Қонақжайлық – қазаққа тән қасиет
05.02.2017 8497
Қонақжайлылық – адамның келген қонаққа деген ілтипат пен ізетпен қарауы. Әр ұлтта өз мәдениетіне сай әр түрлі әдет-ғұрыппен сипатталады

Қазақ халқының бойындағы кеңдік пен дархандық, жомарттық қасиеттер елден ерекше қонақжайлық дәстүрінен айқын көрінеді. Қонаққа лайықты құрмет көрсету, қабақ шытпай қарсы алып, үйіндегі барын дастарқанға қойып күту – ежелден қалыптасқан дәстүр. Бұл тұрғыда «Қонақты құдайындай күту» әр шаңырақтың парызы саналады. 

Қонақжайлық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».

«Қырықтың бірі - Қыдыр» деген сөз жолаушылап келген кез-келген адамды үйге кіргізіп дәм таттыру, керек болса қондыру қажет, өйткені қонақтың бірі болмаса бірінің батасы қабыл болады, үй иесінің тілегі оңғарылады, шаңырағына құт-береке дариды деген сенімнен шыққан. Бұрынғы кездері жолаушылап жүрген адамдар ел ішіндегі соңғы жаңалықтарды таратып, туысқандары мен таныстарының хабарын айтып, ауыл мен ауылдың арасына байланыс орнатып отырған. Үй иесі қонақты бар ықыласымен жақсылап шығарып салып, жақсы тілектер айтып, жолына сарқыт беріп жіберетін болған. Қонақты сыйлау әрі құрметтеу дала дәстүріндегі жоғары мәдениетті көрсетеді. Бұрынғы кездегі салт-дәстүр бойынша үйге беттеп келе жатқан қонақты байқаған үй иесі жолаушының жас шамасы мен орнына қарай алдынан өзі шыққан немесе үлкен балаларын шығарған. Олар киіз үйге жетпей ат байлар белдеу қасында қонақты күтіп аттан түсуіне көмектесіп, үйге ертіп кірген. Сонымен қатар ауылға жақындағанда-ақ жолаушы, әдетте өзінің кім екендігін әрі кімнің үйіне түсетінін алдын-ала білдіріп аттан түсіп, жетектеп келетін болған. Көшпенді жұрттың қонақ күту салты мен заңы ел ішіндегі байланыстың берік болуының, әлеуметтік тұтастық сақталуының негізгі діңгегі қызметін атқарды.

«21 маусымда таңертең Байбек батыр келіп, менің немісше киініп, ат үстінде көргісі келетін хан сәлемін жеткізді. Содан соң дереу киініп, ханға жөнелдім. Әуелі ақ сисадан тігілген бұхар шатырына шақырды да хан басқа адамдарды тыңдап болғанша сол жерде күтуге тиісті екенімді ескертті. Хан сәт сайын маған кісі жіберіп, хал-жағдайымды сұрастырды... Шатыр ішінде менен ханға қандай құрмет көрсететінімді сұрады. Жергілікті дәстүрді білмеймін деп едім, мені үйретуге бірнеше адамды шақырып алды. Олар хан алдында бір тізерлеп , маңдайды қалай үш рет жерге тигізу керек екенін көрсетті. Бірақ менің олай жасағым келмеді, сондықтан «мұны тез үйрене алмаймын, Ресейдегі князьдарға көрсетіліп жүргендей сый-құрмет көрсетермін» деп құтылдым. Жарым сағаттан кейін қарақұрым халықтың көзінше Байбек пен тағы бір кісі келіп, мені екі жақтан қолтықтап ханға алып жүрді. Хан отырған үйге шамамен он адым қалғанда бір сәт қимылдамай тұруымды сұрады. Содан кейін адъютант немесе олардың тілімен айтқанда «жасауыл» менің келгенімді мәлімдеуге кетті. Сөйтіп маған тағы да алты қадам алға басуға рұқсат етті де хан шатырынан жасауыл оралғанша күткізді. Ақыры жасауыл келіп, мені шатыр есігіне дейін әкелді. Содан кейін арқамнан сәл демеп жіберген соң шатырға бас сұқтым.

