1991 жылдың 18-20 қарашасында Ыстамбұлда Мармара Университеті Түркітану нститутының басшылығымен өткен Заманауи түркі әліпбилері атты халықаралық симпозиумға ішінде Қазақстан да бар, түркі әлемінің әр түрлі елдерінен 28 тіл ғалымы қатысты. Ғалымдар түркі тілдері үшін қазіргі күнде ең ынғайлы алфавиттің латын әліпбиі екенін бір ауыздан қабылдады. Сондай-ақ әр елдің бір келкі латын әліпбиіне өтуінің бауырлас елдер арасындағы түсіністік пен байланыстарды қолайластыратынына байланысты бүкіл түркі тілдеріне жарамды 34 таңбалық бірыңғай ортақ латын алфавитін белгіледі. Бұл шешім, Кеңес Одағының 1991 жылы желтоқсан айында ыдырау қарсаңында қабылданды. [1]
Осыдан кейін Әзірбайжан кириллицадан латын әліпбиіне өткен бірінші ел болды. 1991 жылғы 25 желтоқсанда осындай шешім қабылдаған Әзірбайжаннан кейін латынға 1993 жылы 12 сәуірде Түркіменстан және 1993 жылғы 2 қыркүйекте Өзбекстан өтті. [2, 107] Бұлардан 24 жылдан кейін 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әріптеріне көшу туралы шешімге қол қойды. Осылайша, КСРО ыдырағаннан және 1991 жылы ұлттық республикалар тәуелсіздік алғаннан кейінгі 27 жыл ішінде Қырғызстаннан басқа барлық елдер кириллицадан латынға көшкен болды.
Түркия болса, араб графикасынан 29 таңбадан тұратын латын алфавитіне 1928 жылы 1. қарашада өткен еді. Сондай-ақ 1991 Ыстамбұлда бүкіл түркі тілдері үшін жарамды деп қабылданған 34 таңбалық түркі тілдес халықтардың латын әліпбиі сырттай қарағанда осы алфавитке бес таңба қосумен толықтырылған нұсқасы болып көрінеді. Сондықтан кейбір тіл мамандары 1991 жылы ұсынылған түрік әлемінің ортақ латын әліпбиін түрік алфавитіне негізделген алфавит деп санайды.[3, 452]
Алайда түркі елдерінің латын әліпбиіне өту тарихына үңілгенімізде мұның қате түсінік екенін, 34 әріптік алфавиттің негізін 1927 жылы Кеңестік түркі республикалар ғалымдарының қалағанын, кейін ІІ. Дүниежүзілік соғыстан кейін мұны Германиядағы Азаттық радиосында жұмыс істейтін қазақтардың жетілдіргенін көреміз.
Егер осы ортақ латын әліпбиіне қай елдің негіз болғанын нақты айту керек болса, онда ол Түркия емес, Әзірбайжан. Өйткені бұл алфавиттің ең алғашқы нұсқасын әзірбайжан зиялылары 1922 жылы дайындаған және осы әліпбимен “Йени жол” газеті жарық көрген еді.[4, 134]
1926 жылы, 26 ақпан – 6 наурыз күндері 131 өкілдің қатысуымен болып өткен Баку түркология конгресінде барлық кеңестік түркі республикалары мен қауымдастықтарының араб әріптерінен латын әріптеріне көшуі туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осыдан кейін Самед Ғасаноглы Ағамалиоғлының басшылығында Бүкіл Одақтық Түркі Тілдес Халықтарының Жаңа Түркі Алфавиті Орталық Комитеті құрылды. Комитеттің кеңестік түркі республикалары мен автономиялық аймақтарының білім министрлері, партия жетекшілері мен газет редакторларынан құралған 38 мүшесі болды. Комитет алғашқы отырысын 1927 жылы 3-6 маусымда Бакуде өткізді. Жаңа Түркі Алфавиті Орталық Комитеті қараған маңызды мәселелерінің бірі Баку түркология конгресінен кейін кеңестік түрік республикаларында жасалған латын негізіндегі түрік алфавиттерінде байқалған әрқилылықлар мен қайшылықтарды реттеп, бірыңғайландыру мәселесі болды.
