Киелі жерлер: Әулие Ақкөл жұмбағы
07.06.2017 2537
Қазақ жерінде Ақкөл атты көлдер баршылық, бірақ елден ерекше бұл көл неге әулие атанды? Көне және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі

Әулие Ақкөл немесе Ақкөл-Жайылма – ұлан-байтақ қазақ жерінің орталық бөлігіне орналасқан әдемі аймақ. Қазақ жерінде Ақкөл атты көлдер баршылық, бірақ елден ерекше бұл көл неге әулие атанды? Көне және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі. Соларға қарап отырып Ақкөл-Жайылманың қазақ тарихындағы орны Ұлытау сияқты тарихи орталықтардан бір де кем емес екенін аңғарамыз.

Біз С. Торайғаров атындағы ПМУ-нің Х. Арғынбаев атындағы этноәлеуметтік ғылыми зерттеу орталығын басқарып отырған уақытта  2004 жылдан бастап осы аймақта  кешенді ғылыми жұмыстарын атқардық. Ең басты мақсат – Ақкөл-Жайылма өңірінің қазақ тарихында алатын орнын анықтау, тарихи және этнографиялық ескерткіштері болса есепке алу, барлау қазба жұмыстарын жүргізу еді. Сол жұмыстардың барысында Ақкөл жағасынан Қаражар елді мекеніне 2 шақырым жерде қазақ зиратының ішінен (Қара оба) ортағасырлық тамаша ескерткіштің сұлбасы табылды. Бұл ескерткіштер ноғайлы заманына жатады дедік. Осыдан кейін зерттеу барысында Ақкөл-Жайылма Алтын Орда заманында Шайбан тұқымының ұлыс құрған саяси және культтік орталығы деген тұжырымға келдік.

Тек жоғарыдағы жәдігерліктер ғана емес, Ақкөлдің оңтүстік жағасында Асан Қайғы тасы, Түйте әулие ескерткіштері, Исабек ишан зираты, көлдің шығысында Әулие ағаш, Шідерті өзені бойында Сағынайдын асында атақты Құлагерді сынаған Күреңбай бейіті, т.б. ескерткіштер орналасқан. Қалай қарасаң да Қазақстандағы қасиетті аталатын жерлердің қатарына алдымен енетін ескерткіштер кешені осы жерде.

Жалпы сипаттама

Ақкөл-Жайылма өңірі Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағысындағы ұлан-байтақ жерді алып жатыр. Жалпы алғанда бұл алқаптың жер көлемі екі ауданды (Екібастұз және Ақтоғай) қамтиды. Ақкөл-Жайылма ұғымына Өлеңті-Шідертінің төменгі ағысы, Ақкөлдің өзі (Әулие көл), Ақкөлден төмен түсетін Дуана өзенінің бойы, одан әрі орналасқан көлдер жүйесі (Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы) енеді.

Өлеңті – ұзындығы бойынша облыстағы үшінші өзен. Павлодар облысы территориясында ағатын өзеннің ұзындығы 273 шақырым. Ақмола облысының Белоярское ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерден басталып солтүстік-шығысқа қарай ағып, Павлодар облысының бұрынғы Екібастұз совхозы, қазіргі Төртүй селолық округіне жататын Қаражар (бұрынғы аты – Қаражыра) ауылы тұсынан екіге бөлініп, бір саласы Әулиекөлге (Ақкөлге), бір саласы Жаманкөлге құяды (Коорд.: 52°11 с.ш. 74°45 в.д., теңіз бойынан 126,4 м биіктікте орналасқан). Екі көл бір-бірімен іргелес орналасқан. 

Ақкөл Өлеңтінің суынан толып, деңгейінен асқан уақытта су солтүстікке қарай Жайылмаға түседі. Негізгі Ақкөл суы Дуана өзені (қазіргі уақытта дамба-бөгет салынып тоқтатылған) арқылы тұтас көлдердің үлкен жүйесіне барып құяды. Қазақ түсінігінде Ақкөл-Жайылма өңірі шаруашылыққа өте ыңғайлы деп есептелінеді. Әрине, қазақтың көшпелі мал шаруашылығы үшін бұл өңірдің ерекше қызықты болуы занды. Сол себептен қазақ ауызында ертеден «Шідертінің суы – бал, Өлеңтінің шөбі – бал» деген асыл, қанатты сөздер сақталған.  

