Оңтүстік Қазақстан – киелі жер, тарихи ескерткіштер мен археологиялық ашуларға ең бай өлкелердің бірі. Осындай киелі жерлердің ішіндегі жауһары – Түркістан
Біз осы қалаға келіп тұрып, археологтар қызыға жұмыс істеп жатқан, оның ежелгі қалашығы Күлтөбенің жанынан өтіп кете алмадық. Бізді Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова жылы шырай танытып қарсы алды.
– Бұл қоныстың ежелгі қабаттары 2010 жылы ашылды. Осы уақыттан бастап Ежелгі Түркістанды зерттеу жұмыстарын Түркістан өңірінің жетекші зерттеушілерінің бірі, т.ғ.к. Ерболат Ахынжанұлы Смағұловтың жетекшілігімен Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының Түркістан археологиялық экспедициясы жүргізіп келеді. 2010 жылдан бастап археологтар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жұмыс жүргізді, кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранты бойынша біршама уақыт жұмыс атқарды. Әр маусымдағы жұмыс көлемі бөлінген қаражатқа байланысты, әдетте олар көп емес. Ал біздің жоспарларымыз ауқымды – Ясының бүкіл ежелгі қамалының жайғасымын ашу. Әзірге белгілі болғаны, Түркістан тарихының тап осы жерден басталатыны. Біз осы жерден кезінде қуатты кушан империясының билеушісі атынан шығарылған, б.з. І-ІІ ғғ тиесілі қола монеталарды тауып жүрміз.
Р.С. Археологиялық экспедиция жетекшісінің пікірі бойынша монета б.з. ІІ ғасырының ортасына тиесілі және кушан императоры Хувишкаға арналған.
Біз ескі қалашыққа қызықты экскурсиямызды бастадық.
– Сіздер қамалдың бекініс қабырғаларын көріп тұрсыздар. Айта кету керек, қамал сол кездің өлшемі бойынша кішкентай емес, үлкен ауданды алып жатыр. Қазіргі уақытта ол әлі толық ашылған жоқ, бар болғаны 20 пайыз ғана шығар. Бірақ қазірдің өзінде сарайдың крест үлгісіндегі негізі (бірінші қабаты) тазаланды, түрлі жапсарлас салынған құрылыстар мен қызметтік үй-жайлар ашылды. Бірақ соның өзінде біз әлі де үй-жайлардың қандай мақсатта салынғандығын дөп басып айта алмаймыз. Кешен әлі толық қазылған жоқ, бірақ осы жерде б.з.д. 2-1 ғғ. салынуы мүмкін алғашқы ғимарат болғандығын білеміз, – дейді Айсұлу Ержігітова.
Бұл – өңірде сармат мәдениетінің тараған кезі. Сармат заманына тиесілі дүниелер өте көп. Осы жерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде, сармат тайпалары заманында қолданылған заттар мен белгілерді таптық.
Гидтің соңынан ере отырып, біз бекініс қабырғасының үстіне шықтық.
– Мынау – бекініс қабырғасы. Орта ғасырда барлық қалалардың бекініс қабырғаларымен қоршалғаны белгілі. Әзірге, біз, осы шағын учаскені ғана аштық. Қаржының қажет көлемде бөлінбеуі оны толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі археологтардың алдында күрделі дилемма тұр.
Егер де ежелгі ескерткішті ашпасақ, зерттемесек, онда Түркістан қаласының пайда болу тарихы ғылымнан жасырын қалады. Ал енді ескерткіштерді ашса, оларды ашық аспан астында қалдыруға болмайды. Табиғат құбылыстарының әсерінен олар жылдам бұзылып, жоқ болады. Не істеу керек? Археологиялық және тарихи объектілердің сақталуын бақылауы керек органдар қайда?
– Бұл – бірегей ескерткіш. Қазақстан аумағындағы қала мәдениетінің ең зерделенген ежелгі ескерткіші. Оның үстіне ол «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының туристік нысандар аумағында орналасқан.
