Үңгiрдегi тастан қашалып жасалған бойжеткен қыздың мүсiнiн де жоңғар шапқыншылығы кезiндегi оқиғалармен байланыстырып, алуан-алуан шежiрелер тарқататын
Кең-байтақ қазақ жерi көненiң көздерiндей тарихи және мәдени ескерткiштерге өте бай. Зерттеушi мамандардың айтуына қарағанда, олардың Қазақстан территориясындағы жалпы саны 25 мыңға жуықтап қалады екен. Бұл мұрағаттардың қай-қайсысы болсын халқымыздың ерте кездегi тыныс-тiршiлiгi мен бастарынан өткерген тарихи кезеңдерiнен елес берiп, сыр тарқатады. Өкiнiшке орай, осы асыл мұраларымызды есепке алу, қорғау, қалпына келтiру жұмыстарына әлi күнге дейiн жете көңiл бөлiнбей келедi.
Мемлекет қамқорлығына алуға әбден лайық осындай тарихи ескерткiштердiң бiрi – Семей облысы Абай ауданындағы «Қызылту» совхозының территориясында орналасқан Қоңырәулие үңгiрi.
Бiр ауыл ел емiн-еркiн сыйып кететiн осы алып үңгiр туралы ауыл ақсақалдары неше түрлi аңыз-әңгiмелер шертіп, iшiндегi көздiң жасындай мөлдiреп ағып жатқан суына дейiн ауруға ем, бойға қуат беретінін айтып отырушы едi. Тiптi үңгiрдегi тастан қашалып жасалған бойжеткен қыздың мүсiнiн де жоңғар шапқыншылығы кезiндегi оқиғалармен байланыстырып, алуан-алуан шежiрелер тарқататын. Оның бәрiн тiзбелеп жатпай-ақ, үңгiрдiң тарихи орын екенiн бұлтартпас айғақтармен дәлелдейтiн Қытай Халық Республикасында тұратын зерттеушiлер Зейнолла Сәнiк пен Бейсенғали Садыханның «Қаракерей Қабанбай» атты кiтаптарындағы (Бұл еңбек 1989 жылы Шыңжаң халық баспасынан, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан) «Қабанбайдың Дарабоз атанып, хан ұранына айналуы» деген мақаладағы нақты деректерге жүгiнелiк. Мақаланың қысқаша мазмұны төмендегідей.
Жоңғардың ханы Доржы бастаған қалың қол ел шетiне iлiнгенiн естiген Абылай хан Қабанбай бастаған батырларын шақыртып алдырып, ел мен жерiн жатжерлiк шапқыншылардан азат ету үшiн қарсы аттанады. Шапқыншылар Шыңғыстаудың сыртындағы Шаған өзенiнiң бойына келгенде екi жақ кездесiп, жетi тәулiкке ұласқан қанды шайқас болады. Жоңғарлар Қоңырәулие тауының өңiрiне бекiнiп алып, қазақтарды ауыр шығынға ұшыратады... Дегенмен, осы шайқаста Қабанбай батыр жаудың шебiн бұзып, қамалын қиратып, жоңғардың «Қырғи» атанған батыры Арқауылды жекпе-жекте өлтiргенi үшiн «Дарабоз» атанып, хан ұранына айналған екен.
Ендi көпшiлiкке нанымдырақ болу үшiн мақаланың аяқ жағынан қысқаша үзiндi келтiрейiк: «Қоңырәулие соғысы жеңiспен аяқталған соң, бекiнiс-үңгiрдiң iшiндегi мал-мүлiк жиып алынады. Үңгiрдi барып көргенде iшi кең әрi қараңғы, алаулы шамсыз жүруге болмайтын орын екен. Iшiнде недәуiр көлемдi көлшiк бар екен. Осыдан суаттанып, айналасына ор қазып, тас қалап, бекiнiс жасаған жауды қазақ жасақтары азықтан бес тәулiк тарықтырып, қалған мыңнан астам адамын қолға түсiрiптi. Бұлардың қару-жарағы мен көлiгiн олжалап, өздерiне тас құшақтатып, қазаққа екiншi қарсы тұрмаймын дегiзiп ант iшкiзiп, өздерiн шекарадан өткiзiп салыпты. Өйткенi, бұрынғылардың айтуына қарағанда, моңғолдарда қолды болып, қайта барған тұтқынды екiншi рет әскерлiкке алмайтын салт бар екен.
Қоңырәулие бекiнiсiн алу жолында қаза тапқан әр жүздiң адамдарын, яғни арғын, найман, керей руларының адамдарын дара-дара, бөлек жерлеп, өлiктердiң басына ескерткiш-құлыптас орнатып, ол тастарға найманның шөмiш таңбасын, арғынның көз таңбасын, керейдiң ашамай таңбасын айырым-айырым ойып орнатыпты. Мұны Маусымбай шежiре: «Өз көзiммен көрiп, аруақтарға құран оқыдым» деушi едi» (З. Сәнiк, Б. Садыхан. «Қаракерей Қабанбай». – Алматы: Жазушы, 1991. – 140-б.). Бұл зират-қорымдар әлi күнге дейiн сақтаулы.