Қалың қамыс басқан Ақкөл мен Жаманкөл жағалары қысқы қонысқа өте ыңғайлы. Ф. Щербина бастаған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы жүргізілген статистикалық зерттеулерден бұл арада қазақтың көптеген, бай қыстауларын кездестіреміз. Сол қыстаулардың орнын қазіргі күнде де көруге болады. Қысты күні көл жағалаулары бір жағы суықтан пана, екінші жағынан азық. Әлі күнге жергілікті ел қысты күні малын далада, тебінде ұстайды. Шөпті тек аса қажеттілік болмаса пайдалана қоймайды. Бізге дерек берген Қыздарбек ақсақал Қараоба маңында  қыстаған елдің жазда Қойайырған, Сарыөзек деген жерлерді жайлағанын, ертеде бұл өңірдің шөбі қалың, бітік, биік болатынын, ат қапталынан  келетін шөптің  арасында бала адасатынын айтады.

Ақкөл-Жайылма өңірінің тағы бір қасиеті – көлдер жүйесі аң мен құсқа, балыққа бай. Дала құстарынан үйрек, қаз, италақаз және балықтың көптеген түрлері кездеседі.

Қаражардың этнографиялық маңызы

Қаражар дегеніміз – Ақкөлге ең таяу орналасқан ауыл. Атақты Естай ақынның кіндік қаны тамған мекен. Қазақ өнерінің ордасы болған жер.

Ақкөл жағасына орналасқан Қаражар ауылы қазіргі түсініктер бойынша ауқатты ауыл қатарына жатқызуға болады. Оның негізгі белгілері – ауылда орналасқан 18 үйдің әрбіреуінен орта есеппен 40-50 сиыр жайылымға шығады. Ең дәулетті дегендерінде 100-ге тарта жылқы, сол көлемде сиыр, қой, құс бар. Машина, мотоцикл ауылдың әрбір үйінің ауласында қаңтарулы тұр.

Ауыл жаз бойы балықпен, құспен көректенеді. Оның өзі мал басының өсуіне аса қолайлы жағдай жасайды. Жалпы ауыл адамдары өте малсақ, малжанды. Сауданың жөнін, ақшаның құнын жақсы түсінеді. Тіпті тұрғындардың жаз күні бие саумауы да шаруашылық мүддесінен туындайды. Жылқыдан гөрі бұл ауыл үшін сиыр бірнеше есе пайдалы.

Қаражар ауылының адамдары негізінен аңшылыққа да бейім, балықшылықты жақсы игерген. Қайық жасайтын (сайтан қайық), ау тоқитын, қаза құратын (қамыстан жасалатын балық аулау құралы) қолы епті, өнерлі адамдары бар. Қаза – бүгінгі күні Қазақстанда  тек  Ақкөл- Жайылмада  ғана  кездесетін  ерекше  құрал. Сырдың  бойында  және  Ертісте кездесетін Қазалы атаулары осы «қаза» құралымен байланысты. Көлдерге, тұйық суларға құрылатын қаза елді қысы-жазы балыққа кәні  қылады. Сібір  түркілерінде осы сияқты балық аулау  құралын «түнек» деп  атайды. Қамшы, жүген, ағаш жабдықтарды өздері қолдан, дәстүрлі негізде жасап ала біледі. Бұл тұрғыдан Қаражар ауылы дәстүрлі этнографиялық орта есебінде тарихшыларды қызықтырады. Әулиекөл маңында  орналасқан  Тай,  Шұға, Көксиыр, Тоққылы (Тоқкөл)  сияқты  ауылдар  да  этнографиялық  зерттеуге  сұранып  тұрған сияқты.

«Қараоба» ескерткіштеріне сипаттама

«Қараоба» ескерткіштері Қаражар ауылынан екі шақырым жерде, Ақкөлдің жағасында орналасқан қазақ зиратының ішінде. Қазақ зираты  бірнеше мыңжылдықтың ескерткіштерін қоршап сақтап қалған, ата-бабамызға тағы да рахмет айтасың. Бұл жерде тас дәуірінің еңбек құралдары, қола дәуірінің қыш ыдыстарының сынықтары, ортағасырлық қорғандар кездеседі. Бізді әсіресе қызықтырған екі төбешік (Қараоба 1, Қараоба 2) зираттың күн батыс жағына қарай орналасқан:

Қараоба 1 – биіктігі 2 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 25 м, батыстан шығысқа қарай 30 м. Көл жағалауынан 80-100 м жерде орналасқан

Қараоба 2 – биіктігі 1,7 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 24,5 м, батыстан шығысқа қарай 25 м. Көл жағалауынан 100-115 м жерде орналасқан.