– Бекініс қабырғасы құрылысының өз тарихы бар, – деп сөзін жалғастырды Айсұлу Ержігітова, – біз осындай 2-3 кезеңді бөліп шығардық. Бірінші кезең – бекіністің жіңішке қабырғасының салынуымен байланысты. Қабырға толық ашылмайынша оның нақты датасын айту қиын. Қабырғаның ішкі жағымен өткенде, ғимаратты қорғауға арналған атыс ойықтарын көруге болады. Кейініректеу кезеңде бұл қабырғаны кеңейтіп, қосымша үй-жайлар салған. Қандай мақсатпен салынғандарын әзірге айту қиын. Қазіргі уақытта 3 үй-жай ашылды. Бұл жерде сонымен қатар қыштан жасалған дүниелер табылды. Жебенің ұштарын әзірге тапқан жоқпыз.
Бекініс қабырғаларындағы тесіп өткен өткел
Осылайша, қамалдың бекініс қабырғасының сұлбасы көрінеді. Осы қабырғаның ар жағында шахристан мен рабады бар қаланың өзі орналасқан.
– Ал қаланың негізгі бөліктерінің орналасқан жерін анықтауға бола ма? –
– Әзірге жоқ, болмайды. Ненің қай жерде орналасқанын нақты айту үшін бізде объективті деректер жеткіліксіз. Әрине, болжамдар бар, бірақ олар өте аз. Қазба жұмыстары аяқталған кезде белгілі болады.
Негізі, төбе онша үлкен емес. Сірә, тағы да кейініректе пайда болған қабаттар бар болуы керек. Бірақ біз оларды қазған жоқпыз. Бұл өте ауқымды жұмыс және көп қаражатты қажет ететін шара. Оның үстіне барлық жұмыс қол күшімен жасалады. Бұл жай ғана күрекпен қазатын жұмыс емес, өте ұқыптылықты қажет ететін жұмыс, кей жерлерде материалмен егжей-тегжейлі жұмыс жасау керек болады. Біз жұмысшыларды да тартамыз, бірақ ең жауаптыларын таңдап аламыз.
– Бұның қамал екенін қалай анықтадыңыздар? Қандай да бір ерекшелік белгілері бар ма?
– Бұл туралы біз ішінара ашқан сәулет құрылысының сипаты дәлелдейді. Мықты бекініс қабырғаларының сақинасында (алтыбұрышында?) орналасқан қамал құрылысы көрінеді.
Аздап бұзылған атыс ойықтары
Бекініс қабырғасында қызықты детальдар көп. Атыс ойықтары, аркалы өтпе жолдар. Егер анықтап қарасаңыз, кірпіштен жасалған арканы көруге болады. Мұқият тазалағаннан кейін кірпіштер көрінеді. Атыс ойықтары аздап бұзылған. Шамасы қабырғаның бір бөлігі бұзылып, кейін жөнделсе керек. Кірпіштің қалауынан құрылысшылардың тәсілі көрінеді. Шағын үй-жайлар бар, олар қамалды қорғаушы жауынгерлерге арналып жасалуы мүмкін.
Ал, мына атыс ойығы жақсы сақталған
– Егер біз бекініс қабырғасының төбесінде тұрған болсақ, онда негізгі қала әжептәуір төменде орналасқан ба?
– Иә, төменде де қабаттар болуы мүмкін, бірақ, қазір қамалға қатысты кезеңді зерттеудеміз және осы жерде біз құрлықтық қабатқа дейін жеттік. Бұл – бізге керек қабаттың дәл өзі. Әрине, егер біз әрі қарай да қаза берсек, қандай да бір ежелгі қоныстың табылуы мүмкін. Көптеген учаскелер кейінірек кезеңдерде бұзылған, конструкцияларға өзгерістер енгізілген, әртүрлі кезеңдерде өзінің ғимараттары мен фортификациялары салынған. Бұл ретте, көптеген үй-жайлар қоқыс шұңқырларымен былғанған. Қабырғаның көптеген қабырғаларына жөндеу жүргізілген. Белгілі бір сәттерде, жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл жерлерде жөндеу жүргізіліп, кейбір жерлердегі құрылыс жоғалып кетіп отырған.
