Біздің халқымыздың сәулет өнерінің керемет мұрасы – Кесене Қостанай облысымен шекаралас Ресейдің Челябинск (Челябі) өңірінің Варна атты ауданында орналасқан
Негізі, әуелі жер атына бір тоқтала кетейікші, Варнаның қасында Париж, Берлин, Лейпциг, Кассель, Фершампенуаз, Требия, Кацбах, Кваркен, Кульм, Адрианополь, Бриент, Нови, Арси-Сюр, Варшава, Чесма сияқты елді мекендер орналасқан. Біздің ата-бабамыздың жерлері қалай басқа атауға ие болды? Бұл да бір қызық сұрақ.
1-сурет. 1980 жылдары қайта жөндеу жүргізілгенге дейін Мұнараның жағдайы осындай болған
Ресей орыс-түрік не орыс-француз соғыстары кезінде өздерінің жеңістері ретінде аталған қалалар мен елді мекендердің атауларын сол жердің қазақы атауларын жойып, өзге атауды қойған. Бұл жерлерге діні православтық, татар казактары – ноғайбақтарды (шоқындырылған) алып келіп қоныстандырған. Әуел баста қазақтың Орта жүзінің жері болған бұл өңір Ресей империясы аталған аумақты жаулап алуы барысында жергілікті тұрғындар атамекенін тастап кетуге мәжбүр болған немесе қырылып қалған. Ресейде жергілікті жұрт Кесенені кейде Әмір Темір мұнарасы деп те атайды.
Тағы бір айта кететін жағдай, шығысқа бет алған Ресей өз жолында кездескен біздің тарихи ескерткіштер мен мұраларымызды аяусыздықпен жойып отырған, алайда осындай деңгейдегі Ресей аумағында сақталып қалған Алтын Орда дәуірінің үш ескерткішінің бірі және бірегейі осы – Кесене.
Алтын Орда дәуіріне тән мұндай тарихи ескерткіштер Үпі (Уфа) түбінде (Чишма, Башқұртстан) және Қасимовта (ескі мешіт, Рязань облысы), Алабұғада (кесене, Елабуга, Татарстан) және Болғарда (мешіт орны, Татарстан) ғана кездеседі екен.
Иван Грозный Қазанды жаулап алуымен Шығысқа бет алуында оның ізбасарлары жолында кездескен тастан қаланған қаншама ғимараттарды жойып жібергені туралы деректер бар.
Ал, Кесенеге қатысты аңыз әңгіме бізге не дейді екен?
Қостанайлық зерттеуші Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, Әмір Темір мұнарасы сонадайдан «менмұндалап» көзге түседі. Бұл тарихи ескерткіш – әмірі қатал билеушінің қызына арнап салдырған кесенесі екен.
Ел аузында сақталған аңыздың айтуына қарағанда, Темір Тоқтамыс ханға қарсы жорық жасап келе жатқан сапарында осы маңайдағы қазақтардың (дұрысы біздің ата-бабаларымыздың) бейітінің жанындағы көлдің қамысында Әмірдің қызын жолбарыс жарып өлтіреді. Ақсақ Темір қызына кесене тұрғызып, оның кірпіштерін осы арадан қырық шақырымдай қашықтықтан (бұл қазақтың атақонысы, 1742 жылы тартып алынып, кейін Мұнанай атымен белгілі қазіргі күнгі Троицк қаласы) алдыртады. Сол кезде Әмір Темірдің сарбаздары жағалай сапқа тұрып, кірпіштерді біріне-бірі әперіп отырған екен.
Мұнараның өзіне тоқтала кетсек, «Кесене» аталған ескерткіш Варна селосынан шығысқа қарай 3 шақырым қашықтықта және «Үлкен Кесене» деп аталатын қамысты көлдің жағасында орналасқан.
2-сурет. Кесене маңындағы ескі қорымдар
Мұнараның биіктігі 17 метр, айтқандай мұнда 700-ден астам қорым бар, олар қола дәуірінен бастап кейінгі темір, Алтын Орда, Қазақ Хандығы кезеңдерін қамтиды. Мұнараның жан-жағында 57,0 х 72,0 метрден тұратын ор қазылған, оның не үшін солай жасалғаны беймәлім. Мұнара тік бұрышты болып келеді, оюлармен көмкерілген. Мөлшері 12,30 х 9,40 метр.
Айтқандай, Кесене бір ғана кесене емес, ол тұтас кешеннен, мәселен мұнда 150-ден астам кейінгі орта ғасыр, қола дәуірінің 6 қорғанынан, ерте темір дәуірінің бір қорғанынан тұрады. Ал әйел адамға арналып салынған Мұнараның өзі XIV-XVI ғасыр ескертіші болып табылады.
Ескерткіштің (Мұнараның) ұзақ уақыт сақталуының бір ерекшелігі, оны салу кезінде ерекше технологияның пайдаланылуынан болып отыр. Кірпіш құрамында қызыл топырақ, жабайы құстардың жұмыртқалары мен түйе сүті (кейде ешкі сүті делінеді) болған, кірпіштерді Үй өзенінің жағасында күйдіріп, алыс қашықтықтан жеткізген.
Мұнараның өзі 1980 жылдары қайта жөндеу көріп, 1985 жылы құрылысы аяқталған, бұл ретте, ескерткішке Ресейдің мемлекеттік ескерткіш мәртебесі берілген, құрылыстың бұзылмай сақталып қалуының бір себебі – оның жан-жағын батпақ қоршап жатқанынан болар. Кіреберісіне ірі тастар төселген. Алайда жаңа кірпіштер ескерткішті жаңартқанмен, әр беріп тұрған жоқ, керісінше Мұнараның ішкі жағы ғимараттың ескі құрылыс екенін дәлелдеп тұр.
3-сурет. Мұнараның ішкі көрінісі
Мұнараның зерттелуіне қатысты айтатын болсақ, орыс зерттеушісі капитан П.И. Рычков, кейін этнограф Р.Г. Игнатьев, профессор Э.Ю. Петри ол туралы жазып қалдырған. Аталған екі зерттеушінің бірі Мұнараны белгісіз өркениет иелері салды десе, екіншісі нақ қазақ халқына тиесілі екендігін айтады. Ал, соңғы аталған зерттеуші Мұнараға қазу жұмыстарын жүргізеді. Әйел адам көмілгені анықталады, оның жатқан жері тақтаймен жабылған екен. Моладан жібек матаның қалдықтары мен араб өрнегі бар екі алтын жүзік пен сұрақ түріндегі екі сырға табылады.
Айтқандай, бір қызығы Челябинск облысы бойынша тарихи ескерткіштер мұрасына енгізілген 18 объектінің 10-ы қазақ-башқұрт халқына тиесілі, қалғандары да сол өңірдің байырғы халқына қатысты болғандықтан біздің де ескерткіштеріміз деп нық сеніммен айта аламыз.
Сөйтіп, мәдени ескерткіш мұрасы – Кесене кешені, оның ішінде Мұнара халқымыздың мәдениетінен сыр шертіп тұрған жайы бар. Тағы бір деректі ұмытып барамыз: Челябинск облысы Варна ауданының гербі мен байрағында Мұнара бейнеленген.
4-сурет. Челябинск (Челябі) облысы Варна ауданының туы
Амандық ӘМІРХАМЗИН
Материалда пайдаланылған фотосуреттер troitsk74.ru, varandej.livejournal.com сайт-порталдарынан алынды