құдіретінің, айбарының белгісі болып есептелген. Түркі дәуірінде арыстан бейнесі қағандардың ғұрыптық кешендерінде ғана кездесетінін айтады ғалымдар. Демек арыстан бейнелеудің, оны мүсіндеудің қағандық билік иелеріне ғана тән ырым-жосындық мәні бар-ау деп топшылаймыз. «Номгон-2» кешенінде қазба жұмыстары биыл ғана басталғанын ескерсек, кешеннен әлі де түрлі жәдігерлер шығуы мүмкін. Ал әзірге TWESCO жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында қағанның құдіретін білдіретін арыстан мүсіндері сөз басында айтқанымыздай «Шивээт улаан» кешенінен табылған еді. Онда әу баста 8 арыстан болыпты, бірақ біреуін ертеректе өлкетанушылар жергілікті музейге алып кетсе керек. Қазір кешенде арыстанның жеті мүсіні сақталған.
Тағы бір атап өтер жайт, «Номгон-2» кешенінен Ашина әулетінің таңбасы бейнеленген балбал тастар табылды. Әдетте қағандар тек Ашина әулетінен ғана шығады, ал олардың таңбалары ретінде таутеке бейнесі таңдалыпты. Құзар шыңның басын ғана мекен қылатын таутекені Ұлы Дала халықтары ежелден айрықша қастерлесе керек. Археологиялық жәдігерлерде таутеке бейнесі кездесіп тұрады. Сол таутекені түркілер қағандардың таңбасы деп бағалапты. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, байырғы көшпенділер таутекені Тәңіріге жақын, «тәңір мекенінде» өмір сүрушілер деп есептеген көрінеді. Сондықтан да таутеке бейнесі көк аспанмен (Тәңірмен) байланыстырылған. Тәңірлік сенімнің ғұрыптық кешендерінің үздік үлгісі саналатын «Шивээт-улаан» кешеніндегі арыстан бейнесіндегі 7 мүсінінің екеуінің жамбасында және «Мәңгі таста» таутеке «Ашина» таңбалары қашалған. Белгілі түрколог В.Радлов Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінде кездесетін таутеке (Ашина) белгісін де «Қаған таңбасы» деп тұжырымдаған. Демек Халықаралық Түркі академиясы қазба жұмыстарын бастаған «Номгон-2» кешені түркология ғылымына тың жаңалықтар әкелуі бек мүмкін. Былтыр ғана Шыңғыс ханның туған жері Керулен-Кентай өлкесінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген TWESCO ғалымдары ғылымдағы жаңсақ түсінікті жоққа шығарған болатын. «Ғұндар мен түркілер Моңғолияның солтүстік-шығыс өңірлерін мекен етпеген» дейтін уәж айтатындарға Керулен өзені алқабындағы «Хаяхудаг» және «Гүнбүрд» ғұрыптық кешендерінде жүргізілген қазба жұмыстары нақты дәлел көрсетіп, аталған атырапты да түркі қағандары мекен қылғанын айғақтап еді. Биылғы жаңалық та түркологияға қатысты сондай тың айғақтар келтіруі бек мүмкін.
Нәпіл БАЗЫЛХАН, түрколог
Нұрболат БӨГЕНБАЕВ, PhD доктор, түрколог
Egemen Qazaqstan