Қобыздар сайысындағы морин хуур
13.09.2018 3085
Осымен екінші рет Тілеп Аспантайұлы атындағы қайырымдылық қоры Тілеп Аспантайұлы атындағы Халықаралық байқауына бүкіл әлемнен қыл-ішекті аспаптарда ойнайтын орындаушылар мен музыканттарды жинайды

Байқау XVIII ғасырда қазақ музыка өнеріне елеулі үлес қосқан атақты қобызшы әрі композитор Тілеп Аспантайұлының туғанына 260 жыл толуына орай ұйымдастырылады. Тілеп Аспантайұлының өмірі аңызға толы. Сондай аңыздардың бірі бойынша Қорқыт атаның қасиетті қобызы шәкірті Қойлыбай бақсыға, Қойлыбайдан Тілепке жетіпті.

Тілеп Аспантайұлы Торғай жерінде өмірге келген, қобызда ойнауды ерте үйренген екен. 13 жасында-ақ жерлестерін өз талантымен сүйсіндірген. Тілеп Аспантайұлы өз орындауын жырмен сүйемелдеген сияқты естелік бүгінгі күнге дейін жеткен.  Өкінішке қарай, ұлы қобызшының шығармашылығы жете зерттелмеген. Қобызшының «Толғау», «Аллам жар», «Бақсы» деген күйлері сақталып, осы уақытқа дейін жеткен.

Байқауды ұйымдастырушылар әлемнің түпкір түкпірінен келетін дарынды адамдарды біріктіру, қобыз музыкасын көпшілікке тарату және ұлттық мәдениеттің бірегейлігін сақтау. Байқауға Қазақстан; Ресей Федерациясы: Адыгей Республикасы, Тува, Башқұртстан, Алтай; Мажарстан; Алмания; Болгария; Моңғолия; Қытай; Жапония; Өзбекстан, Қарақалпақстан; Қырғызстан; Израиль; Үндістан; Әзербайжан; Иран; Сирия сияқты әлемнің 15 елінен конкурсанттар мен қонақтар қатысады.

Байқаудың алдында бізге Жапониядан келген Юмико Такеучи ханым мен оның жолдасы Такеши Такеучи мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті. Жапондық музыканттар монғолдың морин хуур атты музыкалық аспабында ойнайды.

Морин хуур – ысқымен ойналатын аспап. Юмико Такеучи Токионың жанындағы Ибараки префектурасында өмірге келген. Қазір Токиода тұрып, қызмет етеді. Отбасы мүшелерінің бәрі музыканы сүйеді, Такеучи мырза да музыкамен айналысады. Үлкен қызы саксофонда, екінші қызы моңғолдың ұлттық аспабында ойнайды.  

– Сәлеметсіз бе, Юмико ханым. Астанаға қош келдіңіздер! Моңғолдың музыкалық аспаптарына деген қызығушылық қайдан пайда болды? Сол туралы айтып берсеңіз.

– Мен бала кезімнен пианинода ойнадым. Кейіннен гитарада ойнадым. Мен Токионың Итабаши атты ауданында тұрдым. Ал, Итабаши ауданы мен Ұлан Батыр туыстас қалалар. Бірде, бірлескен бір іс-шарада осы аспаптың ғажайып үнін естідім де, осы аспапта ойнауды үйренгім келді.

– Музыка сіздің негізгі кәсібіңіз бе? Әлде бұл хобби ма?

– Қазір негізінен тек музыкамен ғана айналысамын. Жапонияда музыкантқа кәсібі бойынша жұмыс табу қиын, сондықтан да әр музыканттың өз кәсібі бар. Бастапқыда музыка бізге тек хобби ғана болған, ал қазір ол бізді толықтай жаулап алды. Біздің кәсібіміз әртүрлі. Мысалы, Такеучи мырза мамандығы бойынша ақпараттық жүйелер инженері, ІТ-инженер. Ал мен бұрын фармацевт болғам, бірақ қазір тек қана музыкамен айналысамын.

– Қазақтың ұлттық аспаптарымен таныссыздар ма?

– Бұл байқауға қобызда ойнаушылар қатысады. Токиода тұңғыш рет домбыраны көрдік. Токионың өнер университетінде қазақстандық студент оқиды. Бірде ол домбырада ойнап, сол кезде осы аспапты бірінші рет көрдік. Домбыраны жақсы білеміз.

– Қобызда ойнауды жуырда үйрендіңіздер ме?

– Жоқ. Біз қобызда қалай ойнайтынын ғана біз морин хуур аспабында ойнаймыз ғой. Ол қобызға ұқсайды.