Төбелердің үстінде қызылкірпіш қалдықтары шашылып жатыр. Сирек те болса арасынан көк шыны (глазурь) жалатылған кірпіш сынықтары кездеседі. Төбелердің үстінде кірпіш күйдіруден қалған шлак қалдықтары да кездеседі. Үшінші бір мәселе, төбелер маңында орта ғасырлық қыш ыдыстарының кездесуі. Жеке-жеке сипаттасақ:

Қараоба 1 – қызыл (күйдірілген) кірпіш сынықтары, тұтас қызыл кірпіш (25х25х5), сыртқы, әшекейлейтін қызыл кірпіш (облицовочный кирпич), кейбіреулерінде араб жазуы мен балық тәріздес суреттер кездеседі, сыртын әшекейлейтін ою-өрнекті керамика плиткалары, көк шыны (синяя глазурь) жалатқан күмбездің кірпіш сынықтары, ою-өрнектелген, көк шыны жалатқан кірпіш сынықтары.

Қараоба 2 – қызыл (күйдірілген) кірпіш сынықтары, тұтас қызыл кірпіштен (25х25х5) қаланған мазардың іргесі, сыртын әшекелейтін ою-өрнекті керамика плиткалары, шлак.

Табылған ірге қалдықтарына және заттарға сүйене отырып құрылыстың алдын-ала жобасын беруге болады. Олар Орталық Қазақстандағы Жошы хан мазары сияқты қызыл кірпіштен көтерілген, көк күмбезді, әшекейленген порталы болған.  Ескерткіштерді жобамен Алтын Орда заманының (құрылыс типі, құрылыс материалдары, араб жазуы, т.б. сипаттары бойынша) құрылысы деп болжадық. Расында да кейінгі зерттеулерімізде Хорезм мен Ақкөл-Жайылма арасында күретамыр сияқты байланыс жолы ашылды.

Ақкөлмен қатар жатқан Жаманкөлдің шығыс тұсынан Жайылмаға түсетін Дуана өзеніне дейінгі бірнеше шақырымдық алқапта терең қазылған (ені 9-10 метр) ордың ізі жатыр. Бұл не көне замандағы ирригациялық құрылыстан, не ортағасырлық бекініс-ордан қалған белгі. Қалай болғанда да кесенелер орналасқан  алқап жан-жағынан жақсы бекінген, алынбас қамалға ұқсайды. Бұл туралы осы жерде мекен еткен Кәкен сияқты ақсақалдар ескі аңыздарды айтып отырады.

Қазақ шежіресінің деректері

Біздің Шідерті мен Өлеңті өзендерінің төменгі ағысы – Ақкөл-Жайылма маңындағы зерттеу жұмыстарымызға дерек берушілер сол елдің жергілікті қариялары болды. Қаражар ауылынан бізге дерек беруші Кәкен ақсақалдың айтуына қарағанда, «бұл жерде қалмақ пен қырғыздың соғысы болған. Бұл төбелер солардан қалған екен-мыс. Бұл ноғайлы заманы екен» делінеді. Информаторлар «қырғыз» деп Алтын Орда заманында далалық өлкені қоныстанған ноғайлы руларын айтып отыр деп есептейміз.

«Бір жолы қалмақтар «Қараоба» елін шаппақ болып орға дейін келеді. Бірақ ордан әскер өте алмай, тек қалмақ әскерінің қолбасшы батырының аты ер-тұрманымен өтіп кетеді. Содан көл жағасын мекендеген ел сол ер-тұрманды атты көріп бір түнде көшіп кеткен екен».

Бұл әңгіме (дерек) ноғайлының ала тайдан үркіп бір түнде көшіп кетті делінетін әңгімесін еске түсіреді: «Ноғайлы мен қалмақтың жаугершілік заманы екен. Бір түнде ноғайлы ауылдарының жылқысы ішінен бір ала тай енесінен адасып қалып, шұрқырап бүкіл жылқыны үркітеді. Жау келген екен деп жылқының соңынан ел үркеді. Осыдан ноғайлы елі жұртын қалмаққа тастап бір түнде көшіп кеткен екен-мыс деген әңгіме қалыпты (шыққан  шығармаларын қараңыз).