Өйткені араб таңбаларынан латын таңбаларына өткен кезде әр бір түркі елінің өз бетінше жеке жеке алфавиттер дайындай бастағаны байқалған еді. Барлық осы алфавит жобаларын біріктіріп, бүкіл Кеңес Одағында біркелкі түркі алфавитінің қолданылуын қамтамасыз ету қажет еді. Міне Комитет осы орайда жұмыс істеп “Біріктірілген Түркі Алфавиті” атымен бірыңғай алфавитті дайындады.[5, 21-22] Бұл алфавит Әзірбайжан алфавитінің негізінде дайындалған 33 таңбадан тұрды. Әріптердің 29-ы латын алфавитінен, төртеуі кирилл алфавитінен алынды. Әр бір түркі тілдес халық осы 33 таңбаның барлығын алуға міндетті емес еді, осының ішінен өзінің тілдік қажеттіліктерін өтей аларды таңбаларды алуы жеткілікті еді. [5, 24]
Жаңа Түркі Алфавиті Орталық Комитеті екінші жиналысын 1928 жылы 17 қаңтарда Ташкентте өткізді. Сонымен жаңа әліпби науқаны Кавказиядан Орта Азияға қарай кеңейтілген болды. Ташкент жиналысы, әсіресе Орталық Азияның түркі тілдес халықтарына ерекше серпін берді. Сөйтіп жаңа алфавитке көшу 1928-1931 жылдары арасында үш жылда бүкілдей іске ашырылды.[5, 25-26]
КСРО түркі тілдес халықтары арасында әліпбиге қатысты осындай дамушылықтар болып жатқанда Ататүрік жетекшілігіндегі Түркия да бұл мәселеден қалыс қалмады. Баку түркология конгресінде қабылданған шешімге байланысты 1927 жылдың соңы мен 1928 жылдың алғашқы жартысында латын әліпбиіне көшу қажет пе, емес пе туралы қызу талас тартыстар жүріп жатты. [6, 38] Ақырында, Түркия 1928 жылы 1 қарашада латын әліпбиіне өтуді жөн деп тапты. Бұл шешім күтілмеген бір құбылыс болды және әлемде үлкен жаңғырық туғызды. Бұл жағдайды түрік зерттеуші Билал Шимшир былай деп суреттейді:
“Түркияның бұл кенет шешімі әлемге таңдай қаққызды. “Күтілмеген Керемет” шешім ретінде бағаланды. Кеңес Одағындағы түркі тілдес халықтарға да ерік-жігер берді. Алфавит реформасын асықпай бір неше жылдар ішінде өткізуді жоспарлап отырған Кеңестік түркі елдер Түркия Республикасын үлгі алып қарқынды әрекет ете бастады. Осылайша, 1931 жылға дейін олар жаңа алфавитке көшіп болды. Қырымнан Өзбекстанға, Қазаннан Кавказияға дейін Кеңес Одағында латын таңбаларына көшпеген түркі халқы қалған жоқ. Әзірбайжаннан бастау алған жаңа түркі алфавиті қозғалысы барлық Кеңестік түркі тілдес халықтарды қамтып жеңіске жеткен еді.”[5, 27-28]
Қазақстан біріктірілген түркі алфавитін 1929 жылы қабылдады, 33 таңбалық біріктірілген түркі алфавитінен 29 әріпті таңдап алды. [7, 14-15]
Кесте 1: Біріктірілген түркі алфавиті мен 1929 жылы қабылданған қазақ әліпбиі. Дөңгелек сызықпен көрсетілген 4 таңба қазақ әліпбиіне алынбаған. [14, 192; 5, 41]
Бірақ Кеңестік түркі тілдес халықтар мен Түркияның алфавит мәселесінде ауызбіршілік танытуы Кеңестік биліктің империалистік “бөл, ыдырат және биле” саясатына қайшы еді. Сталин 1937-1938 жылдары туған елінің мүддесін бірінші орынға қойған зиялы қауым мен саясаткерлердің барлығын бүкіл Кеңес Одағы бойынша қудалап ату жазасына кесіп жойғаннан кейін орталық үкіметті күшейтті. Мәскеу, ІІ. дүниежүзілік соғыстың ауыр жағдайларына қарамастан, 1939-1940 жылдары кеңестік одақтық және автономиялық түркі республикаларда қабылданған бірыңғай түркі алфавитін жойып, оның орнына кирилл алфавитін қабылдануына нұсқау берді. Бірақ латын әліпбиінің тәжірибесін мұқият бақылап отырған Сталин кирилл алфавиті негізінде бірыңғай түркі алфавитінің жасалуына жол бермеді. Сөйтіп КСРО-да ғана емес, бүкіл әлемде түріклер арасындағы алфавит бірлігі, осыған дейін олар ғасырлар бойы пайдаланып келген араб және латын алфавитінің бірыңғай форматы болғанын еске алғанда, алғаш рет жойылған болды. Осылайша, әр қилы кирилл алфавиттері қолданған Кеңестік түркі халықтары әрі өзара, әрі латын жазуын қолдануың жалғастыра берген Түркиядан мәдени және рухани жақтан алыстап жат болып кетулеріне жағдай жасалды. [5, 29] Сонымен қатар кирилл әріптері арқылы орыс тілінің әсер-ықпалы күшейді де, оның салдарынан кейбір түркі тілдерінің бұзылуына да жол ашты.