Хан төрде отыр екен. Үстінде жолақты сисадан тігілген киім. Жанында екі ұлы мен бауыры Нияз сұлтан, айналасында ақсақалдар отыр.

Есіктен кіре бере қалпағымды қолыма алып, ханға француздарша үш қайтара құрметпен бас иіп, қошемет көрсеттім. Қасында отырғандарға тегіс бір сәлем бердім де, қалмағымды қайта киіп алдым, осыдан кейін ол маған орын ұсынды. Осы жерде ханға: «Мемлекеттік кеңесші Иван Кириллов өткен қыста мені Орынборда қалдырд, сол жерде көптеген текті қырғыздармен қатар сіздің ұлыңыз Ералы сұлтанмен таныстым, бұл мен үшін зор құрмет. Сондықтан осы жерге келіп, жоғары мәртебелі ханды көріп, аман-саулығыңызды білу жөнінде шешім қабылдадым. Жоғары мәртебелі император ағзамға немесе мемлекеттік кеңесшіге хан сәлемін жеткізіп, қызмет көрсету мен үшін зор мәртебе» дедім. Осы сөзден кейін хан өз атынан және айналасындағы отырғандар атынан ризашылығын білдірді.

Сосын ол жоғары мәртебелі император ағзамның хал-ахуалын және мемлекеттік кеңесші хатшы Иван Кирилловтың, полковник Тевкелевтің жай-күйін сұрап білді. «Орыстар Орынбордан кетіп жатыр» деген қауесетті жоққа шығаруға көмектескен мен сықылды орыс адамын көргеніне қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ өз бағыныштыларының бүлікші қылмекпен орыстарға қарсы одақтасамыз деген арам ниетіне осындай елші алып келген хабардың арқасында тосқауыл қойылатынына көңілі жайланғанын жасырмады....

Біз басқа тақырыптар бойынша да әңгімелестік, сөз арасында ол өз қолымен маған қой етін асатып, қымыз ұсынды. Шамамен үш сағаттан соң хан менің шатырға оралуыма рұқсат етті. Кетерде оң қолын оң иығыма қойып құрмет көрсетті. Бұл олардың өз дәстүрі бойынша үлкен кеңпейілділік пен құрмет белгісі екен. Мені шатырға жиырма жігіт шығарып салды. Бірақ олар қызықтап тұрған қалың жұрттың менімен сәлемдесіп қалуына кедергі жасай алмады».

Кэстль Джон. Дневник путешествия в году 1739-м из Оренбурга к Абулхаиру, хану Киргиз-Кайсацкой

Ерулік – көшіп келген жаңа көршіні қонақ етіп үйге шақыру. Ауыл адамдары жаңа келген үй адамдарымен танысу әрі олардың жаңа ортаға бейімделу мен тез араласуы үшін өз үйлеріне кезекпе кезек арнайы қонаққа шақырады.

Тамыр - бауырластық, достық қатынастың бір түрі. Әдетте қандас туыс емес, бірақ көңілі жақын адамдар жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан өздерінің қалауымен тамырлық танытып, сыйласуға көшеді. Тамырлық байланыстар қазақ даласына переселендер келе бастаған ХІХ ғасырда жиі қолданылды.

«Қазақтар бір-бірімен кездескенде қос қолдап амандасып, бірнеше рет сілкілеседі, сонан соң қолдарын кеуделеріне айқастырып, бірі: Ассалаумалейкүм! – десе екіншісі: Әлеукүм ассалам! – деп жауап береді. Әйелдер де ер кісілерде жақын туыстарын көргенде сыпайылық жасап, сол жақ тізесін бүгіп, қолын оң жақ тізесіне айқастыра қояды да, жоғарыдағыдай сәлемдеседі».

Кэстль Джон. Дневник путешествия в году 1739-м из Оренбурга к Абулхаиру, хану Киргиз-Кайсацкой

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)