– Шынын айтқанда, таңғалдыратыны, осының бәрін қалайша қазуға болады? Қандай ерекше тәсілдер қолданасыздар?
– Біз, әдетте, қазба жұмыстарын жүргізген кезде қабырғаны, бұрыш бұрылысын және басқа да детальдарды табамыз... Мынау – осы үй-жай қабырғасының төменгі бөлігі, біз әрі қарай кетеміз, тазартамыз, міне, мына жерде қабырғаның сылағы жақсы сақталған. Біз сол бойынша жүреміз, жай сөзбен айтқанда «осы қабырғаны қуалаймыз», міне ол әрі қарай жылжып, белгілі бір бұрылыс жасады, осылайша біз басқа детальдарды табамыз. Бұлар нағыз кірпіштер, ойдан шығарылмаған, біз оларды ұңғылаған жоқпыз, суретін салған жоқпыз. Міне, біз арка ойығына шықтық, ішкі жағынан ол анығырақ көрінеді. Қабырғаның қалануы, әр кірпіші, әр қатары сақталған. Арка ойықтарының осындай іздері сақталған.
– Яғни, онда өткел болған ба?
– Иә, өткел келесі үй-жайда. Мұндай аркалық өткелдер бұл ғимаратта – 12.
– Әдемі қиюластырылған кірпіш қаландысын елестетуге болады.
– Әрине, біз оны тауып, тазалаған кезде, ол керемет болған. Әрине, уақыт өте келе, табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған: жаңбыр, қар суларымен шайылған. Қазір ол сусып аласарса да, сақталып қалған. Міне, тағы бір үй-жай. Бұл жерде атыс ойықтары емес, жел тесіктері бар, олар ауа айналымына арналған болуы мүмкін. Шағын өтпелі саңылаулар. Олардың кейбіреуі қуыс, сөре, ал кейбіреулері жел тесіктері сияқты. Бұл жердегі құрылыс өте жақсы сақталған. Төбе ернеулері жақсы сақталған. Бұдан ғимарат екі немесе үш қабатты болған деген қорытынды шығаруға болады. Бірақ бұл әлі жорамал ғана.
– Қорғанда тұрғын үй-жайлар бар ма?
– Тұрғын үй-жайлар бар, олар сыртта, ал қорғанда 2-3-ші қабаттарда орналасқан, олар сақталмаған. Бұнда негізінен тұрғын емес бөлмелер. Қорғанның жалпы картинасына, жоспарына ие болған кезде, сәулетшілерді, ортағасырлық құрылыстар бойынша мамандарды тартып, тарихи реконструкция жасауға болады. Әдейі жауып тасталған, бітеп тасталған өткелдер бар. Бірақ сәулетшілер кірпіш қалауы бойынша үй-жайдың жайғасымын қалпына келтіре алды да, аркалық өткелге шықты. Орталық дәліз үй-жайды оң және сол қанатқа бөледі. Бүкіл осы ғимарат крест пішіндес. Бүкіл аудан кірпіштермен, төбесіне дейін мынадай кірпіштермен тығыздалып толтырылған, олардың кірпіш қабырғамен оп-оңай шатастырып алуға болады. Кей жерлерде жерасты жолын, туннельді еске салатын қоқыс шұңқырлары бар. Ол қалаға шығаруы мүмкін. Оларды зерттеу қиынға түседі, және опырылып құлау қаупі бар. Сондықтан, бұл қалашықтан қандай тосын сый күтуге болатыны белгісіз. Осындай ауа жел тесіктерінің болуы, ғимаратта бірнеше қабат болуы мүмкін деген ойға итермелейді. Егер де ғимарат бір қабатты болса, онда желдетуге техникалық қажеттілік болмас еді. Оның үстіне бұл үй-жайларда тіпті терезе де болмаған. Сірә, археологтар қамалдың төменгі үй-жайларын ашқан сияқты. Археологиялық маусымды мамырдың басында бастадық. Әдетте, маусым 2-ден 4 айға дейін созылады, бірақ көбі ауа-райы мен қаржыландыруға