Семей: Абаймен сырласу
19.09.2019 2696

Қалаға қарай жақындағанда экспедиция мүшелерінің телефондарына соғылған қоңырауларға есеп жоқ. Дыз-дыз, шиқ-шиқ, үздік-создық дыбыстар. Сөйткенше болмай, әуежай мен қала және Қарауылды байлап тұрған айналма жолдың жиегіндегі «Семей» деген үлкен белгіде қазақтың ұщлттық киімдерін киген, әнші-сырнайшысы бар қала әкімдігінің жауапты тұлғалары күтіп алды. Көл-көсір, мың бояулы сезім сырларын, елдің есін алған ерекше эмоцияларды, жүздеген, мыңдаған алапат ақпарат тасқынын көтеріп келе жатқан қайран басымыз бұл бір тосын жайтты көрген соң, көк жүйрік көңіл шіркін жадырап сала берді.

Сауық кеші бір үзілмеген құтты орда Семейдің ақындар мектебін ашып, әбден қалыптастырған үлкен жүректі ұлт жанашыры, қайраткер апамыз Дәмеш Омарбекова өзі құралыптас құрбыларын бастап, дәм-тұзын көтеріп, үлкен басымен жас экспедицияны күтіп тұрады. Ішің елжіреп, жүрегің мейірленетін көрініс!

Өзіміз осы көктемде бір тарихи-танымдық мақала арқылы сырттай танысып-біліскен Айдар Садырбаев та осында жүр. Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып жақында тағайындалған халықтың адамы алдыңнан шықса, қалай қуанбайсыз?! Қош, көлігін жол көрсету үшін алға салып, өзі біздің жанымызға жайғасқан Айдар мырзаның шенеуніктердей шікіреймес қарапайым мінезі майдай жағып келеді.

Семейдің атақты символы үлкен аспалы көпірдің үстінен жүйіткіп жүріп, Ертістің арғы жағасына шықтық.

Ертіс! Еһ, Ертіс! Ұлы Ертіс! Сенің ұлылығыңа бұған дейін еш күмәнім болмап еді, дүниенің басқа өзен-суларын өзіңе теңгермеп едім. Саған жететін ештеңе жоқ еді ғой. Ұлы деп айтқан сайын, іштей күбірлеген сайын ұлықтанып, асқақтап, ажалданып барасың-ау сен! Сен ұлы ғана емес, улы да екенсің ғой. Улы болмасаң егер, жап-жас, өрімдей Ербол бауырымды бауырыңа қысып алып тұншықтырасың ба? Қазақ ұлты аса сақтықпен қарап қастерлейтін мүшел жасынан шығар сәтте, дәл өзінің туған күнін достарымен атап өтпекке, салқындап суға түспекке барған баланы жұта салғаның жөн бе еді! Айтшы, Ертісім! Әскерден келгені кеше, сынап көргің келді ме, мүшел жасы ғой деп бұрап көргің келді ме? Не жазығы бар еді бауырымның?! Ау, Ертіс! Улы Ертіс! Ажалды Ертіс!

Өмірді де, Ертіс, сені де менен әлдеқайда ерте таныған Ұлықбек ағам дұрыс айтады: «Қара Ертіс, қара қайғымсың!»

Өз ойларыммен оңаша қалған аз-кем уақыттың ішінде көлігіміз алдымен «Абайға» тұмсық тірепті. Атам сол баяғы қалпында, міз бақпастан қатып тұр. Ауыр ой үстінде, қолында кітабы бар, жүзін төмен салған күйінде біздің берген сәлемді де алмады. Тіпті сырнайлатып, дуылдатып, қара құлақ колонканың бар дауысымен жаңғыртып айғайлатып гүл апарып қойсақ та, селт етпеді қара шал! Қайран, Абай атам-ай! Ізіңізді басып келіп қалдық.

Қасиетті қара шалға тәу етіп, гүл шоғымызды қойып, құрмет білдірген соң, төтелей тартып оның атындағы кітапханаға кіргеніміз сол, қалың оқырман мен ақсақал ағалардың ортасына сүңгіп кеттік.

Кітапханадағы басқосуда экспедиция мүшелері сапардың мақсаты мен міндеті жайлы сөз бастап, Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай барлау жұмыстары ретінде түсіндірілді. Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп мырза Абай мен Әлихан арасындағы байланыстардың тарихи негіздерін баяндаса, профессор Сағымбай Жұмағұл елдің ішін көзбен көріп келе жатқанымызды тілге тиек ете отырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды Абай еліне алдымен жасауды, инфрақұрылымды дамытуды, әсіресе жол сапасының нашарлығын мәселе етіп көтерді. Алмахан Мұхамедқалиқызы Абай мұрасын дұрыстап насихаттауға көңіл бөлуді, текстологиялық талдауларға назар аударуды сұрады. Жас ғалым, әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай абайтану ғылымының өзекті мәселелерін айта келе, Семей облысын қайта ашып, Абай облысы деп атауды ұсынысқа енгізуді атып қалың көпшілікті бір серпілтті.

