Қазыбек би – Алтын Орда бекзадаларының ұрпағы
18.08.2017 3644
Орта жүздің биі, Тәуке ханның кеңесшісі, тамаша шешен, қоғам қайраткері, дипломат Қазыбек бидің (1667-1764) 350 жылдық мерейтойына арналады

Ортағасырдағы Қазақстан тарихында жұмбақтар мен ақтаңдақтар жеткілікті. Жазба деректер өте аз (әсіресе Қазақ хандығының кезеңі бойынша), ортағасыр кейіпкерлері туралы ақпараттың басым бөлігі бізге аңыз-әңгіме, шежіре мен эпостар арқылы жетті.

Бұлар ауыздан-ауызға берілуіне байланысты кеңестік заманда бұндай ақпарат көздерінің ақиқаттығына деген сенім төмен болып, күмәнмен қарайтын. Ауыздан-ауызға тараған кезде бұрмаланулар көп болуы мүмкін болғандықтан, сондықтан ғылыми тұрғыдан алғанда бұндай скептицизм орынды.

Бірақ XXI ғасырда тарихшылардың қолында, шежіренің нақтылығын анықтайтын, оған қоса шежіреге қарамастан-ақ кез-келген гаплотоптың бір субкладына жататын, халықтың кез-келген тобының ортақ ата-бабасының өмір сүрген уақытын және олардың миграция жолын айқындап көрсете алатын құрал бар.

Бұл құрал – популяциялық генетика.

Алайда, оған өтпес бұрын, алдымен Қазыбек бидің ата-бабасы туралы шежіре мен аңыздардан, түпдеректерден өзіміз білетін барлық тарихи деректерді көрсетуіміз қажет.

Қазыбек бидің шежіресі келесідей:

Қазыбек-Келдібек-Шаншар-Бұлбұл-Таз-Бошан-Ақша-Қаракесек (Болат-қожа)-Мейрам-Қарақожа-Ақжол (Дайыр-қожа)-Қотан-Арғын.

Келдібектің Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп деген үш бауыры болыпты.  Ел оларды «Төрт бегі» деп атап кеткен екен.

Қазыбек бидің атасы – Шаншар атақты батыр болған кісі. Ол 1627 жылғы «Қатаған қырғынына» қатысқан. Көрсеткен ерлігі үшін  марапат ретінде 1613-1627 жылдары Ташкентті билеген, қаза тапқан Тұрсын-Мұхаммед ханның қызы Айбикені әйелдікке алу құрметіне ие болады. Жоғарыда атап өткен төрт ұл - «Төрт бегі» осы Айбикеден тарайды.

Ал Тұрсын-Мұхаммедтің өзі қазақтың алғашқы ханы (Кереймен қатар) Жәнібектің шөбересі болған. Сол себепті Қазыбек бидің бойында нағашы жұртынан тарайтын Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірінің қаны болған.

Бұдан әрі Қазыбек бидің Қаракесекке дейінгі аталары туралы бізге ештеңе белгісіз, Қаракесектің Болат қожа деген де аты болған.

Бір нұсқаға сәйкес, Болат қожа – Алаша хан туралы аңыздағы Орта жүздің бас әскербасы Болат деп те айтылады.

Оның әкесі Мейрам, қазақтардың аңыздарына сәйкес, Орталық Қазақстанда тұрыпты, Алшын руынан Алау батырдың (Алтын орда ханы Жәнібектің әмірі және қазақтың Байұлы мен Әлімұлы руларының аты аңызға айналған арғы атасы) немере қызына үйленген екен.

Қаракесектің атасы Қара қожаның өмірбаяны әлдеқайда белгілірек.

Көптеген дереккөздеріне сәйкес, ол Тоқтамыс ханның әмірі, сонымен қатар 1405 жылдың басында Отырарға келіп, Тоқтамыстың Темірге жіберген елшісі болған. Тоқтамыс өлген соң, ол оның мұрагерлерінің жағында алтынордалық Полат хан мен Едіге бекке қарсы ұрыстарға қатысқан.  Оның, орталығы Қасанда (Ферғана) орналасқан Ишкийа  сопылық бауырластықтың мүшесі болғаны белгілі. Сонымен бірге Қара қожаның қырғыздың ғаламат батыры Манастың үзеңгілес серіктесі әрі жақын досы болған деп саналады.    

Аңызға сәйкес, оның әкесі Ақжол (Дайыр қожа, Темір қожа) Орыс хан (қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің арғы атасы) қайтыс болған соң оның ұлысын басқарған. Тағы бір деректер бойынша Тоқтамыс өлгеннен кейін Ақжол баллаларымен бірге Тоқтамыстың ұлдарының жағында Полат хан мен Едігеге қарсы шайқасқан. Осындай шайқастардың бірінде Полат хан өлім құшады. Ел аузындағы аңыз бойынша Ақжолды қыпшақтың батыры Қобыланды өлтіріпті. Бұл шамамен XV ғасырдың алғашқы жартысында орын алған сияқты.