– Оның да үні қобыздыкы сияқты терең бе?

-– Кейбір ұқсас дыбыстары бар, өзіне ғана тән ерекше дыбыстары да бар. Қобыз мені қатты қызықтырды, алдағы уақытта осы аспапта ойнауды үйренгім келеді.

– Қобыздың шығуы ежелгі аңызбен байланысты. Аңыз бойынша ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Қобыз екі түрлі әлемді бір-бірімен байланыстырушы.

– Моңғол аспабында осыған ұқсастық бар ма?

– Морин хуур аспабының шығуына байланысты моңғол әдебиетінде де осыған ұқсас аңыз бар. Бұрынғы заманда соғыс кезінде ауыл тұрғындары жаудан құтылу үшін ауыл жанынан ағып жатқан өзен арқылы өтпекші болады. Бірақ, өзеннен өте алмай-ақ қояды. Осы кезде бір шал морин хуурда ойнай бастады, осы сәтте өзен ағысын тоқтатып, ауыл тұрғындарына жол ашады. Сондықтан олар бұл аспап о дүниемен байланысты деп сенеді. Бұл байқауда мен «Ойрат халықтарының әуенін» орындаймын. Бұл туынды өзгертілген заманауи аранжировкада орындалады.

– Осы әуенді ойнағанда не сезінесіз?

– Маған бұл туындыны Моңғолиядан келген мұғалім үйретті. Мен оны орындаған кезде, маған «еркін, ашық ойна» деді. Пианинода ойнаған кезде бұлай айтпайды, ал, ішекті аспапта ойнағанда ол маған созу керек деп айтатын. Моңғол әуені моңғол даласының кеңдігін елестетеді. Осы туындыны орындаған кезде аспап барлық сезімдеріңді жеткізеді.

– Бұл домбырауды ойнауды еске салады. Домбырада күй тартқан кезде ат тұяғының дүбірі, шексіз далада соққан жел естіледі.

– Иә, қатты ұқсайды.

– Сіздердің мәдениеттеріңіз бен менталитеттеріңіз мүлдем бөлек. Моңғолияда шетсіз-шексіз дала, жылқы ұстаса, Жапония – таулы-тасты өлке, мал шаруашылығы жоқ. Сіз әуенді қалай түсініп, сезіне алдыңыз?

– Моңғолияда Жапониядағы сияқты өзен, таудың құдайларын құрмет тұтады. Менің кішкентай кезімде, біздің ауылымызда тау болатын. Сол тауда құдай тұрады деп сенетінбіз. Моңғолиядағы сияқты біз де тау құдайын құрметтейтінбіз. Бұл бір балалық шаққа деген сағыныш. Әрине, бұл екеуі екітүрлі ел, бірақ, жапондықтар Моңғолияны өте жақсы көреді, көптеген жапондық туристер Моңғолияға саяхат жасайды. Мәдениетіміз әртүрлі болғанымен, жалпы бір ұқсастықтар, элементтер бар. Қазір Токиодағы өмір керемет шапшаң, бәрі жанталасып жұмыс істеп, өмір сүруде, ал моңғол музыкасы жаныңды босатады. Жапондықтар осы музыканы тыңдап дем алса дедім. Сондықтан да мен онымен айналыса бастадым.

– Бұны да түсінуге болады. Қазіргі өмір ағыны тым жылдам, оқиғаға толы, серпінді. Қазақстандық қала мен ауылды салыстыруға болады.

– Қазір біз Токиода тұрамыз, бірақ ауылда туып-өстік. Сондықтан да біз табиғат аясында тұрған кезімізді сағына аңсаймыз.

– Сіздің музыкалық аспабыңызбен жағымсыз оқиға болыпты деп естідім.

– Иә, өкінішке қарай, аспап ұшақта сынып қалды. Нет істерімізді білмедік. Достарымыз Моңғолия Елшілігіне хабарласып, жолымыз болып, олар аспап табылып, бізге уақытша қолдануға берді. Әрине, бұл біздің емес, бөтен аспап, бірақ, жақсы ойнауға тырысамыз. Морин хуурда ойнауды бізде атқа отырумен салыстырады. Біз жолымыз болмай, шаруамыз оңбай жатса «аттан құлау» деп айтамыз. Осындай тұрақты тіркес бар. Бұл, әрине, басқа аспап, бірақ біз тырысамыз.

– Сәттілік тілеймін. Осы байқауда жақсы ойнап, аттан құламаңыз.  

– Рахмет!

Күздің салқын ауа райына қарамастан Тілеп Аспантайұлы атындағы халықаралық конкурс ұмытылмас, жарқын болады деп күтілуде.