Жетіасар мәдениетін зерттеу кезек күттірмейді
14.06.2017 2786
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мен NDH порталының бірлесіп «Жетіасар мәдениеті – тарих ізі» тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды көздеген болатын. Онда туған жерге және оның ұлттық құндылықтарына іңкәрлікпен назар аударып, әркімнің өз жерінің тарихы туралы білуі тиіс дегенді меңзеген. Сондай-ақ бұл бағдарлама қазақ тарихы шежіресінен орын алатын, талай тарихтың ізі болған жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады. Осы мақсатта 13 маусым күні Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесі мен «Қазконтент» АҚ National Digital History порталының бірлесіп ұйымдастырумен «Жетіасар мәдениеті – тарих ізі» атты тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды.

Шараға Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкерлері мен тарихшылары, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінің қызметкерлері және National Digital History  порталының журналистері қатысты.   

Сыр өңірі – құпиясын ішіне бүккен көне шаһарлар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Осы баға жетпес қазынаны қалың көпшілікке кеңінен насихаттау, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру  мақсатымен ұйымдасқан бірлескен арнайы экспедиция оңтүстік географиялық белдеуде орналасқан және Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштердің бірі – Жетіасар мәдениетінің көне қалаларының орындарында болды.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлерінің дерегі бойынша, өңірде қазіргі таңда 532 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар болса, 237 нысан алдын-ала есепке алынған. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы және одан туындайтын Мәдениет және спорт министрлігінің Қағидалары шеңберінде ескерткіштерге қорғау шараларымен қатар, археологиялық зерттеу, қайта қалпына келтіру және тағы басқа кешенді жұмыстар өз кезегінде жүргізіліп келеді. Тарихи мұраларға мән берген мамандардың айтуына қарағанда, соңғы бірнеше жылдан бері Араласар, Жетіасар, Сығанақ, Жанкент, Сауысқандық, Шірік Рабат қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлі де жүргізілу үстінде екен.  

Қызылорда шаһарынан басталған экспедиция Сыр бойындағы дала мәдениеті жауһарларына, оның ішінде Сырдария өзені бойындағы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарасты тарихи ескерткіштерге экскурсиядан басталды. Сыр бойындағы құмды, шөлейтті, бойы сексеуіл, жыңғыл, шырмауықтар жайлаған дала жолдарымен жүріп, жол жүрді.

Алдымен экспедиция мүшелері Сырдария ауданындағы Қалжан ахун медресе-мешітін аралап, баба рухына тағзым етті. Одан әрі Қармақшы ауданыдағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне жол тартты. Түркі әлеміне ортақ Қорқыт Ата кешенінің тарихымен танысып, музейдегі қобыздардың қоңыр әуеніне демалып, сапарын одан әрі жалғастырып, қаңлылар кезеңіндегі Жетіасар мәдениетінің кешендерін аралады.

Тарихтан сыр шертер болсақ, Жетіасар – б.з.б. ІІІ-І ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан қалашығы. Көне қаңлы қалалары Cырдария өзенінің төменгі ағысындағы, оның ескі арнасы Қуаңдарияның бойында орналасқан көне ескерктіштер тобын құрайды. Қаланың ғұмырлық кезеңдері б.з.б. I-мыңжылдықтың ортасы мен б.з. IX ғасырдың басы екен. Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен Жетіасар мәдениеті деп атаған. Ескерткіштердің тағы бір қызығы, асарлардың төбесіне шыққаныңызда төңірек аумағында үлкенді-кішілі алты асарды көзіңіз шалса, өзіңіз тұрған асарды қосқанда жетіасарды байқайсыз. Бұл бұл мәдениеттің басты белгісінің бірі екен.

«Жетіасар мәдениеті – тарих ізі» атты тарихи-мәдени экспедициясы алдымен Қармақшы ауданының орталығы Жосалы ауылын қиып өтіп, 100-ден астам термеші мен жыршы туған Тұрмағанбет ауылына жетіп, ары қарай жолсыз дала жолына түсіп, ауыл іргесінен 10 шақырым жердегі Жалпақасар қалашығына жетті. Төбешік болып, орналасқан қаланың төбесіне шыққанымызда, шашылған құмыралар мен сүйектердің қалдықтарына кез келдік. Сосын төңірекке көз шалып, қалған алты асарды санамалап көрдік. Экспедиция құрамында жүрген тарихшылардың пікірінше, асарлар маңын мекен еткен халықтың күнкөріс көзі егіншілік пен мал шаруашылығы деседі.

«Тарихи орындарға тереңірек тамыр тартқан С. Толстов қала құрылыстарының ерекшеліктеріне байланысты асардарды үш топқа бөлген екен. Бірі – ғимараттары бар бекіністі үй-жай, екіншісі – қуатты қорғаныс жүйесі бар, құрылыс орны жоқ ірі қамалдар болса, ендігі бірі – қорғаныс жүйесі, түрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар», – дейді тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Е. Елеуов.

Экспедиция мүшелері Жалпақасарда жарты сағаттай амалдап, одан әрі Қармақшы ауданы территориясындағы Томпақасар, Тікасар, Кіші Қосасар, Қурайлы асар қалашықтарын аралап көрді.

