«Ноқта аға» ұғымын қалай түсініп жүрміз?
14.07.2017 3496
«Ноқта аға» институтының енуі – Жошы тұқымының арасынан шыққан ел билеушілердің көшпелі қауымдарды басқару үшін енгізген арнайы реформасының нәтижесі

Бір қарағанда қазақ мемлекетінде еуропалық билік және басқару институттары жоқ. Олар болмаған себепті қазақтың мемлекетін жоққа шығару – біздің тарихнамада орнығып қалған дәстүрдің бірі. Біз бұл дәстүрді бұзудың жалғыз жолы бар деп есептейміз. Ол – қазақ деректеріне негізделген мемлекеттану зерттеулері. Осы мәселені Қазақ Хандығының мемлекет ретінде өмір сүруінің бір құпиясы «ноқта аға» институты мысалында ашып көрейік. 

Деректерге қарағанда «ноқта аға» хандық билікке ие болған әулетке тарихи жақындығы бар (таңбасы, ұраны, т.б.) рулардың арасынан сайланады да, туыстық иерархияға бағына бермейді. Олардың міндеті:  туыстық жүйені босаңсыту, ру-тайпалық бірліктерді орталық мүддесі тұрғысынан қадағалау. Ел аузындағы ескі аңыз бойынша «ноқта ағасы» кәдімгі ноқта сөзінен шығады, «бірде жылқы үлесін алғанда қолында көп ноқтасы болған Жалайыр өз туыстарына қарағанда жылқыдан аттарды көбірек ұстап үлгерген-мыс». Шын мәнінде Жалайырдың ноқта ағасы болуына жылқының еш қатысы жоқ. Осы мәселені ашып көрсетейік.

Қазақ қоғамының негізі рулардан құрылатыны белгілі. Әр рудың қоғамда алатын орнын, өзара қарым-қатынасын туыстық жүйе реттейді. Насаб-нама бойынша шыққан тегіне қарамастан  рулардың бәрі бір-біріне туыс, бірі үлкен, бірі кіші. Қазақтың «жол» тәртібі осы туыстық заңына бағынышты болған себепті, алқалы жиындарда, жауға қарсы тұрғанда «ағалы-інілі» тәртібін қолданады. Үлкен ру конфедерацияларының өзі де туыстық жүйемен жинақталады, тіпті жүздерінің атаулары да «ұлы», «орта», «кіші» делініп бір атадан тарағандыққа меңзейді. Ал шынтуайтына келгенде бүкіл қазақ халқы ертеде мемлекет болған, тарихта егеменді ізі сайрап жатқан ірі ру одақтарынан құралады. Қоғамның өзегі туыстық қарым-қатынастар болғандықтан, әр ру өзін-өзі басқарып, хандық биліктің күшеюіне жол бере қоймайды. Қазақ Хандығы деген мемлекетті ХV ғасырдың ортасында құрған уақытта жалпы халықтық жиында ру-тайпа өкілдері өзара ақылдасып, бәріміз Алаша ханның үш баласынан тараған ел болайық, жұрт болайық деп келіскен. Осылайша ру-тайпалық жүйеге сүйенген әкімшілік-территориялық құрылым жасалған.  Сонымен бірге ру-тайпалардың  өз бетімен ауа жайылу мүмкіндігін тежеп отыратын тағы бір мықты тетік  жасалған, ол – ноқта аға институты. 

Қазақ халқының мемлекеттік тарихында «ноқта аға» институты ерекше орын алады. «Ноқта аға» институты сияқты құбылыстарды толық зерттемей біз көшпелілердің саяси құрылымдары туралы пікір айта алмаймыз. Көшпелі қауымдар мемлекет құра алмайды деген жаңсақ пікір  де «ноқта аға» сияқты саяси-мемлекеттік институттардың нақты зерттелмей жатқандығынан.

Шежіре деректері «ноқта аға» институтының тарихын Алтын Орда заманынан бері қарастыруға мүмкіндік береді. Ол Әз Жәнібек хан (ел билеген уақыты: 1342-1357 жылдар) атымен байланысты. Белгілі шежіреші М.Ж. Көпейұлы: «Сонан соң (Алаша ханнан кейін) қазақ ноғайлының ханы Әз Жәнібек ханға қараған. Ол Қазақты өз заңына, бетімен жайылған қалпына жіберген. Ұлы жүзге Үйсін аға деп Үйсіннен датқа сайлап, Жалайырдан оған көтермеші сайлаған. Орта жүзге Арғын аға деп, Арғыннан датқа сайлап, Найманнан оған көтермеші сайлаған. Кіші жүзге Алшын аға деп, Алшыннан датқа сайлап, Жаппастан оған көтермеші сайлаған. Қарап отырғанда бір бос әңгіме, шын-өтірігін Құдайдан басқа білушісі жоқ», – дейді.  ХХ ғасырыдың басындағы қазақтың тағы бір тарихшысы Қ. Халид шежіреге жаңа аттарды да енгізген: «Байқотан би Жәнібектің бірінші уәзірі болып, мұның тоғыз ұлы бар-тын. Бәйбішеден жалғыз Үйсін, екінші әйелінен Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Уақ, Керей. Үшінші әйелінен Алшын, Жаппас болатын. Байқотан би Шыңғыс ханға уәзір ағзам болған Майқы бидің бесінші немересі… Жәнібек хан Байқотанның үш ұлын үш жүзге әкім етіп, әрқайсысына тайпаларды бөлген».