Экспедиция мүшелері сөйлеп болысымен, сөз тізгіні Семейдің қадірлі ақсақалдарына берілді. Алғашқы болып сөз алған жазушы Медеу Сәрсеке Абай тойына байланысты шыққан, сексен пункттен тұратын үкімет қаулысымен танысқанын, қаулыдағы кейбір проблемалардың ұсақ-түйектігіне қарны ашып, көңілі құлазығанын айтты. Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен жаңа бір кітапхана жасақталып, соны жасының ұлғайғанына, денсаулығының нашарлығына қарамастан, басқарып, жұмысын жүргізіп отырғанын жеткізді. Абай шығармаларын басқа тілді қойып, орыс тіліне дұрыс аударылмағанын, кейбіріне көңілі толмайтынын, 150 жылдықта 25 ақынның тәржіма жасағанын айтып қынжылды. Сондай-ақ музейлерді қайта жабдықтау қажеттігін, әсіресе музейді әлем-жәлем етіп, жарқыратын қоймай, сол заманға сай, дәуір суретін, картинасын бере алатындай етіп қайта жасақтауды пысықтап отырғанын да сөз арасында айтып өтті.

Жиын бір сағаттан аса уақытта аяқталды да, экспедиция мүшелері жоспарланған бағыт бойынша қала ортасындағы Әлихан Бөкейхан ескерткішіне барды. Кешкі серуен уақыты, қала тұрғындары мен қонақтарының саябақта қыдырып, бейсауат жүрген кезеңінде біздің гүл шоғын қойып, тағзым ету рәсімін жасауымыз оларға жақсы әсер қалдырғанға ұқсайды.

Елімізде алғаш рет Астанада емес, Алматыда емес, алаш қаласы Семейде бой көтерген Әлихан ескерткіші жайлы пікірлер де әр түрлі. Даңқты тұлғаның өмірін түгел зерттеп тастаған ғалым Сұлтан Хан Аққұлының ойынша, туынды Әлиханның образын онша аша алмаған. Қолына асық ұстатып қоюы Ататүрік пен Гандидың қатарында тұра алатын Әлихандай әлемдік лидерге жараспайды. «Асығы алшысынан түссін» деген жалқы тілек аса көрнекті ұлт қайраткері, Алашорда үкіметінің төрағасының сан қырлы дарынын расында да таныта алмайды. Ғалым сөзінің жаны бар.

Ал суретші, не нәрсеге де өнердің көзімен қарайтын Әлекем – Алмас Сырғабай ескерткіштің пропорционалды жүйеде ықшам, жинақы әрі көркем етіп жасалғанына разы. Оның сөзінше, мүсіншілер Әлиханның бет-әлпетін тура келтірген, жанарына алысқа тіктеп қарағаны, киім үлгісі де сай келгені ескерілетін нәрселер екен.

Кеш түсіп, Семейдің түні тербете бастаған шақта біз дайындалған Гранд Отель қонақ үйіне жетіп, тыныс алдық. Жатын орынның астындағы дәмханада жолбасшымыз Ержанның достары Жанжігіт, Қуаныш, Аслан, Думан мен Алтай сынды жігіттер ұйымдастырған ас-судан дәм таттық.

Дәмеш апайдың өнерпаз ұл-қыздары ән салып, жыр оқып, отырыстың сәнін келтіріп, дастархан басын қыздырды. Сөз шешендері майын тамыза жүрген жерлер мен болған оқиғалардан әсерін баяндап, тілектерін жеткізіп жатты. Марқұм Тұрсынғазы ағаның шәкірті Алтын Жүсіпқызы салған әндер әуеде қалықтап, біздің достарымыз Мақсат пен Қарлығаштың құлағын елеңдетті ме, кеш арасында кіріп келген оларға қуана құшақ жайып, мәз болысып қалдық.

«Ұлы Абайдың ізімен...» экспедициясы оған қатысқандардың өмірінде ұзақ сақталатын, ұмытылмайтын, әсері мол, шуағы зор, нағыз рухани сапарға айналды. Басында жатырқап, әзер танып-біліп араласқан біздер соңында туыс-туғандай болып жақсы сыйласып, тонның ішкі бауындай күйге түстік. Қимас жандардай, сағынысып тұратын асыл адамдардай жақындастырып жіберді. Ортақ чатта әңгімеміз де, әзіліміз де жарасып, жетісіп қалдық.

Экспедициялан әркім өзінше ой түйіп қайтты. Біздің де саңылауға бірдеңе кіргендей болғаны рас. Олардың бәрін болмаса да, кейбірін сәтін тауып, шама-шарқымызға қарай осы жазбамыздың орайлы жеріне кіргізе алдық қой деймін.

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.