М.Ж. Көпейұлы шежіресінде Ақкөл-Жайылма жеріндегі ескерткіштер туралы былай деп жазады: «Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген ноғайлылардың егін егіп, кент салып, тақ құрған, Бұқар, Қоқан хандары сықылды орда жасатқан жері екен. Өлеңтінің аяғында «Қараоба», «Сарыоба» деген екі төбе – Қарабай мен Сарыбай деген екі байдың қоныс қылған екен, бұл екеуі де қазақ байлары. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баянсұлудың туған жері – Баянаула тауы…». Бұл әңгімеден түйетін мәселе Ақкөл-Жайылма тарихы Алтын Ордамен байланысты болғанымен, түп-тамыры одан әрірек. Қазақ түсінігінде «оба» көне дәуірдің (ерте көшпелілер) ескерткіштеріне қатысты қолданылады. «Қозы Көрпеш-Баян  сулу» жырына  мазмұн  болған  оқиғалар  мен  түсініктер  өте  ерте  заманға тиесілі екенін академик Ә. Марғұлан  майын  тамыза жазған. Кейін  келіп осы ескі қонысқа Алтын Орда дәуірінде  Шайбан әулетінің пантеоны-ескерткіші салынуы әбден мүмкін.

Үшінші дерек Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» кітабында кездеседі. Бұл ХVІ басында шежіреге негізделіп жазылған еңбекте: «Ол мәһалда Шайбан-хан нәсілінен Маңқұтай оғлы Кызыр-оғлан тәрләр әрдә. Сайын-хан (Бату-хан – Ж.А.) салғаған Маңқұтайдың йурты Ақ-Көл тегәндә әрді. Өзгә оғланларындан айырылып йуртындә болмақының жәһәтін йуқарыдә зікр қылыб турур біз.

Әлқіссә, бегім (Тайдолла – Ж.А.) мәзкүр Кызыр-оғланны үндәтіб әлтіб Сайын-хан тәхтіндә Сарай віләйәтіндә хан қылды…

Ол мәһәдлдә Шайбан-хан нәсілдің Маңқұтай оғлы Кызыр қожа (Жошы – Ж.А.) ханның өзгә зәфісіндін болған он йеті оғлұнының нәбәрәләрін білән Кыйат Ысатайғә  қошун бәрді…» делінеді.

Өтеміс қажының жазуына қарағанда Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысы Ақкөл-Жайылмаға Сайын ханның (Бату) бұйрығымен ие болған. Негізінде одан да ертерек  осы жерге қатысты болса керек. Шыңғыс хан Жошыдан туған он жеті ұлдың тек үшеуіне ғана үлес беріпті делінеді ескі аңыздарда. Олар Орда Еженге Сарыарқа, одан әрі Сыр мен Алтай арасы, орталығы Ұлытау – «күміс босағалы көк орда», Батуға осы Ұлытаудан батысқа дейінгі жерге ие болды – «алтын босағалы Ақ Орда», одан кейінгі Шайбан Орда Ежен мен Бату арасындағы жерге ие болды, яғни Ұлытаудан Ертіс, одан әрі Ібір-Сібір жұрты – «болат босағалы боз орда». Кейіннен Бату батысқа жылжып жеті жылдық соғыстан кейін (1235-1242) Шығыс Еуропа, Русь, Кавказды билеп отыру үшін Еділ бойында (Сарай-Бату) астана салдырды. Сол кезеңде Шайбанға тиесілі жер көлемі ұлғайып орталығы Ақкөлге орныққаны байқалады.

Өзбек хан тұсында Жошы тұқымының бәрі қият Исатайға берілген уақытта Шайбан тұқымының оғландары аталарының атағы арқасында өз қоныстары Ақкөл бойында ешкімге бағынбай қалған. Бердібек хан өлгеннен кейін (1359 жылы) Бату тұқымынан хандыққа лайық адам табылмай Ақкөлден Қызыр хан Алтын Орда билігіне келеді.

Әбілғазының жазуына қарағанда Шайбан, ағасы Сайын ханнан үлеске Орда Ежен мен Бату хан шекарасындағы жерлерді алған: «Отырар жерің ағам Ежен мен менің арамда болсын. Жазда Ырғыз, Сауықта (Торғай), Ор, Електен Орал тауына дейін Жайықтың күн шығыс жағын жайла, қыста Арақұм, Қарақұм, Сыр суының бойын, Шу, Сарысудың аяғын қыста».