Қазақтың бірнеше шежіре үлгілерінде айтылатын бұл ерекше қызықты дерек Алтын Орданың жарқын жылдары Орталық Азияда көшпелілердің дәстүрлі саяси және этникалық құрылымының қайта жаңғырғандығын дәлелдейді. Империяның шексіз ұлғаюы әлемдік державаға айналуы басқаруда тиімді әдісті іздестіруге, ойластыруға әкелді. Империялық орталықты күшейтумен қатар кейбір аймақтарда, әсіресе көшпелі тайпалар үстемдік еткен өздерінің дәстүрлі саяси институттарын қайта құрылуына жағдай жасады, осыған байланысты Шығыс Дешті-Қыпшақ тайпалары өздерінің дәстүрлі үшке бөлінуін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алды.

Алтын Орда мемлекетіндегі қоғамдық-саяси құрылым проблемасын зерттеген Г.А. Федоров-Давыдовтың  қазақ жүздерінің қалыптасуы Алтын Орда мемлекетінің басқару жүйесіндегі өзгерістерге тікелей байланысты деген пікірі қазақ шежіресінің мәліметтерімен сәйкеседі: «Қазақ жүздері ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы өмір сүрген көшпелі халықтың тайпалық-патриархалдық жүйенің бөлшегі емес. Бұл бірлестіктер  бұрынғы рулық, тайпалық жүйенің көптеген сарқыншақтарын сақтап қалғанымен (жаңадан) көшпелі ұлыс ретінде біріктірілген бір немесе бірнеше ханның иелігіндегі бірлестік. Жүз тайпа емес, Алтын Орда мемлекетінің ұлыстық жүйесінің белгілі бір бөлшегі». Белгілі тарихшы З. Жандарбек қазақ жүздерінің қалыптасуы туралы қазірге дейін қалыптасқан пікірлердің ішінде жоғарыда келтірілген  Г. Федоров-Давыдов пікірі ғана тарихи шындыққа жақын дейді.

Қалай болған жағдайда да басқару жүйесінің тетігі ретінде Қазақ хандығы «ноқта аға» институтын қабылдады. Ұлы жүздегі әкімшілік-рулық құрылымының басына «ноқта ағасы»  атағымен жалайыр тайпасы бекітілді. Осы ортадан Шыңғыс хан заманында әлемге әйгілі болған Мұкали гойон, Хантун нойон, Кадан, Есур және т.б. қолбасшылар шыққаны да есте болуы керек. Жалайырлық әмірлерге Рашид-ад-дин өте жоғары баға беріп: «Шыңғыс хан дәуірінде барлық жалайыр руларының арасында Джат табынан шыққан Мукали гойон белгілі әрі басшысы болған,  Шыңғысхан әскерлерінің сол жақ қанаты оның билігімен жүрді, оның ұрпақтарын «гойон» деп атады, қытай тілінен аударғанда «ұлы хан» дегенді білдіреді», – дейді.  Осы деректің дәлелі ретінде қазақтың ауызекі әңгімелеріне сүйеніп М. Тынышбаев «…Дулаттар басқа ұлы орда қазақтарымен салыстырғанда өзінің көп санына қарамастан, Жалайырдан төмен саналады (олар Үлкен Орданың ¾ бөлігін құрады). Тойлар мен астарда үлкен ордалықтардан Жалайырды жоғары отырғызады. Оларға үлкендігін білдіріп қойдың басы мен жамбасын береді. Жалайырдан кейін Ошақты руы, одан соң үшінші орынды Үйсіндер (Дулат, Албан, Суан, Сарыүйсін, Шапырашты) алады»,- деген мәліметті келтіреді.