Алайда КСРО-да тыйым салынғанмен, латын негізінде біріктірілген түркі алфавиті ІІ. дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін КСРО сыртындағы иммигранттар арасында қолданыла берді. Олар, Сталин 1940 жылы алфавитке тыйым салмас бұрын немесе оның бас кезінде Кеңестік армияға қосылып ІІ. дүниежүзілік соғыста нацистердің қолына түскен жауынгерлер еді. Сондықтан олар өз елдерінде жаңа қабылданған кирилл әліпби туралы сауатсыз еді немесе оны толық үйренбестен соғысқа аттанып кеткен еді. Осы себепті олар өз тілдерінде бір деме жазу керек болғанда латын алфавитін қолданды.
Сондықтан ІІ. Дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес армиясынан нацисттерге тұтқынға түскен түркі тілдес әскерлерден құралған және Уәли Қаюм Хан жетекшілік еткен Түркістан Легионының басқару аппараты Түркістан Ұлттық Бірлігі Комитеті, соғыстан кейін Мұстафа Шоқайдың саяси мұрасын жалғастырған Түркелі Комитеті және қырғи-қабақ салқын соғыс кезінде Кеңес Одағына қарсы хабар таратқан Азаттық радиосында жұмыс жасаған әзірбайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, татар және түрікмен иммигранттары ана тілдеріндегі басылымдар мен мәтіндерде осы алфавитті қолданды және дамытты. Атап айтқанда, Түркістан Ұлттық Бірлігі Комитетінін басылымдары “Мілли Түркістан” және “Мілли әдебиет”, Түркелі Комитетінің “Түркелі” журналы осы латын әріптерімен жарияланып тұрды. Азаттық радиосындағы мәтіндерде де осы әріптер қолданылды.
Түркістан Ұлттық Бірлігі Комитетінін басылымдарынан “Мілли Түркістан” 1942-1945, 1949-1954, 1962-1975 жылдар арасында 134 саны және “Мілли әдебиет” 1943-1945 жылдар арасында 10 саны 1927 жылы қабылданған біріктірілген түрік алфавитімен жарық көрді. [8, 22] (10 фотосуретке қараңыз.)
Осы арада айта кететін бір жәйт бұл журналдар тек тарихшы ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерге қана емес, сонымен қатар орфография жасаушы тіл ғалымдары үшін де өте маңызды деректерді қамтиды. Өйткені тәуелсіздіктен бері Қазақстанда қазақша сөздер мен атауларды латын графикасымен жазғанда орыс тілінің латын графикасындағы емлелерінің әсерінде көптеген қателіктер жіберіп жатқаны байқалады. Мисал үшін айтар болсақ, етістіктің бастапқы формасында –у, -ау, -еу жұрнақтары латын әліпбиінде köbinese –u, -au, -eu деп жазылып жүр. Бұл орыс тілінің алфавитіндегі “у” әрпі тұрғысынан латынға аударғанда дұрыс. Бірақ қазақ кирирлінде бұл етістіктің түбірінің дыбысты немесе дыбыссыз, және жуан немесе жінішке дыбысты дауыспен аяқталуына байланысты -v, -uv, -üv, -av, -ev деп жазылуға тиіс. Дәлел үшін 1929-1940 жылдар арасында Қазақстанда латын әріптерімен шыққан басылымдарға, осы орайда Мілли әдебиет журналының біз осы мақалада көрсеткен фотосына қараңыз.
Сурет 1. Мілли әдебиет журналы 1943. [15, 5]
Шетелде латын негізінде біріктірілген түркі алфавитінің дамытылуында Азаттық радиосындағы түркі тілдес иммигранттардың рөлі ерекше болды. Алғашқы хабарларын 1953 жылы наурызда Мюнхенде эфирге шығара бастаған Азаттық радиосының қызметкерлері жұмыс барысында осы алфавитті пайдаланды. Себебі радионың түркі тілдеріндегі хабарларының негізін “Түркістан редакциясы” атымен қалаушы – Түркелі Комитетінің төрағасы Қарыс Қанатбай еді. Карыс Қанатбай, жоғарыда атап өткеніміздей, 1950 жылы шығара бастаған “Түркелі” журналында осы алфавитті қолданған. Сондай-ақ оның қолы астында жұмыс істеген алғашқы қызметкерлер, атап айтқанда, Асан Қайғы деген атпен танымал Мәулекеш Кайбалди, Уәли Зүнун, Дәвлет Тағыберли, Мұрат Ташмұрат, Аман Бердімұрат және Кожамберген Құдайберген бұрын Түркістан Ұлттық Бірліғе Комитетінің мерзімді басылымдары Мілли Әдебиет пен Мілли Түркістан журналдарында жұмыс істеген еді. [9, 222-225; 10, 13-17; 11, 47-50]
1967 жылы Азаттық радиосының Түркістан редакциясы Солтүстік Түркістан және Оңтүстік Түркістан болып екіге бөлінді. Қазақ және қырғыз тілдерін қамтыған Солтүстік Түркістан редакциясының бас редакторы болып Дәвлет Тағыберлі тағайындалды. Тағыберлі қазақ хабарлары үшін Кеңестік Қазақстаннан қызметкер алу мүмкін болмағандықтан Түркия қазақтарынан адам іздеді. Сөйтіп радионың Түркия қазақтарынан алғашқы қызметкерлері Ыстамбұлдан Талғат Қочжігіт пен Салихли қаласынан Хасен Оралтай болды. Сол тұста радионың Солтүстік Түркістан редакциясында қолданылатын әліпбиге өзгертулер енгізілді. Тағыберлі латын негізінде біріктірілген 29 таңбалык қазақ әліпбиінің кейбір таңбаларын өзгертумен қатар үш әріп тағы қосып 32 таңбалық жаңа алфавит жасаған еді. Сөйтіп Солтүстік Түркістан редакциясында біреуі 29 таңбалық, екіншісі 32 таңбалық екі алфавит қолданыла бастады. Талғат Қочжігіт Ыстамбұлдан Мюхенге 1967 жылы 25 қазанда барып Азаттық радиосында жұмыс істей бастаған кезде Солтүстік Түркістан редакциясында Абдолла Дүсіпұлымен осы алфавитпен радио мәтіндерін жаза бастағанын айтады.[12] Солтүстік Түркістан редакциясында Талғат Кочжігіттен үш күннен кейін жұмыс істей бастаған Хасен Оралтай болса, белгілі башқырт ғалым Зеки Велиди Тоғанның Түркелі Комитетіне жасаған ұсынысына сәйкес,1968 жылы 27 қарашада 32 таңбалық жаңа әліпби жүйесінің алдымен Түркелі журналында, кейіннен Азаттық радиосында қолданылғанына көрсетеді.[9, 224]
Сурет 2. Азаттық радиосы мәтіні. [16]
Осы алфавит керемет жасалған. Осы жолдардың авторы 1988-1995 жылдары арасында жеті жыл Азаттық радиосында жұмыс істегенде, 32 әріптен тұратын сол алфавитті пайдаланған. Тек, 1960 жылдары Қазақстанда Марксизм-Ленинизм идеологиясына сын жасап қарсы шыққаны үшін қудаланып Сібірге айдалған, кейін бір жолын тауып шетелдерге қашып шыққан және 1980 жылы Азаттық радиосында қызметке орналасқан Кеңестік диссидент Махмет Құлмағамбетов қана мәтіндерінде кирилл әріптерін қолданатын. Азаттық радиосы қазақ редакциясының өзге 10 қызметкері Тағыберлі дайындаған 32 әріптік алфавитті пайдаланды. Бұл әліпбидің қазақ тілінің барлық қажеттіліктеріне жауап бергенін тәжрибеммен байқадым.
Сонымен қорыта айтар болсақ, 1926 жылы Баку түркология конгресінде шешімдеріне сәйкес Кеңестік түркі тілдес халықтар мен Түркия Республикасы 1927 жылдан бастап латын әліпбиіне көше бастаған. 1928 жылы осы алфавитке өткен Түркия Республикасы күні бүгін оны қолданып келе жатса, Сталин 1940 жылы Кеңес Одағындағы түркі тілдес халықтардың латын негізінде бірыңғай түркі алфавитін қолдануына тыйым салып оларды кирилл әріптеріне өтуге мәжбүрледі. Алайда шетелдердегі түркі тілдес бұрынғы Кеңес азаматтары оны қолдануды жалғастыра берді.
Сонымен қатар Азаттық радиосындағы түрік тілдес редакциялар уақыт өте келе қажеттіліктерге байланысты осы алфавитке тиісті өзгерістер енгізді. Бұлардың ішінде қазақтар Қазақстанда 1929 жылы қабылданған 29 таңбалық әліпбиге толықтырулар енгізіп 32 таңбалық жаңа әліпби жасады. Осы арада айта кету керек, 1991 жылы Ыстамбұлда ұсынылған 34 таңбалық түркі дүниесі бірыңғай латын алфавиті осы әліпбидің екі әріп қосылған нұсқасы десе артық айтқандық бола қоймас.