Осыдан кейін Шайбан хан кәрел жұртына бір ұлын жақсы бектерімен және елімен көшіріп жіберіп өзі жұртында қалады.

Хасан ар-Румидің деректері

Ақкөл  қалашығы туралы  деректер атақты ортағасырлық  көпес Бадр  ад-дин Хасан ар-Румидің  хабарларында кездеседі. Ол  Алтын  Орда (ол  кезде Өзбек ханның билігі жүріп тұрған уақыт)  шеқарасының  Жейхұннан  басталып Хорезм, Сығанақ, Сайрам, Жаркент, Женд, Сарай, Мажар, Азак, Акшакерман (бұл қала Қырымда), Кафа, Судак, Саксин, Укек, Бұлғар  қалаларын қамтитынын   жазады, оған Сібір және Ібір, Башқырд (мәтінде солай) және Чулыман өлкелері енеді. Бір жақсысы, Хасан ар-Руми өзі  жүрген  жерлердің арақашықтығын, ерекшеліктерін  нақты  есептен  беріп  отырады: «Темір Қақпа», яғни Баку қаласының маңынан Ібір-Сібір  арқылы Кытайға  керуен  бес  ай бойы  жүріп  барады» дейді  көпес. Бұл  бес ай дегеніңіз мемлекеттің жерінің ұзындығы, ал ені Жейхуннен  Дунайға дейін... Сейхуннен  Дунайға шейін  төрт айлық жол, Сейхун мен Жейхун арасы 15 күндік,  енді Жейхун мен Жайық арасы 15 күн, ал  Жайық пен Еділ  арасы 10 күн. Еділден Донға  дейін – бір ай...»

Хасан ар-Руми өзге саяхатшылар ылғи да шатастыратын мәселелерде  аса біліктілік  танытады. Мысалы  оның  жазуынша, Жейхун өзені Кулзум  теңізіне (Каспийді  айтады) құяды  деу қателік, «шын  мәнінде ұзындығы 100 фарсахтай (әр фарсах –7-8 шақырым) болатын Тұздыкөлге (Арал теңізін  айтып отыр) құяды». Көпестің  айтуына қарағанда  ерте  уақытта Тұздыкөлді Хорезм теңізі деп  атаған, оның  ортасында Жәгір  аталатын  тау бар (Барсакелмес  аралы-?).

Ал-Ирбилидің Бұлғар туралы  айтқан «оның  ең қысқа түні 4,5 сағатқа созылады – ол Қыпшақ  елінің  ең  даңқты  қаласы» дегеніне  байланысты Хасан ар-Руми өз сөзін жалғастырады:

«Шын  мәнінде  мен  Бұлғар қаласындағы  есепші-астроном Масудпен  намаз уақытын есептедім, – дейді  көпес, – әр түрлі  астрономиялық  құралдарды пайдаланып біз расында да ол жердің түні жаз айларында 4,5  сағаттан  аспайтынын анықтадық. Енді  тексере келе  Қыпшақ даласында  одан түні қысқа  жерлер  бар екенін білдім. Мысалы  Ақкөл  деген  кішкене  қалада жазғы қысқа түн бар болғаны 3,5 сағат, яғни Бұлғардан  бір   сағатқа кем. Бұлғар мен Ақкөлдің  арасы  (яғни Қазан қаласы мен  Ақкөл арасы)  20 күндік жол, Ақкөлден әрі  Ібір-Сібір, одан әрі Чулыман. Саяхатшы  Чулыманнан шығысқа қарай жүрсе, алдымен  Қарақорымға, одан  кейін  Қытай жеріне  келеді». Ал «егер  Чулыманнан  Батысқа  қарай  жүрсеңіз, –  дейді  көпес, –  сіз  орыстардың  жеріне  келесіз, ал  одан  кейін  франктердің  жері  басталады, осылай   Батыс  теңізіне   жақындайсыз».  

Біздің  бұл  мәселеге  байланысты  қарастырған   әдебиетте  жазғы   ең қысқа  түн  Сарыарқаның  осы  тұсында   анық  белгі  береді. Бұл  ай қазақша айтқанда  қырық  күн  шілденің  орта  тұсы. Ендеше Ақкөл Алтын Орда  заманында  көпестер  мен елшілердің  ат басын  тірейтін   белгілі  қаланың бірі.