Ұлы жүздегі Жалайыр сияқты Орта жүздегі Тарақты да «Ноқта ағасы» деген атақты иеленеді, бұл атақ осы әкімшілік-территориялық құрылым ішіндегі үлкендікті білдіреді. Орта жүздің құрылымы туралы қызықты мәліметтерді М.-Ж.Көпейұлы шежіресінен кездестіреміз, сонымен қатар ол «ноқта ағасы» ретінде тарақты руының ерекше статусын түсіндіруге де көңіл бөледі: «Кешікпей Жанарыс (Орта жүздің бабасы-авт.) алты ұлды болып, туған балаларына алты қожаның атын қойыпты. Бәйбішеден төрт ұл, тоқалдан екі ұл туған.

Бәйбішеден: Қарақожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Момынқожа.

Тоқалдан: Ысмаил қожа, Қасым қожа.

Қара қожадан – Арғын туады.

Ақтамберді қожадан – Қыпшақ туады.

Дара қожадан – Қоңырат туады.

Момын қожадан – Найман туады.

Ысмаил қожадан – Керей, Керейден – Ошыбай.

Қасым қожадан – Жаубасар, Жайбасардан – Уақ туады.

Тарақты – қыздан туған жиен.

«Орта жүздің жеті арысы» деп атайтын Жеті арыс осылар.

«Ел жаманы Тарақты, ит жаманы Барақты» деген сөз бар. «Төре жоқта Тарақты төре болуға жарайды» деген де сөз бар. Тарақты Арғынның апасынан туған бала екен дейді. Қыз күнінде бір төремен шатысып, баланы содан тауып алады. Бұл бала кімнен пайда болды деп сұрағанда ұялып, үндей алмай, шашын тарай берген соң баласының атын Тарақты қойған екен деп те айтады…

Бұл Тарақты Арғынның баласына «ноқта ағасы» болатын да жері бар. Не нәрсенің анығын Алла білді. Мен солардың қасында бірге жүріп, тұрыппын ба? Біздікі «естіген құлақта жазығы жоқ» деп соға бермек. Қазақ өзінің киіз кітабынан, яки ауыздан ауызға айтылып, бірден-бірге қалып келе жатқан сөзді айтады».

Ал енді Кіші жүзге келсек Әз Жәнібек ханның заманында табын руы ноқта ағалық жасауға белгіленсе керек. Көне деректерге қарасақ, табын руының ертерек уақытта салмағы мол, саны орасан болған. Бертінірек табынның бір бөлігі башқұрт ішіне, бір бөлігі қазаққа кірді, басқа түркі-моңғол тектес этностардың ішінде жүргені бар.  ХVІІІ ғасырда табынды біз Кіші жүз құрамына енетін «Жеті ру» әкімшілік-территориялық бірлігінен көреміз. Әбілқайырдың Ресейге бодан болу тарихын зерттей отырып, біз табын руының шешуші қызмет атқарғанын аңғарамыз.

 

Жалайыр, Тарақты және Табын руларының өзара жақындығы олардың бәріне ортақ «тарақ таңбасынан»  білінеді. Дегенмен Кіші жүздің көне дәстүрге, Алаша хан заманындағы мұраға беріктігінің арқасында ағалық Әлімұлы ұрпақтарында сақталып қалды деген пікірдеміз:

Алаш Алаш болғалы,

Алаша атқа мінгелі,

Ала шұбар ту байлап,

Алашқа ұран бергелі

Әлім еді ағасы.

Соныменен қазақтың хандық заманында «Жәнібек хан осылай елді бөліп, үш әміршіге тапсырып, бітірген істері мен даулы мәселелері болса алғысын, кемшілік болса жазасын аласыз деп тағайындаған. Билер сол белгіленген уақыттарында келіп, орындаған істерін баяндап тұрған»  деген сөздің мағынасы ноқта аға институты арқылы шешіледі.

Біз Әз Жәнібек ханның тұсында жаңғырған мемлекеттік институттардың бірі – ноқта ағалықты Алтын Орда кезеңінде үстем болған ұлыстық жүйе мен Еуразия көшпелілерінің байырғы рулық-тайпалық жүйесінің арасындағы компромисс деп білеміз. «Ноқта аға» институтының енуі – Жошы тұқымының арасынан шыққан ел билеушілердің көшпелі қауымдарды басқару үшін енгізген арнайы реформасының нәтижесі. Орталық билік жүргізетін қатаң мемлекеттік тәртіпке көне қоймайтын жауынгер тайпаларды өздерінің генеалогиялық құрылымына «ноқта ағаны» енгізу арқылы басқару ең жақсы саяси шешімдердің бірі еді. Бұл жауынгер ру-тайпалар жүген мен ауыздықты мойындамаса да, оларды ноқтаға көндіруге болатынын аңғару тіпті де оңай болмаған.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор