МҰХТАР ӘУЕЗОВ айтқан екен...
01.07.2017 4170
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Әуезов Мұхтар – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының акдемигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Лениндік сыйлықтың лауреаты. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында 1897 жылы туып, 1961 жылы Алматы қаласынан топырақ бұйырған.

М. Әуезов – үлкен өмірлік, шығармашылық жолдан өткен ұлы тұлға. Ол бала кезінде атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде жүріп-ақ  сауатын ашады. Сонсоң Семейдегі бес сыныптық орысша оқытатын училищені, одан кейін мұғалімдік семинарияны бітіреді. Мұнан әрі бір жыл Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік үниверситетінде, төрт жыл Санк-Петербург университетінде оқып, филология факультетін бітіреді.

Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, алуан тақырыпқа із салып, қыруар очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысқан. М. Әуезов шығармашылығының асқар шыңы – Абай тақырыбы. Ұзақ зерттеп, кең тыныспен жазған «Абай жолы» роман-эпопеясын он бес жылға жуық жазған. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтың шығармашылық ұлы жеңісі болып табылады.

* * * 

Мұхтар Әуезов 1958 жылы Павлодар облысында болып, еңбекшілермен қызықты кездесулер өткізеді. Ертіс бойын, Баянауылдың әсем табиғатын қызықтайды.  Осы сапарында жүріп, бірде Мұхаң жанындағы серіктерімен әңгімелесіп отырса:

– Ассалаумағалейкум, Мұха, апаздал қалдым, – деп мол денесімен есіктің екі жақтауына кезек соғыла, қалбалақтап, Баянауыл аудандық атқару комитетінің председателі Сақтаған Шурин кіріп келеді.

Мұхаң мырс етеді де:

 – Уағалейкуммәссәләм, – деп сөзін үзіп тоқтап қалады. Шурин отырғаннан кейін, оған қайта қарайды. – Ал, «апаздал» қалдымыңыз не?

 – Енді Сізді қарсы ала алмай қалған соң, апаздал қалған емей немене? – дейді Шурин.

 – Пәлі, – дейді Мұхаң мұрынын бір сипап қалып, – өзіңіз ел басшысы болсаңыз, халық дәулетін байытып, молайту жолында қызмет етеді екенсіз. Егін салу, етті көбейту, сүтті молайту, жолында жүрген адамдарсыз ғой.

– Иә, иә, Мұха, – дейді Шурин орнынан ұшып кетердей талпынып.

– Олай болса, ана тілі де халық қазынасы емес пе? Ел басшылары жалғыз малдың ғана сапасын жақсарту үшін емес, ана тілін де таза ұстап, дұрыс сөйлеуге тырысуы керек қой. «Апаздал қалдым» дегенше «кешігіп қалдым» демейсіз бе? Басшы бәріне де үлгі. Сіз қалай сөйлесеңіз, жұрт та солай сөйлейді, таза тілді бұзу осыдан басталады. Егер ағып тұрсаңыз, онда бірыңғай орысша сөйлеңіз. Ол тілді мен де бір кісідей ұға аламын. Мен сіздің кешіккеніңізге емес, «апаздал қалдым» деп, екі тілден қойыртпақ жасап, ана тілін шұбарлап сөйлейтініңізге ренжіп отырмын! – деген екен.

* * *

Мұхтар Әуезов 1958 жылы Павлодар облысын аралап, еңбекші қауыммен кездесе жүріп, Баянауылға келеді. Жанында жүрген серіктерінің бірі сөз арасында:

– Мұхтар аға, бұрын Баянауылда болып па едіңіз? – деп сұрақ қояды. Сонда Мұхтар:

– Бұрын  Баянауылда болғаным жоқ. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бірге. Олай дейтінім – менің қымбатты қимас достарым Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаев осы Баянауылдан шыққан азаматтар ғой. Олар маған Семейде де, Ленинградта да, Алматыда да Баянауыл туралы көп-көп әңгімелер шерткен. Солардың айтуы, суреттеуі бойынша ол өңірдің Ақбет тауы, Қалмаққырған жотасы, Жасыбай, Сабынды, Торайғыр көлдері әлі картаға толық түспей жатып, менің көкірегіме көшкен. Мен ол достарымның кеудесіне Шыңғыстауды орнатып бергенмін. Осы елді көрсем, барсам деп талай талпынғанмын. Сәті түспеген. Енді міне, сол  Баянауылға кәрі ғашықтай құмартып келе жатқан жайым бар, – деген  екен.

* * * 

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен әзілдескісі кеп, жанаса беретін финанс министрі Қазақ ССР Жоғарғы Советі сессиясында баяндама жасапты. Үзіліс кезінде бір топ депутат жазушыны ортаға алып, үйірілісе қалады. Министр топқа таяп кеп:

−Мұха, менің баяндамам қалай шықты? – деп сұрапты.

Сонда Мұхаң :

– Ел сенен ақыл сұрар дейсің бе? Ақшаңды берсең болды да, – депті.

* * *

Университет аудиториясында өз шәкірттеріне Мұхтар Әуезов бірде «Жазушы боламын деп емес, жазуым керек еді деңдерші» деген екен.

* * * 

Режиссер асқар Тоқпанов бірде Мұхтар Әуезовтен:

– Мұха, Абайды сарықтыңыз ба? – деп сұрапты.

Сонда  Мұхаң:

– Пәлі, Абай мұхит емес пе?! – Мұхитты кім сарқады? – деген екен.