Ақкөл-Жайылманың қазақ санасындағы маңызы

Ақкөл-Жайылма өңірінің Еуразия көшпелілері үшін тарихи орталық  болғанын дәлелдеу үшін көптеген деректерді келтіруге болады.  Ақкөл-Жайылма өңіріне қатысты қазақ аңыздары терең зерттеуді қажет етеді. Себебі миф-әфсана немесе батырлық жыр (Қобыланды батыр, Қөрұғлы) түрінде сақталған бұл аңыздардың кілті көне заман тарихында, тілдің этимологиялық құпияларында. Солардың бірі және маңыздысы «Қозы көрпеш – Баян сұлу» сияқты көне жыр осы Ақкөл-Жайылмамен байланысты. «Қозы Қөрпеш – Баян сұлу» жырының шешуші оқиғалары Қарабайдың «...Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті... Өлеңтінің бойынан көшкен күні Сарыбайдың сабасы жарылады…Сарыбайдың сабасы жарылған жер, Ақкөл менен  Жайылма сонан қалған» деп тоқсан мың жылқыны айдап көшуімен басталады. Өлеңтіні өрлей көшсе, Қарабайдың елі өзіміздің Қараөткелге келеді.

Мәшһүр жинақтарында кездесетін «Алтай туралы» делінетін аңызда Алтай деген жігіттің жас күнінде «жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып, қанжығалы Пісбекбайдың жылқысынАқкөл-Жайылмада баққаны әңгімесімен басталады. “Ішбекбай, Пісбекбай деген екі ағайынды байлар екен» дейді шежіреші. Бір жылдары ауыр жұт болып «күллі Ақкөл-Жайылмадағы елден қалған мал Ішбек-Пісбектің Ішбегінде екі нар қалыпты. Жазғытұрым болғанда Ақкөл-Жайылмада қалған ел сол  екі нармен тасынып көшіп-қоныпты». Алтай батыр осы жұттың боларын алдын ала біліп Пісбекбайдың жылқысын, ұзын аяқты түйе мен сиырын құс жолының астымен жылы жаққа айдап алып кетіп аман сақтапты. Кейіннен осы ерлігіне риза болып Пісбекбай қыздарын Алтайға береді-мыс. Сол қыздардан Әліке, Байдалы, Сайдалы, Мойын туып «Арғынның сәуірі» атанды. Қазақта «Арғын болсаң – Алтай бол» деген сөз Алтай-Қуандықтың арғын ішіндегі үлкендігін, көптігін, мықтылығын айғақтайды. Пісбекбайдың өзінен тараған еркек кіндік жоқ.

Бұл қай заманның аңызы, аңызды қалай сөйлету керек? Біздің пікірімізше, әңгіме оғыз-сақ дәуіріне қатысты. Ішбекбай мен Пісбекбайдың атасы Толыбай сыншы бүкіл оғыз елінің түпкі атасы (этноарх). Оның үлкен баласы Раушанбектің тұқымы – бүкіл Кіші Азия, Кавказ, Шығыс Еуропа жеріне тараған оғыздар. Олар қазіргі түрік-осман, түркімен, әзірбайжан, гагауыз, т.б. елдер. Бұл кезең туралы «Көрұғлы» жырынан да біршама мәлімет алуға болады. Толыбайдың екінші ұлы – Пісбекбайдың тұқымы ғұндар бастаған «халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезінде ғұндармен араласып, ассимиляцияға түсіп кеткен. Алтайдың Сарыарқаға  келуі, Пісбекбайдың қыздарын алуы осы мәселені нұсқап тұр. Ал Ішбекбайдың тұқымы қазіргі уақытта қазақтың, қазаққа туыс бірнеше халықтардың арасында кездесетін қанжығалы руы. Сақ дәуіріндегі аңыз-деректерге қарағанда Ішбекбай – ішкі оғыздардың (ишкузы) Мысыр еліне дейін жеткен 28 жылдық жорығын басқарған патша. Гректің ұлы тарихшысы Герадот осы Ішбекбай (Ишбакай) талай жылғы соғыстарды бастан өткеріп ақыры өз еліне қайтып келді дейді. Оның әңгімесі тым көп, бұл мақала көлемі  оған аздық етеді.

