«Мәңгілік ел» идеясы
12.10.2019 3992
«Ендігі ұрпақ-мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы-Мәңгілік ел», -дейді Елбасы

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан  тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат.

Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда Тұңғыш Президентіміз Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.

Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталып: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет»-деп атап көрсетеді [1].

Елбасының пікірінше, егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр.

Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.

Мұның ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман - тұрмысы бай-қуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. «Ендігі ұрпақ-мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы-Мәңгілік ел», -дейді Елбасы [2]. Сондықтан да, біз бүгінгі ұрпағымызды ата-бабамыздан қалған бай мұрамыз салт-дәстүрлерімізбен, мәдени құндылықтарымызбен  таныстыруымыз керек.

Дана халқымызда «Ағаш түзу, әдемі болып өсу үшін оны көшет кезінде баптау керек, ал қисық ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. «Мәңгілік ел» идеясында өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса мән берілген. Осы идеяны қалыптастыру үшін ең алдымен ұлағатты тәрбие мен сапалы білімнің қажеттілігі анық көрсетілген. Ал адамгершілік тұрғыдан құнды қасиеттері бар, рухани бай тұлғаны қалыптастыру сәби кезінен бастау алатыны белгілі. Ендеше, бұл тұрғыда ата-ана мен ұстаздың атқарар рөлі зор.

Мәселен, осы мақсатта Ресей елінде өмір кешіп жатқан Алтай өлкесінің Құлынды ауданындағы Керей ауылындағы 90 жыл бойы ұрпақтарына қазақ тілінде білім беріп келген Қаракөл орта мектебі әлеуметтік құндылық, тәрбие ұстанымдары мен ойларын біріктіру, халықтар мәдениетін үйлестіру және сақтау, патриотизмді қалыптастыру бойынша нақты жоспар аясында белгілі бір міндеттер құрып, жұмыс жасауда.

Ол мектептің мақсаты - «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарға жастарды үйрету. Оқушыларға рухани жаңғыру аясында ұлттық төл мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді насихаттау. Сол арқылы оқушылардың бойында азаматтық, патриоттық, өзіндік сана-сезімді қалыптастыру. «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды». Бұл – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннен қалған тағылым. Шындығына келгенде, бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы – егемен еліміздің ертеңгі болашағы. Жас ұрпақтың тәрбиесі – қоғам алдындағы ортақ іс.  Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тіл алғыш етіп баулыған жөн. Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланы бірге тәрбиелейді.

Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсіресе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Елбасы Жолдауында «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелеріне сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді» деп, ұрпақ тағдыры айтылады [3].

Осыған орай осы жазғы демалыс уақытында аталмыш мектептің бес оқушысы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған «Туған елге саяхат» поезымен «Отандастар» қорының көмегімен тарихи отанының белгілі қалалары Тараз, Алматы, Байқоңыр, Балхаш, Нұр-Сұлтан секілді тарихи ескерткіштерге бай жерлерде болып қайтты. Осы саяхаттан алған әсерлерін келген соң ата-аналарымен,жолдас-жораларымен үлкен қуанышпен қуана бөлісті. Өз көздерімен көріп, біліп біршама рухани азық алып келген осы оқушылар болашақта тарихи отанына оралатынына сенімдіміз. Өйткені осы мектептің түлектері түгелі дерлік ғасырға жуық уақыт аралығында тарихи Отаны Қазақстанның түкпір – түкпірінде еңбек етіп жүр.

«Мәңгілік ел» идеясы ең алдымен болашақ ұрпақ үшін екенін ескерсек, еліміздің мәңгілік болуы жолында халқымыздың гүлденуі басты орында тұр. Оған ең алдымен ұрпақтың құнды тәрбиесі мен сапалы білімі жол ашады. Сондықтан да, мектептегі барлық танымдық іс-шаралар осыған бағытталған. Төл тарихымыздың ақтандақ тұстарын оқушыларға жасына сай түсіндіріп, бойына сіңіріп отыру қажет. Тарихи тұлғалар жайында айту, көрнекі құралдар арқылы көрсету, осы тарихи оқиғаларға байланысты сұрақ-жауап арқылы ойларын білу, баланың қиялын шарықтату, Отаншылдыққа баулудың мағыналы жолы. Тарихи тұлғаларға еліктеуге, хакім Абай атамыз айтқандай «болмаса да, ұқсап бағуға» тырысуға бағыттау қалай болғанда да өз нәтижесін берері анық.

Қазіргі таңда күрделі мәселелердің бірі болып отырған ана тілі де бала үшін асыл қасиет екенін ұқтыру да баршамыздың міндетіміз. Елбасы айтқан ана тіліміз Мәңгілік елдің мәңгілік тіліне айналуы үшін бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асырып, соның нақты нәтижесінен қорытынды шығаруымыз керек. Жалпы мектеп ұстаздары оқушылар арасында патриоттық тақырыпқа арналған әндер байқауын, өлеңдер жинақтарын әзірлеп, еліміздің көрікті жерлері мен табиғатының ерекшеліктеріне арналған буклеттер жасап, балалардың қызығушылығын арттырып отырғаны жөн. Қай бала болмасын әр нәрсеге қызығушылықпен  қарайды.

Осыған байланысты баланы ұлттық қасиеті жоғары, маңызын жоғалтпаған дәстүрдің озық үлгілерімен сусындатып, оның мағынасын ашатын іс-шараларды да өткізіп отырамыз. Мысалы, «Қош келдің, Әз-Наурыз!» мерекелік ертеңгіліктерде  мектеп ұстаздары  мен ата-аналарын қатыстыра отырып, салт-дәстүрден көріністер қойып, бір-бірінің өнерін тамашалап, бағалап қана қоймай, дәстүрді жаңғырта отырады. Балалардың ұлттық санасын оятуға, бойындағы мәліметтерін дамытуға байланысты шаралар өткізгенде барынша нақты іс-әрекет жасауға тырысу керек.

Ұлттық мерекелерді өткізу барысында тәрбиешілер балаларға ұлттық киім, құнды жәдігерлер туралы үнемі айту, соларға қызықтыру, оны шынайы өмірмен байланыстыру жұмыстары қатар жүруі қажет. Балаларды бір-біріне сұрақ қойдыртып, диалогқа шақыру, ынтымақтастық орта қалыптастыру, олардың келешек білім алуға даярлауға ықпал етеді. Әсіресе, мұндай жұмыстарда екеуаралық кері байланыс міндетті түрде болуы шарт.

Бұдан бала ұлттық құндылықтың маңызын түсінеді, әрі қызығушылығы артады. Өзіне не қажет екенін пайымдайды. Нәтижесінде балалар ұлттық мәдени мұраларымызбен қолөнер туындыларымен танысады. Балаларды ұлттық негізде тәрбиелеу үшін ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларымен таныстыру және балалардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру болып саналады. Ата-бабамыздан қалған мол мұрамызды балаларға кішкентайынан бастап үйретсек, келешекте өз елін, өз ұлтын қастерлейтін ел азаматтарын тәрбиелейтініміз айдан анық.

Сондықтан да рухани жаңғыру аясында осы бағытты ұстану керек деп білемін. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - дегендей қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый-құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт-дәстүрлері бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлтын, дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысады. Қорыта келгенде, кез-келген елдің бірлігі мен өркендеуі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтағанда ғана мығым болмақ. Сондықтан баланың бойына мейірімділік, адамгершілік, әдептілік сынды қасиеттерді сіңіріп, туымызды жықпай, ұлан-байтақ жерімізді қорғайтын патриотты тәрбиелеу біздің міндетіміз болып саналады. Тәрбиенің бәрі елін құрметтейтін шығармашыл және талантты ұрпақ бағытында болуы тиіс. Алдымызда осы құндылықты бойына сіңірген, Отансүйгіш, елі мен жерінің қамы үшін аянбайтын, білімді, иманды, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу, оларға бағыт беру міндеті тұрғанын әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.

Мәншүк КЕМЕЛБЕКОВА,

Мемлекет тарихы институты, 

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері  

Әдебиеттер:

1.Назарбаев Н.А. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. /www.akorda.kz.-2017. -12 сәуір

2. Назарбаев Н.А. 2014 жылғы 17 қаңтарда «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауы.

3. Назарбаев Н.Ә. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзі. 23 қаңтар 2019 жыл.

4. Құлынды өңірі тарихынан.