«Жетіасар мәдениетін зерттеу тарихи құпияларды ашуға жол ашады. Бұл ескерткіштер біздің бабаларымыздың баға жетпес байлығы мен өзіндік жоғары өркениетін көрсететін мұралар. Бәлкім бұл мұралар тастан жасалған да бүгінгі әлем тарихшылары үшін сенсациялық, ғаламат жаңалық ашулары болушы еді. Тек әттеген-айы, саз балшықтан жасалғандығы. Жетіасар ескерткіштерін өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай бір мәдениетке топтастырған. Сол себепті бұл асарлар Жетіасар шатқалының атымен аталған. Қызылорда аумағында 20-дан аса асарлар бары анықталған. Олардың барлығы біздің мекеме тіркеуіне алынып, мемлекет қорғауына берілген. Асарлардың көбі Қармақшы ауданында орын тепкен. Қалғандары жаңа өзіміз өткен Жалағаш, Сырдария аудандарында, – дейді бізбен әңгімесінде Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуов.

Экспедиция құрамы Қармақшы және Жалағаш аудандарындағы  асарларды тамашалап, көне қалалардың тарихын бір шолып шыққандай әсерге бөленді. Асарлардың арақашықтығы өте алыс та емес, төңіректі қаумалай орналасқан. Кейбір асарлар ескі бекініс-қамалдармен қоршалған. Көзбен көрген, көңілге түйген асарлардың бүгінгі жайын барлап барған біздер асарлардың ерекшеліктерімен танысып қайттық. Мәселен, біз аялдаған Қурайлы асары бұрынырақта қорғаныс бекінісі ретінде қызмет атқарған. Елді сырттан келетін қауіп-қатерден қорғау үшін сақшылар биіктікті бойлай күзет еткен. Қалашықтың қазіргі келбетіне көз тастасаңыз, өткен күннің мәдениеті мен тарихын тереңнен түсінуге бағыт аласыз.

Қош, сонымен «Жетіасар мәдениеті – тарих ізі» атты тарихи-мәдени экспедициясы Қызылорда облысының үш ауданын қамтып, мемлекеттен қолдауды қажет ететін Жетіасар ескерткіштерінін талай тарихты ішіне бүгіп жатқанын айтып тарқасты. Тек асарлар ішінде Алтынасар қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, реставрациялық жұмыстар жасалған екен. Сыр өңіріндегі барлық асарлар мемлекет қорғауына алынып, тарихи мұраларды қорғау мекемесінде тіркелген. Ендігі мақсат – Сыр өңіріндегі қайталанбас тарих жауһарлары, ұлы бабаларымыздың мекендеген тұрақтарын әлем халқының назарына таныстырып, ЮНЕСКО көлемінде қорғалған мұралар қатарына кіргізуді жол нұсқау.

National Digital History порталы Жетіасар мәдениетіне қатысты құнды деректер мен архивтік құжаттарды үш тілде аударып, портал оқырмандарына ұсынатынын жеткізді. Уақыт өткен сайын сыр бере бастаған асарларға кешенді түрде зерттеу жұмыстарының жүргізілу қажеттілігі де көзге ұрып тұр. Бір жағынан оларға апаратын жолдың мәселесі де сын көтермейді. Ендігі мәселе құзырлы орган өкілдері Жетіасар мәдениетін қолға алып, оған апаратын жолдарды бірізділікке түсірсе, әлем халқының туристері мен тарихшы мамандары бұл қалашықты тамашалап келуге құмартатыны айдан анық.  

Дәурен Кәрісбеков, Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің инспекторы: National Digital History порталы порталымен Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі бірлесіп, Жетіасар мәдениеті орналасқан асарларға тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырдық. Шараның мақсаты – Сыр бойындағы кез келген асар қалашықтарымен және олардың құрылыс жүйелерін таныстырып, тарихтан алар орны туралы тағылымды ақпараттар беру. Біздің мекеменің мамандары осы мақсатта экспедиция құрамында жүр.

Жалпы Жетіасар мәдениеті туралы түрлі болжамдар мен пікірлерді ғылыми негізде тану үшін, алдағы уақытта тарихи-мәдени, этнографиялық және археологиялық зерттеулерді жүйелі жүргізуді мақсат ету үшін осындай тарихи мәдени экспедициялардың өтуі маңызды деп білемін. Себебі бұл экспедициялар төл тарихымызды танытатын оны келешек ұрпаққа аманат етіп, әлем халықтары алдында қазақ ұлтының алтын тарихын паш ете алатын орындар. Бұл экспедицияның бір жағының артықшылығы асарлар мәдениетін, олардың тарихи туралы ғылыми зерттеулер мен тарихи деректерді үш тілге аударып, National Digital History порталында орналастыратын болдық. Сол арқылы шетел туристері мен ғалымдар ақпаратты өзге тілде оқи алатыны қуантты.

Сондай-ақ National Digital History порталы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясы жұмыс күндерін Қызылорда облысында 11 маусым күні бастаған. Өткен екі тәулік ішінде аталған экспедиция Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 1000 шақырымнан астам жол жүріп, көне «Жібек Жолы» бойындағы бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштер мен көне Жетіасар мәдениетінің көне қалаларында болды. Экспедиция Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешіт-медресесі, Қармақшы ауданындағы Марал, Қалқай ишан кесенесі мен Қорқыт ата мемориалдық кешенінде және Жалағаш ауданы мен Қармақшы ауданындағы көне қаңлы қалаларында болып, аталған нысандардың елді елең еткізер ерекшеліктерін фоторепортажға түсіріп, құнды тарихи деректер мен зерттеу ақпараттарын жинастыру үстінде.

Алдағы күндері портал журналистері Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандарында да экспедиция күндерін жалғастырады.  

Қызылорда-Тереңөзек-Жалағаш-Жосалы-Тұрмағамбет-Қызылорда