Ақбура Қазығұртты мекендеп, Меккеге барып намаз оқыған
04.09.2017 3704
Бабамыздың қасиеттілігі сол – ел басына күн туған жағдайда ақ бура болып боздап, халыққа қиыншылықты алдын-алып ескертетін болған

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырымен «Киелі Қазақстан» деректі фильмін түсіру тобы Оңтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерін аралауды кеме қалған Қазығұрттан бастады. Тау етегінде орналасқан кесенелер мен әулие-әмбейлерге толы мекеннің басты назар аудартатын – Ақбура әулие кесенесі.

Ақбура бабамыз ХІІ ғасырда өмір сүрген, яғни Қ.А. Иасауидің заманында өмір сүріп, оның шәкірті болған, дін таратқан, дін жолындағы пенде болған деседі. Ақбура бабамыздың азан шақырып қойған аты – Ақберген, бірақ жүрген жерінде «зікір» салып, ол уақытта аузынан ақ көбігі ағып, ақ жалын шашып, адам баласы естіп-білмеген алапат күшке ие болып кететін болған, екі езуінен аққан көпірік екі иығын, омырауын жауып жібереді екен және ел үнемі ақ бураның үстінен түспейтінімен танымал сондықтанда ел арасында «Ақ бура» атанып кеткен. Ақбура әулиенің киелілігі сол, таң намазының 2 рәккәтін осы бұлақтың басында оқиды екен де, ал артынан оқылатын екі рәкәт намазды жамағатпен оқимын деп Түркістанға барып Қожа Ахмет Иасауимен бірге оқыған екен. Сол намазға үлгеру үшін үстінен ақ көбігі ағып, ентелеп жеткенде алдынан Иасауи шығып: – Ой, айналайын Ақбурам, келдің бе? – дейді екен. Ал жұма намазды Меккеде оқыған дейді.

Бұл жердің киелілігі бабамыз мекендеген жер болғандықтан. Бұл жердің киелілігіне бас игендер еліміздің әр жерінен келіп бабаға бағыштап құран оқытып, ниет етеді, одан қалды емдік қасиеті бар бұлағы тағы бар, ниет етушілер бұлақтан су ішіп өздерімен алып кетіпте жатыр. Бұл мекеннің өзі қасиетті Нұқ Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауының етегінде жайғасқандықтан жәй жер емес. Бұл кісі қайтыс болғанда «бурасының көзінен жас көл болып ағып, басына шөге кетіп, содан қайта тұрмай тасқа айналған» екен. Сол тастың қуысынан ағып жатқан бұл бұлақ, ақ бураның иесін жоқтаған көз жасы екен деседі.

Ақбура бабамыздың айналасы толған мазар мен әулие-әмбейлер орын алған жер. Бабамыз қайтыс болар алдында мені Ақбураға апарып жерлеңдер деп тапсырма берген екен. Ақбура бабамыздың тағы ерекшелігі, қасиеттілігі сол – ел басына күн туып, атап айтсақ, соғыс болып немесе табиғат апаты, ашаршылық басқа да қиындық болар алдында ақ бура болып боздап халыққа белгі беретін болған. Ал Қазығұрттың қасиетін бәріміз білеміз, мұны әлем мойындауда, Нұқ пайғамбардың кемесі қалған, қасиетті мекен ретінде әлемдік қауымдастықтар мойындап, тіршіліктің бастау алған жері ретінде арнайы ЮНЕСКО-ның сертификатын бергеніне міне биыл 4 жыл.

Бұл жерге бір келген адам екінші рет қайта келеді екен. Бұл да соның бір қасиеті деп айтуға болады. Ниет етіп келушілердің дені Алладан бала сұрап, денсаулығына ем іздеп, одан қалды, өзі мен жақындары үшін дұға-тілек етушілер.

Осы жердің тарихына үңіліп, қалам тартушылардың арасында жергілікті ақын-жазушы, журналистер де бар, атап айтқанда жазушы Аманбек Ахаев, журналистер Құралбек Ергебеков, Рүстем Бекзаттар әулие бабаға қатысты деректермен қатар Қазығұрттың тарихын зерттеушілер қатарында.

Әулие рухына арналып тұрғызылған кесене Өзбекстанның Шайхантәуір деген жердегі Төле би бабамыздың кесенесінің үлгісінде 1991 жылы салынып, 2011 жылы күзде қайта жөндеуден өткен.

Баба басына тағзым етушілердің, өзіне тән  ерекше әдеті «жеті шырақ жағу» дәстүрі, әрине, ислам дінінде мұндай ырым-тыйымдар жоқ, бірақ қазақ бабамыздың бұрыннан келе жатырған, жеті санымен байланысқан ырым мен дәстүрлері бар екендігі баршаға мәлім, яғни жеті нан тарату, жеті қат аспан, жеті қабатты жер деген секілді. Келген адамдар жеті шырағын жағып ниет етіп жатады, осы жерде айта кететін бір жайт, шырақ жағып соның күлін көзіне басып, көзі көріп кетіп жатқан жағдайларда кездеседі.

Ақбура бабамызға қатысты тағы бір аңыз әңгіме: бабамыз жұма намазын бұл жерде оқымаған, содан халық сұрақ қояды: "Сіз жұма намазды қайда оқисыз, жамағатпен бірге осы жерде неге оқымайсыз?" депті. Содан бабамыз "мен жұма намазды Меккеге барып оқимын" деп жауап қатқан, сол жерде халық арасында сенімсіздік туып, шу басталады. "Бұл мүмкін емес, сіз қайдасыз, Мекке қайда?" деген секілді. Жауаптан тайсанбаған Ақбура бабамыз "егер сенбесеңдер менімен біреуің жүріңдер" дейді, бір куәгерді артып алып, ақ бурасымен зырылдап келе жатқанда әлгі адам жолда түсіп қалыпты-мыс, намаздан шығып жол бойы келе жатып, жаңағы адам жол-жөнекей ағаштың үстіне ілініп тұрған екен, содан сол ағашты осында әкеліп отырғызады, бұл ағаш «кәтренке» деп аталады, аталған ағаш басқа жерде өспейтіндігімен ерекшеленеді. 

«Ақбура» әулиге қатысты: Шілтер ата имандылық шырағы ғой, Ақбура ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт әулиелер тұрағы ғой!» деген шумақтар еске келеді. Осыдан соң қойнауы қазба мен қатар қасиетті орындарға толы Қазығұртқа жол түскенде Ақбураға алдымен құран бағыштап, бұлақ басынан су ішіп ниет етушілердің қарасы қалың. Бұл дегеніміз өз кезегінде әулиелі қонысқа келушілердің сенімін көрсетеді.

Қазақ елінің дархан даласының қайсыбір тауы мен тасы да ыстық әрі өз бетінше қасиетті. Ал кеме қалған Қазығұрттың әсем табиғаты мен бау-бақшасын көргеннің Осынау шырайлы өлкенің қаншалықты қадірін түсініп, қастерлеп жүрміз? Бұлай дейтініміз, аталған жерде туристерге жасалған жағдай айтпай-ақ белгілі қандай екені. Қазығұрт десе тізбектеліп кете беретін табиғатынан бөлек, осындай киелі жерлерінің көптігі туризмді дамытуды сұрап тұрғанын байқауға болады. «Ақбура» әулиенің басына ниет келушілерге көрсетілер қызметті ауыз толтыырып айтуға тұрмайды, дегенмен ілгерілеушілік қолға алынған секілді, себебі жол салудың қарасы бұл өңірге енді келіп жатқандай. 

Біздің түсіру тобы да бабамыздың басында ниет етіп құран оқытып дұғамызды тіледік.

Бабаға қатысты аңыз-әңгімесімен баяндаған – Ақбура кесенесінің шырақшысы Сүйеубек Қалқұлұлы. 2004 жылы қажылыққа барып келіп, 2005 жылдың наурыз айынан бастап, шарықшылық қызмет атқарып келеді.