Ал осы тарихи мән-маңызы жағынан ерекше ғажайып табиғат туындысының қазiргi күйi адамның аяныш сезiмiн оятады. Сексенiншi жылдардың басында осы тарихи орынды зерттеймiз деген желеумен экспедициялар келген болатын. Белгiлi жазушы Тұрсын Жұртбаевтың айтуына қарағанда, олар қыздың мүсiнi жатқан жердi жарылғыш заттармен қопарып, алтын iздеген көрiнедi (Ел аузындағы аңыздардың бiрiнде осы жерге қалмақтың бiр байы алтын тығып кеткені туралы айтылушы едi. «Ел құлағы елу» деген, соны құлақтары шалған болу керек). Олардың алтынды тапқан-таппағандарын бiр құдайдың өзi бiлер. Ал экспедиция мүшелерiнiң көнеден жеткен баға жетпес тарихи орынды жарылғыш заттармен қопарып, бүлдiрiп кеткендерi анық едi. Осыдан бiр жыл бұрын барған сапарымызда үңгiрдегi тастан қашалып жасалған ғажап өнер туындысы – бойжеткен қыздың мүсiнiн де бiр күн iздеп таба алмадық. Тегi, оны да қанжығаларына байлап кетсе керек.
Мiне, осыдан-ақ Совет өкiметi кезiнде ата-баба мұрасына деген көзқарастың қандай дәрежеде болғанын анық байқауға болады. Қайран сол ата-бабаларымыз халқымыздың табиғатына тән «Қолда барда алтынның қадiрi жоқ» деген нақылды қалай тауып айтқан?! Егер жас ұрпақты елiн, жерiн сүюге тәрбиелеуде зор рөл атқаратын бұндай мәдени һәм тарихи ескерткiштер басқа елдiң еншiсiне тисе, сөз жоқ, мемлекет қамқорлығына алып, сол халықтың мақтан тұтар киелi орнына айналдырып қояр едi. Мәселен, Венгрияда 2500-ден астам жер асты үңгiрi бар екен. Олардың бәрi мемлекеттiң қамқорлығына алынып, шетелдiк туристер аралап, қызықтайтын мәдени орынға айналған. Тiптi кейбiр үңгiрлер емдiк қасиеттерiмен де ерекшеленетiн көрiнедi. Зерттеушi ғалымдардың айтуына қарағанда, олардағы шағын климат тыныс жолдары мен өкпенi емдеуге оңды ықпал етсе, ендi бiрiнiң ауасы аллергияға, демiкпеге қарсы пайдаланылады екен. Қоңырәулие үңгiрiн де осындай шетелдiк қонақтар тамашалайтын мәдени орынға айналдырса, қазекемнiң тақиясына тарлық қылмас едi ғой.
Қазақ жерiндегi тарихи және мәдени ескерткiштердi қиратып, бүлдiру iсiнiң кең көлемде белең алуына негiзгi себеп – өткенге топырақ шашқызу арқылы тарихи жадты ұмыттыруға тырысқан Ресей империясының орыстандыру саясаты. Қандай империя болмасын өзiнiң отарлау саясатын қол астындағы бодан халықтың тарихи мұраларын құртудан бастайды. Өйткенi, күретамыры қиылған адамның өмiрi сияқты, тарихын ұмытқан халық та жер бетiнде ұзақ жасай алмайды. Ресей империясының көкейiн тескен негiзгi мәселе де қазақ халқын ұлт ретiнде жойып жiберiп, оның заңды иелiктерiне өздерi қожалық ету едi. Осы мақсатпен сонау Қожа Ахмет Иасауи кесенесiн зеңбiрекпен атқылаған патша сiлiмтiгi Черняевтан басталған тарихи және мәдени мұраларды құртып-жою iсi Совет өкiметi кезiнде де өз жалғасын тауып отырды. Кезiнде мәдениет пен ғылымның ошағы болған Түркiстан, Сайрам, Тараз секiлдi әлемге әйгiлi қалалардан қалған жұрнақтарды жермен-жексен етiп, Қожа Ахмет Иасауи кесенесiне арулап жерленген ардақты бабаларымызға қойылған құлыптастарды да үстем тап өкiлдерi деген сылтаумен қопартып тастап, сүйектерiн трактордың темiр табанымен таптатқандары да ешкiмге жасырын емес. Сөйтiп, «Өлi разы болмай тiрi байымайды» дейтiн халқымыздың жiгерiн құм қылып, намысын аяққа таптады.
Құдайға шүкiр, қазiр заман өзгердi. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, бодандықтан бостандыққа, тәуелдiлiктен тәуелсiздiкке қолымыз жеттi. Өшкенiмiз жанып, жоғалтқанымызды қайта тауып жатырмыз. Ендiгi жерде ту-талапайға түскен тарихи және мәдени мұраларымызды қорғау мен қалпына келтiру мәселелерiне де жете көңiл бөлiп, оларды шежiресiмен қоса келешек ұрпақтың игiлiгiне айналдыру басты мiндет болуға тиiстi.
Думан РАМАЗАН, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері
Фотосуреттерді «Алтай мұрасы» экспедициясы кезінде Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ түсірген.