Тіпті бертінгі қазақ заманында да Ақкөл-Жайылма жерінде хан сайлаулары өтіп тұрған. Соның бірі 1817 жылы 30 мамыр күні осы жерде Орта жүздің ханы болып Барақұлы Бөкейдің сайлануы. Абылай тұқымының беделін түсіру үшін бұл жиынға Ресейдің әскербасылары да келген және өзге қазақ  сұлтандарының  Ақкөл-Жайылмаға  жинауына тікелей ықпал жасаған. Жеке Сібір корпусы генерал-лейтенант Глазенаптың  Ертіс бойындағы елдің сұлтаны Шаншар Сұлтанмәмедұлына хаты: «Благодарю Вас покорнейше, почтеннейший султан, за усердие Ваше, причем нужным считаю вас не оставить своим приездом к 30 числу мая на озеро Джайылму для бытия при церемониале хана Букея, на котором я сам предпологаю присутствовать». Міне, Ақкөл-Жайылманың көне тарихын біз осы сияқты аңыздардан да әдемілеп тарата аламыз. Орыс-қытай деректеріне ғана сеніп, немесе қазіргі уақытта тым өршіп кеткен көпірме, жаңсақ тарихқа үйреніп қалған біздің құлағымызға тым түрпідей  естілгенімен, шын шежіре – осы.  

Этнографиялық мәліметтерді, археологиялық қазба материалдарын, қазақ шежіресін, ғылыми тұжырымдарды жинақтай отырып біз төмендегідей қорытындылар жасаймыз:

- Ақкөл-Жайылма жері – ұлан-байтақ қазақ жерінің ішіндегі табиғаты бай, көркем, қадірлі, қасиетті өлкесінің бірі;

- Ақкөл-Жайылма – тіршілікке, мал шаруашылығына, адам өсіміне  өте ыңғайлы, қолайлы аймақ;

- Ақкөл-Жайылма – тарихи өлке. Бұл жерден табылған тарихи жәдігерліктер, деректер оның ежелден тарихи орын екенін дәлелдейді;

- Ақкөл-Жайылма жерінің тарихи ескерткіштері тас ғасырынан бастау алады. Қараоба төңірегіндегі неолит дәуірінің микролит пластиналары осыған дәлел;

- Ақкөл-Жайылма жерінің ерте көшпелілерге тікелей қатысы бар. Бұл жердегі бейітте және далалық алқапта кездесетін төбелердің көпшілігі оғыз-қыпшақ дәуіріне жатады;

- Ақкөл-Жайылма Алтын орда (ноғайлы) дәуірінде Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысының орталығы болғандығы деректерден аңғарылады.

- Ақкөл-Жайылма ноғайлы дәуірінде үлкен, дамыған мәдениеттің, жазба дәстүрдің орталығы болды деп айта аламыз;

- Алтын Орда дәуірінің Ақкөл-Жайылма жерінде ғажайып культтік құрылыстары, қалашықтары, кен өндірісі, кірпіш құятын орталықтары болғаны біздің жинақтаған деректерімізден аңғарылады;

- Қаражар ауылындағы  қазақ зиратында тек көне дәуір емес, бертінгі ХVІІІ ғасырдың да ескерткіштері (Көлебе батыр бейіті, т.б.) бар.

- Төбешіктер маңынан ирригациялық құрылыстың (арықтар) жүйесі аңғарылады, егіншілік алқаптарына ұқсас жер бедерлері бар;

- Ақкөл-Жайылма маңы ірі қорғаныс жүйелерінің іздерін сақтаған. Бұл бірнеше шақырымға созылған ор (Дуана мен Жаманкөлді қосатын);

Осының бәрін ескере отырып Ақкөл және онымен қатарлас Ақжар-Сасай өңірлерін табиғи және этнографиялық тарихи парк есебінде жариялауды ойластырған жөн деп есептейміз. Бұрын-соңды Павлодар өңірінен мұндай көркем де күрделі ескерткіш кездеспегендіктен, ел басшылары мен зиялы қауым  оны сақтау және зерттеу мәселелеріне аса көңіл бөледі деп сенеміз.

Тез арада Ақкөл-Жайылманы қорғап қалу, Әулие Ақкөлге су жіберу мәселесін шешу қажет. Ақкөл-Жайылма маңын табиғи-экологиялық апаттан аман сақтап қалуды ойластырған жөн.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