Пір Бекеттің асатаяғы жайлы не білеміз?
02.11.2017 5010
Исі қазақта Пір Бекет аталған Бекет Ата Мырзағұлұлын білмейтін адам кемде-кем болар?! Кіші жүздің адай руынан шыққан Бекет бабамызды халық әулие тұтады

Өз заманында батыр, ағартушы, сәулетші болған Бекет Мырзағұлұлының біздерге қалдырған мұрасы аз емес. Сондықтан да болар, ел арасында аңызға айналғаны сонша, «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген сөз қалды.


1750 жылы Құлсарыда дүниеге келген ол Хорезмге барып, Пақыржан қажыдан дәріс алады. Біз бүгін Пір-Бекет бабамыздың Хорезмдегі ұстазынан алған асатаяғы жайлы жазбақпыз. Бүгінде бұл баға жетпес құнды жәдігер – бабамыздың жетінші ұрпағы Бердіхан Аяпбергенұлының үйінде сақтаулы. Атадан балаға аманат ретінде көздің қарашығындай сақталып келе жатқан асатаяқты көрер алдында адал ниет етіп, мұсылмандық ғұрпымен дәрет алған жөн. Ал, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы Бердіхан ақсақалдың шаңырағы қайсы десеңіз, кез-келген адам жөн сілтеп жібереді. Себебі – бұл үйдің өзіне тән, адамның жанын тыныштандыратын ерекше бір қасиеті бар екен.