байланысты болады. Биыл зерттеушілер осы тақырыпты ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне конкурсқа ұсынды. Жұмысты әрі қарай жалғастырып, осы ескерткішті егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз. Олар оң болады деп үміттенеміз. «Қазреставрация» РМК басшысы келіп, бәрін қарап, барлық жұмыстарды істеуге болатындығына, бір жерлерін сылап, бір жерлерін қалпына келтіріп, сақтауға болатындығына сөз берді. Биылғы тамыз-қыркүйекте олар уақытша бастырманы толықтай алмастыруды жоспарлап отыр. Осы жерде, бірақ кейініректегі қабырғаларда, қыш құмыраға жазылған ежелгі руна жазуын таптық. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жазу мамандарға беймәлім болғандықтан, жазуды оқу әлі мүмкін болмай тұр. Құмыра бекініс қабырғасындағы арнайы жасалған ойықтан табылды, табылған кезде бүтін болды, интерьер деталі ретінде қойылған.
Әңгімеге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық қосылды.
– Бұл жер – туристердің сүйікті жері. Олар бұл жерде 1-2 сағатқа тоқтайды. Жақында голландиялықтар болды, олар тіпті кеткілері келмеді.
– Қазір сәулетшілерден туристер үшін арнайы жаяу жүргіншілер жолын әзірлеуді сұрап отырмыз. Олар кейбір детальдерді қарау үшін, кей жерлерде биікке көтерілулері немесе төмен түсулері керек болады. Жаяу жүргіншілер жолы екі деңгейлі болуы мүмкін еді. Бірақ бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Ас үй керамикасының қалдықтары табылған шаруашылық шұңқыры сақталған. Жергілікті тұрғындар қоқыстан, иіс шығып, құрт-құмырсқа болмас үшін, оны ұдайы күлмен дезинфекциялап отырған. Тұрғын үй-жайлар шағын, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс – хум тұрған шеңбер болған. Бұнда ғимаратқа қызмет көрсететін адамдар тұрған. 21-22 ғасыр өтсе де тұрған кірпіштер сақталған. Төбе ернеулері төбе болғанын көрсетеді. Кейбір өтпе жолдарды ашқан жоқпыз. Реставраторлар солай қалдыруды сұрады.
– Бұл мұнара болуы мүмкін бе?
– Білмеймін, айту қиын.
– Қорған қандай қызмет атқарды?
– Бұның тұрғын үй емес ғимарат болғандығын сенімді түрде айтуға болады, тұрмыстық ыдыстар онша көп емес, белгілі бір ошақтар да жоқ. Дұрысы, бұл әкімшілік ғимарат болған сияқты.
Уақытша бастырманың тозғандығы соншалық, толық ауыстыруды қажет етеді
Археологиялық экспедиция 3 ай жұмыс жасады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ежелгі Түркістан: жайғасымы, сәулеті» 3 жылдық гранты аяқталып келеді, ол бойынша егжей-тегжейлі есеп болады. Ал жобаның әрі қарайғы қаржыландырылуы қалай болмақ? Тек қазақтар үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі түркілер мен мұсылмандар үшін сөзсіз киелі сипатқа ие бірегей тарихи, мәдени ескерткішті тастауға болмайды. Бұны Түркістанға келетін көптеген халықаралық туристік топтар дәлелдейді. Архелогиялық объект ескерткішті сақтау мен реставрациялау бойынша жедел шараларды қажет етеді. Әйтпесе келер ұрпақ алдында ұятқа қаларымыз сөзсіз.
Астана – Шымкент – Түркістан – Астана
Сурет автордыкы