Ақжолдың әкесі Қотан би, кейбір аңыздар бойынша, алтынордалық Орыс ханның кеңесшісі болған, қартайғанша өмір сүрген. Қотан 99 жаста болғанда, ұлы Ақжол Қобыландымен жекпе-жекке шығып қаза табады, сол кезде баласын жоқтап, Қотан толғау шығарған екен.

Қотан шежіре мен дереккөздер бойынша Арғын руының алғашқы белгілі өкілі болып табылады. Бұрындары осы рудың шығу төркіні талай пікірталас тудырған еді.  

Арғындардың көпшілік ер-азаматтарының генофонды (тектік қоры) G1 гаплотобына жататындығы популяциялық генетика мәнмәтінінде анықталды, және айта кететіні, бұл, шежіре тармақтарының барлығына дерлік бірдей.  

Қазыбек бидің Қаракесек генеалогиялық тармағы үшін G1 гаплотобының кездесу жиілігі 74% жетеді.

Қаракесек (Арғын) руындағы гаплотоптардың жиілігі

Сонымен қатар, Шежіре бойынша тікелей туыстастықты көрсетіп, Арғындардың модальдық гаплотипі Қаракесектерде де берілген.  G1 гаплотобының жас шамасының кластері 600±200 жылды құрайды (15 Y-STR деректері бойынша).  Арасы 470-750 жылды құрайтын түрлі генеалогиялық тармақтардың Y-хромосомаларының толық секвенирлеу нәтижесі бойынша да осы жас шамасы алынды, бұл, Тоқтамыс ханның әмірі болған алтынордалық әмір Қара қожаның атақты әкесі Ақжолдың (Дайыр қожа) өмір сүрген уақытымен сәйкес келеді.  Ақжол – тарихи дереккөздерде көрсетілген, арғындардың генеалогиялық арғы атасы.

G1 гаплотобы тарихының тамыры тереңге кетеді, қазіргі уақытта осы топтың тасымалдаушыларының ақырғы ортақ ата-бабасы шамамен 20 мың жыл бұрын өмір сүрген. 

G1 гаплотобының терең тарихы оның қазіргі тасымалдаушыларын туыстық жағынан Ирандық таулы өлке тұрғындарымен байланыстырады. 

Жалпы алып қарағанда, Қазыбек бидің ата-бабасы Қазақстанның аумағына 750 мен 3000  жыл бұрынғы аралықта келген.

G1-M285 ГАПЛОТОБЫНДАҒЫ ҚАРАКЕСЕК РУЫНЫҢ

ФИЛОГЕНЕТИКАЛЫҚ ЖЕЛІСІ

Қаракесектердің модальдік гаплотипі

Біздің есебімізше осы рудың шығу тегінің 14-ке жуық нұсқасы бар, олардың көпшілігі бұл тайпаны (ұрпақты) Шығыс Азиядан, Қиыр Шығыстан, Моңғолиядан, Жоңғариядан және Кавказдан шығарады. Популяциялық генетика нәтижелері бойынша, бұл нұсқалардың басым бөлігі дұрыс болмай шықты.

Нәтижесінде, этнографиялық деректерді есепке ала отырып, әзірге екі нұсқа ғана дұрыс болып табылады:

1. Арғын – антропоним және Қотанның әкесінің аты.  

2. Арғын – моңғол шапқыншылығына дейінгі уақытта қазіргі Тараз маңайында өмір сүрген Арғу тайпасы.   Кейбір зерттеушілер оларды түркі тайпалары деп санаса, кейбір зерттеушілер оларды түркіленіп кеткен соғдылықтар деп санады, бұл тайпа Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының және Қараханидтердің аумағында 13-ші ғасырға дейін өмір сүрген.

Әрине, басқа да нұсқалары болуы мүмкін, алайда біздің қолымызда бар тарихи деректер, генетикалық деректер негізіндегі осы екі нұсқаның жоққа шығарылмағандығын және өмір сүруге құқығы бар деуге мүмкіндік береді. 

Бәлкім, болашақта, жаңа генетикалық деректер жиналғаннан кейін, осы тайпаның (ұрпақтың) толық шығу тегі нақты анықталатын шығар, бірақ қазіргі уақытта осы тайпаның (ұрпақтың) шығу тегінің 14 нұсқасының тексеріліп, оның 12-сінің қате болып шығуының өзі үлкен жетістік болып табылады.

Ел аузындағы әңгімелер бойынша Қазыбек би өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдары мен Шежірені терең меңгерген адам болған. «Жеті атасын білмеген — жетімдіктің белгісі» деген қазақтың көреген мақалы бар. Қазыбек бидің ата-бабасының тарихы мен генетикасы қазақ тарихында, сонымен қатар Қазыбек бидің өзінің халық жадындағы орны мен рөлін түсінуде  маңызды рөлге ие болғандығы көрініп тұр. 

Сәбитов Ж.М., Жабагин М.К.

Арнайы National Digital History порталы үшін