Кесте 2: Түркі дүниесі латын негізіндегі бірыңғай әліпбиі
Бұл жерде тағы бір атап өтетін жәйт сол симпозиумды ұйымдастырушы Мармара Университеті жанындағы Түркология Институты директорының орынбасары Надір Дәулет те кезінде (1972-1086 жылдары) Азаттық радиосының Татар-Башқырт редакциясында қызмет істеп сол алфавитті қолданған.[13, 137]
Олай болса, 1991 жылы бүкіл түркі әлеміне ұсынылған 34 әріптен тұратын латын әліпбиі жүйесінің түп тамырының Кеңестік түркі тілдес тіл ғалымдарының 1927 жылы қабылдаған біріктірілген түркі алфавитінде жатыр деп айта аламыз. Және бұл алфавитті, ішінде Қазақстан да бар, бүкіл Кеңестік түркі тілдес халықтар 1940 жылға дейін қолданған. Сондықтан осы елдердің кирирлл таңбаларынан латын таңбаларына көшуі алфавит реформасы емес, Сталиннің 1940 жылы тыйым салған ұлттық алфавитттерін қайта қалпына келтіру болып саналады.
Әбдіуақап Қара
Мимар Синан көркем өнер университеті әліпбиінің
профессоры, тарих ғылымының докторы
БИБЛИОГРАФИЯ
Milletlerarası Çağdaş Türk Alfabeleri Sempozyumu 18-20 Kasım 1991, Marmara Üniversitesi Yayınları No: 509, Türkiyat Araştırmaları Enstitüsü Yayınları No: 1, İstanbul, 1992.
Abdiyeva, Rakhat, “Bağımsızlıklarını Kazandıktan Sonra Türk Cumhuriyetlerinin Dil Politikaları ve Türkiye ile Ortak Dil ve Ortak Alfabe Çalışmaları”, Uluslararası Türk Lehçe Araştırmaları Dergisi (TÜRKLAD), C 1, S 2, 2017, s. 104-119.
Şahin, Erdal, “Türk Dünyasında Yazı Birliği: Latin Alfabesi Temelinde Yeni Türk Alfabeleri”, Yeni Türkiye, 53, 2013, s. 449-457.
Kahraman, Erdal, “Dünden Bugüne Azerbaycan’da Alfabe”, Sosyal Bilimler Araştırmaları Dergisi, 2, 2010, s. 130-143.
Şimşir, Bilal, Azerbaycan’da Türk Alfabesi Tarihçe, Türk Dil Kurumu, Ankara 1991.
Demir, Nurettin – Emine Yılmaz, Bitmeyen Öykü: Alfabe Tartışmaları, Hoca Ahmet Yesevi Uluslararası Türk-Kazak Üniversitesi, Ankara 2014.
Ämirjanova, N., “Latin Grafikası Negizindegi Qazaq Älipbiyi (1929-1940)”, Jaña Ulttıq Älipbiyi Negizinde Qazaq Jazuvın Reformalav: Teoriyası men Praktikası, ed. A. Fazıljanova, Qazaq Tili Baspası, Almatı 2016, s. 14-17.
Uzunel, Nurgül, “Milli Türkistan” Türkistanlı Muhacirlerin Avrupa’daki Dergisi 1942-1975, Ayaz Tahir Türkistan İdil Ural Vakfı Yayını, İstanbul 2016.
Oraltay, Hasan, Elim-Aylap Ötken Ömir, Bilim, Almatı 2005.
Baymolda, Dosan, “Azattıq” Radiyosı (Tarihi men Tajiriybesi), Qazaq Universiteti Baspası, Almatı 2009.
Nazar, Zarif, A Message of Freedom Nearly A Half Century of Turkmen Broadcasting to Turkmenistan, [Prag ?] 2001.
Талғат Кочжігітпен кездесу, Ыстамбұл, 2018 жылы, 1 қараша.
Devlet, G. Beril, Bir Ömre Altı Hayat Sığdıran Nadir Devlet’in Yaşam Öyküsü, İstanbul, 2014: Çatı Yayınları.
Асқарбекова, Н. М. – Замзаева, Т.А., Латын графикасымен басылған қазақ кітаптарының қаталогы (1928-1941), Алматы, 2007.
Мілли әдебиет журналы, 1943.
Мұхабай Енгін, 1989, 10 қазан, Әбдіуақап Қара жеке архиві